Accessibility links

36 сағатта бизнес бастағандар


MIB клубының мүшесі әрі жоба кураторы Әлібек Тінәлиев (оң жақта). Алматы, 7 тамыз 2014 жыл.

MIB клубының мүшесі әрі жоба кураторы Әлібек Тінәлиев (оң жақта). Алматы, 7 тамыз 2014 жыл.

MIB клубының жас бизнесмендері Қазақстанда 36 сағат ішінде бизнес ашып, көп ақша табуға үйрететін жоба ұйымдастырды.

Алматыда тұратын Елжас Үсенов – Қазақстан-Британ техникалық университетінің түлегі.

Шетелде оқып, Алматыдағы халықаралық бизнес академиясында оқытушы болып істеген ол өз кәсібін ашып, дамытуға болатынына жуырда көз жеткізді.

ЕКІ МИЛЛИОН ТЕҢГЕ

Қазір Елжас Үсенов медициналық құрал-жабдықтар сатумен айналысады, әрі мектеп оқушыларына тренингтер өткізеді. Ол жас бизнесмендерге арналған тренингтің көмегімен 36 сағат ішінде өз бизнесін ашқан.
Жас кәсіпкер Елжас Үсенов. Алматы, 7 тамыз 2014 жыл.

Жас кәсіпкер Елжас Үсенов. Алматы, 7 тамыз 2014 жыл.

– Жобаға қатысушы басқа жігіттер сияқты мұның не екенін түсінген жоқпын. Белгілі бір тапсырманы 36 сағатта орындап шығуға тиіс болдық. Әуелі сайт құрып, бизнесте тәжірибесі мол кураторлар үйреткен функцияларды енгіздік. Кешке қарай клиенттер телефон соға бастады, - дейді Елжас Үсенов Азаттық тілшісіне.

Елжас 2 миллион теңге ақша тапқан. Жоба атмосферасы Елжасқа қала орталығынан бизнес ашуға және жұмысқа бірнеше қызметкер алуға көмектескен. Елжас енді халықаралық жүк тасымалымен айналысатын үшінші бизнес ашуға дайындалып жүр.

БОЛАШАҚҚА ҰМТЫЛЫС

Биыл сәуір айында 25 жас бизнесменнен құрылған MIB (Men’s Business Club) ерлер клубы қысқа мерзім ішінде жоғары нәтижеге жетуді көздейтін HackDay идеясын Қазақстанда іске асыруды ұйғарған. Олар эксперимент жасауды Алматыдан бастаған.

– Бұл идея аяқ астынан келді. Өз бизнесін ашқысы келетін, бірақ оны дамытып әкетеріне сенбеген 45 жігітті жинадық. Олар тамақ пен ұйқыны ұмытып, 36 сағат бойы тынымсыз жұмыс істеді. Нәтижесі тамаша болып шықты. Мәреге жеткен 38 жігіт көп ақша тапты, - дейді клуб мүшесі әрі I sprint жобасы кураторы Әлібек Тінәлиев.

Тренингке қатысушы MIB клубының мүшелері. Алматы, 7 тамыз 2014 жыл.

Тренингке қатысушы MIB клубының мүшелері. Алматы, 7 тамыз 2014 жыл.

Атырау қаласының 28 жастағы тұрғыны Әлібек Тінәлиевтің әскери және экономикалық жоғары білімі бар. Жуырда ол логистика, үйлену тойларына арналған полиграфия және резеңке негізінде бояу жасау бизнесімен айналыса бастаған.

Жақсы нәтиже шыққан алғашқы тренингтен кейін MIB клубы жігіттері Қазақстандағы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан қаржылай көмек сұраған.

– HackDay форматы клуб кураторларының бақылауымен тапсырмаларды үздіксіз орындау дегенді білдіреді. Біз адамды 36 сағат ішінде өз бизнесін ашуға «мәжбүрлейміз». Бір бөлмеге жиналған қатысушылар нақты тапсырмалар алып, оларды кезең-кезеңімен орындайды. Сайт ашып, клиенттер іздейді де, ақша таба бастайды, - дейді Әлібек Тінәлиев.

ОЙЫНШЫҚТАН ҚҰБЫРҒА ДЕЙІН

Жоба кураторлары жас бизнесмендерге қай салада бизнес ашу тиімді екенін көрсетеді, клиенттермен сөйлесуді үйретеді. Әлібек Тінәлиев «ең бастысы, жұртқа бизнесті оңай ашуға болатынын, ақшаны үйден шықпай-ақ табуға болатынын көрсету» дейді.

Жоба ұйымдастырушылары мұндай тренингтерді Алматы, Астана және Қарағанды қалаларында өткізген. Бес адамнан топталған жобаға қатысушылардың әрқайсысы өз командасы үшін күресуге тырысады. Алғашқы тренинг тегін өткен, ал келесі тренингтерге қатысушылар 125 мың теңгеден төлеген. «Даму» қоры әр қатысушы үшін тағы 25 мың теңге төлеген.

Hack Day жобасына қатысушылар. Алматы, 7 тамыз 2014 жыл.

Hack Day жобасына қатысушылар. Алматы, 7 тамыз 2014 жыл.

– Адамдарға зорлап таңылатын әлеуметтік факторлар мен ескішіл көзқарастар көп. Біз бұл стереотиптерді бұзуға тырысамыз. Алғашқы тренингте жігіттер ең кемі 150 мың теңге, ең көбі 150 мың доллар ақша табыс тапты. Алғашқысы ойыншық, ал екіншісі бетон құбырларын сатты, - дейді Әлібек Тінәлиев.

Жоба ұйымдастырушылары мұның коммерциялық жоба екенін жасырмайды әрі оны әлеуметтік өзекті жоба деп те атайды. Олар «жобаны тегін жүргізсек, оған қатысушылар тырыспай қояды» деп санайды.

MIB клубындағы жас бизнесмендерге «Даму» қорынан бөлек, Қазақстан кәсіпкерлер қауымдастығы мен Алматы бизнес қауымдастығы да қаржылай көмектесуге уәде еткен. Олар болашақта мұндай тренингтерді бүкіл Қазақстанда өткізуді жоспарлайды.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG