Accessibility links

Жастар прокурордан ұнамсыз сайтты жабуды «өтінді»


ҚХКП Алматы филиалының хатшысы Елнұр Бейсенбаев. Алматы, 6 ақпан 2015 жыл.

ҚХКП Алматы филиалының хатшысы Елнұр Бейсенбаев. Алматы, 6 ақпан 2015 жыл.

Алматыда жас белсенділер интернет пен қоғамдық орындарда «инабаттылық ережелерін қатаң орындауға» шақырды. Олар ресейлік сайттардың бірін жабуды талап етіп, бас прокурорға хат жазды. Құқық қорғаушы «бұл – ұят әрі алаңдататын бастама» дейді.

Өткен аптаның аяғында Алматыда ҚХКП жергілікті филиалының қолдауымен ұйымдастырылған дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстан территориясында Ресейдің Drugvokrug.ru сайты материалдарын таратуға тыйым салуды сұрап, бас прокурорға үндеу жолдады. Бірақ әңгіме сайтпен шектелмей, жас белсенділер интернетте де, қоғамдық орындарда да «инабаттылық ережелерін қатаң орындауға» шақырды.

Дөңгелек үстелдің «Әлеуметтік желі. Жау - маңайда» деген тақырыбы да жастар талабына үндес болды. Жас белсенділер мен ардагерлер Drugvokrug.ru сайтын ғана емес, кейбір либералдық құндылықтарды да сынады.

БІРАУЫЗДАН АЙЫПТАУ

Дөңгелек үстелдің модераторы – президентшіл Қазақстан коммунистік халық партиясының Алматы қалалық филиалы хатшысы Елнұр Бейсенбаев ЛГБТ (лесби, гей, бисексуал және трансгендер) мен Ресейдің Drugvokrug.ru таныстық сайты сияқты әлеуметтік желілерді айыптап сөйледі.

Елнұр Бейсенбаев (оң жақта) пен "Жас Отан" өкілі Арман Халбеков. Алматы, 6 ақпан 2015 жыл.

Елнұр Бейсенбаев (оң жақта) пен "Жас Отан" өкілі Арман Халбеков. Алматы, 6 ақпан 2015 жыл.

Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, интернет қолданушылардың көбі, оның ішінде кәмелетке толмаған балалар мен жастар ғаламдық желіде бақылаусыз тарап жатқан ақпарат ықпалына түскен. Оның мәлімдеуінше, балалар, жасөспірімдер мен жастарға әсіресе «порнография мен гомосексуализмді насихаттайтын, ұлтаралық және дінаралық қарым-қатынастарды ушықтыратын қара пиғылды контент» аса қауіпті.

Елнұр Бейсебаев жиналғандардың назарын Қазақстан мейрамханаларының бірінде өткен кеште жалаңаштанып билеген қыз туралы түсіріліп, әлеуметтік желілерде көп тараған видеороликке аударды.

- Олар стриптизді интернеттен көріп билейді. Кейбір елдерде үйленген жігіттің достары жиналып, сауық құратын дәстүр бар. Ал тұрмысқа шығатын бойжеткен қызойнақ ұйымдастырады. Бұл масқара емес пе? Мұның бәрі бізге әлеуметтік желілер арқылы келіп жатыр, - дейді Елнұр Бейсенбаев.

ЖОО оқытушысы, саясаттанушы Талғат Жанысбай. Алматы, 6 ақпан 2015 жыл.

ЖОО оқытушысы, саясаттанушы Талғат Жанысбай. Алматы, 6 ақпан 2015 жыл.

Саясаттанушы әрі жоғары оқу орындарының бірінде оқытушы ретінде қосымша жұмыс істейтін Талғат Жанысбайдың айтуынша, әлеуметтік желілерде үйренетін де, жиренетін де нәрселер бар. Ол «Контентін зерттеу үшін Drugvokrug.ru сайтына арнайы тіркеліп кірдім. Бұл сайт тек жиіркеніш тудырады» дейді. Жанысбайдың айтуынша, сайт лесбилік мен жезөкшелікті насихаттайды, ал сайтқа кіретін қыздар өздерінің лесби екенін ашық айтады, тіпті бір түнде қанша ақша табатынына дейін хабарлайды.

Президентшіл «Ақ жол» партиясы орталық кеңесінің мүшесі Мақсат Жақауовтың мәлімдеуінше, әлеуметтік желілер Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі мен территориялық тұтастығына қауіп төндіруі мүмкін. Жақауов «үстеріне камуфляж форма киіп, қолдарына ДХР мен ЛХР-дің туын ұстап, Алматыдағы ескі алаңға шыққан» жасөспірімдерді бұл теориясының дәлелі ретінде келтіреді. Ол «әлгі жасөспірімдердің суреттері бір аптадан аса Facebook сияқты танымал желілерді кезіп жүрді» дейді. Сондықтан ол «құқық қорғау органдары мен арнайы қызмет мұндай оқиғаларға тиісті шара қолдануы керек» деп санайды.

«Ақ жол» партиясы орталық кеңесінің мүшесі Мақсат Жақауов. Алматы, 6 ақпан 2015 жыл.

«Ақ жол» партиясы орталық кеңесінің мүшесі Мақсат Жақауов. Алматы, 6 ақпан 2015 жыл.

«Жас Отан» жастар қанаты (совет заманында КПСС-ке қараған комсомол ұйымы сияқты «Жас Отан» - президенттік «Нұр Отан» партиясының жастар қанаты) Алматы қалалық филиалы жетекшісінің пікірінше, зорлық-зомбылық, порнография сияқты заң тыйым салған ақпаратты таратуға жол бермеу үшін интернеттің қазақстандық сегментіне сүзгі орнатуды заң жүзінде қарастыру қажет.

Пікірталас соңында дөңгелек үстелге қатысушылар Ресейдің Drugvokrug.ru сайтына Қазақстан территориясында тыйым салу және «порнографиялық сипаттағы материалдарды тарататын, бүлдіргіш әрекеттерге шақыратын және ұлтаралық араздықты қоздыратын сайттарды іздеп тауып, бұғаттау» туралы бас прокурорға жолдайтын үндеуді бір ауыздан қолдап, дауыс берді.

ҚАРТ КОММУНИСТІҢ ПОЗИЦИЯСЫ

Дөңгелек үстел жұмысына көбінесе жастар мен орта жас шамасындағы адамдар қатысты. Бірақ оған ҚХКП ардагерлер кеңесінің 80 жастағы жетекшісі, 1953 жылдан бастап КПСС, ал 2004 жылдан бері ҚХКП мүшесі Александр Холодков та қатысты.

ҚХКП ардагерлер кеңесінің жетекшісі Александр Холодков (оң жақта). Алматы, 6 ақпан 2015 жыл.

ҚХКП ардагерлер кеңесінің жетекшісі Александр Холодков (оң жақта). Алматы, 6 ақпан 2015 жыл.

Александр Холодков дөңгелек үстел отырысында сөз сөйлеген жоқ. Бірақ ол Азаттық тілшісімен жеке әңгімесінде дөңгелек үстелде айтылған пікірлермен толық келісетінін және бас прокурорға жолдау үшін қабылданған үндеуді қолдайтынын айтты. Ардагер коммунист Drugvokrug.ru сияқты сайттарға тыйым салу керек деп есептейді.

- Мемлекет өскелең ұрпақты жиреніш тудыратын жайттардан үлгі алудан қорғауы тиіс, - дейді Александр Холодков.

Либерал көзқарастарымен белгілі журналист әрі құқық қорғаушы Сергей Дуванов жастардың бас прокурорға мұндай үндеу жолдауын «жабайылық» деп атайды.

- Ұнатпайтын жандардың сыртынан сөз тасып, оларға мемлекеттік органдарды айдап салу - жастарға жараспайтын қылық. Меніңше, бұл - жосықсыз әрі ұят әрекет, - дейді Сергей Дуванов.

Журналист әрі құқық қорғаушы Сергей Дуванов. Алматы, 6 ақпан 2015 жыл.

Журналист әрі құқық қорғаушы Сергей Дуванов. Алматы, 6 ақпан 2015 жыл.

Оның айтуынша, өздеріне ұнамайтын сайтқа қарсы бірігіп әрекет еткен биліктегі «Нұр Отан» партиясы мен өзін «оппозиция» санайтын ҚХКП партиясы ізбасарларының бастамасын «саяси егіздердің» әрекеті деуге болады.

Азаттық Қазақстанда сайт қызметіне тыйым салуға шақырған бастамаға қатысты комментарий беруін сұрап, Ресейдің Drugvokrug.ru сайты редакциясына сауал жолдады. Осы мақала жарияланғанға дейін, сайт тарапынан қандай да бір комментарий болмады.

Халықаралық құқық қорғаушы ұйымдар Қазақстан үкіметін тәуелсіз ақпарат құралдарын қуғындағаны үшін, сөз бостандығына қысым көрсеткені үшін сынап келеді.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG