Accessibility links

«Жастарға жеңілдік заңда жазылуы шарт» дейді депутат


Серуендеп жүрген жастар. Алматы, 28 наурыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Серуендеп жүрген жастар. Алматы, 28 наурыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстан парламенті сенаты «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң жобасын қабылдады. Бірақ бұл заң жастар мәселесін толық шеше алмасын құжатты мақұлдаған депутаттардың бірі де айтады.

Қазақстан парламенті сенаты қаңтардың 22-сі күні «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң жобасын мақұлдады. Заң жобасында мемлекеттік жастар саясатының міндеттері, ұстанымдары мен негізгі бағыттары қарастырылған. Құжат бұған қоса жастардың ресурстық орталықтары мен әлеуметтік қызметтерінің іс-әрекетін реттейді.

Бүгін сенатта жастар саясаты туралы заң жобасына қатысты еңбек кодексіне енгізілетін түзетулер де мақұлданған. Түзету бойынша, жұмыс беруші енді жұмысқа орналасқан жас маманмен екі жылдан кем емес мерзімге еңбек келісім-шартын жасасуы тиіс. Бұған қоса 18 жасқа толмаған адамды және жоғары оқу орнын бітіргеніне бір жылдан аспаған адамды мамандығы бойынша жұмысқа алғанда сынақ мерзімін жою да қарастырылған.

Сенат депутаты Қуаныш Айтаханов Азаттық тілшісімен сұхбатында президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қол қоюына жіберілген бұл құжаттардың ерекшелігі жайлы айтты.

Азаттық: – Бүгін сенат қабылдаған «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң жобасының басты жаңалығы неде?

Қазақстан парламенті жиындарының бірі. (Көрнекі сурет)
Қазақстан парламенті жиындарының бірі. (Көрнекі сурет)

Қуаныш Айтаханов: – Қазақстандағы 14-29 жас аралығындағы тұрғындардың үлесі 26 пайыздан астам. Яғни халықтың төрттен бірінен астамы – жастар. Жастар – қоғамның ең белсенді күші, мемлекеттің болашағы. Бүгінгі «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң жобасын үкімет парламентке бірнеше рет алып келіп, кері қайтарып алған. Қабылданған осы заң жобасы жастардың бар мәселесін толық шешіп тастай алмайды. Бірақ қазіргі жастар саясаты алдындағы міндеттерді, оның негізгі бағыттары мен қағидаттарын айқындайды.

Азаттық: – Заңда жастар мәселесімен қандай мекемелер шұғылдануы тиіс екендігі ескерілді ме?

Қуаныш Айтаханов: – Жастардың мәселесімен арнайы шұғылдану талабы 16 министрлік пен мемлекеттік орынға заң жүзінде бекітілді. Осы күнге дейінгі заңдарда мұндай талаптар жоқ болатын. Ешқандай министрлік жастар мәселесін заң жүзінде мойнына алмаған. Бәрі жалпылама сөз ғана болды. Мысалы, тиісті министрлік жалпы халықты жұмыспен қамтумен ғана айналысты. Енді ол министрлік тікелей жастарды жұмыспен қамтуға да жауапты. Яғни енді министрліктер жастар үшін арнайы бағдарлама жасап, облыс, аудан, ауылдарда оның орындалуын тікелей қадағалап, есеп береді.

Заңға «Жас маманды 2 жылға дейін жұмыстан босатуға қақысы жоқ» деген талап енді.

Жыл сайын республикалық, өңірлік жастар форумын өткізу, облыс орталықтары мен аудандарда жастар орталығын құру, волонтерлік қызметтің сипаты да осы заң жобасында бекітілді. «Жас маманды 2 жылға дейін жұмыстан босатуға қақысы жоқ» деген талап енді. Бұл – жастардың мамандығына, ұжымына үйреніп қалыптасуына жеткілікті уақыт.

Азаттық: – Бұл талап мемлекеттік қызметке тұрған жастарға ғана қатысты ма?

Қуаныш Айтаханов: – Мемлекеттік болсын, жеке меншік болсын – бәріне ортақ. Жас маманды жұмысқа алды ма, оны екі жыл мерзіміне жетпей жұмыстан шығаруға жол жоқ.

Азаттық: – Сіздің ойыңызша бұл заң жобасында ескерілмей қалған мәселелер бар ма?

Қуаныш Айтаханов: – Бүгінде жастарға ең керекті мәселе – жұмысқа орналасу, баспаналы болу. Заң жалпылама саясат туралы болды да, «тиісті министрліктер қалған мәселемен айналысуы керек» дегендей әңгіме айтылды. Үкімет енді жастар үшін қала, облыс, аудан, ауылдан жұмыс орындарын ашу, кезекті көп күттірмей жер телімдерін беру, жеңілдікпен баспанаға қол жеткізу үшін нақты шаралар атқаруы тиіс. Әйтпесе бұл заң декоративтік сипатқа айналып кетеді. Менің ойымша, келешекте жастарға жасалуы тиіс жеңілдіктер мен қандай да бір қамқорлықтар мемлекеттік бағдарламада ғана емес, жастар туралы заңның бабында айқын жазылуы шарт. Сосын жастар ісімен айналысатын арнайы агенттік секілді құзырлы орын құрылуы тиіс.

Азаттық: – Сұхбат бергеніңізге рақмет.

XS
SM
MD
LG