Accessibility links

Жастар билікпен жабық есік жағдайында мәмлелесе келе алаңға шықпайтын болып шешті


Жастар билікпен жабық есік жағдайындағы кездесу. Алматы, 9 сәуір, 2010жыл.

Жастар билікпен жабық есік жағдайындағы кездесу. Алматы, 9 сәуір, 2010жыл.

Бүгін Алматы қаласының әкімдігінде Қазақстанның білім және ғылым вице-министрі Айдар Жақыпов пен қала әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов Алматыда сәуірдің 11-і күні шеруге шықпақ болған жастар ұйымдарының өкілдерімен кездесті. Жастар мұны жеңіс деп бағалап отыр.


ЖАСТАРДЫҢ ЖЕҢІСІ МЕ, ЖЕҢІЛІСІ МЕ...

Жұма күні Алматы қаласының әкімдігінде өткен жиынның нәтижесінде алдағы жексенбіде жоспарланған «Біз өзгерісті қалаймыз!» атты жастардың алғашқы жалпыұлттық жиыны өтпейтін болып шешілді.

- Біріншіден, алдыңғы жазған екі хатымызға жауап алдық. Екіншіден, билік өкілдерін диалогқа шақырған болатынбыз, ол да бүгін өтті. Сондықтан біз жексенбіге жоспарланған жастардың жалпыұлттық жиынын өткізбеу туралы шешім қабылдадық, - деді біздің радиомызға түсініктеме берген «Рух пен тіл» клубының жетекшісі Жанболат Мамай.

Әкімдіктегі Қазақстанның білім және ғылым вице-министрі Айдар Жақыпов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдумановпен кездесуге жастар жиынын өткізбекші болған он беске тарта белсенді қатысты.
"Рух пен Тіл" клубының жетекшісі Жанболат Мамай. Алматы, 9 сәуір, 2010 жыл.


- Қала әкімшілігі жанынан комиссия түзіліп, үлкен ұйым құрылады. Сол ұйымның қатарына көптеген жастар ұйымдары шақырылып, бізді қолдайтындары қосылады. Сол жерде өзімізді мазалап отырған, студенттердің, жастардың талаптары, қоғамның өзекті мәселелері бойынша өз ойымыз бен көзқарасымызды айтатын, соны билікке жеткізіп ықпал ететін бір орталық құрамыз деген тоқтамға келдік, - деді Ж.Мамай.

Сәуірдің 11-і күні Алматыдағы алаңда наразылық шарасын емес бейбіт жиын өткізбек болғандарын айтқан жастар, билікке өз талаптарын жартылай болса да орындатқандығын өздерінің жеңісі деп бағалап отыр.

КОНСТУРКТИВТІ ДИАЛОГ...


Әкімдікте бір жарым сағатқа созылған жиынға журналистер жіберілмеді. Кездесу аяқталған соң журналистер алдына шыққан Қазақстанның білім және ғылым вице-министрі Айдар Жақыпов қаладағы жастар ұйымдарымен «конструктивті әңгіме өткізгендігіне риза» екендігін жеткізді.
Білім және ғылым вице-министрі Айдар Жақыпов, Алматы, 9 сәуір, 2010 жыл.


- Мен біздің көзқарастарымыздың бірқатар тұстары сәйкес келгендігін атап өткім келеді. Министрілік те жастар сияқты ЖОО басқару қатарында студенттерді көбейтуді көздейді. Біз, жастарға қатысты өзекті мәселелер талқыланатын жалпы республикалық диалог алаңын құру туралы шешімге келдік. Меніңше бұл екі жаққа да тиімді, - деді вице-министр.

Ол сондай-ақ «бүгінгі жастардың мемлекет тағдырына бей-жай қарамайтындығы және болып жатқан жағдайларға жауапкерлішікпен қарайтындығы қуантады», - деп атап өтті.

Айта кету керек, жастар мәлімдемесінде көрсетілген басты бір мәселе - кедендік одаққа қатысты еді. Ол алда құрылатын диалог алаңында талқыға салатын алғашқы тақырып болады деді вице-министр.

"БОЛҒАНЫНАН БОЛАДЫСЫ ҚЫЗЫҚ"


Жастар жалпыұлттық жиынға шығуды бір жарым ай бұрын жоспарлған еді. Бірақ қала әкімдігі оларға рұқсат бермеді.

Сәурдің 6-сы күні олар арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, жиынды ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуде билік тарапынан кедергілер жасалып та жатқандығын мәлімдеген еді. Жастарға қолдау танытқандарды белгісіз біреулер үркітіп-қорқытса, жиынға арналған ақпараттық үнпарақтарды баспаханалар басудан бас тартқан.

Мұның сыртында жастардың жалпыұлттық жиынына қатысты бір топ зиялы қауым өкілдері ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ашық хат жазған болатын.

«Ертеңгi ұрпақтың алғашқы буыны – қазiргi жастарымыз. Олардың өмiрге көзқарасында: аңғарымпаздық, талғампаздық, құштарлық, адалдық, әдiлеттiлiк, ал iс-әрекеттерiнде алымдылық, белсендiлiк басым. Алдымыздағы сәуiр айының 11-i күнi Алматының Астана алаңында бас қосуды, жиын жасауды ұйғарысқан жеткiншектерiмiз осы қасиеттерiн баршаға танытып, қоғамымызда болып жатқан төзгiсiз кемшiлiктердi атап-атап көрсетiп, оны жою жөнiндегi талап-тiлектерiн ашып айтпақ. Ол – Келешек иелерiнiң, Келешектiң сөзi десек, Сiз сол сөздi тыңдаңыз!»,- делінген хатта.

Соғыс және еңбек ардагерлерi: Кiтапбай Бошаев, Сапабек Әсіпұлы, Қадыр Мырза Әли, Камал Ормантаев сынды бірқатар зиялы қауым қол қойған хатта «жергiлiктi билiк орындарының жастардың iзгi ниетiне қиянат жасауына, жиынын күштеп таратуына, жаза қолдануына жол бермеңiз! Құрметтi президент! 1986 жылғы желтоқсанда балаңыздай жастар қырғынға ұшырады, ендi немереңiздей жастарды қырғынға ұшыраудан сақтауды ойлаңыз!», -делінген еді.

Енді міне аға буын өкілдері үміт артқан аңғарымпаз, талғампаз, алымды да, шалымды қазақ жастарын райынан қайтаруға биліктің бір жарым сағаттық күш-жігері жеткілікті болып шықты.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG