Accessibility links

Өзіне қол салу мәселесін зерттейтін балалар психиатры Сергей Скляр Азаттыққа берген сұхбатында жасөспірімдер суицидіне қатысты Қазақстан әлем бойынша алғашқы орындардың бірінде екенін айтады.

10 қыркүйек - Дүниежүзілік суицидтің алдын алу күні. Азаттық Қазақстанда жиілей түскен адамдардың өзіне қол салу әрекеттерінің себебі туралы жасөспірімдер суицидін зерттеуші, балалар психиатры Сергей Склярмен сұхбаттасты.

Азаттық: - Жасөспірімдердің өзіне қол салуы Қазақстанда қаншалықты жиі кездеседі?

Сергей Скляр: - Қазақстан жасөспірімдер мен жастар арасындағы суицидке қатысты әлем бойынша алғашқы орында. Бірақ бұл орын, жастар суициді көп кездесетін Қазақстан, Ресей мен Литва сияқты үш ел арасында ауысып тұрады.

Азаттық: - Суицидтің себебі неде?

Сергей Скляр: - Өлімге соқтыратын суицидтерді айтар болсақ, ол – көп қырлы құбылыс. Мұның бір себебі – биологиялық, яғни, байқалмайтын немесе анық көзге көрінетін психикалық ауытқулар және әлеуметтік-психологиялық фактор. Яғни адамның өзіндік мінез-құлқындағы ерекшелік. Психологиялық жарақатқа шыдамның шегіне жеткізетін қандай да бір жағдай да себеп болады.

Азаттық: - Қазақстан бойынша суицидке қатысты ресми мәліметтер қандай?
Қазақстан бойынша жылына шамамен 3 000 адам өзіне қол салады.

Сергей Скляр: - Қазақстан бойынша жылына шамамен 3 000 адам өзіне қол салады. Бас прокуратураның ресми мәліметі бойынша 2012 жылы кәмелеттік жасқа толмағандардың 200-ге тарта суицид оқиғасы тіркелген. 2013 жылдың әзірге ресми статистикасы жоқ.

Азаттық: - Мұндай қадамға неге жастар жиі барады?

Сергей Скляр: - Мұның себебі көп. Нақты айқындалған бір ғана себеп жоқ. Бірақ жасөспірімдердің осы жастағы кезеңінің өзі күрделі екенін ескерген жөн. Тұлға болып қалыптасып, гормоналдық өзгерістер болатын кез. Осы кезде жастар ересектерге қарағанда қызуқандылық танытады. Олар көптеген қиындықтарға кезігеді.

Азаттық: - Бірақ жасөспірімдердің барлығы дерлік осындай өзгерістерді бастан кешеді ғой. Ал суицид бұрынғыға қарағанда көбейіп бара жатыр.
Иллюстрациялық сурет

Иллюстрациялық сурет


Сергей Скляр: - Бұрын қоғам бұл мәселеге айтарлықтай назар аударған жоқ, ал қазір ақпарат ашық. Жағдай қатты өзгерді деп айта алмаймын, егер 1990-шы жылдармен салыстырсақ, бізде суицид саны азайып отыр. 2012 жылғы соңғы мәліметтер 100 мың адамға 19,2 суицид оқиғасы тіркелгенін көрсетсе, 1990 жылы 100 мың адамға 20-25 оқиғадан келген. Сондықтан жалпы популяцияда азайып жатқандай көрінгенімен, әлем бойынша жасөспірімдер мен жастардың суициді көбейіп барады.

Азаттық: - Жалпы популяция дегеніміз не?

Сергей Скляр: - Суицид санын ел тұрғындарының жан басына шаққандағы коэффиециенті. Бұл көрсеткішке жастар мен ересектердің өзіне қол жұмсау оқиғалары кіреді.

Азаттық: - Жастар психикасының ауытқуына не әсер етеді? Кейбір мамандар бұл құбылысты компьютер ойындары мен жаңа технологиялардан көріп жатады.
Суицид санын азайту үшін ол туралы тым көп айта берудің де қажеті жоқ. Ең маңызды жайт – азаматтар осы мәселе туғанда қайдан көмек алу керектігін білу керек.

Сергей Скляр: - Жаңа технологиялардың жағымды да, жағымсыз әсері бар. Сондықтан жаңа технологиялар біржақты жаман деп айтуға болмайды. Бұл күнделікті өмірімізбен және көптеген ақпарат ағынымен тығыз байланысты. Жастарды интернетті пайдалану мен алып жатқан ақпараттарын електен өткізуге үйрету керек. Ақпарат құралдарының да суицидке қатысты ақпаратты қалай беріп жатқаны маңызды. Суицид санын азайту үшін ол туралы тым көп айта берудің де қажеті жоқ. Ең маңызды жайт – азаматтар осы мәселе туғанда қайдан көмек алу керектігін білу керек. Қазір Қазақстанның барлық емханалары мен мектептерінде психологтар бар. Бұдан бөлек, аймақтарда нашар болғанымен Алматы мен Астанада жақсы дамыған психо-терапевтикалық көмек бар. 150 нөмірі арқылы ұлттық сенім телефонына хабарласуға болады. Тұрғындар бұл мәселеге дер кезінде назар аударып, ұзаққа созбағаны жөн.

Азаттық: - Кейбір жастар неге психикалық тұрғыдан ауытқуды бастан кешеді?
Өзіне қол жұмсауға қатысты әлденеден секемденсеңіз

  • Жергілікті мектеп психологтарына хабарлаңыз
  • Астана (тел. 54 77 48) мен Алматыдағы (тел. 272 45 49) психотерапевтік қызметтен кеңес сұраңыз
  • 150 ұлттық сенім телефонына қоңырау шалыңыз

Сергей Скляр: - Қоршаған әлеуметтік орта өте тез өзгереді. Ақпараттану заманы туды, бүгінгі жас осыдан 20 жыл бұрынғымен салыстырғанда 100 есе көп ақпарат қабылдайды. Сондықтан жүйкелері сыр бере бастайды.

Азаттық: - Өз-өзіне қол салушылар әдетте қандай жолды таңдайды?

Сергей Скляр: - Бұл сұраққа жауап бере алмаймын, өйткені олай етсем, суицидті насихаттаған болып шығам.

Азаттық: - Түсінікті, рахмет. Ал суицид әйел мен ер адамдардың қайсысының арасында жиі кездеседі?

Сергей Скляр: - Әдетте суицид жасап көз жұматындардың көпшілігі – ер азаматтар. Ал суицид жасамақ болғандардың арасында әйелдер көп. Егер жалпы көрсеткішті алатын болсақ, бір рет жүзеге асқан суицидке 20 мәрте өзіне қол жұмсамақ болған талпыну әрекетінен келеді. Ал егер жастарды алсақ, жүзеге асқан бір суицидке 100-ден 200-ге дейін суицидтік талпыныс фактісі тіркелген.

Азаттық: - Бұл Қазақстан бойынша анықталған көрсеткіш пе?

Сергей Скляр: - Бұл әлемдік көрсеткіш.

Азаттық: - Сұхбатыңыз үшін көп рақмет.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG