Accessibility links

Кешенді тестен өтіп тегін оқуға ұмтылған жастар


Кешенді тест тапсырушылар сынақтан шығып жатқан сәт. Алматы. 19 шілде 2013 жыл.
Кешенді тест тапсырушылар сынақтан шығып жатқан сәт. Алматы. 19 шілде 2013 жыл.

Шілденің 19-ы күні Қазақстанда кешенді тестілеу басталды. Талапкерлер бұл сынақтан өтсе, жоғары білім орнында тегін оқуға қол жеткізіп, өмірлерін жақсартуға мүмкіндік табатындарын айтады.

Таңғы сағат сегіз жарымнан Қазақ ұлттық университетінің алды кешенді тестілеуге келген талапкерлерге толып кетті. Қатаң күзет оларды бір-бірден тексеріп, ішке кіргізіп жатты. Сағат тоғызда барлық аудиторияларда тест басталып, сыртта тұрған үлкен мониторлар іске қосылды. Бұл экран арқылы сынақ тапсырушылардың ата-аналары мен туысқандары тест процесін бақылап тұрды. Түрлі себеппен орта мектеп бітірген кезде ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыспаған, әйтпесе қажетті ұпай жинай алмаған немесе дәстүрлі орта мектептерден бөлек техникалық, я басқа шетелдік білім орындарында оқыған талапкерлер осы кешенді тестілеу тапсыру арқылы Қазақстандағы жоғарғы оқу орындарына грантқа, я ақылы бөлімге түсе алады.

«КЕШЕНДІ ТЕСТ – МАҚСАТЫМА ЖЕТЕТІН ЖОЛ»

22 жастағы Айдос Әбдібек кешенді тест тапсырудың «ардагері». Ол биыл үшінші рет сынаққа келген.

- Ұлттық тестілеуге бір рет қатыстым. Онда жап-жақсы балл алғанмын. Бірақ мамандық таңдауда қателесіп, алған ұпайым грантқа жетпей қалды, - деп еске алды ол мектептегі кезін.
Айдос Әбдібек, кешенді тест тапсырушы талапкер. Алматы. 19 шілде 2013 жыл.
Айдос Әбдібек, кешенді тест тапсырушы талапкер. Алматы. 19 шілде 2013 жыл.

Айдос оқуға түсе алмағаннан кейін Алматыдағы дәмханалардың бірінде даяшы болып жұмыс жасапты. Ұлттық бірыңғай тестілеуден кейін 2011 жылы кешенді тест тапсырамын деп шешкен.

- Алғашқы рет кешенді тест тапсырғанда білімім қарайып қалғанын байқадым. Жұмыс деп жүріп, көп нәрсені ұмытып қалыппын. Ол кезде 70 ұпай ала алмай қалғаным бар. Ал былтыр тағы да бағымды сынап көрдім. Ол кезде 78 ұпай алдым. Ата-анам зейнетте, көп балалы отбасымыз. Әрине, ата-анаң бетіңнен қақпайды ғой, ақылы болса да оқытамыз деді. Бірақ гранттың аты грант ғой. Сол мақсатқа жету үшін биыл тағы да тестке келдім. Грантқа түспейінше тапсыра беремін, - деді ол.

«АРМАНҒА ЖЕТЕЛЕЙТІН СЫНАҚ»

Бектас Үкеев – кешенді тест өмірін өзгертуі мүмкін деп санайтын жастардың бірі. Алматы облысы Шелек ауылынан келген талапкер университетте тегін білім алғысы келеді. Өзінің сөзінше, кешенді тест – «арманына жетудің жалғыз жолы». Сынақ тапсырып шыға сала ол Азаттық тілшісіне кешенді тестің өміріндегі маңыздылығын айтып берді.

Кешенді тестілеу

Кешенді тестілеу төрт пән бойынша өтеді

  • Қазақ немесе орыс тілдері
  • Тарих
  • Математика
  • Мамандығына байланысты таңдаған пәні

- Өмірімде қателік жасадым. Тоғызыншы сынып бітірген соң, орта мектепті бітірмей жатып ата-анамның қарсылығына қарамастан колледжге кетіп қалып едім. Қазір сол колледждің дипломымен ешбір жер жұмысқа алмайды. Енді университетке түсу үшін жанталасып жүрмін. Биыл жыл бойы репетитор жалдап, тестке дайындалдым. Менің де бір гранттан үмітім бар. Жақсы маман болып, жақсы жұмыс табу үшін осы сынақты тапсырып отырмын, - дейді талапкер.

19 жастағы Әсем Қартаева былтыр ұлттық бірыңғай тестілеуден құлап қалғандардың бірі. Биылғы үміті – кешенді тест. Оның ойынша, «кешенді тестілеу – ата-анасының қалтасына күш салмайтын, арманына жеткізетін бірден-бір мүмкіндік».

- ҰБТ-да жақсы балл алғанмын. Бірақ конкурс қатты болды. Үй-ішіммен ақылдаса келе бір жыл дайындалып, кешенді тест тапсырамын деп шештім. Ауылда бір жыл бойы дайындалдым. Кешенді тестің маңыздылығы сол, армандаған биотехнология мамандығына түсуіме мүмкіндік беретін, студенттік өмірдің қызығын сезінетін жалғыз жол, - дейді ол.
Әсем Картаева, кешенді тест тапсырушы талапкер. Алматы. 19 шілде 2013 жыл.
Әсем Картаева, кешенді тест тапсырушы талапкер. Алматы. 19 шілде 2013 жыл.

Кешенді тестілеуге өткен жылдардың бітірушілері, жалпы білім беретін пәндер бойынша биылғы халықаралық олимпиадалардың қатысушылары, шетелде оқушылардың халықаралық алмасу желісі бойынша білім алушылар мен ҰБТ-ға қатыспағандар, республикалық музыка мектеп-интернаттарының бітірушілері, бастауыш және орта кәсіптік білім беру және шетелде білім беру ұйымдарын бітірушілер қатыса алады.

Бұл сынақ 23 шілдеге дейін жалғасады. Білім және ғылым министрлігінің дерегіне сүйенсек, тестілеу процесі Қазақстанның 35 жоғары оқу орнында өтеді.
Биылғы кешенді тестке қатысуға 79 мыңға жуық талапкер құжат тапсырған. Олардың 43 мыңы колледж түлектері, 18 мыңға жуығы – мектеп бітіргендер. Қалған 17500 – кәсіптік-техникалық, музыкалық мектептерде оқығандар.

Алматыдағы кешенді тестілеу
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:47 0:00
Жүктеп алу
XS
SM
MD
LG