Accessibility links

Мақпалдың Заманбек өлімінің шындығын білу арманы әлі орындалған жоқ


Заманбек Нұрқаділовтың жесірі Мақпал Алматы аудандық сотында. 24 қаңтар, 2006 жыл.

Заманбек Нұрқаділовтың жесірі Мақпал Алматы аудандық сотында. 24 қаңтар, 2006 жыл.

Мақпал Жүнісова бұдан бұрын Азаттық радиосына берген сұхбатында әр таңды "Зәкеңді өлтіргендер табылыпты" деген жаңалық естісем деген үмітпен қарсы аламын деген еді. Заманбек Нұрқаділовтің қазасына төрт жыл толар қарсаңда тілшілеріміз әншінің шетелде жүргеніне байланысты онымен тілдесе алмағандықтан Мақпалдың сол сұхбатын оқырман назарына ықшамдап қайта ұсынып отырмыз.


ЗАМАНБЕКПЕН БІРГЕ ЖӘНЕ ЗАМАНБЕКТЕН КЕЙІНГІ КЕЗЕҢ

Әнші Мақпал өз өмірінің кезеңдерін «Заманбекпен бірге» және «Заманбек қайтқаннан кейінгі» деп екіге бөледі. Мақпал Жүнісова саясаткер Заманбек Нұрқаділовпен болған алғашқы кездесу ешқашан есінен кетпейтінін айтады. Ол кезде Заманбек Нұрқаділов - Алматы қаласының әкімі, ал өнерсүйер қауымға енді ғана таныла бастаған жас Мақпал пәтер мәселесі бойынша әкімнің қабылдауына барыпты.

- Менің өтініш-назымды тыңдап-тыңдап алды да, «бара ғой айналайын, шамамен 20 күннен кейін келерсің» деді. Мен бір жарым айға гастролге кетіп бара жатқандықтан, «Жоқ, сіз кешіріңіз, сіз 20 күн дегеніңізді қойыңыз, сіз маған пәтер бере аласыз ба, әлде бере алмайсыз ба?» дедім. Өмірімде бастыққа кіргенім сол болатын өзі. Сөйтсем, ондайға үйренбеген Зәкең орнынан ұшып тұрегелді де, маған: «Айналайын, бар! Түсінбесең, саған ана жақта түсіндіреді!» деп есік жақты қолымен көрсетті, - деп еске алады әнші.

Сол кездесуден кейін "екінші рет мұндай қатыгез адамды көрмеспін" деп іштей ой түйіп қайтқан Мақпалдың маңдайына ең аяғында сол адамның жары болу жазылыпты. Уақыт өте ол Зәкеңнің жан-дүниесін түсіне бастағанын, ол кісінің ешкімге ұқсамайтын ерекше қасиеттерінің бар екендігін байқағанын айтады.
Мерей Заманбеккызының тұсаукесер тойы. Алматы, 2003 жыл.


- Зәкең екі сөйлемейтін азамат еді. Сосын, әйел адамына ешқашан қол көтеру, балағаттау дегенді білмеген жан. Жай ғана бір ауыз сөзбен өз ренішін жеткізе алатын еді. Мәселен, мен қателік жасасам, менімен 2-3 күн сөйлеспей қоятын. Ол мен үшін таяқтан да ары болатын. Мен мәселен, ішімдегі ренішімді, қарсылығымды айтып тастап отырамын. Ал Зәкең болса, керісінше. Сол кезде мен оған: «маған айтып, ішіңдегі ренішіңді жеткізгеніңіз жеңілірек болар еді» дейтінмін. Ол кісі мықты адам еді ғой. Ондай адам қазір жоқ.

Өмірінің соңғы жылдарында Заманбек Нұрқаділов президент Нұрсұлтан Назарбаевтвң қатал сыншысы болды. 2005 жылдың қараша айында өз үйінде беймәлім жағдайда мерт болған З. Нұрқаділовтың қазасы туралы шындықтың беті әлі ашылған жоқ дейді зайыбы. Ресми тергеудің белгілі диссиденттің өз- өзін үш рет атып өлтіргендігі туралы қорытынды жасағаны белгілі. Бірақ марқұмның жесірі онымен келіспейді, жұбайы өзін-өзі өлтірді дегенге сенбейді.

- Осы күнге дейін көп нәрсе айтылды ғой. Бұл неткен үнсіздік деген сұрақ менің көкейімде әр кез тұрады. Мен күнде таңертең тұрғанда бір жақсы хабар естігім келіп тұрады. «Зәкеңді өлтірген адамдарды тауыпты», я болмаса «сол істі қайта қарауға кірісіпті» дегендей хабарларды естігім келеді. Бірақ, өкінішке қарай, қазір бізде құлақ естімейтін, көз көрмейтін уақыт болып тұр. Жалпы, енді Зәкеңнің өз- өзін атпағаны барлығына мәлім ғой. Өзін-өзі атты дегенге апасы мен баласы қол қойып берді, сөйтіп істі жауып тастады. Мені жәбірленуші ретінде таныған жоқ, сондықтан менің қолымнан ешнәрсе келмей отыр.


САЯСАТ ҚАТЫГЕЗ ҒАНА ЕМЕС ҚҰЙТЫРҚЫ ДА

Мақпал Зәкеңмен тұрған 15 жылда саясат дегеннің қандай қатыгез болатындығына көз жеткізгенін айтады.

- Мен айтып жатырмын, айтып жатырмын, бірақ оған ешкім құлақ асып жатқан жоқ. Дегенмен халық бәріне куә. Жалпы, халық Зәкеңнің біреудің қолынан мерт болғандығын біліп отыр. Ал ол кімнің қолы екендігі, белгісіз. Көп адамдар билік жақты кінәлайды. Алайда, қолмен ұстап алмағаннан кейін, мен оған ешнәрсе де айта алмаймын. Өйткені, менің түсінгенім, саясат деген өте бір қиын нәрсе екен. Саясатта бірін- бірі сатып кету, бірін бірі атып кету, біреудің атын біреу жамылып, немесе біреудің атынан барып атып кету деген болады екен.
Үш айдан соң өзі де қастандық құрбаны болған Алтынбек Сәрсенбайұлы Заманбекті ақтық сапарға шығарған күні сұхбат беріп тұр. 15 қараша, 2005 жыл.


Ресми қорытындыға қарамастан, Заманбек Нұқаділовтың өліміне қатысты сол кезде де, қазіргі уақытта да түрлі пікір бар. Бұл қылмысты кім жасағанынан хабарсыз болса да, Мақпал тергеу жұмыстарының дұрыс жүргізілмегені турасында анық білетінін айтып отыр.

- Қазіргі биліктің орнына отырғысы келетін адамдар аз емес, оның ішінде жақсысы да бар, жаманы да бар. Сондықтан да сондайлардың біреуі де жасауы мүмкін. Мен өзім де ішімнен көп нәрсені саралап отырамын. Ал айтуға қорқынышты. Мәселен, сол жерде жалған экспертиза жасалды. Оны маған сол жерде істеген қыздар айтты. Олар маған келіп: "сіз ешкімге айтпаңызшы" деп өтінді. Түсінесіз бе, осындай жайттар аз емес, сондықтан да менің жүрегім ауырады. Осы бір белгісіздік менің қазіргі өміріме қатты әсер етуде.

Қайғы деген адамды жейді екен, оған менің көзім жетті. Адамды ой шаршатады екен. Күндіз Мерейім жүргенде қуанып жүремін де, түнде түрлі ойларға қатты беріліп, ұйықтай алмаймын. Ит үрсе де, басқа да сыбдыр естілсе де ендігі кезек менікі сияқты болады да тұрады. Үрей деген жібермейді. Неге осының беті ашылмайды деген сұрақ осыдан пайда болады. Мәселен, Зәкеңді өлтірген мынау деп көрсетсе, мүмкін менің жүрегім орнына түсіп, кішкене жақсы болар ма еді... Бірақ, менің ойымда қаншама мұң болса да, жүрегім қарс айырылып тұрса да, қасіретімді халыққа көрсеткім келмейді.

Алайда өмір өз ағымымен жылжиды. Сондықтан тірі адам тіршілігін жасайды екен. Заманбек қайтыс болғаннан бері, өткен -2008 жыл қарқынды жұмыс істеген жылым болды. Шығармашылықта көптеген жаңалықтар болды. Көптеген жаңа әндер келді дүниеге.

«Жүрек назы», «Жан қызым» және «Оспан батырдың өсиеті» деген 3 бейне клип түсірдік. Одан басқа домбырамен шырқалған әндерден тұратын, эстрадалық әндерден тұратын 2 күйтабағым шықты. Концерттерімнің DVD дискілері шықты, сонымен бірге Қазақстанның 9 облысында есеп беру концертімді өткізіп қайттым, - дейді Мақпал Жүнісова.


"ЕНДІГІ ҒҰМЫРЫМНЫҢ МЕРЕЙІ -МЕРЕЙ"

- Мұңайсам да, қуансам да кішкентай балапаным қасымнан табылады. Мерей біздің базарымыз да, ажарымыз да. Көңілге жұбаныш болатын сол қызым. Алғыр, пысық болып өсіп келеді. Кейде әкесінің суретіне қарап әңгімелеседі. Қазір жасы 6-дан асты, мектепке келесі жылы бермек ойдамын. Жалғыз қызым ғой, кішкене балалық шағы ұзақтау болсын деймін. Дегенмен, менің қызым үлкен адамдар сияқты. Әкесі қайтыс болғанда 3 жастан асқан болатын, бірден ер жетіп кетті де, қазір мені демейтін де, керек кезде жұбататын да осы Мерейім.
Мерей Заманбекқызы. Алматы, 2008 жыл.


Сөз соңында Қазақстан Республикасының халық әртісі, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты, әнші Мақпал Жүнісова Азаттық тыңдармандарымен өз арманымен бөлісті.

- Зәкеңнің өлімінің беті ашылса екен деген үлкен арманым бар. Билік қашанға дейін үнсіз жатар екен... Мен сол жұмбақ өлімнің шындығын білгім келеді. Өйткені мен ол кісінің өзіне- өзі қол жұмсамағанына сенімдімін. Сондықтан, Зәкеңнің өліміне кінәлілер жауапқа тартылсын деймін.

Қазақстан презденті Н. Назарбаевтың жақын әріптесі болған Заманбек Нұрқаділов 2004 жылы министр болып тұрған шағында-ақ оппозицияға кеткенде қудалау шаралары әнші Мақпал Жүнісоваға да қарсы бірден басталғаны белгілі. Әншіге үлкен сахнаға жол жабылды, көгілдір экран мен радиодан Мақпалдың әндері сирек берілетін болды.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG