Accessibility links

Ағайынды Досмағамбетовтер шетелге емге жіберуді сұрайды


Бұрынғы мұнайшы Мақсат Досмағамбетов операциядан кейін. Aлматы. 2 сәуір 2015 жыл.

Бұрынғы мұнайшы Мақсат Досмағамбетов операциядан кейін. Aлматы. 2 сәуір 2015 жыл.

Жаңаөзен оқиғасында зардап шегіп, Алматыда ауыр операция жасатқан Мақсат пен Қайрат денсаулықтарын оңалту туралы дәрігерлер ұйғарымын күтіп клиникада жатыр.

12 бала өсірген олардың қарт анасы «ұлдарымды шетелге емделуге жіберетін шығар» деп үміттенеді.​

«КӨЗ ПРОТЕЗІ ТҮСІП ҚАЛМАЙ МА?»

«Жаңаөзен ісі» бойынша сотталып, биыл ақпанда мерзімінен бұрын шартты жазамен түрмеден босатылған 32 жастағы бұрынғы мұнайшы Мақсат Досмағамбетов операциямен алынған сол көзінің орнына протез салу туралы дәрігерлер консилиумы ұйғарымын күтіп жатыр.

Сәуірдің 1-і күні Алматыдағы республикалық онкологиялық клиникада оның бетіне тағы бір онкологиялық операция жасалған. Мақсат Досмағамбетовтың айтуынша, бұл жолы оның көзін ғана емес, көздің ойдымы айналасындағы сүйекті де сылып алып тастаған. Енді оның айтуынша, көз протезін салса, түсіп қалуы мүмкін деген қауіп бар.

Жараның орны сырқырап ауырып әрі лимфадан бөлінген сұйықты сіңдіретін тампонды жиі-жиі ауыстырып тұру қажет болып, операциядан кейінгі алғашқы екі түн Мақсат мүлде ұйықтамаған. Қазір аз да болса тәуір.

Мақсат үш кісілік палатада жатыр. Келіншегі Динара күні-түні жанында. Үлкені - сегіздегі, кішісі төрт жастағы үш баласы Жаңаөзенде қалған. Қазір балаларын туыстары қарап жатыр.

Мақсат Досмағамбетовтың келіншегі Динара комментарий беріп, фотоға түсуден бас тартты. Ал Мақсат сөйлеуге қиналса да, денсаулығы туралы айтып берді.

Мақсат Досмағамбетов «Операциядан кейін бетімдегі жараның орны қалай жазылар екен? Көзіме протез салуға бола ма? Мына операциядан кейін қатерлі ісіктің бетке жайылуы тоқтай ма?» деп уайымдайды.

Алматы ауруханасында жатқан бұрынғы мұнайшы Мақсат Досмағамбетов. 3 шілде, 2014 жыл.

Алматы ауруханасында жатқан бұрынғы мұнайшы Мақсат Досмағамбетов. 3 шілде, 2014 жыл.

Республикалық онкологиялық клиника дәрігерлеріне алғысын білдірген Мақсат Досмағамбетов «енді қатерлі ісіктің жайылуымен жақсы күресетін тәжірибесі бар шетелге емделуге жіберсе екен» деп армандайды. Бірақ ол «бұрынғы операциялар да сәтті жасалғанымен, қатерлі ісік одан әрі кеулеп кетіп еді» дейді. Оның болжамынша, бұрынғы операциялардан кейін қауіпті дерті Маңғыстау түрмесінде дұрыс күтім жасалмағандықтан асқынып кеткен.

Мақсат Досмағамбетов бет сүйегінде қатерлі ісіктің пайда болуының негізгі себебін Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласындағы абақты мен Жаңаөзен прокуратурасындағы тергеу кезіндегі азаптаулармен байланыстырады. «Жаңаөзен ісі» сотында ол тергеу кезінде азаптады деп мәлімдеген болатын. Бірақ сот «жалаң айыптау» деген уәжбен Мақсат Досмағамбетов пен өзге сотталушылардың азаптауға қатысты шағымын ескеруден бас тартқан.

БАТЫР АНАНЫҢ ЕКІНШІ ЖАРАЛЫ ҰЛЫ

Мақсат Досмағамбетовтың кіші інісі 30 жастағы Қайрат та операциядан шықты. Мақсатқа операция жасалған күннің ертеңінде - сәуірдің 2-сі күні Алматыдағы республикалық урология клиникасында Қайратқа операция жасалған.

Ағайынды Досмағамбетовтердің 65 жастағы анасы Оңайгүл Алматыға екі ұлымен бірге ұшып келген. Мақсатқа операция жасалғаннан кейін түні бойы баласының жанында болған Оңайгүл сәуірдің 2-сінен бері операция жасалған Қайраттың жанында.

Азаттық тілшісі Қайрат Досмағамбетовке сәуірдің 3-і күні барды. Оның палатасында тағы үш науқас жатыр. Анасы көрші палатадан табылған орында түнеп жүр.

Мақсаттың інісі Қайрат Досмағамбетов. Aлматы. 3 сәуір 2015 жыл.

Мақсаттың інісі Қайрат Досмағамбетов. Aлматы. 3 сәуір 2015 жыл.

Қайрат Досмағамбетовке қуығындағы тасты алу үшін операция жасалған. Қуықтан алынған кептердің жұмыртқасындай тасты көрсеткен Қайраттың айтуынша, дәрігерлер «операция жасап алмасақ, лазер мұндай көлемдегі тасты үгіте алмайды» деп түсіндірген. Енді ол ауыр операциядан кейін денсаулығын қалпына келтіруге күш салуы керек.

Оның анасының айтуынша, Қайраттың жаралану мен науқастану сыры мүлде бөлек. Ол Жаңаөзендегі мұнайшыларының ереуіліне де қатыспаған әрі 2011 жылдың 16 желтоқсанында қала алаңында да болмаған. Ол сол жамбасының сүйегіне оқ тиіп, кездейсоқ жараланған. Абақтыда азаптауға ұшырап, жарасы асқынып кетті деп болжам жасауға ағасы Мақсат сияқты қылмыстық жауапқа тартылған жоқ. Бірақ жараланғаннан кейінгі жылдары талай операция жасатқанына қарамастан, денсаулығы үнемі нашарлай берген. Енді ағасы Мақсат сияқты ол да екінші топ мүгедектігін алған.

Бұрын Ақтау қаласында әйелі, қызы үшеуі пәтер жалдап тұрған Қайрат жараланғаннан бері анасының қолында. Қазір әйелі мен үшінші сыныпта оқитын қызы Ақтау қаласында тұратын қайын атасының үйінде.

— Қайрат жараланғаннан бері үнемі жанындамын. Онымен бүкіл аурухананы, бүкіл Қазақстанды кезіп жүрмін, - дейді оның анасы Оңайгүл.

Қуыққа жасалған операциядан кейін адамның оңалуы - қиын процесс болғандықтан, енді Оңайгүл Қайратты Ресейге емделуге жіберер деп үміттенеді. Оқ тиіп жараланғаннан кейін Қайратқа жасалған операциялар қуыққа жасалған мына операция сияқты ауыр емес болған. Оңайгүл Досмағамбетова «мына операциядан кейін асқындырып алсақ, өміріне үлкен қауіп төнеді» дейді.

— Қайратты Ресейге емделуге жіберсе, міндетті түрде онымен бірге барамын. Оны ешкімге бермеймін, - дейді анасы.

Мақсат пен Қайраттың анасы - Оңайгүл Досмағамбетова. Ақтау, 10 мамыр 2012 жыл.

Мақсат пен Қайраттың анасы - Оңайгүл Досмағамбетова. Ақтау, 10 мамыр 2012 жыл.

Анасының айтуынша, Жаңаөзен оқиғасында жәбірленуші деп танылған Қайратқа мемлекет 500 мың теңге өтемақы бөлген. Кейінгі жылдары Алматы және өзге қалаларда операция жасатқан кезде де аздаған көмек түсіп тұрған. Бірақ нақты қандай көмек көрсетілгені жайлы айтқысы келмеген Оңайгүл «көмек сұрап, талай мекеменің табалдырығын тоздырдым ғой» деумен шектелді.

Қайрат 32 жастағы Мақсаттан екі жас кіші. Оңайгүл Досмағамбетова – 12 бала өсірген батыр ана. Мақсат пен Қайрат – 12 баланың ішіндегі сегізінші және тоғызыншы бала.

Ресми дерек бойынша, 2011 жылы желтоқсанның 16-сы күнгі Жаңаөзен оқиғасы кезінде 16 адам қаза тауып, ондаған адам жараланған. Қақтығыс кезінде мұнайшылардың ереуіліне қатысы жоқ жергілікті тұрғындарға да оқ тиген. Жаңаөзендегі оқиға тексерілгеннен кейін полицияның бес офицері «өкілеттігін асырды» деген айыппен бес жылдан жеті жылға дейін сотталған. Билік ереуілге қатысқан ондаған мұнайшыны «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды» деп айыптап, 13 адамды түрлі мерзімге кескен. «Жаңаөзен ісі» бойынша сотталған бұрынғы мұнайшылардың соңғы екеуі мерзімінен бұрын шартты жазамен түрмеден босайтыны хабарланған еді.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG