Accessibility links

Мұхтар Жәкішевтің ҰҚК-де берген жауаптары делінген жұмбақ бейнетаспа интернетте жарияланды


"Қазатомпром" компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевтің бейнетаспадан алынған суреті. Алматы, 5 қараша, 2009 жыл.

"Қазатомпром" компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевтің бейнетаспадан алынған суреті. Алматы, 5 қараша, 2009 жыл.

Бейнетаспада Мұхтар Жәкішев "Қазатомпром" компаниясының жүзеге аспай қалған жоспарлары мен Қазақстанға тиімсіз келісімдер және олар кімге тиімді деген тұрғыда алдындағы адамға әңгімелеп отыр. Егер бұл жауап алу таспасы болса, ол интернетте қандай мақсатпен жария болды осы және басқа да сұрақтарға ҰҚК әзірге жауап берген жоқ.


Қарашаның төрті мен бесі күндері youtube.com сайтына орнатылған бұл 11 файлдың жалпы көлемі екі сағатқа жуықтайды. Бейнетаспада «Қазатомпром» компаниясы бұрынғы басшысының қызмет кеңсесіне ұқсайтын бөлмеде Жәкішев белгісіз бір ер кісінің сұрақтарына жауап беріп отыр: Жәкішевтің отырғаны қызмет үстелі сияқты, артқы жағында кітап-қағаздарына арналған шкаф және ер кісінің костюмі ілінген киім ілгіш тұр, еденде екі гир тасы жатыр. Бейнетаспа жазда жазылған тәрізді, өйткені онда Мұхтар Жәкішев қыркүйек, қазан айларының кейбір оқиғаларына болжам жасайды.

Жалпы көлемі екі сағатқа жуықтайтын бейнетаспада Мұхтар Жәкішев өзінің бірқатар ой-толғамдарын ортаға салады, атап айтқанда ол: "Ой елегінен өткізе келе мұның бәрі Ресейге тиімді деген тоқтамға келдім, мен мұнда отырғанда бізге тиімсіз келісімдер шұғыл жасалып жатыр... мұның бәрі лотерея ойыны тәрізді, менің қан қысымым күнде көтеріледі, егер алда-жалда маған бірдеңе бола қалса осы айтылғандардың бәрі өшіп кетпесін" дейді Мұхтар Жәкішев әзірге қайдан шыққаны белгісіз бұл жұмбақ бейнетаспада.


/>

ЖӘКІШЕВТІ БЕЙНЕКАМЕРАҒА ТҮСІРГЕНІ ТУРАЛЫ ХАТТАМА ЖОҚ


Оның адвокаты тергеудің бейнекамераға түсірілгені хаттамада көрсетілмеген дейді. Бейсенбі күні күйеуінің сұратқан заттарын жеткізген Жәмила Жәкішева болса Мұхтармен кездесе алмағандығын айтып отыр.

Бейнетаспалармен танысып шыққан топ-менеджердің адвокаты Нұрлан Бейсекеев өзі қорғап жүрген азаматты айнытпай таныған.

- Бұл – Мұхтар Жәкішев. Егер таспаға мұқият назар аударып қарасаңыз, түсірілім ҰҚК-нің бір қызметкерінің жұмыс орнында түсірілген. Ал Жәкішев тергеу абақтысындағы кәдімгі камерада отыр, - деді Бейсекеев.

Адвокаттың айтуынша, бұл таспа осыдан бірнеше ай бұрын ҰҚК ғимаратында дайындалған болуы мүмкін. Өйткені соңғы
Нұрлан Бейсекеев, Мұхтар Жәкішевтің адвокаты. Алматы, 9 қыркүйек 2009 жыл
уақыттары Жәкішевтің қан қысымы жиі көтеріліп, аурудың салдарынан түрі де солғын тартып, әбден азып кеткен. Ал интернетте жарияланған бұл таспада Жәкішевтің жағдайы біршама жақсы көрінеді деді Бейсекеев.

Алайда адвокат Бейсекеев топ-менеджердің тергеу барысындағы сұрақ-жауаптарының хаттамаларымен танысып шыққандығын, бірақ іс материалдарында тергеу бейнетаспаға түсірілгендігі туралы ештеме айтылмағандығын ескертіп отыр.

- Тергеу бейнекамераға түсірілген болса, ол міндетті түрде хаттамада көрсетілер еді. Менің ойымша, бұл - тергеу емес. Бұл жерде Жәкішев ҰҚК-нің бір қызметкерімен әңгімелесіп отырған секілді. Өйткені ол сұхбаттасына бір жайттарды түсіндіріп отыр, - деді Бейсекеев.

Алайда Бейсекеев топ-менеджер сөйлесіп отырған кісінің кім екендігін танымайды және осындай түсірілім болғандығын Жәкішев оған айтпаған. Сонымен қатар, Бейсекеев бұл бейнетаспаны нақты кім және қандай мақсатпен интернетте жариялағандығын білмейтіндігін мәлімдеді:

- Оның тергеу абақтысында немесе ҰҚК-нің ғимаратында дайындалғаны анық. Яғни оны комитет өкілдері ғана жариялай алады деген сөз. Нақты кім екендігін білмеймін және бейнетаспаны жариялау мақсаты да мен үшін түсініксіз болып отыр.

БҮГІН ҚАМАУДАҒЫ ЖӘКІШЕВКЕ СЫРТТАН ЗАТТАР БЕРІЛЕТІН КҮН

Жәмила Жәкішева Алматы облыстық соты ғимаратының алдында. Талдықорған, 20 қазан 2009 жыл.
Топ-менеджердің жұбайы Жәмила Жәкішева өзінің күйеуінің қатысы бар бұл бейнетаспаларды әлі көрмегендігін айтып отыр. Өйткені ол бейсенбі күні Астанаға барды: бүгін Жәкішев сұратқан заттарды сырттан жеткізіп беретін күн екен.

- Мен бұл туралы журналистерден естіп отырмын. Астанаға жол жүруіме байланысты менің оны көріп шығатын уақытым да болмады, - деді Жәкішева.

Соған байланысты бейнетаспалар төңірегінде нақты ештеме айта алмайтындығын ескерткен Жәкішева өзінің абақтыда отырған күйеуімен кездесулерінде Мұхтар оны бейнекамераға түсіргендігі туралы айтпағандығын мәлім етті.

Дегенмен ол Жәкішев сұратқан заттарды тапсырыпты, бірақ күйеуімен кездеспеген.

- Кездескім келген еді. ҰҚК тергеу тобының басшысы Владимир Петровскиймен жолыққым келді, бірақ ол менімен кездесуге шықпады. Ертең комитет басшыларымен жолығып, Мұхтармен кездестіруін сұрап көремін, - деді Жәмила Жәкішева.

ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК КОМИТЕТІНІҢ ЖАУАБЫ ӘЗІРГЕ БЕЙМӘЛІМ

Жәкішевтің жауаптары интернетте жарияланғандығына қатысты туындаған сұрақтарды Азаттық радиосы бейсенбі күні ҰҚК-не жолдады. Сауалдардың барлығын тіркеп алған осы мекеменің баспасөз қызметі басшысының орынбасары Мұхтар Анарбеков тиісті жауабы берілетіндігін айтты.

«Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішев «мемлекет мүлкін талан-таражға салды» деген айыппен биыл 21 мамырда тұтқындалып, содан бері ҰҚК-нің тергеу абақтысында отыр.7 қазанда қылмыстық іс материалдары Жәкішев пен Бейсекеевке тапсырылды. Тергеу материалдары 39 томға түптелген.

Азаттық радиосы "Мұхтар Жәкішевтің интернеттегі бейнетаспасы: компроматтардың кезекті соғысы ма әлде ғаламдық саяси ойын ба?" деген тақырыпта дөңгелек үстел сұхбатын өткізді. Талқылауға тәуелсіз журналист Сергей Дуванов, Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қордың жетекшісі Айдос Сарымов, Қазақстанның Аустриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиев және Қазақстан парламентінің бұрынғы депутаты Тагир Сисимбаев қатысты.

Орыс тілінде өткен осы дөңгелек үстел сұхбатының мәтіні мен аудиотаспасы Азаттықтың сайтында жұма, 6 қараша күні жарияланатын болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG