Accessibility links

Қамаудағы Мұхтар Жәкішев екі жарым айдан кейін ғана адвокатпен кездесті


Мұхтар Жәкішевтің қорғаушылары Нұрлан Бейсекеев пен Данияр Қанафин. Алматы, 9 маусым, 2009 жыл.
Мұхтар Жәкішевтің қорғаушылары Нұрлан Бейсекеев пен Данияр Қанафин. Алматы, 9 маусым, 2009 жыл.

«Қазатомпром» компаниясының бұрынғы президенті, екі айдан астам уақыт бойы тұтқында жатқан Мұхтар Жәкішевке тамыздың 4-де қорғаушы етіп Нұрлан Бисекеев жіберілді. Ал екінші қорғаушы адвокат Данияр Қанафинді ҰҚК әлі күнге дейін бұл іске араластырмауда.

ҰҚК АДВОКАТ БЕКІТІЛГЕНІН РАСТАДЫ

Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметінің жетекшісі Кенжеболат Бекназаров тұтқында отырған Мұхтар Жәкішевтің адвокат Н.Бисекеевпен кездескендігін растады.

- ҰҚК Жәкішевтер отбасы ұсынған адвокаттардың ішінен құпия материалдарға рұқсаты бар Нұрлан Бисекеевті таңдап алды. Ол өз кезегінде өзінің қорғалушысымен кездесіп, қылмыстық іс материалдарымен танысуға кірісті, - дейді ҰҚК өкілі.

Мұхтар Жәкішевтің әйелі Жәмила күйеуіне бірнеше қорғаушыны белгілеген еді. Оның бірі – Данияр Қанафин болса, ендігісі – Нұрлан Бисекеев. Алайда, Қанафинді «құпия құжаттарға» рұқсаты жоқ деген желеумен іске әлі күнге дейін кірістірмеуде. Ал, «құпия құжаттарды» қарауға рұқсаты бар Нұрлан Бисекеевтің өзі 2 айдан кейін ғана Мұхтар Жәкішевпен кездесуге рұқсат алып отыр.

Екі адвокаттан да осы іске қатысты қандай да бір түсініктеме алу мүмкін болмады. Олар «барлық түсініктемені тек Жәмила Жәкішева ғана бере алады» - дегенмен ғана шектелді. Ал Жәкішева ханымның телефоны жауап бермеді.

"ҰҚК ҚАНАФИННЕН ҚОРҚАДЫ ... "

Ал белгілі адвокат Мұстақым Төлеев, Бисекеев Қанафинге қарағанда ыңғайлырақ деген пікір айтады.

- ҰҚК Жәкішевпен адвокат Нұрлан Бисекеевті кездестіре отырып, бұл істің заңды түрде алға басып жатқандығын көрсеткісі келгендей. Бисекеев Астана қаласы қаржы полициясының бұрынғы қызметкері. Менің білуімше, адвокаттық тәжірибесі де аса көп емес. Ол Данияр Қанафинге бесекелес бола алмайды. Өйткені Қанафин өз ісін жетік меңгерген, білікті заңгер. Өз кезегінде ҰҚК-не біліксіз адвокатпен жұмыс істеген тиімдірек. Өйткені, егер Қанафин Жәкішевті қорғай бастаса, ол бұл істегі шикіліктерді тез-ақ анықтаушы еді, сол үшін олар (ҰҚК) одан (Қанафиннен) қорқады, – дейді Мұстақым Төлеев.

Ал қоғамдық қайраткер Владимир Козлов, ҰҚК-нің Нұрлан Бисекеевті жіберуі мәжбүрліктен туындаған қадам екендігін айтады.

- ҰҚК бұл істі адвокатсыз аяқтауға болмайтындығын байқап, процесуалдық қиындықтармен кездескен болар. Бұл жердегі басты сұрақ – оның (Бисекеев) қаншалықты адал болатындығында. Ол іс бойынша ҰҚК жағын жақтай ма, мүмкін олардың арасында қандай да келісім болған шығар? - дейді Владимир Козлов.

ЖӘКІШЕВТІҢ ҚАЛАУЫ ИМАШЕВ ЕДІ...

Бұдан бұрын Мұхтар Жәкішев өзіне қорғаушы ретінде Берік Имашевті шақырғысы келгенін айтқан еді.

Сенатор Берік Имашев өз кезегінде «Қазатомпромның» бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің ісіне қатысты ҰҚК-нің әрекетіне таңқалып, көңілі қалғаны туралы «Время» газетіне сұхбат берді.

«Менің Мұхтар Жәкішевтің мүддесін қорғауыма ешқандай процесуалдық негіз жоқ. ҰҚК-нің мұны Мұхтарға неге түсіндірмегеніне таңқаламын. Бұл мәселеде сұрақ көп. Мұхтарға қылмыстық-процесуалдық кодекске қатысты түсініктеме бермей отырғандығы мен оның адвокатының жоқтығы менің көңілімді қалдырды. Ал қорғау құқығы деген білікті заңдық көмекпен қамтамасыз ету ғана емес, өзіңді қорғауға да құқық беру, не үшін Мұхтарға ол мүмкіндіктің берілмегеніне таңмын.

Айыпталушының жұбайы, әке-шешесі, ұл-қызы, туған бауыры заңды өкілі, сондай-ақ, қоғамдық бірлестіктің өкілі сияқты субъектілер ғана қорғай алады. Бұл іске Қанафинді жібермей, жіберілмеуге тиіс Имашевтың төңірегінде сонша шу шығарып жіберген ҰҚК-нің әрекетін түсінбеймін», - деді Имашев.

Басылымның «Мұхтар Жәкішев неге сізді қорғаушылыққа алғысы келді?» деген сұрағына Берік Имашев: «Біріншіден, мен ҚР Қауіпсіздік кеңесінің мүшесімін, бұл іске мемлекеттік құпия дәрежесі берілген, екіншіден, Мұхтар менің немере бауырым», - деген еді өз сұхбатында.
XS
SM
MD
LG