Accessibility links

"Қазатомпромның" бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев 14 жылға сотталды


Мұхтар Жәкішев "Қазатомпром" компаниясының басшысы кезінде. Сурет "Республика" газетінен алынды

Мұхтар Жәкішев "Қазатомпром" компаниясының басшысы кезінде. Сурет "Республика" газетінен алынды

Астанадағы аудандық сот Мұхтар Жәкішевті 14 жылға, оның күзетшісі Талғат Қыстаубаевты 5 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сөйтіп судья Нұржан Жолдасбеков прокуратура сұраған жаза мерзімін бір мысқал да кеміткен жоқ.

ҚАТАЛ СОТ ҮКІМІ

Астанада 12 наурыз күні түстен кейін «Қазатомпром» компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев пен оның күзетшісі Талғат Қыстаубаев ісі бойынша сот үкімі шықты. Сот Жәкішевті 14 жылға, Қыстаубаевты 5 жылға бас бостандығынан айырды.

Үкімді шамамен төрт сағат бойы оқыған Сарыарқа аудандық сотының судьясы Нұржан Жолдасбековтің Жәкішевке қатысты шешімі бұған дейін прокуратура сұраған жаза мерзімінен айныған жоқ.

Прокуратура Жәкішевке 14 жыл, Қыстаубаевқа 6 жыл түрме жазасын беруді сұраған еді.

Сонымен бірге, мемлекеттік айыптаушы Жәкішевтен ел президентінің қолынан алған "Құрмет" орденін қайтарып алу қажеттігін, Қыстаубаевты полиция майоры шенінен айыру керектігін айтты. Судья Жолдасбеков прокуратураның бұл талаптарын да өз үкімімен қанағаттандырды.

Сарыарқа аудандық сотының алдына жиналған ОМОН сақшылары. Астана, 12 наурыз 2010 жыл.
Жәкішевке Венада «Қазатомпром» компаниясының заңсыз өкілдігін ашу арқылы пайда тапқан, астыртын касса ұстаған, күзетшісі Қыстаубаевқа екінші еңбекақы төлеп келген деген айыптар тағылды.

Жәкішев пен Қыстаубаев бұл айыптарды жоққа шығарып отыр. Нұрлан Бейсекеевтің айтуынша, сейсенбі күні өткен жарыссөздерде Мұхтар Жәкішев прокуратура келтірген айыптардың барлығына рет-ретімен тоқталып, олардың қай-қайсысы да негізсіз екендігін дәлелдеуге тырысқан.

Айыпталушылардың адвокаттары бұл істің қылмыстық құрамы жоқ деп есептейді. Адвокат Бейсекеевтің айтуынша, аудандық соттың бүгінгі шешіміне қарсы Астана қалалық сотына міндетті түрде шағым түсіріледі.

«Қазатомпром» ісі бойынша сот процесі екі жарым айға созылды. Соттың алдын ала тыңдаулары 2009 жылы 22 желтоқсанда басталды.

ЖАБЫҚ СОТ ҮКІМ ШЫҒАРДА ДА АШЫЛМАДЫ

Сот процесі басынан аяғына дейін жабық есік жағдайында өтті. Тіпті судьяның үкім шығаруына да «бөгде» кісілер кіргізілген жоқ.
Мұхтар Жәкішевтің адвокаты Нұрлан Бейсекеев журналистерге үкім жайында хабарлап тұр. Астана, 12 наурыз 2010 жыл.
Сот ғимаратының сыртында қалғандардың арасында Жәкішевтің зайыбы Жәмила Жәкішева да бар.

- Жұртты залға кіргізбеді, өйткені Мұхтар Жәкішевке тағылған айыптар дәлелденген жоқ, - деп мәлімдеді Жәмила.

Үкім шығардың қарсаңында Жәкішевтің адвокаты Нұрлан Бейсекеев, заң ережелерін келтіре отырып, судьяның шешім шығаруына халықты кіргізу керек деген еді. Алайда бұл жолы сот ғимаратын ондаған полиция қызметкері күзетіп тұрды. Есік алдына жиналған халықтың залға кіргізу талабына сот өкілдері жауап берген жоқ. Олар үкімді адвокат Бейсекеевтен сот аяқталғаннан кейін ғана естіді.

Істегі екі айыпталушы – Жәкішев пен Қыстаубаев 2009 жылы мамырда тұтқындалғаннан бері ҰҚК-нің тергеу абақтысында ұсталды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG