Accessibility links

Сарапшылар интернеттегі Мұхтардың сұхбат-жауабын ҰҚК-нен жылыстап кеткен ақпарат деп есептейді


"Қазатомпром" компаниясының қамаудағы бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев "Время" газетінің тілшісіне ҰҚК-нің изоляторында сұхбат беріп отыр. Астана, шілде, 2009 жыл. Сурет www.time.kz сайтынан алынды.

"Қазатомпром" компаниясының қамаудағы бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев "Время" газетінің тілшісіне ҰҚК-нің изоляторында сұхбат беріп отыр. Астана, шілде, 2009 жыл. Сурет www.time.kz сайтынан алынды.

Азаттық радиосының дөңгелек үстел талқылауына тәуелсіз журналист Сергей Дуванов, Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қордың жетекшісі Айдос Сарымов, Қазақстанның Аустриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиев және Қазақстан парламентінің бұрынғы депутаты Тагир Сисимбаев қатысты.

4 қарашада бүкіл әлемге белгілі веб-сайттардың бірі Youtube.com сайтында кенеттен бір жұмбақ бейнежазба пайда болды. Бейнежазбада өзіне тағылған айыптау бойынша айғақ бергені, не түсінік бергені, әлде сұхбат бергені түсініксіз, әйтеуір Мұхтар Жәкішев сөйлеп отыр.
Мұхтар Жәкішев, «Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті. Сурет Youtube сайтында жарияланған видеодан алынды. 4 қараша 2009 ж.


Ең қызықтысы, бәлкім түсініксіз көрінетін де сол шығар, бұл бейнематериалдың Қазақстандағы ең жабық та жасырын орын – ҰҚК-нің түкпірінде түсірілгендігі, олай дейтініміз, биылғы жылдың 21 мамырынан бері Жәкішев Астанада ҰҚК-нің тергеу абақтысында жатыр. Осы жағдайға байланысты Азаттық радиосы сарапшылардың және Қазақстан билігі қарсыластарының қатысуымен «Youtube.com сайтындағы ҰҚК-нің Мұхтар Жәкішевтен бейнежазбасы: компроматтардың кезекті айқасы ма, әлде саяси ойын ба?» деген тақырыпта дөңгелек үстел өткізді.

Азаттық радиосы өткізген дөңгелек үстел талқылауына тәуелсіз журналист және сарапшы Сергей Дуванов, Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қордың басшысы және тәуелсіз сарапшы Айдос Сарымов, Қазақстан парламентінің бұрынғы депутаты, «Намыс» депутаттық тобының жетекшісі болған Тагир Сисимбаев, Қазақстанның Аустриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиев қатысты. Азаттық радиосының журналистері Қазақстан ҰҚК қызметкерлерін осы талқылауға қатысуға бірнеше рет шақырған болатын, әйтсе де келісілген уақытта ҰҚК баспасөз-қызметінің телефондарына қанша хабарлассақ та тұтқаны ешкім көтере қоймады.

«ТАНЫСУ СҰХБАТЫ»

Жүргізуші:

Ең негізгі де маңызды сұрақтан бастасам деп едім: бейнежазбадағы адам шынымен «Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевтің өзі ме? Осы сауалға жауа алу үшін осы дөңгелек үстел сұхбатынан бір сағат бұрын Мұхтар Жәкішевтің адвокаты Нұрлан Бейсекеевке хабарласқан едік.
Нұрлан Бейсекеев, «Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевтің адвокаты. Алматы, 7 қыркүйек 2009 жыл.


Нұрлан Бейсекеев:

– Менің бір айтарым – Мұхтар Жәкішевтің келбеті ондай емес еді. Неге десеңіз, ол сол бір кездерден бері сырқат еді.

Жүргізуші:

Десе де, бейнежазбадағы адам Жәкішев екенін растайсыз ба?

Нурлан Бейсекеев:

– Иә-иә, бейнежазбадағы адам дәл соның өзі.
...Бейнежазба жазылған жоқ. Менің қатысуыммен бір рет қана жауап алынды, бірақ, ол үш күн бойы жүргізілді...


Жүргізуші:

Ешқандай күмәніңіз жоқ қой?


Нұрлан Бейсекеев:

– Жоқ, менің күмәнім жоқ.

Жүргізуші:

Яғни, бейнежазбадағыға қарағанда қазір оның жағдайы нашар ма?

Нұрлан Бейсекеев:

– Иә, оның түрі өзгеріп кеткен.

Жүргізуші:

Яғни, нашарлаған ба?

Нұрлан Бейсекеев:

– Иә, әлдеқайда нашар.

Жүргізуші:

Қадірменді дөңгелек үстел сұхбатына қатысушылар, енді өздіріңізге кезек берейік. Егер бейнежазбаны көрген, тыңдаған болсаңыздар, онда қалай ойлайсыздар, ол Мұхтар Жәкішевтің өзі ме? Сергей мырза, сіз жауап берсеңіз.

Сергей Дуванов:

– Бірақ, бұл сұрақ маған арналған сұрақ емес сияқты. Неге десеңіз, мен Жәкішевпен жүзбе-жүз таныс емеспін. Мен оны тек теледидардан, фотосуреттерден ғана көретінмін. Сол себептен, мен бұл жерде куәгер ретінде сөйлей алмаспын.

Жүргізуші:

Жақсы онда, Айдос мырза, сіз ше?

Айдос Сарымов:

– Мен де соның ар жақ – бер жағымын, бірақ, Мұхтар Жәкішевті бірнеше «ақсүйектердің» жиынында көргенім бар, ал, бейнежазбадан көргенім соның өзі секілді.

Жүргізуші:

Жақсы, ал, ҰҚК-нің бұрынғы жетекшілерінің бірі ретінде сіз қалай ойлайсыз, Рахат мырза?

Рахат Әлиев:

– Мен мұны ҰҚК-нің биік лауазымды қызметкерінің жасап отырған бейнежазбасы деп есептеймін. Ондағы адам шынымен де Жәкішев мырзаның өзі. Олай дейтінім, мен оны көптен бері білемін, онымен доспын.

Жүргізуші:

Балабақшадан бері ме?

Рахат Әлиев:

– Солай деуге де болады. Менің айтайын дегенім, төрағадан бастап, департамент бастығына дейін ҰҚК басшыларының әрқайсысының бөлмесінде бейне және дыбыс жазу құрылғысы орнатылған, оған ҰҚК-нің ішкі тәртібі бойынша төрағаның, оның орынбасарының немесе департамент бастығының бөлмесінде болғандардың бәрі жазылып отырады. Біз айтып отырған материал жасырын камерамен түсірілген.

Жүргізуші:

Жақсы, рақмет. Тагир мырза, Сіз не ойлайсыз бұл жөнінен?

Тагир Сисимбаев:

– Түрі ұқсайды, мен ол кісімен жақын таныс емеспін, сырттай таныспын. Сондықтан, бар айтарым – түрі ұқсайды, одан басқа ештеңе айта алмаймын.

Жүргізуші:

Жақсы, рақмет. Енді тағы бір нақтылаушы сұраққа келейік. Интернеттегі осы бейнетаспаны қалай түсінуге болады, ол жауап алу ма, сұхбат па, әлде басқа бір нәрсе ме? Сергей мырза, сіз нендей пікірдесіз?

Сергей Дуванов:

– Бейнежазбаның сықпытына қарасам, бәрінен бұрын, бұл әлдебір жауап алудың бір үзігі секілді. Соған ұқсайды.

Жүргізуші:

Жақсы, рақмет. Айдос мырза, сіз не дейсіз бұл жөнінде?

Айдос Сарымов:

– Маған бұл қалай болғанда да тұрпайы көрінеді. Ондай материалдардың құпия ұсталатынын ескерсек, оның көпшілікке арналған интернет сайтта пайда болуы, әлбетте, өте кө-ө-ө-п сұрақ тудырады.

Жүргізуші:

Сіз қалай ойлайсыз, Рахат мырза, ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары ретінде?

Рахат Әлиев:

– Мен мұны шын бейнетүсірілім деп ойлаймын. Тек оның көп жерлері кесілген. Кадрдан тыс тұрған биік лауазымды адамның сұрақтарын алып тастаған. Бұл өңделген бейнежазба Мұхтар Жәкішевтің ұсталған алғашқы күндерінде түсірілген. Және ол жауап алу болмаған, ол Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшыларының бірімен танысу сұхбаты есебінде болған әңгіме. Бұл жауап алу есебіндегі емес, достық сипатта болған әңгіме. Шамасы, оны жабық әскери сот процесінде Жәкішевке қарсы пайдалану үшін жасаған шығар.

Жүргізуші:

Жақсы, қанекей, осы тұста Мұхтар Жәкішевтің адвокаты – Нұрлан Бейсекеевтің пікірін тыңдап жіберейік.

Нұрлан Бейсекеев:


– Бейнежазба жазылған жоқ. Менің қатысуыммен бір рет қана жауап алынды, бірақ, ол үш күн бойы жүргізілді. Ол жауап алуда бейнежазба жасалмаған еді. Іске мен араласқанға дейін де бірнеше рет жауап алынған, бірақ, хаттамаларда жазылғандай, онда да жауап алу кездерінде бейнежазба қолданылмаған.

Ал, бейнежазба қолданылған болса, онда тергеуші хаттамада оны көрсетуге міндетті болар еді. Қылмыстық іс жүргізу кодексіне сәйкес тергеуші хаттамада оны көрсетуге міндетті. Бұл бір мәселе, ал, екіншіден, Мұхтар Еркінұлының сөзінің берілу сипатына қарасаң, анау мүлдем жауап алу емес. Жалғыз-ақ айтарым – бұл жауап алу емес. Бұл әлдебір сұхбат және оның мазмұны «мен мұнда тергеу абақтысына жабылдым, мені айыптауда» деген тұрғыда өрбиді. Яғни, бейнетүсірілім ол тұтқындалғаннан кейінгі кезеңде жасалған.

Мен бұл іске тамыз айында кірістім, мұндай нәрсе болған жоқ еді. Яғни, бөлмедегі ахуал да, әлгіндей жауап алу да жүргізілген жоқ. Ал, Мұхтар Еркінұлынан алғашқы жауап алулар шілде айында болған. Ал, тамыз айының ортасынан бері тек менің қатысуыммен ғана жауап алынды. Ол кезде бөлме ішіндегі ахуал бейнетаспадағыдай болған жоқ, яғни, мынау ол жауап алу жүргізілген бөлме емес.

ҰҚК-НІҢ ӨЗІНДЕ ЖАНСЫЗ БОЛУЫ МҮМКІН

Жүргізуші:


Қадірменді дөңгелек үстел қонақтары, енді ең басты сұраққа көшсек. Қазақстанның ең құпия мекемесінде жүргізілген бұл жауап алу немесе сұхбат қандай жолмен интернетке тап болған? Сергей мырза,осы орайда сіздің пікіріңіз қандай?
Тәуелсіз журналист Сергей Дуванов. Алматы, 24 маусым, 2009 жыл.


Сергей Дуванов:

– Олай-былай деп айту қиын, бірақ, не дегенмен де екі түрлі болжам айтуға болатын секілді. Әдейі бір нәрсе үшін … Бірақ, ҰҚК-не бұл не үшін қажет болды, мұны әлі талқылау керек. Қоғамның игілігіне жарайтын тұстарды көрсету керек болды ма екен, бірақ, бұл қалай болғанда да Жәкішевтің пайдасына қызмет етпейді. Ал, екіншіден, бұл ҰҚК-нің қолынан жылыстап, шығып кеткен ақпарат болуы мүмкін. Яғни, ҰҚК жүйесінде бір көртышқан бар, шамасы, ол Жәкішевке қарсы жасалып жатқан іске наразы болса керек, сол себепті осы секілді құпия ақпараттарды жария ету шарасы арқылы белгілі бір дәрежеде көмектесетін сияқты.

Жүргізуші:

Рақмет, Сергей. Ал, Айдос мырза, сіз не дер едіңіз?

Айдос Сарымов:

– Сіздің қонақтарыңыздың ішінде бір адамның ғана тақырыпқа қатысты анағұрлым толығырақ ақпараты бар деп ойлаймын, шамасы сол адам түсінік бере алатын тәрізді. Ал, жеке өзімнің пікірім мынадай, бұл не «саяси ойын» не болмаса біреулер сатып алған да салып жібергенге ұқсайды.

Жүргізуші:

Рахат мырза, сіз қалай ойлайсыз?

Рахат Әлиев:

– Меніңше, ең алдыменен сұрақты бұл кімге тиімді деп қою керек.

Жүргізуші:

Бұл келесі сұрақ еді.

Рахат Әлиев:

– Бұл Жәкішевке тиімді. Шамасы, ол ҰҚК басшылығымен таныстығын пайдаланып, әлде, қатардағы қызметкер, жасырын түсірілімді жасаған техникалық қызметкер көмектесті ме екен, әйтеуір басшылықтың адамын әшкере қылмау үшін оны бейнетаспадан кесіп тастаған, астын сызып тұрып айтамын, Жәкішев емін-еркін бәрін әңгімелеп беретіндей онымен сөйлескен тек басшылықтың адамы. Олар ең алдымен істің асты-үстін түгел анықтап алмақ болған.

Бұл дегеніңіз алғашқы үш күн ішінде, Жәкішевтің психологиялық жағынан тұтқын болуға дайын емес кезінде, жабық жерде, бүкіл қоғамнан оқшауланып отырғанда тағылған айыптың мәні мен қисынын толық түсіну үшін болған тілдесу. Достықтың кейпіндегі осынау келіссөздің де жүргізілу мақсаты осы. Тергеу сипатында емес, әдейі тура осындай сипатта болған, әртүрлі схемалар болуы мүмкін, түрлі көзқарастар болуы мүмкін деген сияқты, Жәкішевке «бәрін айтып бер, президентке баяндаймыз, ол сені шығарып алады» дегендей бір келісім болған-ау, шамасы. Мынау жасырын бейнежазба дәл осы мақсатта түсірілген. Сосын ол әйтеуір бір жолмен Жәкішевке ниеті түзу адамның қолына түсіп қалып, бүкіләлемдік ғаламторға салынған-ау деймін, меніңше.

Жүргізуші:

Жақсы, рақмет. Тагир мырза, сөз кезегі сізде.

Тагир Сисимбаев:

Мен мұның алдындағы сұрақтан бастамақпын. Мұның тергеу әрекеті емес екені анық, бұл сұхбат жедел әрекет ету бағытында істің мән-жайын ұғу мақсатымен жүргізілген. Жәкішевтің адвокаты дұрыс айтты, егер бұл процесуалдық әрекет болса, онда ол рәсімделуі керек еді, бейнетүсірілімнің жасалғаны көрсетілген жауап алу хаттамасы болу керек. Қалай бұл интернетке тап болған? Біріншіден, шынымен де Қазақстанның мүддесін ойлайтын біреу бар болуы мүмкін. Бұл іс ел мүддесіне орай жасалған шығар.

Енді келесі сұраққа келейін. Бейнежазбадағы көріністер мұның жасырын пәтерде ме, сондай бір жерде болғанын анық байқатады. Қалай бұл интернетке тап болған? Біріншіден, шынымен де Қазақстанның мүддесін ойлайтын біреу бар болуы мүмкін. Бұл іс ел мүддесіне орай жасалған шығар. Екіншіден, Сергей Дуванов айтқандай, бар болғаны ақпаратты біреу сатып жіберген болар.
...Қалай бұл интернетке тап болған? Біріншіден, шынымен де Қазақстанның мүддесін ойлайтын біреу бар болуы мүмкін. Бұл іс ел мүддесіне орай жасалған шығар...


ЖҮЙЕНІҢ ӨЗІН ӘШКЕРЕЛЕУ

Жүргізуші:

Рақмет, келесі сұрақ. Билік маңындағы қай адам немесе қандай топ не қандай әулет осынау материалдың бүкіләлемдік ғаламтор арқылы баршаның көзіне түсуіне мүдделі болуы мүмкін? Бұл не өзі, билік маңындағы топтардың арасындағы компроматтар айқасының кезекті орамы ма, әлде Мұхтар Жәкішевті құтқаруды көздеген әрекет пе, не болмаса Қазақстан мемлекетінің басшысын жаманатты қылу ма? Сергей мырза, сіздің пікіріңіз?

Сергей Дуванов:

Рақмет, меніңше бұл ең алдымен Назарбаевтың қарсыластарына тиімді, мұнда менің айтайын дегенім, шамасы, мемлекеттік құрылымның және жалпы қазақстандық истеблишменттің қойнауында жемқорлыққа қарсы жорық деген атауменен жүріп жатқан қудалауларға қарсы әлдебір наразылық майданы белең алып келе жатқандай. Бүгіндері қоғамдық санада осы пікір қалыптасуда. Ендеше, бұл сол майданның әрекеті, яғни, әлгі бейнетаспаны өз адамдары арқылы немесе тікелей өзі қолына түсірген әлдекім қазіргі режимнің және осы тергеуді жүргізушілердің беделін түсіруге қандай да бір ықпалы болсын деген ниетпен интернетке салған.

Жүргізуші:

Айдос мырза, сіздің айтарыңыз бар ма?

Алтынбек Сәрсенбайұлы қорының жетекшісі Айдос Сарым. Алматы, 2 қараша 2009 ж.
Айдос Сарымов:

– Шын мәнінде, бәлкім, бәрі дәл мұндай қарапайым ғана, оп-оңай ғана дүние емес шығар. Меніңше, бұл жерде жеке де, геосаяси да, көптеген мүдделер бар. Атом өнеркәсібі таптырмайтын айрықша бір ғана сала екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Көптеген іс басындағы адамдардың да, Лондонда, тағы басқа қалаларда жүрген адамдардың да мұнда мүддесі бар екенін де жақсы түсінеміз.

Сондықтан, бұл салада қыруар ақша жүретіндіктен, бейнематериалды сатып алу мүмкіндігін де жоққа шығаруға болмайды деп санаймын. Біздің тергеу органдары, басқа да органдарымыздың жемқорлыққа шырмалғаны бәрімізге аян, олар «судан таза, сүттен ақ» емес, сол себепті, тіпті, Әбілмәжін Ғилымовтан жауап алу кезін «Астана» телеарнасынан көрсеткенде және басқа да шыққан дау-дамайдан кейін де мұндай ақпаратты сатып алу аса қиын шаруа бола қоймайды. Меніңше, бұл сұрақты бізге емес, нағыз сол Әлиев мырзаға қою керек-ау осы.

Жүргізуші:

Жақсы, енді біз Рахат мырзаға сөз берейік. Рахат, сіз қалай ойлайсыз ?

Рахат Әлиев:

– Мен тағы да қайталаймын, бұл түсірілім басшылардың біреуінің бөлмесінде жасалған, оның нақты кім екенін қазір айта алмаймын, өйткені, тағы да айтамын, сұрақ қойған адамның дауысын кесіп алып тастаған. Бұл мәселеде Жәкішевке қолайлы мүдделерге тосқауыл қойылмақ. Сол себепті де ақпарат тарамау үшін жабық әскери сот жүріп жатыр және жүре де бермек. Мәселен, құпия ақпараттардың қатарында Клинтон әулетімен болған канадалық бизнесмендермен байланыстағы кен орнын сату туралы келіссөз бар.

Олар президент Назарбаев пен премьер-министрдің келісімінсіз сөйлескен, бұл деген Қазақстанда болуы мүмкін нәрсе емес. Екіншіден, бұл «Қазатомпром» жасаған мәмілелердің ізін жасыру болып табылады және құпия мәмілелердің жасалғаны, ал оның бірі Иранмен жасалғаны да құпия емес.

РЕСЕЙДІҢ РОЛІ

Жүргізуші:


Келесі сұраққа ауысайық. Бейнежазбадағы Мұхтар Жәкішевтің айтқандарына сенер болсақ, оның «Қазатомпромның» басынан кетуіне және тұтқындалуына ең бірінші мүдделі болған Ресей болып шығады, бұл ел бүкіл әлемнің алдында абыройын асырып, беделін күшейте бастаған Қазақстанды атом энергетикасы саласындағы бәсекелес санады. Қанекей, алдымен Жәкішевтің өзін тыңдап алайық

Мұхтар Жәкішевтің бейнесұхбатынан үзінді:

«Мен, яғни, мұның кімге керектігін түсінуге тырыстым. Сөйтіп, мен шындықпен жанасатындай қорытындыға келдім, түсіндім мұны, бұл, әрине, орысқа тиімді, ресейліктерге тиімді. Себебі, қалай мен ұсталып, іс басынан кетіп едім, бізге тиімсіз істің бәрі жасалып жатыр, тағы керемет жылдамдықпен жасалып жатыр. Ал, бізге қажет дүниелердің бәрі қалды, біз өзімізге тиімді ештеңе істеп жатқан жоқпыз».

Жүргізуші:

Ендігі сұрақ Сергей Дувановқа, сіз қалай қарайсыз?

Сергей Дуванов:

– Мен өте мықты, құзырлы адамның Қазақстандағы уран бизнесінің бір бөлігінен біреудің пайдасы үшін бас тартты, сол мәміле жасалған соң оның ізін жасырғысы келді деген болжамды мүлдем жоққа шығармаймын. Осы мақсаттың жүзеге асуына Жәкішев кедергі болды. Міне, сол себепті де біздің бүгінгі әңгімемізге өзек болып отырған жағдай орын алды. Бұл істің қыр-сыры жайлы талқы жасау маған қиын, өйткені менде, дегенмен де ақпарат жеткіліксіз.

Жүргізуші:

Рақмет, Айдос мырза, сіз не дейсіз?

Айдос Сарымов:

– Меніңше, мұны Квятковскаядан сұраған жөн сияқты, ол жақсырақ хабардар болса керек. Дей тұрғанмен, бұл бизнес өте кішкентай, бүркемелі, ол жақтан ақпараттың шығуы қиын.Сондықтан мұның рас-өтірігін айту өте қиын.

Дегенмен, бір білетінім, мүмкін таза және заңды әдістер қолданылып жатпаған бір ғаламат күрес бар. Осы тұрғыдан келгенде, әрине, ойыншылар арасында қызу шайқас жүріп жатыр деуге болатын шығар. Жалпы, ойыншылар да, өзі онша көп емес. 2005, 2006, 2007 жылдары Джюстра ма, әлде Гистра ма (Gustra) бізде не дейтінін, әйтеуір Клинтонның досы басқаратын компаниялардың капиталдануы қалай қарқын алғанын көрсеткен үлкен жарияланымдар шыққан.

Мұның бәрі шын мәнінде дерек-фактілер, сондықтан мен ештеңені жоққа шығара алмаймын. Сол атом компанияларының ешқайсысы да менің түсінігімде мейлінше ашық, мейлінше қолжетімді емес. Ал, бізде, ұлттық қауіпсіздік мүддесі әлгі компаниялардың белгілі бір мөлшерде ашық болмауын талап ететін Қазақстанда, тіптен ашық болуы мүмкін емес.

ЖӘКІШЕВКЕ ҚҰРЫЛҒАН ТОР

Рахат Әлиев:

– Мен мұны жоққа шығармаймын, Жәкішев қайда отыр қазір, осыны ұмытпау керек. Ол тергеу абақтысында отыр, толық оқшауланған, арнаулы қызметтің барлық қысымын көріп жатыр, сонда бұл кімге керек? Бұл біріншіден уранға қатысты барлық мәмілелерді қоғамнан жасыру үшін президент Назарбаевқа керек.
Рахат Әлиев Венада, эмиграцияда. 2008 жыл.


Клинтон әулетіне байланысы бар әлдебір беймәлім компанияның канадалық бизнесменіне уран сатылуы мүмкін деген әңгіме ешкімге құпия емес. Ол мәміленің президент Назарбаевты сайлардың алдында, бұрынғы президент Клинтон келген кезде жасалғанын ұмытпаңыздар. Мен келіссөздердің ішінде болған жоқпын, олар өткеннен кейін сол президент Назарбаевтың өзімен оның қалай өткені жөнінде сөйлестім. Президент сол әңгімеде бұрынғы президент Клинтонның сайлаудағы мұның кандидатурасын қолдау үшін келгенін ашық айтты.

Ол таза PR-жоба еді, ал оның арғы жағында атом өнеркәсібіне қатысты бизнес жобалар тұрды. Қазір сол тақырыпты жабу үшін Америкада да, Қазақстанда да Жәкішевтің үнін шығармауға тырысып бағуда, өйткені ашық процесс бола қалса жаңағы құпияның бәрі сыртқа лақ ете қалады. Сондықтан да осы жанжал тыншу үшін Жәкішевті он-он бес жылға жоқ қылып жіберіп, уран тақырыбын мүлдем жауып тастау керек болып отыр. Әйтпесе, оның жасаған «құпия» мәмілелері өте көп. Заңсыздық тұрғыда мәміле жасауға үнділіктердің де, пәкістандықтардың да келгені маған аян.

«БӘРІ БІРДЕЙ НАЗАРБАЕВТЫҢ УЫСЫНДА ЕМЕС»

Жүргізуші:

Рақмет, тақырыбымызды жалғастырамыз. Сонымен, ҰҚК-нің тергеу абақтысында мамыр айынан бері отырған Мұхтар Жәкішевтің қатысуыменен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қойнауында түсірілген бұл бейнематериал қалай болғанда да тергеудің көптеген құпиясын ашады. Дәл солай алда болатын, осы жерді баса айтамын, ендігі Жәкішевтің ісі бойынша кезекті жабық сот процесінің де құпиясын ашады. Дей тұрғанмен, әлгі материал интернет секілді бүкіләлемдік торға түскен. Бұл ненің белгісі? Сергей мырза, құлағымыз сізде.

Сергей Дуванов:


Тағы қайталап қоймаймын ба, әйтеуір, бұл биліктің өз ішінде пікірлестіктің жоқтығын, бәрі-бір қайшыластықтың бар екенін білдіреді. Әйтпесе, ақпарат бұлайша уыстан шығып кете қоймас еді. Сондай-ақ, бұл жағдай бәрі де Назарбаевтың бақылауында емес екендігін көрсетеді. Олай дейтінім, ҰҚК деген нағыз президенттің бақылауындағы, оған тікелей бағынатын орган, егер ақпарат осындай органнан шығып кететін болса, онда басқа азырақ бақыланатын органдар туралы айтпай-ақ та қояйық. Демек, бұдан режимнің солқылдақтығын және билікте наразылық ахуалының күшейіп бара жатқанын ұғуға болады. Мен осылай жауап берер едім бұл сұрағыңызға.

Жүргізуші:

Айдос мырза, сіздің не айтарыңыз бар.

Айдос Сарымов:


– Меніңше, бүгінгі алматылық бұлыңғыр ауа-райының өзі билік ішіндегі әлдебір зілзаланы байқататын секілді. Бірақ, мен тағы да айтамын, Жәкішев мұндай бизнеске қатысса ол ешқашан ашық болмас еді, дәл мағынасында айтқанда ешуақытта позитивті болмақ емес. Ол жақта ешқашан ашық сауда, т.б. болған емес. Оның мәселесін әрқашан да көптеген компаниялар арасында ат төбеліндей ғана топ шешіп отырды. Сол себепті, ойын ережесі о бастан осылай бекітілгендіктен, ол жақта ойын өзара әділ бітпейді. Осыны да есте ұстасақ.

Ал, басқа мәселелерге келгенде, әрине, Штаттар да ойынның басқаша бітуіне мүдделі шығар. Бірақ, мен Қазақстан Иранға ядролық отын сатты, т.с.с. деп ойламаймын. Өйткен болса, бізді баяғыда-ақ тайлы-таяғымызбен жұтып қоятын еді. Ал, әлемдік баспасөзде жақында жарық көрген, не болмаса Қазақстанға келіп жеткен дүниелер өте үлкен ойынның жүріп жатқанын және өте ірі бәс тігілгенін көрсетеді. Қазақстан басшылығы жұрт шірік санайтын елдермен қару-жарақ саудасын жасайтындай соншалықты мақау деп ойламаймын. Кезінде ұшақтардың Солтүстік Кореяға сатылуы кейбір адамдарымызға сабақ болды деп ойлаймын.
...Бірақ, мен Қазақстан Иранға ядролық отын сатты, т.с.с. деп ойламаймын. Өйткен болса, бізді баяғыда-ақ тайлы-таяғымызбен жұтып қоятын еді...


БАРЛЫҒЫНА БІРДЕЙ БАҚЫЛАУ

Рахат Әлиев:


Мен ең әуелі сол МИГтердің сатылуы бірдеңеге үйретті дегенмен келіспейтінімді айтайын. Қарап көріңіз, сол мәмілеге қатысқандар қайда қазір? Олар басшылықта, биік мемлекеттік қызметтерде отыр. Біріншісі Нұртай Әбіқаев, ол қазір сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары. Одан кейінгісі Божко – төтенше жағдайлар жөніндегі министр. Бұлар әлі де қызметтегі адамдар және әскери қарсы барлаудың бастығы. Мен нақты дерексіз сөйлегім келмейді.

Мен тағы да баса айтамын, менде құпия келіссөздерге қатысты деректер бар. Өзгелермен қатар Иран президентінің Астанаға ресми сапармен келгенін де ұмытпаңыздар. Баспасөзде жарық көрмесе болды, астыртын келіссөздер жүргізілмейді деген сөз емес. Уран саласы, мен тағы да айтамын, жеке бизнес емес, бұл деген премьер-министрдің не президенттің бекітуінсіз бір де бір шешім іске аспайтын қатаң бақылаудағы процесс. Жәкішев тікелей президентке бағынады, сатуға немесе басқа да жағдайларға қатысты мәмілелерді президенттің өзі бекітеді. Менде Жәкішев берген ақпаратқа байланысты құжаттар бар.

Мен ҰҚК төрағасының орынбасары болған кезден білемін, осынау құзырлы органның атынан ҰҚК-нің төрағасы барлық уран тасымалын бақылап отырады. Үкіметтің қаулысынсыз бір де бір мәміле жасалмайды, мен Жәкішевтің адвокаты болайын деп отырған жоқпын, бірақ, нақты айтарым – ол деген қатаң тәртіпте жұмыс істейтін мемлекеттік, ұлттық компания.

Ол кіммен жасағың келсе, мәмілені сонымен жасай салатындай жеке компания емес қой. Басшылықтың бекітуінсіз ол ештеңе істемейді, істей алмайды, ондай жағдайы жоқ, тәртіптік құжаттар өте қатаң, бір қиыс қадам да жасай алмайды. Енді, әрине, қосымша төлем, жасырын төлем деген сияқты әйтеуір бір жолмен пайда көре алатын шығар, оны да жоққа шығаруға болмайды.

Шамасы, бұл бағытта ҰҚК-нің де бір қиыс қадамдары ма, бірдеңелері болды-ау деймін. Бірақ, бізге мүлдем басқа нәрсені айтып, ол өз пайдасы үшін жасады, өз қалтасын толтырды деп отыр ғой. Мұның бәрі жабық әскери режимде жүріп жатыр.

ҚЫЗМЕТТІК ТЕРГЕУ-ТЕКСЕРУ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Жүргізуші:

Енді соңғы сұрақ осы материал, Мұхтар Жәкішевтің сұхбаты немесе айғақ беруі интернеттегі Youtube.com сайтында жарияланғаннан кейін ҰҚК басшылығы үшін, басқа да құрылымдар, оның ішінде материал түкпірінен шығып, қоғамға жария болып кетуі Ұлттық қауіпсіздік комитеті үшін қандай да бір қиындықтар туындатуы мүмкін бе? Ендеше, Сергей мырза, сөз кезегі сізде.

Сергей Дуванов:

– Бұл жерде бірдеңе деу қиын, меніңше Әлиев мырзаға бұл сұраққа жауап беру жеңілірек шығар. Ол осындай жағдайда іске асырылатын механизмдерді біледі ғой. Дей тұрғанмен, билік тағы да мұның бәрін жалған дүние етіп көрсетуге тырысатын шығар. Биліктің мұндай істе, жалған етіп шығаруда тәжірбиесі баршылық.

Жүргізуші:

– Рақмет, Айдос мырза, сөз сізде.

Айдос Сарымов:

Меніңше, ештеңе де болмайды. Өйткені, оның қайдан шыққаны, қайда кеткені жазылмаған. Оны ешкім байқамайды.

Жүргізуші:

Рақмет, Тагир Мұсаұлы, сіздің қандай ойларыңыз бар бұл жөнінде?

Тагир Сисимбаев:

Біріншіден, бейнематериалды арнаулы қызмет адамдары жасаған, екіншіден, оны біріктірген де арнаулы қызмет өкілдері. Енді басшылық қалайша мұндайдың болғанын анықтауға тиіс шығар.

Жүргізуші:

Рахат мырза, бұл жөнінде сіз не айтасыз?
Тағы да қайталаймын, бұл ақпарат тек еркін халықаралық баспасөз арқылы ғана таралмақ. Және де, әрине, уран нарығындағы маңызды ойыншы болып табылатын Қазақстанның халықаралық беделін белгілі бір деңгейде түсіретіні күмәнсіз.
...


Рахат Әлиев:

– Қызметтік тергеу жүргізіліп, мұның қай бөлмеде түсірілгенін анықтайды. Мұны анықтау еш қиындық тудырмайды. Бір жағынан, әрине, мен келісемін, бәлкім ҰҚК-нің биік лауазымды адамдарының өздері жасаған дүние шығар бұл, кейбіреулер болашағынан қорқып, Сталин заманындағы Берияның күнәсін арқалағысы келмейтін болса керек.

Өйткені, олар мұның әділетсіз сот екенін жақсы біледі, заң үстемдігі жоқ, куәгер ретінде Мәсімовты шақыра алмайды, ел президентін шақыра алмайды, атом энергетикасы жөніндегі министрді шақырмайды, сол мәмілелерге қатысқан шетелдіктерді шақырмайды. Мына бейнежазбаны жауып тастайды, бүркемелейді, бұл жарияланымнан еш нәтиже болмайды. Тек, әрине, халықаралық баспасөзге қозғау салады. Тағы да қайталаймын, бұл ақпарат тек еркін халықаралық баспасөз арқылы ғана таралмақ. Және де, әрине, уран нарығындағы маңызды ойыншы болып табылатын Қазақстанның халықаралық беделін белгілі бір деңгейде түсіретіні күмәнсіз.

Жүргізуші:

Сонымен, Азаттық радиосының құрметті қонақтары, «Youtube.com сайтындағы ҰҚК-нің Мұхтар Жәкішевтен айғақ алуы: компроматтардың кезекті айқасы ма, әлде саяси ойын ба?» деген тақырыптағы дөңгелек үстелді осымен аяқтаймыз. Дөңгелек үстелдің барлық қонақтарына алғыс білдіремін. Бәріңізге үлкен рақмет. Азаттықтың әуе толқынында кездескенше сау-саламат болыңыздар.

Естеріңізге салсақ, «Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішев «мемлекет мүлкін талан-таражға салды» деген айыппен биыл 21 мамырда тұтқындалып, содан бері ҰҚК-нің тергеу абақтысында отыр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG