Accessibility links

«Әділдікті соттан күтеміз» дейді Жақсылық Досқалиевтың апайы Үміт


Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевті сот залынан әкетіп барады. Астана, 10 мамыр 2011 жыл.

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевті сот залынан әкетіп барады. Астана, 10 мамыр 2011 жыл.

Экс-министр Жақсылық Досқалиевтың ісін алқабилер соты қарайтын болды. Досқалиевтің туыстары бұл сотқа үлкен үміт артады.


Экс-министрдің Ақтөбеде тұратын әпкесі Үміт Досқалиева мамырдың 11-і күні Азаттыққа сұхбат беріп, інісінің денсаулығына алаңдайтынын айтты. Оның сөзінше, інісі «біреулердің сілтеуі бойынша жазаланып отыр».

«БІР ҚОЛЫ ЖАНСЫЗ БОП ҚАЛДЫ»

– Ұсталғаннан кейін төрт айдан соң қаржы полициясы маған кездесуге рұқсат берді. 26 қаңтар күні көрдім: әбден жүдеген, бір жақ, бір қолының жаны жоқ... мүгедек адамдай. Көріп шошып кеттім. Көзімнің жасы тыйылмады, ол да жылады «мен қайдан білейін тағдырымның осындай болатындығын» деп, – дейді Үміт Досқалиева.

2010 жылы қыркүйектің 25-і күні қаржы полициясында өткен тергеу кезінде Жақсылық Досқалиевтің денсаулығы нашарлап, ауруханаға жатқызылғаны, дәрігерлердің оған «инсульт» деген диагноз қойғаны туралы ақпарат тарады.

Бірақ кейін қаржы полициясы экс-министрге «жалған диагноз қойылған» деп мәлімдеген. Экс-министрдің әпкесі Үміт Досқалиева, бұл мәлімдемемен келіспейтіндігін айтады.

– Инсульт болды. Бүгінгі халінің нашарлығы сол инсульттің зардабы ғой. Енді қазіргі жағдайын ескере отырып, ертең тағы инсульт қайталанады ма деп қорқамын. Арнайы кәсіби медициналық көмек жасалмаған, уақытында қарамаған соң сөйтіп кеміп қалып тұр ғой, – дейді Үміт Досқалиева.

ПРЕЗИДЕНТКЕ ХАТ

Сұхбаттасымыз інісімен кездескен соң, қаңтардың 29-ы күні президент Назарбаевқа хат жазыпты. Себебі «інімнің басына төнген қара бұлтты тек президент қана сейілте алады» деп ойладым дейді Үміт Досқалиева.

– Ол (Жақсылық Досқалиев – Азаттық) айтып отырған сөзімді толық қабылдайды, бірақ инсульттың зардабынан толық жауап бере алмайды. Бұл түрімен сотта жауабын бере алмайды ғой. Ауру екені көрініп тұр. «Елге аз да
Экс-министр Жақсылық Досқалиевті сотқа жеткізген арнайы автокөлік. Астана, 10 мамыр 2011 жыл.
болса еңбегі сіңген азаматтың бірі емес пе? Елін сатқан сатқын емес, террорист емес, адам өлтірген қанішер емес, аса қауіпті қылмыскер емес – оған үйқамақ жазасын беруге болмас па еді?» деп елбасына хат жаздым, – дейді сұхбаттасымыз.

Ақпанның 15-і күні «сіздің хатыңыз бас прокуратураға жіберілді» деген жауап келіпті. Кейін Астана қаласының прокуратурасы да осылай жауап берген екен.

– Сәуірдің 15-інде Астананың тергеу департаментінен «Досқалиевке қатысты қылмыстық іс тергеліп, оған бес бап – 308, 311, 307, 176, 308-дің «б» тармағына сәйкес айып тағылған. Қазіргі таңда тергеу аяқталып, Досқалиев пен адвокаттарына іс материалдары танысуға берілді» деген жауап келді. Енді бар үмітіміз – сотта, сот әділ шешім шығарар, – дейді Үміт Досқалиева.

ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС

Мамырдың 11-і күні Астана соты Қазақстанның бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің ісін алқабилер сотында қарау туралы қорғаушының берген өтінішін қанағаттандырды.

Экс-министрдің адвокаты Бекжан Біләловтің айтуынша, соттан Досқалиевке қарсы қозғалған қылмыстық істі доғарып, оның өзін тұтқыннан босатуды сұрап берген өтініші орындалмаған.

Қазақстан қаржы полициясы 2010 жылы күзде Жақсылық Досқалиевке «қызмет бабын теріс пайдаланып, аса үлкен көлемде пара алған және
Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев сот залынан шығып бара жатыр. Астана, 10 мамыр 2011 жыл.
бюджет қаржысын жымқырған» деген айыптар тағып, қылмыстық іс қозғаған еді.

Жақсылық Досқалиевтің ісі бойынша алғашқы сот отырысы мамырдың 19-ы күні Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотында басталамақ.

«БІРЕУДІҢ СІЛТЕУІ...»

Үміт Досқалиева інісінің кінәсіз екендігіне сенімді. Оның пікірінше экс-министрді біреулер «әдейі аяқтан шалған».

– Мен ойлаймын ол (қылмыстық істің қозғалуы – Азаттық) – біреудің сілтеуі бойынша. Мысалы сол Кенжин деген 5-6 жыл өтіп кеткен соң айтып отыр. Неге ол сол уақыттан айтпаған? Менің ойымша, сол кісіге арыз жаздырып алған болуы керек. Жақсылықпен кездескенде өзі аң-таң: «Маған «11 үй алды» деп жазып қойыпты. Оны мен не істеймін – жалақым жетеді; балаларым, шүкір, жетті. Мен ондай қылмысқа не үшін барамын?!» деді маған. Мен оған сенемін, – дейді сұхбаттасымыз.

Қаржы полициясының хабарлауынша, «2003 жылы Қазақ мемлекеттік медициналық академиясына 2,5 гектар жер бөлінген. 2005-2006 жылдары Досқалиев білім ордасының ректоры болған кезде өзінің досы, «Астана КПТ» серіктестігінің директоры Кенжин деген азаматпен келісімге отырған. Келісім бойынша академияға тиесілі аумаққа екі тұрғын үй құрылысы салынған. Кенжин Досқалиевтың сенімхатының негізінде пәтерлерді академияға еш қатысы жоқ жеке тұлғаларға сатып, 1,4 миллиард теңге табыс тапқан. Ал экс-министрдің өзі ақысыз түрде екі пәтер мен коттеджге ие болған».

Алайда кей басылымдарда бұл пәтерлердің саны 2 емес, 11 деп көрсетілген.

– Біз дым да алған жоқпыз. Осы дәл бізді тексергенде болар еді. Бізде басы артық үйіміз жоқ. Әрқайсымызда бір-бір үйден, – дейді Үміт Досқалиева.

«ЕНДІ ЖАНСЫЗ ҚОЛМЕН ОПЕРАЦИЯ ЖАСАЙ АЛМАЙМЫН ҒОЙ»

55 жастағы медицина ғылымының докторы, профессор Жақсылық Досқалиевтің бір ұл, бір қызы бар. Оған қатысты іс қозғалғаны тек балаларына ғана емес, барлық туыстарына қатты соққы болған.

– Туыстарының барлығы қиналып жүр. Жақсылықтың ұлы 29 жаста,
Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев қамауда жатқан ЕЦ-166/1 тергеу абақтысының кіреберісі. Астана, 28 қазан 2010 жыл.
«Болашақ» бағдарламасымен Жапонияда білім алып, осы жақында оралды. Әкесі сияқты дәрігер болды, нейрохирург. Келе салысымен әкесіне кетті. Қазір Астанада. Ал қызы 33-те – Алматыда тұрады, төрт баласы бар. Жақында төртінші ұлын босанды. Атасының жағдайы жақсы болсын деп атын Оңдасын қойды, – деді сәрсенбі күні сұхбат барысында Үміт Досқалиева.

64 жастағы Үміт апайдың сөзінше, Жақсылық Досқалиев – жеті қыздың арасындағы жалғыз ұл. Алты әпкесі, бір қарындасы бар екен. Екі әпкесі қайтыс болған, басқалары Ақтөбеде тұрады. Үміт апайдың сөзінше, інісінің дәрігер болуына әкелері Ақмырзаның өлімі себеп болған.

– Әкеміз Ақмырза 58 жасында рак ауруынан дүниеден өтіп еді. Жақсылық әкемнің қиналғанын көріп, қасында болды. «Мен ешқандай көмек көрсете алмадым-ау» деп деп қатты уайымдады. Сол кезде оныншы сыныпта оқитын бала еді. Содан соң ол бар өмірін аурумен күресуге арнап, «дәрігер болсам» деп армандады. Мақсат қойды, дәрігер болды, осындай деңгейге жетті. Ақыр соңында көрмейсіз бе, қандай болып отырғанын! – деп күрсінді сұхбаттасымыз.

Үміт Досқалиева інісіне қатысты қылмыстық іс қозғалғалы бері дос-жарандары мен таныстары үнемі хабарласып, тілектес болып тұратынын айтты.

– Тіпті біз танымайтын, Жақсылық кезінде емдеп, өлімнен аман алып қалған адамдар хабарласып, «біз президентке хат жаздық, депутаттарға хат жаздық» деп жатыр. Ол хаттар жетіп жатыр ма, жетпей жатыр ма – білмедім. Барлығы да қиналып қарайды, айналайын. Ал Жақсылық «енді мен мына түріммен – жансыз қолыммен операция жасай алмаймын ғой» деп уайымдайды, – дейді Үміт Досқалиева.

Үміт Досқалиеваның Азаттық радиосына сұқбаты, 11 мамыр 2011 ж.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG