Accessibility links

Прокурор Жақсылық Досқалиевті жеті жылға соттауды сұрады


Қазақстанның бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев сот залында. 19 мамыр 2011 жыл.

Қазақстанның бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев сот залында. 19 мамыр 2011 жыл.

Ал адвокат мұның тым қатал жаза екенін айтып, прокурордан «объективті болуды» талап етеді.


Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев ісі бойынша сот процесі аяқталып келеді.

Сейсенбі күні болған сот отырысында мемлекеттік айыптаушы Тельман Әленов соттан жемқорлық бойынша айыпталған бұрынғы министрдің мүлкін кәмпескелеп, 7 жыл бас бостандығынан айыруды, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеуін сұрады.

ПРОКУРОР: «ЕЛЕУЛІ ҮЛЕСІ» ҮШІН КОЛОНИЯДА ЖЕТІ ЖЫЛ

– Досқалиевті Қазақстан республикасы қылмыстық кодексінің 311-бап, 5-бөлімі (ірі көлемде пара беру) бойынша кінәлі деп тануды талап етемін. Оның отандық медицина ғылымына қосқан елеулі үлесін ерекше жағдай
Прокурор Тельман Әленов. Астана, 27 мамыр 2011 жыл.

деп есептеп, мүлкін кәмпескелеп, 7 жыл бас бостандығынан айыруды, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеу жазасын тағайындауды сұраймын, – деді прокурор Тельман Әленов тамыздың 2-сі күні өткен сот отырысында.

Тengrinews.kz агенттігінің хабарлауынша, прокурор Тельман Әленов жаза тағайындау кезінде «қоғамдық қауіпті қылмыстың сипаты мен деңгейін, айыпталушылардың тұлғалық ерекшеліктеріне» назар аударуға шақырған.

Сейсенбілік сот отырысында айыпталушы Жақсылық Досқалиевтің өзіне де сөз берілген кезде ол өзіне сұраған жазаның тым қатал екенін айтқан.

– Қатаң режимдегі колонияда жеті жыл не үшін? Жалпы Досқалиев бола ма, басқа бола ма, бәрібір – біз осылайша елде қалыптан тыс емес жағдай қалыптастырып отырмыз ғой, – деген Жақсылық Досқалиев кінәсіз екендігін айтып, өзін ақтауды сұрады.

АДВОКАТ: «ШАРТТЫ ТҮРДЕ БЕС ЖЫЛ»

Ал Досқалиевтің адвокаты Күләш Әлімбаева қорғап отырған азаматтың денсаулық жағдайын ескере отырып, оны жазадан мүлде босатуды немесе шартты жаза тағайындауды сұрады.

– Айыптаушы жақ барлық айыпталушылардың әрекетін бағалауда объективтілік танытты, ал Досқалиевке келгенде объективті болған жоқ. Неліктен шартты түрде бес жыл жаза сұрамасқа? Түсінбеймін. Бізде ауруға байланысты жазадан босататын 73-бап бар емес пе? – деді адвокат.

Күләш Әлімбаева бұрынғы министрдің медициналық көмекке үнемі зәру екендігін де айтты.

Дүйсенбі күні болған отырыста бұрынғы министр Жақсылық Досқалиев пен оның хатшысы Болат Садықовтың «өз қызметін асыра пайдаланды» деген бапқа байланысты айыптары алынып тасталған. Жергілікті
Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің соты. Астана, 19 мамыр 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

агенттіктердің хабарлауынша, сейсенбі күні прокурор «пара алуға көмектескен» Астана медициналық академиясының бұрынғы проректоры Нұрлан Дүйсәлиевті де қылмыстық жауапкершіліктен босатуды сұраған.

Осылайша «дәрігерлер ісі» бойынша қазір екі айыпталушы ғана қалды. Оны бірі – Жақсылық Досқалиев, екіншісі – кәсіпкер Төлеген Тойғанбаев. Кәсіпкер «шенеуніктердің қылмысына» қатысы бар адам ретінде айыпталған.

«ЕШ КІНӘСІ ЖОҚ»

Сәрсенбі күні болатын соңғы сот процесіне қатысу үшін Астанаға ұшып бара жатқан Үміт Досқалиева (Жақсылық Досқалиевтың әпкесі):

– Меніңше, Жақсылықты босату керек. Оның еш кінәсі жоқ. Кеше бір бап бойынша ақтады ғой. Ешқандай да оның кінәсі жоқ. Тек мүгедек болып қалды. Емделу керек оған, – деді тамыздың 2-сі күні Азаттық тілшісіне.

Досқалиевке қатысты қылмыстық іс 2010 жылдың қыркүйегінде қозғалған. Оған бюджет ақшасын қымқырды, пара алды деген айыптар тағылып отыр. Бұл іс бойынша жарыссөз осы аптада басталған болатын.

Медицина ғылымының докторы, профессор, 55 жастағы Жақсылық Досқалиев денсаулық сақтау министрі қызметіне екі рет тағайындалған.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG