Accessibility links

Бурылдағы ахуал тыныштала бастағанымен, күзет әлі күшті


Бурылдағы жағдай тыныштала бастады. Бірақ ауыл ішіндегі ахуал ауыр. Көшеде этникалық ахыска түріктері сирек көрінеді. Тілшімен тілдескен кейбірі «Бір ақымақ үшін жәбір көргілері келмейтінін» айтты.

Жамбыл облысы Байзақ ауданы Бурыл ауылында әлі күнге тәртіп қатаң қадағаланып тұр. Ауылдың әр көшесінің басында тұрған жол көлік полициясы барлық көлікті тоқтатып, жіті тексереді. Елді мекеннің ішіндегі үкімет жасағы сиремегенімен, ауыл сыртына әскерден қойылған қоршау алынған.

Ақпанның 15-і күні жас бала пышақтап өлтірілгеннен кейін, ақпанның 16-сы және 17-сі күндері көшеге шығып наразылық білдірген Бурыл ауылы тұрғындары 18-і күні жиналмады. Ал ауыл әкімдігі ғимаратында арнайы штаб жұмыс істеп тұр.

Ауылдағы жағдай тыншыған соң, ақпанның 18-і күні кісі қолынан қаза тапқан бес жарым жастағы Алмаз Дүйсенбектің бірінші бейсенбілігі (қазаға қатысты ғұрып – ред.) берілді. Осы күні Азаттық тілшісі баласынан айырылған ата-анамен тілдесу үшін олардың үйіне барды.

Бурыл ауылынан ақпанның 18-і күні түсірілген суреттер галереясы:

Ауыл халқын дүрліктірген, кісі өлімі болған орын – Бурылдағы іргелес тұрған екі үй. Бірінің терезелері сынған. Қаңылтырмен қоршалған қорғанының кейбір жері қисайған. Полиция қызметкерлері күзетіп жүрген бұл үйде Алмазды өлтірді деген күдікті азамат отбасымен бірге тұрған.

Күдікті деген азамат тұрған үйдің сынған терезелері. Бурыл, 18 ақпан 2016 жыл.

Күдікті деген азамат тұрған үйдің сынған терезелері. Бурыл, 18 ақпан 2016 жыл.

«Күдікті ұсталды, ал оның отбасы ауылдан көшірілді» деген ақпаратты ресми орындар ақпанның 17-сі күні наразы халықтың жиынында хабарлаған еді.

Ал іргелес тұрған үйдің адамдары қара жамылған. Азаттық тілшісіне даусы дірілдеп, жиі күрсініп пікір білдірген баланың әкесі Сәкеннің айтуынша, «Жұмыстан үйіне келгенде пышақталып өліп жатқан баласын көрген әйелінің ахуалы ауыр. Төсек тартып [үйде] жатыр».

- Сол кезде жұмыста болдым. Ауруханаға шақырды. Барғанда баланы «өліп қалды» деді. Көшеде көлік қағып кетсе, не басқа себеппен қаза болса, түсінер едім. Кіп-кішкентай баланы пышақтау... айуандық қой. Балам ерекше алғыр еді, - дейді екі баласының бірінен айырылған Сәкеннің жанары жасқа толып.

Бурылдағы "бала өлімі" оқиғасы болған үй.

Бурылдағы "бала өлімі" оқиғасы болған үй.

​Сәкеннің сөзінше, күдіктімен 10 жылдан бері көрші болған. Әпкесінің қолында тұратын жетім балаға жанашырлықпен, сеніммен қараған.

- Түскі сағат бірден беске дейін әйелім мен үлкен ұлым мектепте болады. Балам – сабақта, әйелімнің жұмысы сонда. Осы уақытта кенже балам үйде болып, қарауылдайтын еді. Оқиға осы уақытта болған. Баламның өлімін естіген бүкіл халықтың қабырғасы қайысты. Балам ерекше бала болатын. Амал не, халықты осылай шулатып кетті, - дейді Сәкен.

Өзін «Сәкеннің көршісімін» деп таныстырған зейнеткер Алимаш Ақанованың айтуынша, Бурылдағы «халықтың жартысына жуығы - [ахыска] түріктер». Ауылдағы түріктердің өзі екіге бөлінеді. Біріншісі – жергілікті түріктер болса, екіншісі – соңғы 10 жылдың ішінде көшіп келген түріктер.

Бурыл ауылында көшеге жиналған тұрғындар мен полиция. Байзақ ауданы, Жамбыл облысы. 17 ақпан 2016 жыл.

Бурыл ауылында көшеге жиналған тұрғындар мен полиция. Байзақ ауданы, Жамбыл облысы. 17 ақпан 2016 жыл.

- Олармен ағайындай болып кеткенбіз. Көшіп келгендермен де араласатын едік. Асқа, тойға бірге барамыз. Балаларымыз да бірге ойнайды, -дейді зейнеткер.

Зейнеткер күдікті ретінде ұсталған түрік этносы өкілінің мұндай әрекетке қалай барғанына таң. «Негізі, ол бала (күдікті ретінде ұсталған адамды айтады – ред.) мұндай әрекетке баратын бала емес еді. Енді міне, ана баланың ажалы, мына баланың азабы елді шулатып жатыр» дейді Алимаш Ақанова.

Бурылда көшеде жүрген ауыл турғындарының ішінде түрік этносының өкілдері көп байқалмайды. Арнайы іздеп барып, қақпасын қаққан Азаттық тілшісіне аты-жөнін айтудан бас тартқан түрік әйелі:

- Бір анадан туғандай едік. Мына оқиға екі ағайын арасына түскен қырсық болды, айналайын, - деді.

Бурыл ауылында көшеге жиналған тұрғындар мен полиция. Байзақ ауданы, Жамбыл облысы. 17 ақпан 2016 жыл.

Бурыл ауылында көшеге жиналған тұрғындар мен полиция. Байзақ ауданы, Жамбыл облысы. 17 ақпан 2016 жыл.

Бурылда туып өскенін айтқан 51 жастағы этникалық түрік азаматы болса «бір ақымақ үшін неге бір ұлт жәбір көруі керек?» дейді.

- Біз осы жерде тудық, өстік. Бейбіт, тату едік. Қазір ауылдағы жағдай жақсы емес. «Кетіңдер, көшіңдер» дейді. Әзірге ешкімге тиіскен жоқ. Әр көшеде арнайы жасақ тұр. Үкімет бақылап отыр, - деді аты-жөнін айтпаған ол.

Сәкеннің сөзінше, баласының өлімін естіген, «Бауырым, не көмек керек?» деп келіп жатқан жұрттың қарасы көп.

- Заң қызметкерлері үйге келіп түсіндірді. Ел көтерілген жағдайда босқа халық күйетінін, барлығы заң жүзінде шешілетінін айтты. Содан кейін жұртпен көшеге шыққан жоқпын. Түрік диаспорасының өкілі келіп бүкіл [ахыска] түрік халқының атынан кешірім сұрады, - деді Сәкен.

Ақпанның 18-і күні Азаттық тілшісі ауылдағы жағдай, наразылық кезінде ұсталған азаматтар туралы ресми жауап алмақ болып арнайы штат орналасқан ауыл әкімдігінің ғимаратына барды. Ауыл әкімі құзіреті жоқ екенін айтса, аудан әкімі уақыты жоқ екенін айтып, жауап беруден бас тартты. Жұмыстарын пысықтап жүрген құқық қорғау органдарының өкілдері қандай да бір ақпарат бере алмайтындарын мәлімдеді.

Халық дүрліккен кезде жабылып қалған дүкендер қайта жұмыс істей бастаған. Бурыл, 18 ақпан 2016 жыл.

Халық дүрліккен кезде жабылып қалған дүкендер қайта жұмыс істей бастаған. Бурыл, 18 ақпан 2016 жыл.

Ақпанның 15-інде Байзақ ауданы Бурыл ауылындағы үйден баланың мәйіті табылған. Мәйіттен күш қолданып өлтіру белгілері анықталған. Ақпанның 16-сы күні ауылдағы халық дүрлігіп, полиция күзеті күшейтілді. Сол күні полиция күдікті деген К. есімді жігітті және «бала өлімі» оқиғасына орай «бұзақылық жасағаны» үшін он жас жігітті ұстаған. Ақпанның 17-сі кешке қарай жүздеген адам жиналып, толқу кезінде қамалған азаматтарды босатуды талап еткен. Мұнан соң этносаралық қақтығыс туады деп қауіптенген жергілікті билік Бурылды арнайы әскермен қоршауға алған еді.

Ақпанның 17-сі күні Жамбыл облыстық ішкі істер департаменті (ІІД) «16 ақпан күні К. деген күдікті тергеу абақтысына қамалды. Қылмыстың тұрмыстық сипаты бар, оқиға орнында мүлік тоналған. Тергеу барысы арнайы бақылауға алынды» деп хабарлаған еді.

Азаттық тілшісінің ақпанның 16-сы күні болған толқу кезінде ұсталған азаматтар туралы ақпаратты жергілікті құқық қорғау органдарынан білуге тырысқан әрекетінен нәтиже шықпады. Телефон тұтқасын көтерген Жамбыл облысы ІІД-сі баспасөз хатшысы Гулчехра Зияутдинова қандай да бір мәлімет беруден бас тартып, жазбаша сауал жолдауды талап етті. Азаттық бұл талапқа орай, жазбаша сауал жөнелтті.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG