Accessibility links

Оралда Жаңаөзен оқиғасының 100 күндігіне орай қарсылық митингісі өтті


Жаңаөзен оқиғасының 100 күндігіне орай өткен қарсылық митингісі. Орал, 24 наурыз 2012 жыл.

Жаңаөзен оқиғасының 100 күндігіне орай өткен қарсылық митингісі. Орал, 24 наурыз 2012 жыл.

Оралдағы қарсылық митингісі белгіленген уақытта, белгіленген жерде басталды. Жергілікті сағат 12-де саябаққа бірнеше жүз адам келді. Оралдағы жиын - Қазақстандағы Жаңаөзен оқиғаларына қатысты рұқсат етілген алғашқы митинг.

Шеру қала шетіндегі «Жөндеу зауыты» ауданының саябағында өтті. Бұл жер - Оралдағы қарсылық шаралары өтетін белгілі орын. Саябақтағы шағын алаңға мінбе ретінде жүк көлігі мен дыбыс зорайтқыш аппаратура қойылды.

СӨЙЛЕУШІЛЕР КЕЗЕККЕ ТҰРДЫ

Шеруде сөз сұраушылар көп болды. Алғашқы сөзді жергілікті жазушы, Батыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтың арызы бойынша сотталған Алпамыс Бектұрғанов алды.
Жазушы Алпамыс Бектұрғанов Жаңаөзен оқиғасының 100 күндігіне орай өткен қарсылық митингісінде сөйлеп тұр. Орал, 24 наурыз 2012 жыл.

Жазушы Алпамыс Бектұрғанов Жаңаөзен оқиғасының 100 күндігіне орай өткен қарсылық митингісінде сөйлеп тұр. Орал, 24 наурыз 2012 жыл.


- Мен Жаңаөзен оқиғасына кінәлі ретінде қамауда жатқан 37 адам Қазақстанды төңкеруге атсалысты дегенге сенбеймін. Оларға бостандық берілсін, - деді ол.

Бұдан кейін мінбеге шыққан «Уральская неделя» газетінің бас редакторы Тамара Еслямова:

- Жаңаөзендіктер кәмелетке толмаған балаларынан айрылды. Біз бұған қалай жол бердік?! Тағы қанша үндемей отырамыз? Еліміздің осындай болғанын армандадық па?! Билік бір ғана адамның қолында. Адам өмірі құнсыз болып кетті. Жаңаөзен оқиғасы ашық тергелсін, нағыз кінәлілер жауапқа тартылсын! - деді.

Қарсылық жиынында бұрынғы облыстық мәслихат депутаты Борис Мясников, тіркелуші «Алға» партиясы филиалының жетекшісі Анаргүл Әбенова, адвокат Абзал Құспанов, ардагер Болат Мұхамбетов, ЖСДП-ның жергілікті басшысы Хадиша Мұқановалар сөйледі. Олар да бейбіт талап қойып, ереуілде жеті ай тұрған мұнайшыларға оқ атқандарды айыптады.

Абзал Құспанов «қазіргі заңдар бойынша халыққа оқ ату жөнінде бұйрықты кемінде Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің бастығы немесе одан лауазымы жоғары шенділер ғана бере алатынын» айтып, «оқ атуға кінәлі тұлғалардың жауапқа тартылуын қоғам болып қадағалауымыз керек» деді.

«КӨЗДЕРІҢДІ АШЫП ҚАРАҢДАР!»

Жиынды қадағалап тұрған полиция митингіге кедергі жасамағанымен, азаматтық киіммен жүрген қауіпсіздік қызметкерлері кімдер сөйлегенін, не дегенін түгел бейнекамераға түсіріп алды.
Жаңаөзен оқиғасының жүз күндігіне орай өткен қарсылық митингісі. Орал, 24 наурыз 2012 жыл.

Жаңаөзен оқиғасының жүз күндігіне орай өткен қарсылық митингісі. Орал, 24 наурыз 2012 жыл.


Шеруде өзін «қажымын» деп таныстырған Қайырлы Байесов сөз сұрап, мінбеге көтерілген соң:

- Егемендігімізді жоғалтып алмауымыз керек. Тереңірек ойланайық. Біреулер мемлекеттің түбін әлсіретуге үн қатып жатыр. «Уральская неделя» газеті журналисінің айтқаны дұрыс емес. Сіз олай елді бүлікшілікке шақырмаңыз! Біздің мемлекетіміз қолынан келгенін жасап жатыр. Сендер көздеріңді ашып қараңдар, - деді.

Митингіге келген бір егде әйел Қайырлы Байесовтың қолынан микрофонды тартып алды. Көпшілік жұрт та айқайлап, оған сөзін аяқтауға мұрша бермеді. Сөйтіп, «қажы» мінбеден түсіп кетуге мәжбүр болды.

Бұдан кейін митингіні жүргізіп тұрған Лұқпан Ахмедияров Батыс Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Тілекқабыл Имашевқа, Қазақстан халықтық коммунистік партиясының жергілікті филиалының жетекшісі, «Земля и люди» газетінің редакторы Екатерина Макееваға, тағы бірнеше адамға сөз бермейтінін хабарлады.
"Земля и люди" газетінің редакторы Екатерина Макеева Жаңаөзен оқиғасының жүз күндігіне орай өткен қарсылық митингісінде билікті жақтап, халық назарын аударып әкетуге тырысып жатыр. Орал, 24 наурыз 2012 жыл.

"Земля и люди" газетінің редакторы Екатерина Макеева Жаңаөзен оқиғасының жүз күндігіне орай өткен қарсылық митингісінде билікті жақтап, халық назарын аударып әкетуге тырысып жатыр. Орал, 24 наурыз 2012 жыл.


- Сіздер «Нұр Отанның» күн сайын өтіп жатқан шараларында кез келген уақытта сөйлей аласыздар, бүгінгі біздің жиын – қарсылық білдірушілердің бас қосуы. Сондықтан айып етпеңіздер, - деді Лұқпан Ахмедияров.

Осы тұста Екатерина Макеева өзі басқаратын «Земля и люди» газетінің «Жанаозен: репортаж из первых уст» атты мақала басылған санын халыққа тарата бастады.

Оның қолына әлдекім дыбыс күшейткіш ұстата қойды. Екатерина Макеева қарсылық митингісіне жиналғандардың екінші бүйірінен жаңа жиын ашпақ болды. Бірақ оның сөзін тыңдаушылар табылмады.

«СЕҢ ҚОЗҒАЛДЫ»

Сөз сөйлеушілердің көбі «алдағы күндері де осындай қарсылық жиындарын жиі өткізу керек» деген ұсыныс айтты. Осындай митинг өтетін күннің бірі ретінде алдағы мамырдың 1-і де аталды.

Митингіні ұйымдастырушылардың бірі, журналист Лұқпан Ахмедияров Азаттық тілшісіне «Қазақстан қоғамында тундраның мәңгі тоңындай қатып жатқан биліктің іргесі қозғала бастады» деп санайтынын айтты. Ол жиын соңында митингінің қарарын оқып берді. Қарарда Жаңаөзен оқиғасын әділ тергеп, кінәлілерді жауапқа тарту, азаматтардың өз ойын еркін білдіру құқын сақтау, оппозиция өкілдерін қудалауды тоқтату секілді бірнеше талап бар. Жиналғандар бұл қарарды бір ауыздан қолдады.
Оралдағы Жаңаөзен оқиғасының жүз күндігіне орай өткен қарсылық митингісі. Орал, 24 наурыз 2012 жыл.

Оралдағы Жаңаөзен оқиғасының жүз күндігіне орай өткен қарсылық митингісі. Орал, 24 наурыз 2012 жыл.


Лұқпан Ахмедияровтың айтуынша, бұл қарар осы аптада президент әкімшілігіне, басқа да мемлекеттік органдарға жолданбақ.

МИТИНГІГЕ ДЕЙІНГІ ХИКАЯ

Митингіні ұйымдастырушы Лұқпан Ахмедияров билік митингіге рұқсат бергенімен, барынша кедергі жасағанын айтты. Ол «әкімдік митингіге дайындыққа барынша аз уақыт қалдырды» дейді. Өйткені өтініш наурыздың 2-сінде берілгенімен, наурыздың 19-ы кешкісін ғана қанағаттандырылған.

Оның айтуынша, жұртты митингіге шақырған хабарландырулардың біразын полицейлер жыртып тастаған. Оралдағы жол қызметінің жұмысшылары да өздеріне сондай бұйрық берілгенін айтқан. Митингіні ұйымдастырушылар бір жұмысшының көлігінен жүзге жуық жыртылған афиша тауып алғанын айтады.

Орал қаласында осыдан бір ай бұрын, ақпанның 25-інде «Қарсылық күні» шарасы өткен еді. Ол жолы бүгінгіден екі-үш есе аз, яғни жүз шақты ғана адам жиналған. Сөйлегендер "әлеуметтік теңсіздік тереңдеп, билік пен халық арасындағы алшақтық ұлғайып бара жатқанын" айтып, Жаңаөзенде "биліктің Қазақстан азаматтарына қарсы оқ атқанын", сайлаудағы бұрмалаушылықтарды, саясаткерлер мен журналистердің тұтқындалуын айыптаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG