Accessibility links

Жаңаөзендіктер қудалаудың күшейгенін айтады


Жаңаөзен көшесіндегі полиция жасағы мен техника. Қаңтар, 2012 ж.
Жаңаөзен көшесіндегі полиция жасағы мен техника. Қаңтар, 2012 ж.

Ақтау қаласында құрылған әлеуметтік қолдау қорына Жаңаөзенде жапа шеккендерге үкіметтен бөлінген қаржылар түсті. Жаңаөзендіктер сайлаудан соң қудалау күшейіп, жаралылардың қамауға алынып жатқанын айтады.

ЖӘРДЕМ

Маңғыстау облысы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің қызметкері Нұрбол Телегеновтың айтуынша Ақтауда құрылған «Демеу» әлеуметтік көмек қорына бұған дейін жария етілгендей, былтыр желтоқсанда Жаңаөзенде болған оқиғадан зардап шеккендерге көмек ретінде берілетін қаражат түскен.

– Мен білетін ақпарат бойынша, үкімет тапсырмасына сәйкес 15 миллион теңге қорға түсті. Жалпы, жеке адам ретінде көмек көрсеткісі келгендер де көп, сондықтан олардан да қосымша ақшалар түсіп жатыр, – деді Нұрбол Телегенов.

Ал «Демеу» қорының төрағасы Дастан Адиков Азаттық тілшісіне 5 адамның 1 миллион теңгеден ақша алғандарын хабарлады.

– Олардың барлығы да бұған дейін ресми түрде жарияланған тізімдегі қаза болған адамдардың отбасы, – деді қор төрағасы.

Өткен айда Жаңаөзендегі жағдайға байланысты құрылған үкіметтік комиссияны басқарған премьер-министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев Жаңаөзендегі жаппай тәртіпсіздік кезінде қаза болғандар отбасына 1 миллион теңге, ал жараланған адамдарға 500 мың теңгеден қаржылай қолдау көрсетілетінін айтқан.

АҚША АҚТАУДА БЕРІЛЕДІ

Алайда құжаттарын тапсырған Жаңаөзен тұрғындарының бірқатары үкіметтен бөлінген ақшаны қалай алатындарын білмей отырғандарын айтады.

Бұған дейін Азаттық тілшісінің Жаңаөзенге сапары кезінде жолыққан аты-жөнін атағысы келмеген кейбір жаралы адамдардың отбасы ол ақшаны іздемейтіндіктерін де айтқан.

Олар «үкімет береміз деген 500 мың үшін құжат жинап алып барғандарды «сен аттың, сен ұрдың» деген айыппен қамауға алды. Сондықтан халық "өйткен ақшасы құрысын" деп отыр» деген еді.

Ал ақша алуға құжаттарын өткізген енді біреулер туыстарының қалай жарақаттанғаны туралы айтудан тартынады.

– Мені бүгін «шотқа ақша түсті» деп Ақтауға шақырды. Үкімет береміз деп хабарлаған соң ол ақшаны алдамай беретін болар деп таңертеңнен күтіп жүрмін. Ал күйеуіме қалай оқ тигені туралы сізге айта алмаймын, – деді өзін таныстырудан бас тартқан әйел.

Ақша алу үшін 150 шақырым жол жүріп Жаңаөзеннен Ақтауға келгендердің арасында тамағына тиген оқ жауырынына барып тіреліп, денесінде қалып қойған мұнайшы Нұрлыбек Нұрғалиевтың жұбайы Гүлжамал да бар.

Бірақ «Демеу» қорының төрағасы Дастан Адиков адамдарды Ақтауға кім шақырғанынан өзінің хабарсыз екенін айтты.

– Жаралыларға жәрдем ақша ертеңнен бастап берілетін болады. Мен адамдарды Ақтауға кім шақырғанын білмеймін. Ақша әркімнің банк шотына аударылады, – деді ол.

«ҚУДАЛАУ КҮШЕЙДІ»

500 мың теңгеден дәмелі отбасының бірі – жаңаөзендік Ерғазевтар отбасы. Отағасы Жаңбыр Ерғазев «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының жеті айдан бері еңбек дауымен алаңда тұрған мұнайшыларының бірі. Оның әйелі Тамара Ерғазева күйеуіне алаңда тұрған жерінде жамбасына оқ тигенін айтады.

– Оқ жұбайымның қара санына тиген. Бірақ қазір оқтың орыны қос жұдырық сиятындай үңірейіп тұр. Себебі, жара асқынып іріңдей бергендіктен дәрігерлер етін кесіп, тазалай-тазалай сүйегі көрінді. Бірақ күйеуімді қаңтардың 16-сы күні қамап қойды. Оған 241-баптың 2-тармағы бойынша айып тағып отыр, – деді Тамара Ерғазева Азаттық тілшісіне.

Ол Жаңаөзенде парламент және мәслихат депутаттарының сайлауынан соң 16 адамның қамауға алынғанын айтады. Олардың бәрі де жаралы мұнайшылар дейді әйел.

– Сол қаңтардың 16-сынан бері күйеуімді көргенім жоқ. Тек барып сырттай сұрап кетемін, аман ба, тірі ме деп. Полициядағылар «апа, дәрі-дәрмегін әкеліп беріңіз, бізде дәрі жоқ» деген. Апарып, қалай беру керектігін айтып кеттім, – дейді Тамара Ерғазева Азаттық тілшісіне.

Жаңаөзендіктер өздерінің жеке зерттеулерін жүргізіп жатқанын, жаралы 90 адамның барлығын анықтағандарын да айтты.

– Қазір жаралы адамдарды қудалау басталды. Олардың арасында ереуілге қатысы жоқ, қала тұрғындары да бар, – дейді жаңаөзендіктер.

Заң орындары Жаңаөзендегі оқиға куәгерлерін тергеуге алғаны туралы жергілкіті тұрғындар бұған дейін де Азаттық радиосына айтып берген еді.

Бірақ тергеу ісіне қатысты полиция әзірге ешқандай түсінік бермей отыр.

Желтоқсанның 16-сы және 17-сі күндері Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласы мен Шетпе елді мекеніндегі оқиғалар салдарынан, ресми ақпараттар бойынша, 17 адам қаза болып, 100-ден астам кісі жараланған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылғы желтоқсанның 17-сінен 2012 жылғы қаңтардың 5-іне дейін Жаңаөзен қаласының аумағында төтенше жағдай жариялады, қалада түнгі 11-ден таңғы 7-ге дейін коменданттық сағат тәртібін енгізді.

Ал қаңтардың 4-і күні президент Назарбаев өз жарлығымен Жаңаөзендегі төтенше жағдай мерзімін 31 қаңтарға дейін ұзартты.
XS
SM
MD
LG