Accessibility links

Жаңаөзенде төтенше жағдай жарияланды


Жаңаөзен қаласының орталық алаңында тұрған ереуілшілер. Стан.tv видеопорталынан алынды. 16 желтоқсан 2011 жыл

Жаңаөзен қаласының орталық алаңында тұрған ереуілшілер. Стан.tv видеопорталынан алынды. 16 желтоқсан 2011 жыл

Ереуілшілер қалада "наразылық жалғасып жатыр" десе, билік "жағдай тұрақталды" деп мәлімдеді. 17 желтоқсанда президент Назарбаев қалада төтенше жағдай жариялады. Дәл осы күні Шетпе станциясының тұрғындары полициямен қақтығысып, "бір адамы өліп, сегізінің жараланғаны" туралы хабарлады.


Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты мерекелі іс-шаралар атқарылып жатқан кезде президент Нұрсұлтан Назарбаев Жаңаөзен қаласында төтенше жағдай тәртібін орнату туралы жарлық берді. Желтоқсанның 17-сі Астанада өткен қауіпсіздік кеңесінде президент Назарбаев "мұнайшылардың еңбек келісім-шартына байланысты туған дауды бандиттік топтардың әрекетімен шатастырмау керек" деген пікір айтты. Нұрсұлтан Назарбаев "бұл қылмыстық топтардың қайдан қаржыландырылып жатқанын және ұйымдастырушының кімдер екенін анықтаймыз" деп мәлімдеді. Ал ереуілшілер Жаңаөзенде болған оқиғаны "бұзақылар мен бандиттік топтардың жаппай тәртіпсіздік тудыруы" деп сипаттаумен келіспейді.

КОМЕНДАНТТЫҚ САҒАТ

Қазақстан президентінің вебсайтына жарияланған жарлық бойынша Жаңаөзен қаласының аумағында 17 желтоқсан күнгі кешкі сағат 18.00 мен 2012 жылдың 5 қаңтары күнгі таңғы сағат 7.00 аралығында төтенше жағдай тәртібі жарияланды.

Төтенше жағдай уақытында түнгі сағыт 01.00-ден бастап, таңғы 07.00-ге дейін коменданттық сағат болады. Жаңаөзенде комендатура құрылып, оған Қазақстандағы «Төтенше жағдай туралы» заңның аясында жұмыс істеу құзыры берілді. Жаңаөзен қаласының коменданттығына Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Аманжол Қабылов тағайындалды.

Төтенше жағдай тәртібі мезгілінде мынадай шаралар қарастырылған:

- Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында жүріп-тұру әрекетіне, оның ішінде көлік қозғалысына шектеу қою;

- Адамдардың жеке басын куәландыратын құжаттарын, олардың заттарын, көлікке тиелген жүк, тағы да басқа заттарды тексеру;

- Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласына баратын, қаладан шығатын қимыл-қозғалысты тұтас шектеу;

- Жиналыс, митинг, пикет, шерулер өткізуге тыйым салу (бұған мәдени, және спорттық шаралары да жатады);

- Заңдық тұлғалардың қызметін тоқтату турасында қандай да бір әрекет етуге және ереуіл жасауға тыйым салу;

- Көшіріп басып, көбейтетін, радио-теле хабарлар тарататын және аудио-видео жазатын аппаратураларды қолдануға тыйым салу, дыбыс күшейткіш техникалық құралдарды тәркілеу.

Желтоқсанның 17-і, сенбі күні президент Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді.

Мәжілісті қорытындылай келе президент "жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар" табылады, жауапқа тартылады деп мәлімдеді.

Төмендегі интернет арқылы тарап кеткен бейнематериалда қақтығыстан кейінгі Жаңаөзеннің жағдайын көруге болады.




ЖАҢАӨЗЕНДЕГІ ЖАҒДАЙҒА ҚАТЫСТЫ ҚАРАМА-ҚАЙШЫ ПІКІРЛЕР

Қазақстан ішкі істері министрі Қалмұхамбет Қасымов желтоқсанның 17-і таңертең "Жаңаөзендегі тәртіпсіздіктер басылып, жағдай тұрақтанды" деп хабарлаған болатын.

Бұдан бөлек желтоқсанның 17-і түстен кейін ресми мәлімдеме жасаған бас прокуратураның өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков қалада байланыстың үзіліп қалғанына "тәртіпсіздіктер кезінде кабельдердің зақымдалғаны себеп болды" деді.

- Кеше (16 желтоқсанда - Азаттық) Ақтау қаласында да аздаған мазасыздану болған. Адамдар жиналған. Бірақ, қала прокуроры мен ішкі істер басшылығымен сөйлескесін тарап кеткен, - деді Нұрдәулет Сүйіндіков.
Сүйіндіковтың айтуынша, Жаңаөзенде қаза тапқан он адамның барлығы - "жаппай тәртіпсіздіктерге қатысушылар".

Бас прокуратура өкілі Маңғыстау облысының басқа қалаларында жаңаөзендік ереуілшілерді қолдағысы келетіндер туралы ақпарат бар, бірақ мұндай жағдай ахуалды дұрыс түсінбегендіктен туып отыр деген тұрғыда пікір айтты.

- Бұқаралық ақпарат құралдары көпшілікке Жаңаөзенде болып жатқан оқиғалар туралы объективті ақпарат жеткізеді деп үміттенем, - деді бас прокуратура өкілі.

Нұрдәулет Сүйіндіковтың айтуынша, Жаңаөзенде қаза тапқан он адамның барлығы - "жаппай тәртіпсіздіктерге қатысушылар".

- Қақтығыс басталған сәтте алаңда ашу-ызалы 800 адам жиналып үлгірген, ал қоғамдық тәртіпті бар болғаны 120 қару-жарағы жоқ полиция қызметкерлері қорғап тұрған. Олардың командирінде ғана қару болған, - деп мәлімдеді бас прокуратура өкілі.

Азаттық радиосы Жаңаөзен қаласында желтоқсанның 16-сы болған қақтығыстан кейінгі ахуалдың қалай өзгергенін барынша анықтауға күш салып жатыр. Куәгерлердің айтуынша жергілікті ауруханаларда жаралы адамдарды жатқызатын орын қалмаған. Бүгін тағы бірнеше ғимарат тоналып, өртенген.
Бірақ, таңертең алаңға мұнайшылар қайта шықты. Олар қолдарына ақ ту мен плакаттар көтеріп шықты. Онда «Бейбітшілік», «Мир» деп жазылған.

Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен Жаңаөзендегі «Стан» видеопорталының тілшісі Өркен Жоямерген былай деп хабарлады:

- Кешегі оқиғадан кейін Жаңаөзендегі «Тәуелсіздік» алаңынан барлық мұнайшы күштеп шығарылды. Бірақ, таңертең алаңға мұнайшылар қайта шықты. Олар қолдарына ақ ту мен плакаттар көтеріп шықты. Онда «Бейбітшілік», «Мир» деп жазылған. Оларды күштік құрылымдар қайта қоршауға алып, мұнайшыларға Жаңаөзен қаласының прокуроры келіп, келіссөзге шақырды. Араларынан бірнеше адамды бөлек шақырды. Прокурор: «Ешқандай ешнәрсе бүлінбейтін болса, ұрлық жасалып, ғимараттар өртенбейтін болса, біз сіздерге тиіспейміз» деді.

Мұнайшылар да өздерінің қанды қаламайтындығын, келісімге келеуге тырасатындығын айтып жатқан. Дәл қазір олар әлі сөйлесіп жатқан. Кеше үш ғимарат: әкімшілік, қонақ үй мен «Өзенмұнайгаздың» ғимараты өртенгендігі белгілі. Бірақ бүгін таңертең (желтоқсанның 17-і - Азаттық) тағы 2 кафе 1 дүкен тоналып, өртеніп кетіпті. Жаңаөзеннің өзіндегі ауруханада емдейтіндей жағдай жоқ, сондықтан көптеген жараланғандарды облыстық ауруханаға алып келіп жатыр.

«АҒАЛАРЫМЫЗ СЕНДЕР ҮШІН ӨЛДІ. АЛАҢНАН КЕТПЕЙСІҢДЕР!»

Желтоқсанның 17-і ресми билік өкілдері Жаңаөзендегі жағдайдың «реттелгенін» хабарлады. Алайда «Алға» партиясының белсендісі Айжангүл Әмірова Азаттық тілшісіне өзімен дәл осы күні таңертең хабарласқан ереуілшілердің бірі – Айман Оңғарбаеваның алаңнан кейбір адамдардың кете қоймағаны туралы айтқанын хабарлады.

- Айман әлі алаңда тұрғандарын айтты. Ол жерде расымен бей-берекет жағдай қалыптасқан. Қалжыраған ереуілшілер кетейін десе, оларды құрбан болғандардың туыстарының жібермей тұрғанын айтады. «Біздің ағаларымыз сендер үшін көз жұмды, қалай кетіп қалмақсыңдар» деген соң тапжылмай тұрмыз деді, - дейді Айжангүл Әмірова.

Мына бір интернет арқылы тараған видеоклипте қақтығыстың қалай басталғаны, ереуілшілерге полицияның оқ ата бастаған алғашқы сәттері бейнеленген.


Тіркелмеген «Алға» партиясының бастамасымен желтоқсанның 17-сі күні бір топ журналист Жаңаөзенге баруы тиіс еді. Алайда белгісіз себептермен олардың таңғы сағат 7.00-дегі рейстері кешкі 19.00-ге дейін шегерілген.

Азаттық тілішісімен хабарласқан жаңаөзендік ереуілшілер желтоқсанның 16-сы күні кеште де Жаңаөзендегі қарулы қақтығыстар жалғасып, құрбандар мен жаралылар санының арта түскені айтады.

Олардың сөзіне сүйенсек, желтоқсанның 16-сы күні кеште қаза болғандар саны 25-тен асса, 40-тан аса адам көз алдарында ауыр жарақат алған.

- Күннің аязына қарамастан алаңнан ешкім тапжылған жоқ. Жаңаөзендегі орталық алаңда адамдар әлі толып жүр,- деп мәлімдеді кешкі сағат 22.00 шамасында алаңда тұрған дерек көздеріміздің бірі.

Оқиға куәгерлерінің сөзіне сүйенсек, қалада әскери жағдай қалыптасқан. Анықталмаған ақпарат бойынша көрші облыстардан күштік құрылымдары көмекке тартылған.
Ақтауда кеш бата полиция көліктері келіп алаңда тұрғандарды да, жәй өз бетімен өтіп бара жатқандарды да машинаға сүйреп, тоғытып алып кетті. Олардың арасында біздің ереуілші жігіттеріміз де кеткен сыңайлы.

Желтоқсанның 16-сы түнгі сағат 12-де ереуілшілердің бірі Марат Жүсіпбаевпен Азаттық тілшісі телефон арқылы соңғы мәрте хабарласа алды. Оның хабарлауынша, қараңғы түсе алаңға келген ОМОН сарбаздары травматикалық қарудан оқ жаудырған.

- Қараңғыда ештеме көрінбеді. 4 адамға оқ тиді, біреуі қаза болды, - деді ол сол сәттегі жағдай туралы. Содан соң байланыс үзіліп кетті.


Жаңаөзен тұрғыны 2011 жылы 16 желтоқсанда болған оқиға туралы:






АҚТАУДАҒЫ ЖАҒДАЙ

Азаттық тілшісі желтоқсанның 17-іне қараған түнгі сағат 1-де Ақтаудағы ереуілшілермен де тілдескен еді. «Қаражанбасмұнай» компаниясының жұмыстан босатылған мұнайшысы Еркін Озған Ақтауда жаппай тұтқындау жүріп жатқанын айтты.

- Жаңаөзенде бейбіт халыққа оқ атылғанын естіп, оларға ынтымақтастығымды білдіру үшін бұрын наразылық білдіріп тұрған компания кеңсесінен Ақтаудағы орталық «Ынтымақ» алаңына келіп тұрғанбыз. Кеш бата полиция көліктері келіп алаңда тұрғандарды да, жәй өз бетімен өтіп бара жатқандарды да машинаға сүйреп, тоғытып алып кетті. Олардың арасында біздің ереуілші жігіттеріміз де кеткен сыңайлы. Соларға бара жатырмыз, - деді ол Азаттық тілшісіне.

Өкінішке орай бұдан әрі хабарласу мүмкін болмай қалды. Өйткені Маңғыстау облысы бойынша ұялы байланысқа түгелдей тосқауыл қойылғанға ұқсайды.

Еркін Озғанның айтуынша, Жаңаөзендегі оқиғаға байланысты желтоқсанның 16-ы наразылық акциясына шыққан шетпелік мұнайшылар мен бірқатар тұрғындар Ақтауға жете алмапты. Олар наразылықтарын Шетпе аудандық әкімшілігі алдында жиналып білдірген. Сонымен қатар Шетпе станциясының тұрғындары ереуілшілерді қолдап, жолаушылар пойызын тоқтаттық деп хабарлады.

ШЕТПЕДЕГІ "ҚАҚТЫҒЫС"

Желтоқсанның 17-сі күні түскі сағат 12-лерде хабарласқан Ақтаудағы ереуілшілер "наразылықтың облыс бойынша өршіп бара жатыр" деп мәлімдеді.

- Бізге қолдау ретінде басқа Қаламқас, Жетібай, Қаражанбас кеніштері мен "Тексако" мекемесі және Форт-Шевчонкадағы кәсіпорындар жұмысын тоқтатты. Олар Ақтаудағы орталық алаңға келе жатыр, - деп мәлімдеді «Қаржанбасмұнай» компаниясының ереуілдеп тұрған мұнайшысы Еркін Озған.

Оның айтуынша, ереуілшілерді қолдаған Маңғыстау ауданындағы Шетпе станциясының тұрғындары жолаушылар пойызының жолын бөгеген.

Азаттық тілшісі Шетпе ауылындағы тұрғындардың бірімен хабарласқан еді. Өзін Бауыржан деп таныстырған тұрғынның айтуынша Ақтау-Ақтөбе бағытындағы №309 жолаушылар пойызы желтоқсанның 17-сі күнгі түскі уақыттан бері тоқтап тұр.
Ақтау-Ақтөбе бағытындағы №309 жолаушылар пойызы желтоқсанның 17-сі күнгі түскі уақыттан бері тоқтап тұр.

- Біз қазір пойыздың алдында жатырмыз. Мұнда барлық ауылдардан адамдар жиналды. Олар жаңаөзендіктерге қару жұмсауды тоқтатуды, оларды босатуды талап етіп тұр, - деді Бауыржан.

Бауыржан өздерін Атырау облысынан келген "60 шақты полицейдің қарауылдап тұрғанын" да айта кетті.

- Біздің полицейлерімізді Өзенге алып кеткен. Қазір омондар келеді деп күтіп тұр. Олар бізге жақындай қойған жоқ, - деді ол Азаттық тілшісімен сөйлескен уақытта.

Азаттық тілшісі сәл кешірек Бауыржанмен тағы да хабарласқан кезде ол полиция наразылық танытушыларға қару қолданды деп хабарлады.
Мен қазір аудандық ауруханада отырмын. 25 жастағы жігіт басынан оқ тиіп қаза болды. Сегіз адам жарақат алды.

Оның айтуынша, 17 желтоқсан күні кешкі сағат 20.00 шамасында Шетпе станциясындағы жаңаөзендік ереуілшілерге қолдау көрсетуші халық пен күштік құрылымдар арасында қарулы қақтығыс болған.

Шетпе тұрғынының телефон арқылы баяндауынша, сағат 18.00-де келіп жеткен арнайы жасақ пойыз жолын бөгеп тұрғандардың кетуін талап еткен. Алайда темір жол үстіне топтасқан жұрт тарқамаған. Солайша қоян-қолтық ұрыс басталған. Оның сөзі бойынша халыққа қарсы оқ атылған.

- Мен қазір аудандық ауруханада отырмын. 25 жастағы жігіт басынан оқ тиіп қаза болды. Сегіз адам жарақат алды, - деді Бауыржан Азаттық тілшісіне.



Кейінірек тағы қоңырау шалған Бауыржан жарақат алғандар санының ұлғайып бара жатқанын хабарлады.

Тағы бір дерек көзі дәл осындай халық наразылығының Жетібай ауылында да басталғанын, наразылық білдірген тұрғындар ауылдық әкімдік алдына жиналғанын хабарлады. Бұл мәліметтерді прокуратура тек желтоқсанның 18-і ресми түрде растады.

Ал «Қаражанбасмұнай» компаниясының мұнайшысы Еркін Озған облыстағы барлық кеніштер жұмысының тоқтағанын тағы қайталай хабарлады. Оның айтуынша, кеніштердің жұмысшылары Ақтаудағы орталық алаңға топтасып жатыр.

Шетпедегі жағдай туралы Маңғыстау ауданының әкімі Қармыс Боқановпен сөйлесе алмадық. Әкімнің ұзақ жиылыстан қолы босамады.

"ӨЗЕНМҰНАЙГАЗДА" ЖАҒДАЙ ТҰРАҚТЫ"

Алайда аты аталған бірқатар кеніштердің бас акционері саналатын «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру» компаниясының баспасөз хатшысы Дәулет Жұмаділ өзінің басқа компания жұмысшыларының бұл әрекеттерге қатысы туралы естімегенін айтты.

- Мен тек "Өзенмұнайгазға" қатысты айта аламын. Бізде жағдай тұрақты, мұнай өндіру ырғағы бірқалыпты. Өндірістік нысандар мен жұмысшылар қауіпсіздігі сақталған, - деді ол.

Баспасөз хатшысының айтуынша, "Өзенмұнайгазда" бірқатар қиындық туған.

- Ауысым жұмысшыларын таситын автобус жүргізушілерінің жұмысқа шықпай қалғанын жасырмаймын, - деді ол. – Оларға түсіністікпен қараймыз. Өйткені олар өздері мен отбасыларының өмірі үшін қауіптеніп отыр.

Ал «Қаражанбасмұнай» АҚ вице-президенті Әли Сахимов бұл әңгімені "100 пайыз жалған ақпарат" деп бағалады.

- Біздің мекемеміз күш-қуаты еш кемімей жұмыс жасап жатыр, - деді вице-президент.

ҚОҒАМДЫҚ ПІКІР

Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданындағы Қызылоба ауылының тұрғыны 70 жастағы зейнеткер Бахытжамал Магденова Азаттық тілшісіне өзі телефон шалып, ауыл адамдарының алаң көңіл күйін жеткізді. Оның айтуынша Жаңаөзендегі жағдай туралы мүлдем ақпарат болмағандықтан қызылобалықтар оқиғаның қалайша өрбіп жатқанынан хабарсыз.

- Кеше қазақстандық телеканалдардың бірінен 1 минутқа жетер-жетпес жылт еткен хабар болды. Жаңаөзендегі бассыздықтар туралы. Бүгін кешке дейін күтіп жүрміз, түк ақпарат жоқ. Біз жаңаөзендіктерді материалдық та, моральдық жағынан да қолдауға дайынбыз, -деп мәлімдеді Бахытжамал Магденова Азаттық тілшісіне.
Жаңаөзеннің орталық алаңында тұрған полиция қызметкерлері. 16 желтоқсан 2011 жыл

Жаңаөзеннің орталық алаңында тұрған полиция қызметкерлері. 16 желтоқсан 2011 жыл


Ол өзінің шағын ауылындағы адамдардың жаңаөзендіктердің әрекетін дұрыс деп санайтындықтарын айтты.

- Олардың еңбек жағдайын түзеуді талап еткендеріне ешкім құлақ аспайды. Сондықтан ашу-ызаға ерік бергендері орынды, - деді зейнеткер.

Жаңаөзендегі ереуілшілердің полициямен қақтығысы туралы хабарды Қазақстандағы ресми бұқаралық ақпарат құралдарының форумындағы комментаторлар мен әлеуметтік желілердің қолданушылары әрқилы бағалап жатыр. Ереуілшілердің наразылығын «бұзақылық іс-әрекет» ретінде сипаттаған бас прокуратура мен ішкі істер министрлігінің позициясымен үндес пікір білдірушілер де бар.

Ресми мәліметке сәйкес желтоқсанның 16-сы күні Жаңаөзенде болған қақтығыс кезінде 10 адам қаза тапқан. Желтоқсанның 17-сі Шетпе станциясында болған толқу кезінде бір адам полиция қолынан оққа ұшқан.

(Бұл мақаланы дайындауға Алматы бюросының тілшісі Мәншүк Асаутай қатысты).

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG