Accessibility links

Жаңаөзендік балалар Өзбекстанда емделуге мәжбүр


Гаухар Қармысова, Айдана Төлепбергенова, Айзада Кемелханова (солдан оңға қарай) Ташкенттен кейінгі жағдайлары туралы айтып отыр. Жаңаөзен, 23 мамыр 2015 жыл.

Гаухар Қармысова, Айдана Төлепбергенова, Айзада Кемелханова (солдан оңға қарай) Ташкенттен кейінгі жағдайлары туралы айтып отыр. Жаңаөзен, 23 мамыр 2015 жыл.

Жаңаөзенде қызылша екпесінен соң ауырған балалар Ташкентке барып емделіп жүр. Ата-аналар үш айдан бері ауырып, сабақтан қол үзген мектеп бітірушілердің ҰБТ тапсыруына алаңдайды.

Сәуір айында Айзада Кемелханова, Гаухар Қармысова және Айдана Төлепбергенованы ата-аналары балаларын емдетуге Өзбекстанға апарып келген. Олардың жағдайларының оңалғанын естіген соң Жаңөзендегі қызылша екпесінен ауырған басқа да балалар Өзбекстанға ағылған. Ата-аналардың қала әкімдігіне барып қойған талаптарынан соң жергілікті билік Ташкентке Жаңаөзеннен дәрігер жіберіп, тиісті келісім жасасқан. Алайда ата-аналар үш айдан бері сараптамаға жіберілген екпе қортындысының шықпауына және балаларының қалай ҰБТ тапсыратынына алаңдап отыр.

ЕМ ҚАБЫЛДАП КЕЛГЕНДЕР

Қызылшаға қарсы екпеден кейін анықталмаған ауруға шалдыққан Айзада Кемелханова биыл мектеп бітірді.

- Мен әуелде Ташкентке барғым келмеді. Себебі Алматы мен Астанаға барып келген қыздардың емделуінен нәтиже болмағанын көрдім. Көзім көрмей, балдақсыз жүре алмайтын болған соң бардым,-дейді Айзада Кемелханова.

Айзада Ташкентте өзбекстандық профессордың қазақстандық дәрігерлердің жасөспірім кезеңдегі балаларға екпе салғанына таң қалғанын айтты.

Жаңаөзендегі медициналық колледждің бірінші курс студенті Гаухар Қармысова болса, өз жағдайын былай баяндайды:

- Екпеден кейінгі басымнан өткен жағдайларды анамнан естіп білдім. Көп жайтты, тіпті туыстарымды да ұмытып қалдым. Жиі аяқ-қолым тартыла беретін болды, кейін жансызданып қалды. Өз-өзімді қылқындырып, аяқ-қолым селкілдей беретін болғанын да анам айтты. Ташкенттен соң жағдайым жақсы, аяқ-қолдарым тартылмайды. Бірақ жоғалтқан жадым оралу үшін уақыт керек дейді дәрігерлер,-дейді Гаухар Қармысова.

Азаттық тілшісі Гаухардан «Өзбекстандағы ем-домның Қазақстанда жасалған емдеуден айырмашылығы бар ма?» деп сұраған еді

- Еш айырмашылық болған жоқ. Укол салды, система қойды,-дейді Гаухар Қармысова.

ДИАГНОЗДАН КЕЙІН

Қызылшаға қарсы екпеден соң белгісіз ауруға шалдыққан оқушылармен наурыз айында психолог мамандар жұмыс істеген. Сонда «жаппай невроз» диагнозын қойған психологтар балалар аз уақытта сауығып кетеді деп сендіруге тырысқан.

Мұндай уәжбен балалары белгісіз дертке ұшыраған ата-аналар келіспейді. Солардың бірі - ақпанның 16-сы күнгі салынған екпеден аяқ-қолы жансызданып қалған Гаухар Қармысованың анасы Жанар Ізбасарова. Жанар Ізбасарова 15 күнге созылған ем-домнан соң қызының балдақты мүлде тастап кеткенін айтады.

Жанар Ізбасарова қызы Гаухардың денсаулығы әлі толық түзелмеді дейді. Жаңаөзен, 23 мамыр 2015 жыл.

Жанар Ізбасарова қызы Гаухардың денсаулығы әлі толық түзелмеді дейді. Жаңаөзен, 23 мамыр 2015 жыл.

- Ақтау, Алматы, Астана асырып емдегендерімен, екпеден соң баламыздың беті бері қарамады. Адам танымайтын халге жеттік. Шетелге барғымыз келген, оған мүмкіндігіміз болмады. Елден Ташкентте жақсы емдейді дегенді естіп соған баруға бел будық. Әкімдік барып келуімізге көмектесті,- деді ол.

Жанар Ізбасарованың айтуынша Маңғыстау облысы әкімдігі олардың баласын емдетіп келуіне 600 мың теңгеден қаражат берген.

Жаңаөзендіктерді емдеген Ташкенттегі неврологиялық клиниканың дәрігері, профессор Зуфар Адамбаевтың Азаттыққа айтуынша алғашқы 25 емделушінің төртеуі толық емделіп кеткен. Ал қалғандары 90 пайыз жақсы көрсеткіштерімен оралған.

- Әрине, екпеден соң иммунитеті әлсіз ағзада асқынулар болады. Бізге келгендердің бәрі емделіп кетті,- деді ол.

Азаттық тілшісі Өзбекстанда жаңаөзендіктерге қандай диагноз қойылғаны туралы сұрағанда, профессор нақты жауап бермеді.

«ВАКЦИНАНЫҢ АУРУҒА ҚАТЫСЫ ЖОҚ»

Жаңаөзен қалалық емханасының бас дәрігері Саламат Бекназаровтың айтуынша Ташкент медициналық институтымен 30 баланы емдетуге келісім шартқа отырған.

- Бұның бәрі ата-аналардың қалауымен болып жатыр. Тағы барамыз дегендердің сұранысына орай қосымша келісім жасауымыз мүмкін. Қазір үш бала емделіп жатыр, - дейді ол.

Бас дәрігердің айтуынша Өзбекстанда да Қазақстандағыдай «сол диагнозды қойған».

- Вакцинаның оған қатысы жоқ, балалардың өз денсаулығынан деп айтылып жатыр,-дейді Жаңаөзен қалалық емханасының бас дәрігері.

Саламат Бекназаров Ташкентке емделуге барған балалардың бір тобын бастап барған болатын.

АЛАҢДАТҚАН ҰБТ

Гаухар Қармысова екпеден ауырғаннан беріде ем қабылдап жүріп, колледждегі сабағына әлі бармаған. Ол енді тағы да Ташкентке барып, қайтара тексеруден өтетінін айтады. Сол кезде қанында екпенің қалдығы бар-жоғы анықталмақ.

- Оған дейін қызымызға салмақ салмай, сабағына жібермей отырмыз,-дейді Гаухардың анасы Жанар Ізбасарова.

Айзада Кемелханованың анасы Маржан Оразбаева қызының жайы туралы әңгімелеп жатыр. Жаңаөзен, 23 мамыр 2015 жыл.

Айзада Кемелханованың анасы Маржан Оразбаева қызының жайы туралы әңгімелеп жатыр. Жаңаөзен, 23 мамыр 2015 жыл.

- Қазір қызымыздың аяқ-қолының тартылуы тоқтады. Бірақ екпе олардың жадыларына әсер еткен. Екпеден соң жатып қалған балалардың 44-і биылғы түлектер. Біздің ендігі басымыз қатып отырғаны да осы. Екпе салдарынан ҰБТ-ны өз деңгейінде тапсыра алмаса, балалардың халі не болмақ? Бұл балалардың бәрі дерлік жақсы оқитындар,-деп дабыл қағады Азаттық тілшісімен болған әңгімеде биыл мектеп бітірген Айзада Кемелханованың анасы Маржан Оразбаева.

Айзаданың өзі екпеге дейін Алматыдағы медициналық оқу орнына түсуді армандағанын айтады.

- Тіс дәрігері болғым келеді. Сол үшін де соңғы 3-4 жыл бойы ҰБТ-ға дайындалып келемін. Екпеге дейін байқау сынағынан 100 балды еркін жинайтын едім. Өткенде қатысып қарап едім, менің қазіргі дәрежем төмендеп қалыпты. Соны қатты уайымдаймын. Ал дәрігерлер оңалып кету үшін алты ай керек деседі,-дейді ол.

Дариға Ұзақбаева да қызы Ақмаралдың Ташкенттен соң да әлі толық жазылып кетпегенін айтады.

- Әлі де бас ауруы кеткен жоқ. Арасында аяғы тартылып қалады. Мамырдың 11- і күні алдын ала сынаққа қатысып отырған №18 мектепте оқитын 10 қыз сынақ үстінде талып қалды. Жедел жәрдем шақырып, кейін қызымызды үйге алып кеттік,-дейді Дариға Ұзақбаева қызы туралы.

Жаңаөзен қалалық білім бөлімінің бастығы Гүлайым Азан ҰБТ-ға қатысты екпенің салдарынан бірнеше ай дайындықтан құр қалған жаңаөзендік түлектерге «қандай жеңілдік болатынын облыс айтпаса, мен ештеңе айта алмаймын» деді. Ал Маңғыстау облыстық білім басқармасы бастығы міндетін атқарушы Зейнеп Тастемірованың «тесті қабылдау ережесінен ауытқуға болмайтынын» айтты.

- Біз ата-аналармен сөйлестік. Байқау сынағында да балалар бұған дейінгі көрсеткіштерін тек бір екі-үш баладан басқасы сақтап отыр. Олар көпшілікпен тапсыра алмаса резервтік аудитория дайындап жатырмыз, сонда жеке тапсыруларына болады,-деді ол.

Биыл Жаңаөзенде ақпанның 16-сы мен 19-ы аралығында жасалған қызылша екпесінен соң 86 бала ауруханаға түскен. Балалардың туыстары оқушылар денсаулығының күрт нашарлауына қызылшаға қарсы екпе себеп болуы мүмкін деп күдіктенеді. Бірақ облыстық денсаулық сақтау мекемесі басшылығы балаларда пайда болған дертке екпенің қатысы жоқ дейді. Осы оқиғадан кейін егу жұмыстары тоқтатылған. Ал ауырғандарға қатысты сараптама нәтижесі әзірге жарияланбады.

Қызылша екпесінен кейін ауырған Гаухар Қармысованың өлеңі:

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG