Accessibility links

Блогерлер Жаңаөзенде тұтқындалғандардың туыстарымен сөйлесті


Тәуелсіз блогерлер (солдан оңға қарай): қарағандылық Андрей Цуканов, шымкенттік Дина Байділдаева және оралдық Дмитрий Щёлоков. Ақтау, 27 желтоқсан 2011 ж.

Тәуелсіз блогерлер (солдан оңға қарай): қарағандылық Андрей Цуканов, шымкенттік Дина Байділдаева және оралдық Дмитрий Щёлоков. Ақтау, 27 желтоқсан 2011 ж.

Жаңаөзенге барған тәуелсіз блогерлер тұтқындалған мұнайшылардың туыстарымен кездесіп, олардан сұқбат алды. Бұл сұқбаттар «Ютуб» сайтында жарияланды.

Сәрсенбі, желтоқсанның 28-і Азаттық радиосына Ақтаудан тәуелсіз блогерлер телефон шалып, өздерінің Жаңаөзенге барып, ереуілге шыққандардың төртеуінің туыстарымен кездескенін хабарлаған еді. Блогерлермен сұқбаттасқан әйелдер арыз-шағымдарын айтқан.

«ТАМАҚ ТА БЕРГІЗБЕЙДІ»

Шымкенттен барған тәуелсіз блогер Дина Байділдаева өздерімен сөйлескен әйелдердің видеокамераға түскісі келмей, тек дауысын жазып алуға ғана келіскенін айтады.

Ереуілге шығып тұтқындалған «Өзенмұнайгаз» кәсіпорнының бұрынғы жұмысшысы Мақсат Досмағамбетовтің әйелі Динара Досмағамбетова, желтоқсанның 18-і күні құқық қызметкерлері пәтерінің есігін сындырып, ал 20-сы күні күйеуін қамауға алғанын, сондықтан камера алдында сөйлеуге қорқатынын айтады. Оның сөзіне қарағанда Мақсат Досмағамбетов 7 ай бойы ереуілдеп, аштық та ұстаған жұмысшылар белсенділерінің бірі болғанға ұқсайды.

Динара Досмағамбетова күйеуінің Ақтау қаласындағы уақытша оқшаулау орнында қамауда отырған, онымен жүздесуге, тамақ пен жылы киімдер беруге де еш мүмкіндік жоқтығын баяндап берді.

Динара Досмағамбетованың сұқбатын мына жерден көруге болады:



«Өзенмұнайгаз» компаниясынан шыққан тағы бір ереуілші Нарын Жарылғасыповтың әйелі Дәмелхан Жарылғасыпова, желтоқсанның 16-сы күні соққыдан миы шайқалғанын айтады. Күйеуінің қайда екенін де білмейді. Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасы Нарын Жарылғасыповты Жаңаөзенде отыр десе, прокуратура Ақтаудағы уақытша оқшаулау орнында отыр дейтін көрінеді.

«ЖАҢАӨЗЕН ЖӨНІНДЕ ӨТІРІК КӨП»

Сондай-ақ Дина Байділдаева Нарын Жарылғасыповтың анасы Сандор Ақбаеваны блогерлер жеңіл көлік ішінде видеоға түсіріп алғанын хабарлады.

– Ол өзін де көрсетуге келісті. Атып тастаса да мейлі, бірақ халық шындықты білсін. Биліктің ақпарат құралдары өтірік айтып отыр, тек «К-плюс» телеарнасына ғана сенуге болады дейді ол, – деп хабарлайды Дина Байділдаева.

Байділдаева интернет жылдамдығының аздығына байланысты Сандор Ақбаева мен тағы екі әйелдің әңгімесін интернетке орналастыру қиынға түскенін, дегенмен ол жазбаларды тезірек жария етуге мүдделі екендерін айтады.

– Мүмкін бізді ертең-ақ қамап тастайтын шығар, онда видеосюжетті интернетке кім орналастырады? Қазір Жаңаөзен оқиғасы жөнінде өтірік пен түрлі қауесет толып жатыр, халық шындықты білсін, – дейді ол.

Осы әңгімеден соң көп ұзамай Дина Байділдаева сөз еткен бейнесұқбаттар интернетте жарияланды.

Сандор Ақбаеваның видеосұқбаты



«ҮНДЕМЕСТЕН ҚАЛАЙ ҚҰТЫЛДЫҚ»

Қарағандылық тәуелсіз блогер Андрей Цуканов Ақтауға жалдап жатқан пәтерлеріне желтоқсанның 28-і күні ерте тұрып кетіп қалғанын айтады:

– Біздің әрекетттерімізге ұлттық қауіпсіздік комитеті назар аудара бастағаны туралы кеше біреулер ескерткен болатын. Сондықтан сәрсенбі күні ерте тұрдық та, пәтердің жарығын жақпастан киініп шығып, үй арасындағы қалтарыстармен жүріп отырып, уағдаласқан жерде таксиге отырып кеттік дейді ол. Әрине, ұйқыңды қандырып-ақ тұрғың келеді, бірақ ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі «жолдастар» да ұйықтағысы келетінін білеміз ғой. Сөйтіп, егер соңымызға үндеместер түскен болса, онда бізден көз жазып қалды деуге болады.

Оның сөзіне қарағанда тәуелсіз блогерлер тобы Ақтаудан тура таңғы сағат алтыда шығып кеткен, сөйтіп ерте тұрғанның пайдасын кем дегенде екі рет көрген:

– Жетібайдың жолайрығындағы блогпостқа келгенімізде бізді тексерген де жоқ. Кеше ұзақ тексерген болатын. Ал Жаңаөзенге жеткенде ұйқысын аша алмай тұрған омондықтар құжатымыз бен көлігіміздің жүксалғышын ғана тексерді. Құжаттарымыз дұрыс, жүксалғышта да айта қаларлықтай ештеңе жоқ болатын, - дейді ол.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG