Accessibility links

Жаңаөзендіктердің апелляциялық соты басталды


Жаңаөзен ісі бойынша сотталушылардың апелляциялық сотын жүргізіп отырған судья Мақсат Бейсембаев. Ақтау, 2 тамыз 2012 жыл

Жаңаөзен ісі бойынша сотталушылардың апелляциялық сотын жүргізіп отырған судья Мақсат Бейсембаев. Ақтау, 2 тамыз 2012 жыл

Тамыздың 2-сі Ақтауда Маңғыстау облыстық соты Жаңөзен оқиғасына қатысты 15 сотталушының аппеляциялық шағымын қарай бастады. Адвокаттары қамаудағылардың алды жұқпалы ауруға шалдыққанын айтады.


Сотқа төрағалық еткен судья Мақсат Бейсембаев отырыстың ашық өтетіндігін жария етті. Алайда судья БАҚ өкілдеріне суретке түсіру, бейне, аудио жазбаларын жүргізуге тек 5 минут рұқсат берді. Сот үкімі тамыздың 3-і шығады деп хабарланды.

Бейсенбі күнгі процеске қатысуға жиналғандар сот залына сыймай қалды. Олардың арасында сотталушылардың туған-туыстары ғана емес, Маңғыстаудың барлық аудандарынан келген қолдау білдірушілер де бар. Солардың бірі – Маңғышлақ стансасынан арнайы келген Алуаш Оңғарова.
Сотталушы жаңаөзендіктерді қолдауға келген Маңғышлақ тұрғындарының бірі. Ақтау, 2 тамыз 2012 жыл

Сотталушы жаңаөзендіктерді қолдауға келген Маңғышлақ тұрғындарының бірі. Ақтау, 2 тамыз 2012 жыл


- Менің сотталушылар арасында туысым жоқ. Бірақ мен оларды әу бастан бері қолдап, соңдарынан еріп келемін, - деді зейнеткер қария Азаттық тілшісіне.

«АБАҚТЫДА АУРУҒА ШАЛДЫҚТЫ»

Сотталушылардың адвокаттары процесс барысында сотқа бірқатар өтініштер түсірді. Әлеуметтік алауыздық тудырды деп айыпталған Ақжанат Әминовтің адвокаты Ардақ Бәтиева оның әйелінің аяғының ауырлығын ескеріп, шартты жаза тағайындауды сұрады.
Мұрат Қосбармақовтың адвокаты С.Сансызбайұлы сотталушының түрмеде отырып мерез ауруына шалдыққанын мәлімдеді.

- ГМ72\10 мекемесінде жазасын өтеп жатқан Марат Қосбармақовтың осында отырып ауруына байланысты құжаттарын қанша сұратқанымызбен ала алмай отырмыз. Сондықтан оған соттың араласуын сұраймын, - деген адвокаттың өтінішіне мемлекеттік айыптаушы қарсылық білдірді.

Адвокаттардың барлығы да сотталушыларды ақтауды, бірқатары шартты түрде жаза тағайындауды сұрады.

«САРБӨПЕЕВ КЕПІЛДІК БЕРГЕН»

Судья жазылған апелляциялық шағымдар арасында жәбірленушілердің де арызы бар екендігін атап өтті. Оның айтуынша, Жаңаөзен оқиғасында киіз үйлерінен айырылған кәсіпкер Жанат Қонысбаева соның құнын сұрауды талап етіп отыр.

Адвокаттар жәбірленуші ретінде қатысып отырған Жанат Қонысбаеваның арызын ашық түрде жария етуді талап етті.

- Бәлкім ол арыз сотталушылар жағдайын аурылату мақсатында жазылған болар,- деп күмәнданды адвокаттар.
Шартты жазаға кесілген Жаңбыр Ерғазев. Ақтау, 2 тамыз 2012 жыл

Шартты жазаға кесілген Жаңбыр Ерғазев. Ақтау, 2 тамыз 2012 жыл


Залға жиналғандардың наразылығынан соң судья Мақсат Бейсембаев жәбірленуші арызымен танысу үшін адовкаттарға 20 минут үзіліс жариялайтыны хабарлады.
Азаттық тілшісіне өзін жәбірленушімін деп таныстырған Лепес Төребекова Желтоқсан оқиғасы кезінде киіз үйі ішіндегі мүлкімен жанып кеткенін айтты.

- Біз 2 миллион теңгеге шығынға баттық. Кезінде сол киіз үйлерді алаңға құруға міндеттеген Орақ Сарбөпеев оған кепілдік беретінін айтқан. Біз Сарбөпеевтің сотына қатыстыруды сұрап арызданғанбыз. Бірақ бізді мына сотқа шақырып отыр. Біздің сотталушы жігіттерге қояр талабымыз жоқ, - деді ол Азаттық тілшісіне. Осы сөзді атып тұрған сәтте оның қасында Жанат Қонысбаева да болды.

Сотқа азаматтық талапкер ретінде қатысқан «Арена С» ЖШС өкілі Ринат Камелиденов сотталушылардан 134 миллион теңгеден астам шығынын өтеуді талап ететінін айтты. Оның сөзінше, Жаңаөзен қаласының орталығында тұрған дүкенге мүліктік залал келген.

"АБСУРД ЕМЕЙ НЕ?"

Жарас Бесмағамбетов пен Жаңбыр Ерғазевтың адвокаты Венера Сәрсенбина Азаттық тілшісіне Марат Қосбармақовтың ауруға шалдығуы қалған сотталушылар арасында үрей тудырып отырғанын айтты.

- Менің қорғауымдағы Бесмағамбетов жақында қан тапсырған. Енді соның қорытындысын ойлап, қатты уайымдап отыр. Сотқа жасаған оның әйелін куә ретінде тыңдауды сұраған арызым есепке алынбады. Мен жаңа сот залында мәлімдегенімдей соттың әділдігіне күмәнданамын, - деді ол.
Адвокат Гүлнар Жуаспаева (сол жақта). Ақтау, 2 тамыз 2012 жыл

Адвокат Гүлнар Жуаспаева (сол жақта). Ақтау, 2 тамыз 2012 жыл


Роза Төлетаева мен Мақсат Досмағамбетовтің адвокаты Гүлнар Жуаспаева Роза Төлетаеваға қатысты азаптау тәсілдерінің қолданылғанын мәлімдеді.

- Роза өзін шашынан салбыратып іліп қойып қинағанын айтып, шағымданды. Оның арызына қатысты сот-медициналық сараптама жасау туралы өтінішім орындалған да, ескерілген де жоқ. Ал менің қорғауымдағы Мақсат Досмағамбетовтың жағдайы тіпті ақылға сыймайды. Ол міне 7 ай болды заңсыз қамауда отыр. Оған қатысты Жандарбеков жасаған тергеу амалдарын сот заңсыз деп таныған еді. Оны негізге алудың орнына сот оған жеке ұйғарым жасады. Абсурд емей немене?! - деді ол Азаттық тілшісіне.

Жаңаөзен оқиғасына қатысты Ақтау қалалық соты үкімі маусымның 4-і күні шыққан еді. Айыпты деп танылған 37 адамның 13-іне үш пен жеті жыл аралығында жаза кесілген болатын, Қалғандары шартты жазамен, кейбірі амнистияға ілініп босатылса, үш азамат ақталып шыққан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG