Accessibility links

Базарбай Кенжебаевтың кіші қызы


Азаптаудан мерт болған Базарбай Кенжебаевтың кіші қызы Жадыра Кенжебаева екі жасар баласы Аружан және нәрестесі Айсұнамен бірге. Маңғыстау облысы Қызылсай кенті, 14 ақпан 2012 жыл.

Азаптаудан мерт болған Базарбай Кенжебаевтың кіші қызы Жадыра Кенжебаева екі жасар баласы Аружан және нәрестесі Айсұнамен бірге. Маңғыстау облысы Қызылсай кенті, 14 ақпан 2012 жыл.

Жаңаөзен абақтысында алған соққы мен азаптаудан мерт болған Базарбай Кенжебаевтың кіші қызы шарасыз күй кешіп отыр. Ажырасқаннан кейін үйсіз қалған Жадыра кішкентай екі қызын өзі асырап жатыр.

Кенжебаевтардың шаңырағындағы қасірет 50 жастағы әкелері Базарбай кіші қызы Жадыраны көру үшін 2011 жылы 16 желтоқсан күні Жаңаөзен перзентханасына бара жатқанда жол-жөнекей аяқ астынан кезіккен оқиғадан басталған.

Базарбай Кенжебаев Жаңаөзен оқиғалары кезінде уақытша қамау абақтысында азаптаудан алған ауыр жарақаты салдарынан 2011 жылы 21 желтоқсанда қайтыс болған.

Кенжебаевтар отбасының қайғылы тарихы жайлы жазған ақпарат құралдары хабарларында Жадыраның аты аталмай, үнемі әкесі мен әпкесі Әсем туралы ғана айтылатын.

Қазір 24 жастағы Жадыра кішкентай екі қызын жалғыз асырап, қиналып жүргенін айтады.

КЕНЖЕБАЕВТАР ОТБАСЫНЫҢ АУЫР ТАҒДЫРЫ

Базарбай Кенжебаевтың отбасы үшін Жаңаөзен оқиғалары қасіретке айналды. Оның қазасына бір жыл толғанда әйелі, ал 2014 жылдың желтоқсанында Жаңаөзен оқиғаларына қатысты сотта батыл мәлімдемелерімен жұрт есінде қалған 24 жастағы қызы Әсем қайтыс болды.

Кенжебаевтар отбасында төрт бала қалды. Шаңырақтың үлкені – 30 жастағы қызы мен 35 жастағы ұлы үйлі-баранды, бөлек тұрады. Екеуінде бірнеше баладан бар. Ерінен ажырасқан қыздары Әсем баласы Әнуар және Кенжебаевтардың кіші ұлдары (қазір оның жасы 29-да) 2011 жылдың желтоқсанында Жаңаөзен түбіндегі Қызылсай ауылында әке-шешесімен бірге тұрған екен. Ал ол кезде тұрмыста болған кіші қыздары Жадыра күйеуі, бір жарым жастағы қызы Аружан үшеуі Жаңаөзенде тұрған.

Базарбай Кенжебаев ауруханада жатыр. Жаңаөзен, желтоқсан, 2011 жыл.

Базарбай Кенжебаев ауруханада жатыр. Жаңаөзен, желтоқсан, 2011 жыл.

Базарбай Кенжебаевтың шаңырағындағы қасірет 2010 жылдың 16 желтоқсанында – перзентханада жаңа босанып жатқан қызы Жадыраны көру үшін әкесінің сол күні Қызылсай ауылынан Жаңаөзен қаласына келуінен басталған. Бірақ Базарбай Кенжебаевты полицейлер ұстап алып, уақытша тергеу абақтысына қамап, аяусыз соққыға жыққан. Тергеу абақтысынан түскен Базарбайды ауруханадан 19 желтоқсан күні шығарып, ол ресейлік «Новая газета» тілшісі Елена Костюченкоға сұхбат берген.

Базарбай Кенжебаев Жаңаөзен оқиғалары төңірегіндегі ақпараттық құрсауды бұзған әлгі сұхбатты Жаңаөзендегі кіші қызы тұрып жатқан пәтерде берген. Азаптаудан кейін ол перзентханадан енді шығып келген Жадыра дүниеге әкелген жиені Айсұнаны маңдайынан иіскеуге де шамасы келмеген.

Базарбай Кенжебаев әлгі сұхбатынан кейін екі күн өткенде қаза болған. Жадыраның айтуынша, анасының қан қысымы күрт көтеріліп, ақыры ол да қайтыс болған. Әпкесі Әсем тағы тұрмыс құрып, Амандық Төлеев деген жергілікті жігітке күйеуге тиген. Келіншегінің қазасынан кейін ол Әсемнің баласы Әнуарды асырап алмақ болған. Бірақ бұған баланың биологиялық әкесі, 28 жастағы Жарас Ақтаев қарсы болған. Қазір Әнуар туған әкесі және әжесімен бірге Ақтауда тұрады.

– Әнуардың туған әкесімен тұрғаны жақсы болды. Ол екінші сыныпта оқиды. Жағдайы жақсы. Амандық оған бауыр басып қалса да, анасы қайтыс болған бала бөтен адамдардың қолында тұрып, қиналар ма еді, - дейді Жадыра.

Оның өз тағдыры да онша қиюласпаған. Жадыраның айтуынша, күйеуі бөтен әйелдерге барып, арақ ішіп, есірткі қолдана бастаған. 2014 жылы екеуі Жаңаөзендегі пәтерлерін сатып, Қызылсай кентінен үй сатып алған әрі оны Жадыраның атына жазған, бірақ сату-сатып алу келісім шартына ерлі-зайыптылар тең қожайын ретінде жазылған. 2015 жылы күйеуінен ажырасқаннан кейін Жадыра екі қызын алып үйінен кетіп қалған. Келіншек күйеуінің әңгіртаяғынан әбден зәрезап болғанын айтады.

БАСПАНА МӘСЕЛЕСІ

Қазір Жадыра Кенжебаева Жаңаөзенде бір бөлмелі пәтер жалдап тұрады. Кіші қызы балабақшаға, үлкені даярлық сыныбына барады. Ол пәтердің жал ақысын төлеу қиын екенін, бұрынғы күйеуі сот кескен алиментті төлеуден қашып, жасырынып жүргенін айтады. Жадыра жұмыс істегенімен, жалақысы отбасының күн көрісіне жетпейді. «Жергілікті мұнай компаниясына жұмысқа орналассам, материалдық қиындықтан құтылар едім» дейді ол.

Әсем Кенжебаева (сол жақта) әкесі Базарбай Кенжебаевтың қазасы бойынша өтіп жатқан сотта отыр. Ақтау, 25 сәуір 2014 жыл.

Әсем Кенжебаева (сол жақта) әкесі Базарбай Кенжебаевтың қазасы бойынша өтіп жатқан сотта отыр. Ақтау, 25 сәуір 2014 жыл.

Ал әзірше Жадыра баспана мәселесін шешуге тырысып жүр. Ол Қызылсай кентіндегі бұрынғы күйеуі екеуіне тиесілі үйде тұра алмайды, күйеуі де онда тұрмайды. Алиментті мәжбүрлеп төлету үшін келіншектің бұрынғы күйеуін сот шешімін орындаушылар таба алмай жүр. Жадыра үйді сатып, үлесін – үйдің жарты құнын алғысы келеді, бірақ бұрынғы күйеуінің келісімінсіз оны сата алмайды.

Әке-шешесінің басында үйі болмаған: Кенжебаевтар оны жалға алған. Шаңырақтың үш мүшесі қайтыс болған соң үйдің ақысын төлейтін ешкім қалмаған. Ағайынды бауырлардың бойдақ әрі үйленбеген кішісі баспанасыз қалып, ара-тұра жалданып жұмыс істейді, ағасы немесе әпкелерінің үйінде кезек түнейді. Жадыраның айтуынша, әпке, ағасы қолынан шамасы келгенше көмектеседі, бірақ олардың өз бала-шағалары бар. Оның үстіне, үлкен ағасының да тұрақты жұмысы жоқ, ал әпкесінің бес баласы бар.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG