Accessibility links

Жаңаөзен оқиғасын блогшылар әртүрлі баяндады


Жаңаөзенде оқ тиіп құлаған адамды полицейлер ұрып жатыр. 16 желтоқсан 2011 жыл. (YouTube сайтында жарияланған видеоның скриншоты).
Жаңаөзенде оқ тиіп құлаған адамды полицейлер ұрып жатыр. 16 желтоқсан 2011 жыл. (YouTube сайтында жарияланған видеоның скриншоты).

Жаңаөзендегі оқиғаға байланысты белсенді интернет қолданушылар мен блогшылардың да пікірлері бір жерден шыққан жоқ.


2011 жылы желтоқсанның 16-сында болған Жаңаөзен оқиғасынан бері бір айдан астам уақыт өтті. Содан бері бұл оқиға туралы интернетте белсенді оқырмандардың, блогшылардың әртүрлі көзқарастағы жазбалары жарияланды.

«АҚПАРАТТЫҚ ДҰШПАНДАР»

Жаңаөзендегі бұрғылау компаниясының аштық ереуіліндегі жұмысшыларымен қоғамдық белсенділер кездесуі. Жаңаөзен, 20 наурыз, 2009 жыл.
Жаңаөзендегі бұрғылау компаниясының аштық ереуіліндегі жұмысшыларымен қоғамдық белсенділер кездесуі. Жаңаөзен, 20 наурыз, 2009 жыл.


Журналист-блогшы Мұрат Есжан 2011 жылы желтоқсанның 21-24-і күндері бір топ мемлекеттік арна тілшілерімен бірге Жаңаөзенге барып қайтқаннан кейін «Өзендегі төрт күн» атты веб-жазба жариялады.

"Тонау, ұрлау, ұрып-соғу қылмысын жасаушылар...
ұсталғаны тергелу үстінде"
Ол Жаңаөзен оқиғасын «ұйымдастырушылар, арандатушылар, белсенді әрекет етушілер, тонау, ұрлау, ұрып-соғу қылмысын жасаушылар іздестіріліп, ұсталғаны тергелу үстінде» деп жазды. «Елбасы барып кетті. Еңбек дауының да айыптылары анықталып, жапа шеккендерге жәрдем жасалатын болды» деп жазды Мұрат Есжан.

Блогшы жазбасында «ұсақ-түйек демей, төрт күнде көкейге келген, көзге түскен өңге жағдаяттарды баян етейік» дей келе, «шындықты айтпайсыңдар» деп өздеріне шүйліккен Жаңаөзен тұрғындарының ашу-ызасының себептерін ашуға тырысыпты. Оның жазуынша, жаңаөзендіктердің бірі «қамаудағы туысына» алаңдаса, енді бірі «естіген дақпыртқа» ереді, «Қазмұнайгазға өкпелілер» де бар.

Блогшы жергілікті халықтың түрлі «сыбыс, дақпырттарға» құмар екендігіне «алаңдайтынын» жазып, «желдің қайдан соғып тұрғанын аңғаратын адам аз» дейді.

«14 адам деген - өте үлкен шығын. Тәуелсіз Қазақстан тарихында бірінші рет орнаған коменданттық сағаттың енуіне де сол үлкен шығынның себебі болды. Кейбір адамдардың ресми 14 адамды азырқанып, 23, 60, 100 деген қауесетке неге құмар екені түсініксіз» деп жазады Мұрат Есжан.

Оның жазуынша, «төрт сарбаздың ішіп алып, жергілікті тұрғындардың бірін ұрып соғуы» сияқты әскер арасында ішінара кездесетін тәртіпсіздіктерді іліп алып, «түймедей нәрсені түйедей» етіп көрсететін «ақпараттық дұшпандар» бар. Ондай «ақпараттық дұшпандар», блогшының пікірінше, құқық қорғау орындарына тұтқиылдан «қиғаш сұрақтар қойып», «қитығына тиіп» оларды жаманатты қылуды мақсат тұтады.

«Стан ТВ» демекші, арамызда осы интернет-арнаның да журналисі жүрді. «Азаттық» радиосының тілшісі болды. Жеке бастарына айып артудан аулақпыз, дегенмен екеуі де қиғаш сұрақ қойып, көлденең шу шығаруда алдарына жан салмайды екен. Бірінші күні комендант сұхбат беріп тұрғанда «Сексен адам өліпті ғой, сіздер адамдарды судың үстіне отырғызып қинап жатыр екенсіздер ғой» деп сауал қойған - сол «Станның» журналисі. Әрине, ол сұрақтарға ешкімнің де «иә» деп жауап бермесі анық. Мақсат – ашуландыру. Сөйтіп оғаш сөз айтқызу. Жаманатты қылу» деп жазады блогшы.

«КҮДІКТІ» НАТАЛЬЯ СОКОЛОВА

Қанат Тілеухан. "31" телеарнадағы қазақ тілді бағдарламалардың қысқаруына қарсы баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Алматы, 5 мамыр 2010жыл.
Қанат Тілеухан. "31" телеарнадағы қазақ тілді бағдарламалардың қысқаруына қарсы баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Алматы, 5 мамыр 2010жыл.
Журналистік сапармен Жаңаөзенге барып қайтқан журналист-блогшы Қанат Тілеухан көрген-білгенін желтоқсанның 28-інде жариялаған жазбасында айтқан.

"Қаралы жандардың зарын айтайын. Жеті ай бойы еңбек ақысын талап еткен Жарас Шупаевтың үйінде болдым"
«Қаралы жандардың зарын айтайын. Жеті ай бойы еңбек ақысын заңға сәйкес төлеуді талап етіп, алаңда тұрған Жарас Шупаевтың отбасында болдым. Отағасы 16 желтоқсан күні алаңда аяғына автоматтың оғы тиіп, ауруханада қансырап өлген екен. Қайран азаматтың жары Ақмарал: «Қас пен көздің арасында айрылып қалдым. Сұрауы кімде?» деп тілінен зар төгіп отыр. Көңіл айта келген жандар қаладағы ішкі істер бөлімінде азаптаулардың жүріп жатқандарын айтады» деп жазады Қанат Тілеухан.

Өткен аптада журналист-блогшы Өркен Кенжебек «16 желтоқсанның 16 себебі» деген жазба жариялап, баспасөзде Жаңаөзенге байланысты «жалған-шыны аралас дүниелердің» жарыса жазылып жатқанын айтыпты.

Жаңаөзен оқиғасына «аймақтық теңсіздік», «әлеуметтік инфрақұрылым» мен «көші-қон саясатындағы кемшіліктер», т.б. факторлар себеп болғанын айта келе «кінә» екі жақтан да - билік пен мұнайшылар тарапынан да болғанын айтады Өркен Кенжебек.

Блогшының жазуынша, кәсіпорын басшылары соттың мұнайшылар ереуілін заңсыз деп тапқанын «малданып», «енжар», «бірбеткей күйде жүре бергенге ұқсайды». Оның үстіне, мұнайшылар да «қисынсыз» талаптар қойған.

«Олар қойған талаптардың бәрін орынды деп айтуға келмейтін еді. Мысалы, «мұнай экспортынан түскен қаржының бәрі Маңғыстауда қалсын» деген сияқты талапты экономикалық сепаратизм деп сипаттауға болатын шығар. Себебі, мемлекет бюджетіне донор болып отырған үш облыстың бірі бұдан бас тартса, қалған Қазақстанның жағдайы қалай болары түсінікті...» деп жазады Өркен Кенжебек.
Блогшы Өркен Кенжебек. Алматы, 18 қараша 2009 жыл.
Блогшы Өркен Кенжебек. Алматы, 18 қараша 2009 жыл.
​Журналист-блогшы өткен жылы «әлеуметтік жанжал тудырды» деген айыппен 6 жылға сотталған, «Қаражамбасмұнай» компаниясы мұнайшыларының заңгері Наталья Соколованың өткен өміріне күмән келтіреді.

«Наталья Соколова. 6 жылға бас бостандығынан айрылған кәсіподақ заңгерінің бұрын АҚШ-тың әскері мен флотында аудармашы, бірқатар Батыстың «әділетсүйгіш» ұйымдарында жұмыс істегеніне Сіз күдіктенбейсіз бе? Жарайды, онда неге ойда-жоқта 3 жыл бұрын қабылданып кеткен еңбек коэффициентін еске алады? Оны да дұрыс дейік, бірақ неге компания басшылығымен келіспей, жұмысшыларға айлықты көтеру туралы жалған уәделер береді?» деп сұрақ қояды Өркен Кенжебек.

МҰНАЙШЫЛАРҒА ҮЛГІ КӨРСЕТУ
Жұмысшы киіміндегі адам президентшіл «Нұр Отан» партиясының плакатын отқа тастап жатыр. Жаңаөзен, 16 желтоқсан, 2011 ж. К+ телеарнасы бейнехабарынан алынған скриншот.
Жұмысшы киіміндегі адам президентшіл «Нұр Отан» партиясының плакатын отқа тастап жатыр. Жаңаөзен, 16 желтоқсан, 2011 ж. К+ телеарнасы бейнехабарынан алынған скриншот.
Өркен Кенжебектің жазбасындағы «көші-қон саясатындағы кемшіліктерді», «әлеуметтік инфрақұрылымның ақсауы» сияқты мәселелерді саясаттанушы, белсенді интернет қолданушы Данияр Әшімбаев та өткен жылдан бері қайталап келеді.

"Жаңаөзендіктердің барлық талаптарын орындайтын болсақ, ертең республикадағы процестер тізгінсіз кетеді"
Ол camonitor.com сайтында 2011 жылы желтоқсанның 23-і күні жарық көрген сұхбатында Жаңаөзен мұнайшыларының әр жылдары қойып келген талаптары орындалғанын айтып, оларға аз жалақы алып жүрсе де, «ешқандай талап қоймайтын» өзге кеніштердегі мұнайшыларды үлгі қып көрсетеді. Данияр Әшімбаевтың жазуынша, Жаңаөзенде көбіне қосалқы бөлімде істейтін, мамандығы жоқ мұнайшылардың ереуілдеген.

«Ембімұнайгазда» адамдар дәл осындай еңбек жағдайында жұмыс істеп жатыр, бірақ неге екені белгісіз, олар бұлайша шамадан тыс талап қойып отырған жоқ. Ал "ПетроҚазақстан" ше? Құмкөл ше? "ҚазГермұнай" ше? Ақтөбе, Орал мұнайшылары ше? Ондағы адамдар мұнан да азырақ жалақы алып отырса да, үздіксіз жұмыс істеп жатыр. Мамандығы жоқ жұмыс күші үшін арнайы жалақы деңгейі болады. Осыншалықты дөрекі, егер әрнәрсені өз атымен атасақ, шантажға берілуге бола ма? ...ереуілшілердің талаптары құқықтық шеңберден асып кетті. Егер қазір жаңаөзендіктердің барлық талаптарын орындайтын болсақ, онда ертеңгі күні бұл әрі қарай жалғасып, республикадағы процестер тізгінсіз кетеді» дейді Данияр Әшімбаев.

Журналистер мәжіліс депутаты, белсенді интернет-қолданушы Мұрат Әбеновтен де Жаңаөзен оқиғасына байланысты пікір сұраған. Ол «кейбіреулер қара басының қамы үшін тыныш елді бөліп, араздастырып жатыр» деп, «қоғамда тұрақсыздық орнатуды» көздейтін топ әрекет еткенін айтып айыптайды.

Мұрат Әбенов полицияның Жаңаөзен оқиғасы кезіндегі әрекетіне де жоғары баға бере кетеді.
Парламент депутаты Мұрат Әбенов интернет-сайттардың құқықтық мәртебесі туралы қоғамдық тыңдауда. Алматы, 31 наурыз, 2011 жыл.
Парламент депутаты Мұрат Әбенов интернет-сайттардың құқықтық мәртебесі туралы қоғамдық тыңдауда. Алматы, 31 наурыз, 2011 жыл.
«Бүгінгі оқиғада ішкі істер органдарының қызметкерлері ерекше салмақтылық, байсалдылық танытты, арандатушылықтан аулақ болды. Алаңдағы сахнаны қояйықшы, әкімдік, қонақ үй, жеке ғимараттар мен көліктерді өртегенге дейін араласпаса, онда олар қай кезде қоғамдық тәртіпті орнатады, азаматтарды қорғайды? Ақтөбе, Тараздағы «қаралы тәжірибеден» кейін үйреніп, осындай жағдайда жылдам шара қабылдап, өз-өздеріне жауапкершілік алуға дайын екенін байқатты. Бұл жағдайда полицияны кінәлаудан аулақ болуымыз қажет» дейді Мұрат Әбенов.

«ҮКІМЕТ» ПЕН «ОППОЗИЦИЯ» БЛОГШЫЛАРЫ

Желтоқсан айының аяғында Жаңаөзенге үкімет қолдауымен бірнеше блогшы барып қайтты. Ол блогшылардың бірі
Әлішер Елікбаев, журналист. Жеке альбомынан алынған сурет.
Әлішер Елікбаев, журналист. Жеке альбомынан алынған сурет.
«Ұлы. Отан. Ақпараттық» атты жазбасында Ақтауға бармай жатып-ақ өздерін әлдекімдердің «Отан сатқындары», «қандықол блогерлер» деп айыптап, анонимді түрде хабарлама жібергенін жазады.

Ол өзіне тағылған «айыптарды» жоққа шығарып, Жаңаөзен оқиғасына байланысты ақпараттық тартыстың өршігенін ескертеді.

"Оқ атқаны үшін билікті айыптаймын. Бірақ олардың мұны неліктен істегенін де түсінемін"
Әлішер Елікбаев «...ақпараттық тартыс - мүлде жиіркенішті нәрсе. Себебі екі жақтың ешқайсысы да ақиқатты анықтауға тырыспайды. Билік өзінің жеті ай бойғы әрекетсіз отырғанын ақтау үшін кімге кінәні арқалатуды білмей отырса, ереуілшілер өздерінің жағдайын жақсарту қамымен әуре. Ал биліктің қарсыластары өзі жек көретін билікті құлату үшін жағдайды пайдаланып қалғысы келеді» дейді.

Елікбаев «Время» газетіне берген сұхбатында «Мен оқ атқаны үшін билікті айыптаймын. Бірақ олардың мұны неліктен істегенін де түсінемін. Қазақстанның бұл тектес тәртіпсіздіктерді басу тәжірибесі жоқ. Әрбір аймақта демонстранттарды тарату үшін су шашатын машиналар, резеңке оқтар жоқ. Иә, бұл жерде билік қателік жасады. Үлкен қателік. Бірақ екінші жақтың не істегенін қараңыз - үйлер мен көліктерді өртеп, дүкендерді тонады - бұл да дұрыс емес. Бұл балалар менің де тыныштығымды, жеке ісін ашып, өзімен-өзі адамдардың да тыныштығын бұзды. Мейлі, өзімшіл пікір болса да, мен көптеген Қазақстан азаматтарының ойларын айтып отырмын» дейді.

Елікбаев «Ұлы. Отан. Ақпараттық» атты жазбасына жазған пікірінде Жаңаөзен оқиғасы кезінде биліктің Twitter-ді жауып тастағанын құптап, оқырмандардың сынына ұшырады.

Үкіметтің қолдауымен барған блогерлердің сапарынан кейін, қаңтар айының 1-2-сі күндері оппозицияның ұсынысымен республиканың үш аймағынан үш блогшы шығып, Жаңаөзенде барып қайтты.
Блогшы Дмитрий Щелоков Азаттық радиосы шығарған «Абайдың қара сөздері» компакт-дискі мен «Блогстан»( 2010 жылы azattyq.org веб-сайтында жарияланған үздік блог-жазбалар) жинағының тұсаукесер кешінде. Алматы, 5 желтоқсан 2010 жыл.
Блогшы Дмитрий Щелоков Азаттық радиосы шығарған «Абайдың қара сөздері» компакт-дискі мен «Блогстан»( 2010 жылы azattyq.org веб-сайтында жарияланған үздік блог-жазбалар) жинағының тұсаукесер кешінде. Алматы, 5 желтоқсан 2010 жыл.
Үш блогшының бірі «Блоггинг қалай шыңдалды» («Как закалялся блоггинг») атты, қаңтардың 3-і күні жариялаған жазбасында Жаңаөзенге барған сапарында көп кедергіге тап болғанын жазады. Жаңаөзенде жарты күн болып, ұсталған азаматтардың туыстарымен сұқбаттасқан блогшылар Шетпеге барған сапарларын былайша сипаттайды.

"Тұтқындалғандар заңсыз әрекеттер жасамаған... Халықты арандатқан - полицейлердің өздері"
«...Шетпеде ақсақалдар кеңесі өтуі тиіс болатын. Біз ол жаққа аман-есен жеттік. Ауылға кіре берісте ешқандай пост болмады. Ақсақалдар ЖСДП кеңсесінде жиналды. Олар халық пен полицияның қақтығысын зерттейтін тәуелсіз комиссия құру туралы келісімге келді. Олардың айтуынша, осы қақтығыс кезінде полицейлердің бірінің атқан оғы вокзалға шақырылған өрт сөндірушіге тиіп, ол содан көз жұмған. Билік құрған комиссия тек билік өкілдерінен құралғандықтан оларға комиссияның құрамы ұнамады. Барлық ақсақалдар шетпелік тұрғындардың ұсталғанына наразы болды. Өйткені олардың айтуынша тұтқындалғандар заңсыз әрекеттер жасамаған. Ресми ақпаратта айтылғандай, ешқандай да тепловоз өртенбеген. Тұтқындалғандар ешқандай нысанға басып кіріп, ешкімге шабуыл жасамаған. Олар тек Жаңаөзенмен байланыс орнатуды талап еткен. Ақсақалдардың айтуынша, халықты арандатқан - полицейлердің өздері»

Блогшылардың айтуынша, Жетібайға барар жолда оларға полиция полковнигі ілесіп, ақыры қарапайым тұрғындар блогшылармен полицейлердің көзінше сөйлесуден қорқып, әңгімелесуден бас тартқан. Ал блогшылар мінген көліктің жүргізушісі кейін түсініктеме жазыпты.

Осылайша белсенді интернет қолданушылар мен блогшылар арасында Жаңаөзен оқиғасы кезінде тұрғындарға қарсы қару қолданған полицияны айыптап, зардап шеккендерге қолдау көрсеткендері де болды; полицияның әрекетін ақтап, оқиғаға қатысушыларды айыптаушылар да табылады.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG