Accessibility links

Болат Атабаев босатылды


Оппозициялық саясаткер, театр режиссері Болат Атабаев (оң жақта) пен режиссер-сценарист Ермек Тұрсынов. Ақтау, 3 шілде 2012 жыл. www.lada.kz сайтынан алынған сурет
Оппозициялық саясаткер, театр режиссері Болат Атабаев (оң жақта) пен режиссер-сценарист Ермек Тұрсынов. Ақтау, 3 шілде 2012 жыл. www.lada.kz сайтынан алынған сурет
Ақтау қаласындағы қамау изоляторында отырған қоғамдық белсенді әрі режиссер Болат Атабаев 3 шілде күні кешкі сағат 10-да босап шықты да, сол күні кешке Алматыға ұшып кетті.

Атабаев қамау орны маңына жиналған журналистерге өзінің ұшаққа асығып бара жатқанын, оқиғаның егжей-тегжейін Алматыға барған соң баспасөз мәсихатында хабарлайтынын айтты.

Ақтаулық Lada.kz басылымының жазуынша, "әлеуметтік араздықты қоздырды" деген айыппен тұтқындалған Болат Атабаев айыпталушыдан куәгер қатарына өткендіктен босатылған.

Онымен бірге қамалған Жанболат Мамай туралы хабар айтылмады. Болат Атабаевтың жанында режиссер Ермек Тұрсынов қана болды.

ТҰРСЫНОВ ЖӘНЕ «БАСҚАЛАРҒА ЕРІП КЕТКЕН» АТАБАЕВ

Шілденің 2-сі күні журналист Игорь Винявский Facebook-те режиссер Ермек Тұрсынов Ақтауға «Атабаев пен Мамайды Козлов пен Сапарғалиға қарсы куәлік беруге көндіру үшін барды» деген пост жариялаған еді.

Режиссер Ермек Тұрсынов Азаттық радиосына берген сұхбатында Ақтауға шамамен бір апта бұрын келгенін айтып, бірақ «өзге айыпталушыларға қарсы куәлік беруге көндіру туралы мәселені» жоққа шығарған.
Кинорежиссер Ермек Тұрсынов (сол жақта) және оппозиция белсендісі әрі режиссер Болат Атабаев тергеу изоляторы алдында. Ақтау, 3 шілде 2012 жыл. (Lada.kz сайтының суреті)
Кинорежиссер Ермек Тұрсынов (сол жақта) және оппозиция белсендісі әрі режиссер Болат Атабаев тергеу изоляторы алдында. Ақтау, 3 шілде 2012 жыл. (Lada.kz сайтының суреті)

Тұрсыновтың айтуынша, «әріптесі, әрі досы Атабаевпен кездесу туралы» ҰҚК-нің тергеу тобы басшыларына әуелі өзі өтініш жасаған.

– «Сендер неге Атабаевты отырғыздыңдар? Ол ешқандай саясаткер емес. Ол басқаларға еріп кетті. Ол – режиссер, әрі досым. Өзім кепіл боламын ол үшін» деп бастықтарына арыз айтқанмын. Бастықтары өздері қолдау көрсетіп, Болатпен кездесуге рұқсат берді, – деген еді режиссер Ермек Тұрсынов 3 шілде күні.

Режиссердің айтуынша, ол өткен аптадан бері Ақтауда ҰҚК-нің тергеу изоляторында отырған Болат Атабаевпен үш-төрт мәрте кездескен.

ҚАМАУ МЕН ҚАУЕСЕТ

2012 жылғы ақпанның 3-інде «әлеуметтік араздықты қоздырды» деп айыпталған режиссер Атабаев мамырдың 23-інде Жаңаөзенге тергеуге шақырылған.

Ол маусымның 5-і күні Facebook әлеуметтік желісінде "Лас қолдарыңызды бос қойдым - мені сотсыз, 1937 жылдағыдай сыртымнан соттап жібере аласыздар! Сотсымақтарыңызға қатысып, оны заңды процесс етіп көрсетуге құлқым жоқ" деп, тергеуге өз еркімен бармайтынын мәлімдеген еді.

Ал маусымның 13-і күні Болат Атабаевқа Азаттық радиосында онлайн-конференцияда отырған жерінде ҰҚК қызметкері маусымның 14-і Жаңаөзен қаласына тергеуге келуге шақырту қағазын беріп кеткен. Атабаев тергеуге барудан бас тартатынын жазып берген (Төмендегі видеоны қараңыз).

Онлайн-конференция кезіндегі шақырту
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:58 0:00

Маусымның 15-і күні Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) театр режиссері Болат Атабаев пен «Рух пен тіл» ұйымының жетекшісі Жанболат Мамайды үйлерінен ұстап әкетіп, кейін этаппен Ақтауға жеткізген.

«Атабаев пен Мамайды босатады немесе басқа бап бойынша тергейді» деген ақпарат бұған дейін тараған еді.

Болат Атабаевтың адвокаты Гүлнар Жандосова Жаңаөзен қалалық соты ҰҚК-нің айтуымен маусымның 29-ында қамаудағы режиссерге қолданылған жазаны ауыстырмақ болды деп хабарлаған. Ал Жанболат Мамайдың адвокаты Абзал Құспанов бұл хабарды "асығыстау айтылған" деп мәлімдеген.

Маусымның 29-ы Болат Атабаевтың қарындасы Дана Атабаева мен адвокаттар бастаған бір топ адам "белсенділерді қамаудан шығарады" деген үмітпен Ақтаудағы ҰҚК абақтысының алдында кешке дейін күткен.
XS
SM
MD
LG