Accessibility links

«Бұрғылау» жұмысшылары жұмысқа шығудан бас тартты


Қала әкімінің орынбасары Исахан Сағымбаев (ортада) «Бұрғылау» кәсіпорны жұмысшыларының талабын тыңдап тұр. Жаңаөзен, 28 шілде 2016 жыл.

Қала әкімінің орынбасары Исахан Сағымбаев (ортада) «Бұрғылау» кәсіпорны жұмысшыларының талабын тыңдап тұр. Жаңаөзен, 28 шілде 2016 жыл.

Жаңаөзендегі «Бұрғылау» кәсіпорнының жүздеген жұмысшысы жұмыс берушіге өз талаптарын жеткізу үшін бүгін жұмысқа шықпай қойды. Олармен кездесуге кәсіпорын басшысы және жергілікті билік өкілдері келді.

Маңғыстау облысындағы мұнай-газ саласында қызмет көрсететін «Бұрғылау» кәсіпорнының бірнеше жүз жұмысшысы 28 шілде күні Жаңаөзендегі автобекет жанына жиналып, өз талаптарын басшылыққа жеткізбейінше жұмысқа шықпайтындарын мәлімдеді. Жұмысшылар талаптарын айту үшін төртінші күн бойы басшыларға кездесе алмай отырғандарын айтты.

Жиналған жұрт кәсіпорында жұмыс жоспарға сай атқарылып жатқанына қарамастан, басшылық дағдарыс пен қаржы тапшылығын алға тартып, жұмыс уақыты мен еңбекақы көлемін қысқартып отыр деп наразылық білдірді.

Сонымен бірге жұмысшылар ұжымдағы еңбек жағдайына қатысты құқықтарын қорғап сөйлейтін адамдарды «қудалап, қысым көрсетеді» деп айыптап, «Бұрғылау» кәсіпорны директоры Асхат Сариевтің қызметтен кетуін талап етті.

– Жұмыс сағатымызды қысқартты. Кәсіпорында екі мыңнан астам адам жұмыс істейді. Бірінші жарты жылдықта 66 адамды жұмыстан шығарды, - деді өзін оператор көмекшісі Ақылбек Нұрлыбаевпын деп таныстырған жұмысшы.

Басшылыққа талап қойып, жұмысқа шығудан бас тартқан «Бұрғылау» кәсіпорыны жұмысшылары. Жаңаөзен, 28 шілде 2016 жыл.

Басшылыққа талап қойып, жұмысқа шығудан бас тартқан «Бұрғылау» кәсіпорыны жұмысшылары. Жаңаөзен, 28 шілде 2016 жыл.

Сонымен бірге жұмысшылар «Бұрғылау» кәсіпорнындағы қазіргі кәсіподақ жетекшісіне сенімсіздік білдіріп, осыдан бірнеше күн бұрын өз араларынан кәсіподақ жетекшісі етіп сайлаған Сәдуақас Бекқалиевтің жұмысқа кірісуіне басшылықтың кедергі келтірмеуін талап етті. Жұмысшылардың айтуынша, Бекқалиевті бүгін таңертең осы жерден қалалық полиция басқармасына алып кеткен. Полиция кәсіпорындағы жұмысшылардың құқығын қорғап сөйлеген өзге адамдарды да шақырып, жауап алып жатыр дейді наразылар.

Жұмысшылар бұған дейін үш күн бойы наразылық білдіріп жиналса да олармен кездесуге келмеген кәсіпорын басшылығы және жергілікті билік өкілдері бүгін Жаңаөзенге бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері келген соң ғана наразылардың талабын тыңдауға ниет білдіргенін айтады.

Жиын өтіп жерге келген «Бұрғылау» кәсіпорны директоры Асхат Сариев «жұмысшыларға қысым жасалады деген ақпарат – шындыққа сай емес» деп мәлімдеді.

– Жаңағы айтылғанның бәрі – жалған әңгіме. Бұл еңбек дауы, бұлардың [жұмысшылар] бәрін қозғап жүрген Сәдуақас Бекқалиев, - деді ол журналистерге.

Сариев жаңа кәсіподақ жетекшісін сайлау кәсіподақ жарғысында белгіленген тәртіпке сай, барлық бөлімшелерден сайланған делегаттардың қатысуымен жүргізілуі тиіс деп мәлімдеді. Оған жұмысшылар бұған дейін өздері өткізген және Сәдуақас Бекқалиевті кәсіподақ жетекшісі етіп сайлаған жиынды заңды деп санайтындарын айтып жауап берді.

«Бұрғылау» жұмысшылары өздері жаңадан сайлаған кәсіподақ жетекшісінің жұмысына кедергі жасамауды басшылықтан талап етті. Жаңаөзен, 28 шілде 2016 жыл.

«Бұрғылау» жұмысшылары өздері жаңадан сайлаған кәсіподақ жетекшісінің жұмысына кедергі жасамауды басшылықтан талап етті. Жаңаөзен, 28 шілде 2016 жыл.

Бүгін наразылардың талаптарын тыңдауға Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Исахан Сағымбаев пен Маңғыстау облыстық кәсіподақ кеңесі төрағасының орынбасары және Қазақстан мұнай-газ өнеркәсібі кәсіподағының Маңғыстаудағы филиалының өкілі де келген еді. Жұмысшылар билік өкілдерін «еңбекшілер құқығын қорғамай, шарасыздық танытып отырсыңдар» деп сынады. Билік өкілдері «кәсіпорынның ішкі ісі мен кәсіподақ жұмысына араласа алмайтындарын» айтып, мәселені келіссөз арқылы шешуге шақырды.

Азаттықтың оқиға орнынан тікелей жүргізген трансляциясы:

Арада екі сағаттай уақыт өткенде жиын өтіп жатқан жерге бұған дейін жұмысшылар кәсіподақ жетекшісі етіп сайлаған Сәдуақас Бекқалиев келді. Полицияда жауап беріп шыққаннын айтқан ол жұмысшыларға талаптарын жазбаша түрде «Бұрғылау» кәсіпорны басшылығы мен жергілікті билік орындарына тапсырып, олардың жауабын күту туралы ұсыныс жасады. Жиналғандар бұл ұсынысқа келісіп, осы жерде таңертеңнен бері тұрған автобустарға отырып, жұмыс орындарына кетті.

Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында 2011 жылы «Өзенмұнайгаз» және «Қаражанбасмұнай» компаниялары мұнайшыларының айлықты көбейтуді, еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп мамырда бастаған ереуілі бірнеше айдан соң қайғылы оқиғаға ұласқан. 2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні Жаңаөзеннің орталық алаңында Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған мерекелік шара кезінде бүлік шығып, полиция қару қолданған. «Жаңаөзен оқиғасында» 17 адам (ресми есеп) қаза тауып, ондаған адам жараланған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG