Accessibility links

Прокурор көмекшісі, депутат пен полицейлер дауы


Жұмыссыз қалған жаңаөзендік полицейлер: (солдан оңға қарай) бұрынғы полиция аға сержанты Қали Айнаханов, бұрынғы қатардағы полицей Фархат Жармағанбетов, бұрынғы полиция сержанты Берік Бейсекеш, бұрынғы полиция кіші сержанты Әділхан Төлесбаев. Ақтау, 13 наурыз 2015 жыл.

Жұмыссыз қалған жаңаөзендік полицейлер: (солдан оңға қарай) бұрынғы полиция аға сержанты Қали Айнаханов, бұрынғы қатардағы полицей Фархат Жармағанбетов, бұрынғы полиция сержанты Берік Бейсекеш, бұрынғы полиция кіші сержанты Әділхан Төлесбаев. Ақтау, 13 наурыз 2015 жыл.

Көлікті “мас күйінде жүргізді” деп айыпталған депутат істі болып, “жол ережесін бұзды” деп айыпталған прокурор көмекшісі жұмыстан шығарылса да, оларды ұстаған жаңаөзендік полицейлердің өздері “өкілетін асыра пайдалану” дауына қалып, қызметтен кетті.

Жаңаөзендік бұрынғы жеті полицей Азаттыққа “жол жүру ережесін бұзған” қала прокурорының көмекшісі мен “мас күйінде” көлік жүргізген қалалық мәслихат депутатын жауапқа тартпақ болғандары үшін бастары дауға қалғанын айтып шағынды.

Олардың сөзінше, жоғары лауазымды “заң бұзушылардың ішімдік ішкені туралы қорытындыны қалалық нарколог-дәрігер өзгертіп тастаған”. Сол себепті бұлар “айғақ ретінде ұсынған видеоматериалдар” да прокурор көмекшісі мен депутаттың кінәсін дәлелдеуге жеткіліксіз.

Депутат полицейлерді «қызмет бабын асыра пайдаланып, қол көтерді» деп айыптаған соң бұлардың үстінен де іс қозғалған. Бірақ бұл оқиға көпке жария болып кетіп, қоғамдық реакция тудырған соң жанжалға бас прокуратура араласып, оның соңы жаңаөзендік прокурор көмекшісінің жұмыстан кетуіне, депутаттың үстінен “полиция өкіліне бағынбады” деген бап бойынша қылмыстық іс қозғалуына ұласқан. Ал полицейлердің үстінен қозғалған қылмыстық істі Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің қауіпсіздік қызметі тексеріп жатыр.

Жаңаөзен полициясының аға сержанты Қали Айнаханов - “жоғары лауазымды екі тұлғаны жол ережесін бұзғаны үшін” жауапқа тарта алмағандарына қынжылып, оларды жауапқа тартпақ болып жүргенде керісінше өздерінің істі болғанына ренжіп, жұмыстан кету туралы рапорт жазғандарын мәлімдеген жеті полицейдің бірі. Жаңаөзендік полицейлер қолдарындағы бейнежазбаларды бас прокуратураға жолдап, депутат пен прокурор көмекшісін қылмыстық жауапқа тартуды сұраған. Бірақ олар бейнежазбадан гөрі салмақтырақ айғақтың “бұрмаланып кеткенін” айтады.

Жаңаөзен полициясының бұрынғы аға сержанты Қали Айнаханов. Ақтау, 13 наурыз 2015 жыл.

Жаңаөзен полициясының бұрынғы аға сержанты Қали Айнаханов. Ақтау, 13 наурыз 2015 жыл.

- Жаңаөзен қалалық бейімдеу орталығының бас дәрігері, нарколог Мұханбет Тәуекелов мас күйінде ұсталған жүргізушінің денсаулығына қатысты жасалған қорытындыны ауыстырып, оған «мас емес» деген жалған құжат беріп отыр. Біз сол себепті арақ ішіп, көлік жүргізген қала мәслихаты депутаты Олжас Байқұловты әкімшілік сотқа бере алмай отырмыз, - деді Азаттық тілшісіне Қали Айнаханов.

Мұханбет Тәуекелов бұл айыптаумен келіспейді. Ол Азаттыққа “өзін кінәлі санамайтынын” айтты. Ал Олжас Байқұлов бұған дейін өткізген баспасөз мәслихатында “бар айыбы - әйелінің көлігін құжатсыз жүргізгені” екенін, “полицейлердің өзінен ірі көлемде пара сұрап, соңында соққыға жыққанын, екі тісін сындырғанын” мәлімдеген. Маңғыстау облыстық прокуратурасы Жаңаөзен қалалық прокуроры көмекшісі Сүйіндік Еңсеповтің “прокуратура органдарының жұмысына кір келтіргені (дискредитация) үшін” жұмыстан шығарылғанын хабарлаған. Бұл дау аймақтағы күштік құрылымдар мен жергілікті билік өкілдерінің шиеленісті қарым-қатынасы мен заңсыздық көлемінен хабар беретін кезекті эпизодқа айналды.

ПОЛИЦЕЙЛЕРДІҢ БАЯНЫ

“Жұмыстан кету туралы рапорт жазған” жеті полицейдің және бірі -сержант Берік Бейсекештің Азаттық тілшісіне хабарлауынша, екі оқиға да биылғы жылы ақпанда Жаңаөзен қаласында болған. Ол ақпанның 2-сі түнгі кезекшілігі кезінде “перзентхана маңындағы бағдаршамға тоқтамай өтіп бара жатқан” көлікті тоқтатуға әрекет жасағанымен, жүргізуші кетіп қалғанын айтады. Оның сөзінше, соңынан қуып барған түнгі патруль тобы көлік жүргізушісінің Жаңаөзен қаласы прокуроры көмекшісі Сүйіндік Еңсепов екенін анықтайды.

- Ол бізге: «Сен неге менің көлігімді танымайсың? Сен кімсің мені тоқтататын?» деп айқайлап ашуланып, боқауыз сөздер жаудырды. Менің оған жасаған ескертуімді құлағына да қыстырған жоқ. Біз бәрін бейнетаспаға түсіріп алдық. Ал ол ары қарай кетіп қалғандықтан, біз оған ешқандай хаттама толтыра алмадық, - дейді Берік Бейсекеш.

Жаңаөзен полициясының бұрынғы сержанты Берік Бейсекеш. Ақтау, 13 наурыз 2015 жыл.

Жаңаөзен полициясының бұрынғы сержанты Берік Бейсекеш. Ақтау, 13 наурыз 2015 жыл.

Полиция сержантының сөзінше, ақпанның 16-сынан 17-сіне қараған түні әдеттегі кезекшілікте жүргенде оған көмекке шақырған қоңырау келіп түседі. «ӨзенМұнайГаз» компаниясының мұнай айдайтын цехтарының бірінен хабарласқан қарауылдар қорғалатын объектіге “мас жүргізуішінің келіп, өзін түнгі ауысымда жұмыс істейтін құрбы қызына кіргізуді талап етіп тұрғанын” баяндайды. Берік Бисекеш “мас жүргізуші” Жаңаөзен қалалық мәслихатының депутаты Олжас Байқұлов екенін анықтаған.

- Бізге Олжас Байқұлов жүргізуші куәлігінің жоқтығын айтып, көлігінің техникалық құжаты мен жеке куәлігін берді. Біз оны уақытша бейімдеу орталығына мастығын анықтау үшін сараптамаға алып келдік, - дейді Берік Бейсекеш.

Оның айтуынша, сол түні өзі кезекшілікте болған орталықтың бас дәрігері Мұханбет Тәуекелов депутатты бірден танып, “оның прокурор танысы болғандықтан жақсылықпен босатуды” сұраған.

- Мен наркологтың әркетіне қатысты арызданатынымды айтқан соң ол «Олжас Байқұловтың қанында АТ-0,1-0,2% алкоголь бар екенін нақтылаған №223 қорытындыны толтырды. Бірақ оны Байқұловқа берген жоқ. Тәуекелов: «Байқұлов қол қоюдан бас тартқандықтан, куәгер алып кел» деді. Біз мұнай айдайтын цехтың қарауылдарын куәгер ретінде алып келгенімізбен, Тәуекеловтің «сендерді сотта жауаптайды» деп қорқытуынан кейін олар куәлік етуден бас тартты, - дейді Берік Бейсекеш.

Бұрынғы полицей нарколог дәрігердің “мас жүргізуішінің қолы қойылмаған алғашқы анықтамасын” бейнетаспаға түсіріп алғанын айтты.

Жаңаөзендік полицейлер "мәслихат депутаты Олжас Байқұлов жер үйлердің бірінің ауласына кіріп, көлік есіктерін ашпай қойды" деген видеодан алынған скриншот.

Жаңаөзендік полицейлер "мәслихат депутаты Олжас Байқұлов жер үйлердің бірінің ауласына кіріп, көлік есіктерін ашпай қойды" деген видеодан алынған скриншот.

- Өкінішке орай, Байқұлов орталыққа келген танысының бірінің көлігіне отырып, қашып кетуге тырысты. Біз оны дабылмен, рациямен Жаңаөзенді айнала қууға мәжбүр болдық. Ол Жаңаөзендегі Мұнайлы ауданындағы жер үйлердің бірінің ауласына кіріп, көліктің есіктерін кілттеп алып, дабылын басып, бөтен үйдің тыныштығын бұзды. Біздің көліктен шығуды, басбұзарлық әрекетті тоқтатуды сұрағынымызға ешқандай реакция болған жоқ, - дейді сол күні кезекшілікте болған Қали Айнаханов.

Полицейлердің сөзінше, көліктің терезесін күштеп ашып, мас жүргізушіні Жаңаөзендегі бейімдеу орталығына алып келгенмен, орталыққа келген қала прокурорының көмекшісі Сүйіндік Еңсепов оны дереу босатуды талап еткен. Полицейлердің қарсылығынан соң прокурор көмекшісі олардың тікелей бастығы - қалалық ішкі істер бөлімінің басшысы Нұрбол Келмағанбетовті шақыртқан.

- Мен өзімінің тікелей бастығымның бұйрығын орындауға тиісті болғандықтан, оған қолымдағы толтырылған құжаттарды, бейнетіркеу камерасын бердім. Сол күні Жаңаөзен қалалық мәслихатының депутаты «бізді полицейлер ұрып-соқты» деп арыз жазды, - дейді Берік Бейсекеш.

ҚАРСЫ ТАРАПТЫҢ УӘЖІ

«Депутаттың мас екенін айғақтайтын құжатты ауыстырды» деген күдікке қалған нарколог Мұханбет Тәуекелов өзін кінәлі деп санамайтынын айтты.

- Полицейлердің қолындағы бейнетаспаның бәрі - монтаж. Қазір монтажбен бәрін жасауға болады. Мені полицейлердің өзі балағаттап, ұрып-соқты, тісімді сындырды, - деді ол Азаттық тілшісіне.

Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының орынбасары Алмабек Бисен жаңаөзендік наркологқа қатысты қызметтік тексеру жүргізілетінін айтты.

- Тәуекелов “мен ештеме ауыстырғаным жоқ” дейді. Оны қазір тексере алмай отырмыз, себебі бейімдеу орталығындағы тіркеу журналын Жаңаөзен ішкі істер бөлімі тексеруге алып кеткен, - деді ол.

Депутат Олжас Байқұлов полицейлермен кикілжің болған түні арақ ішпегенін, “тек әйелінің көлігін құжатсыз жүргізгенін, өзінен ірі көлемде сұраған параны бермеген соң полицейлер күш қолдана бастағанын, көлігін бүлдіріп, өзін соққыға жыққанын” айтады.

Бұрынғы прокурор көмекшісінен жаңаөзендік полицейлердің өзіне қатысты мәлімдемесіне орай қандай да бір комментарий алу мүмкін болмады. Маңғыстау облыстық прокуратурасының өкілі Серік Ешатов Азаттыққа жаңаөзендік прокурор көмекшісі Сүйіндік Еңсеповтің “Ар-намыс кодексінің талаптарын бұзғаны нақтыланып, сол үшін жұмыстан шығарылғанын” айтты.

Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасы ғимараты. Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы, 14 желтоқсан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасы ғимараты. Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы, 14 желтоқсан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Жаңаөзен қалалық ішкі істер бөлімі «Нұр Отан» партиясының мүшесі, Жаңаөзен қалалық мәслихатының V шақырылымының депутаты Олжас Байқұловқа қатысты «полицейлерге бағынбаушылық көрсеткені үшін» қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің қауіпсіздік қызметінің бастығы Эдик Булатов полицейлер түсірген арызда көрсетілген жайттарға қатысты тексеру жүріп жатқанын айтты. «Олар жұмыстан өз еріктерімен шықты» деген Эдик Булатов одан басқа мағлұмат бермеді. Жеті полицейдің атынан сөйлеп жүрген белсендісі Қали Айнаханов жазған рапорттарында “Рульдегі мас жүргізуішіні ұстағанымыз үшін сотталғанша, жұмыс істемей-ақ қояйық деп көрсеттік” дейді.

Жаңаөзенде мемлекеттік қызметкерлерді “мас күйінде ұстадық” деп мәлімдеген полицейлердің жауапқа тартылуы бұған дейін де болған. Жаңаөзен қалалық ішкі істер бөлімінің бұрынғы жол полицейлері Берік Тұрғынбаев пен Ғалым Сәбеков те “мас күйі көлік басқарған” Жаңаөзен қалалық әкімдігі шенеунігінің бірін тоқтатып, әкімшілік жауапқа тартқаны үшін “қызмет өкілетін асыра пайдаланды” деген әкімшілік айыппен жарты миллион теңге айыппұл төлеп әрі жұмыстан шығарылған болатын.

Тергеу-тексеру кезінде жүргізушінің сау, я мас екенін анықтайтын жергілікті нарколог-мамандардың екі түрлі қорытынды бергені анықталған. Бұл полицейлер де былтырдан бері сот шешімін даулап, бас прокуратураға шағымданып жүр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG