Accessibility links

Лондондағы Жаңаөзенді қолдау кеші


Виолончелист Әлфия Нақыпбекова және оның Cellorhythmics тобы. Лондон, 2 қазан 2012 жыл. Скриншот

Виолончелист Әлфия Нақыпбекова және оның Cellorhythmics тобы. Лондон, 2 қазан 2012 жыл. Скриншот

Қазанның 2-сі күні Лондонда Жаңаөзен трагедиясына және Шаңырақ оқиғасы бойынша 18 жылға сотталған диссидент ақын Арон Атабектің шығармашылығына арналған кеш өтті.

Концерттен түскен қаржы Жаңаөзен оқиғасында зардап шеккен мұнайшылардың отбасы мен туыстарына көмек ретінде беріледі.

АРОН АТАБЕК ЖӘНЕ БОСТАНДЫҚ

Шамамен екі сағатқа созылған жиында Жаңаөзен оқиғасы туралы бейнежазбалар көрсетіліп, Арон Атабектің өлеңдері оқылды. Жиналғандар Қазақстандағы адам құқығының жағдайына тоқталып, пікірлерін айтысты.

Кешке Арон Атабектің әйелі Жайнагүл Айдархан мен ұлы Асқар Айдархан да қатысты. Асқар Айдархан Қазақстанда еркін ойлы азаматтардың қуғынға ұшырап, биліктің тепкісіне кезігіп жатқанын айтты.
Арон Атабектің ұлы Асқар Айдархан. Алматы, 29 қыркүйек 2012 жыл.

Арон Атабектің ұлы Асқар Айдархан. Алматы, 29 қыркүйек 2012 жыл.


- Менің әкем қатаң режимдегі түрмеде отыр. Мұндай тағдыр Қазақстанды қорғағысы келген барлық азаматтардың басына төніп келеді. Қазақстан билігі сондай еркін ойлы, батыл азаматтарды қорқытып қуғындап жатыр. Халықтың қолдауының арқасында әкемді жақын арада босатады деп үміттенемін, - деді Асқар Айдархан.

Ол Атабектің Шаңырақ оқиғасы кезінде халық үнін естіп, өз өміріне қауіп төнсе де көзқарасы мен принциптерінен ауытқымаған ақын» екенін айтты.

- Егер ақын тиранияға қарсы күрессе, бұл әлі де еркіндік отының сөнбегенін көрсетеді. Атабек қалай болған күнде бостандыққа шығады. Яки оны өмірінің соңына дейін түрмеде отырғызып, халық көтеріледі. Яки халықтың өзі босатып, әділдік орнайды, - деді Асқар Айдархан.

Кеште Жайнагүл Айдархан күйеуінің өлеңдерін оқыды. Ал британдық International Times басылымының редакторы әрі ақын Нэйл Мaкдевит (Nail McDevitt) жиналған жұртқа Атабек өлеңдерінің ағылшынша нұсқасын жеткізді.

ЖАҢАӨЗЕНДІКТЕРГЕ КӨМЕК

Кеште виолончелист Әлфия Нақыпбекова мен оның Cellorhythmics тобы сазды әуендер орындады.

Әлфия Нақыпбекованың айтуынша, концерттен түскен қаржы Жаңаөзен оқиғасы кезінде зардап шеккен мұнайшылардың отбасы мен туыстарына көмек ретінде беріледі.
Жаңаөзен оқиғасы бойынша айыпталған азаматтар сотта отыр. Ақтау, 4 маусым 2012 жыл.

Жаңаөзен оқиғасы бойынша айыпталған азаматтар сотта отыр. Ақтау, 4 маусым 2012 жыл.


Концерт барысында музыкант көмек көрсетілетін мұнайшылардың тізімін келтіріп, Жаңаөзен оқиғасы бойынша сотталған Мақсат Досмағамбетов, Роза Төлетаева, Таңатар Қалиев, Бауыржан Непесов, т.б. азаматтардың да есімдерін атады.

Қайырымдылық шарасы Астана уақытымен түнгі сағат 0-2 аралығында онлайн түрде тікелей эфирде көрсетіліп отырды.

Әлфия Нақыпбекованың айтуынша, бұл қайырымдылық кеші британдық продюсер әрі режиссер Тим Ньютонның Жаңаөзен трагедиясы туралы болашақ деректі фильміне де енгізіледі.

2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні Жаңаөзен қаласында полиция мен арнайы жасақ ереуілдеп тұрған мұнайшыларға оқ атқан еді. Ресми мәліметтерге сәйкес, Жаңаөзен оқиғасында 16 адам қаза тауып, жүзден астам адам жараланған.

Ақтау қалалық соты 2012 жылы маусымның 4-і күні 2011 жылғы желтоқсан айындағы Жаңаөзендегі қанды қақтығысқа байланысты «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды» деген айыппен 13 адамды 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырған.

Бұл тақырыпты автордың Facebook-тегі жеке парағында да талқылай аласыздар.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG