Accessibility links

Екпеден соңғы дертті «жаппай невроз» деп атады


Қызылшаға қарсы екпеден соң балалары дертке шалдыққан ата-аналар Жаңаөзен қалалық әкімдігі алдында тұр. Маңғыстау облысы, 26 наурыз 2015 жыл.

Қызылшаға қарсы екпеден соң балалары дертке шалдыққан ата-аналар Жаңаөзен қалалық әкімдігі алдында тұр. Маңғыстау облысы, 26 наурыз 2015 жыл.

Жаңаөзенде екпеден соң ауырғандарға «жаппай невроз» диагнозын қойған психологтар балалар аз уақытта сауығып кетеді деп сендіреді. Бірақ, кейбір ата-аналардың күмәні сейілмей отыр.

Жаңаөзенде қызылшаға қарсы екпеден соң дертке шалдыққан оқушылармен наурыздың 21-інен бастап жұмыс істеген мамандар – психотерапевт Жібек Жолдасова мен шымкенттік психолог Абылайхан Рысдәулет алпысқа жуық баламен және кейбірінің отбасымен сөйлескен.

– Ата-аналармен де, балалармен де жеке-жеке жұмыс жүргіздік. Біздің жасаған қорытындымыз – балалардың барлығы да неврозға ұшыраған. Оған екпеден кейінгі қалыпты реакцияны үреймен қабылдауы әсер еткен, - дейді Жібек Жолдасова.

Мамандардың сөзінше, әңгіме барысында кейбір балалар аурудың екпеден соң бір апта өткенде пайда болғанын айтқан.

– Демек, олар басқа ауырып жатқан құрдастарын көріп абыржып, уайымға түскен. Олардың санасында «біз де ауырамыз» деген ой туған, яғни, екпеден соң психо-травмалық жағдай пайда болған, - дейді Жібек Жолдасова.

Оның сөзінше, үрейге берілген ата-аналар балаларындағы «невроз белгілерін басқа ауруға балаған».

Екпеден соң аяғы жансызданып қалған Жаңаөзен медицина колледжінің 1 курс студенті Гаухар Қармысованың анасы Жанар Ізбасарова дәрігердің сөзімен келіспейді.

– Қызым дертке шалдыққалы үйде болды, басқа балаларды көретіндей жағдайда болған жоқ. Алматының «Ақсай» балалар ауруханасында жатып келген соң тіпті туыстардың кейбірін танымай қалды, – дейді оқушының анасы.

Гаухардың әкесі Қармыс Разбай қазақстандық дәрігерлердің сөзі «сенім ұялатпайтынын» айтады. Баласының дертіне екпе себеп болған деп білетін ол, енді билік орындары оқушыларды шетелдік мамандарға көрсетіп, денсаулығын түзеуге жәрдем берсін деген талабын қайталады.

Психолог Абылайхан Рысдәулет. Жаңаөзен. 30 наурыз 2015 жыл.

Психолог Абылайхан Рысдәулет. Жаңаөзен. 30 наурыз 2015 жыл.

Психолог Абылайхан Рысдәулет екпеден кейін балаларда байқалған «қалыпты реакция» жұрттың бойында үрей туғызуын «санадағы әлі жазылмаған жарамен» де байланыстырады.

– 2011 жылғы Жаңаөзендегі оқиғадан соң халықтың әлі стресстен толық айықпағанын да ескеруіміз керек. Екпе осы орайда тек жанама себеп болуы мүмкін, - дейді ол.

Ата-аналардың кейбірі балалардың естен тануы, туғандарын танымай қалуы, аяқтарын баса алмауын «екпеден кейінгі қалыпты белгілер» екеніне күмән білдіреді.

Жаңаөзен маңындағы Қызылсай ауылындағы 10-сынып оқушысы Маусымжан Әділханова наурыздың 26-сы күні дем жетпей, аяғы құрысып өз үйінде кезекті рет құлап қалған соң, жедел жәрдем көлігі оны ауруханаға алып кетіп, бір күннен соң қайтарған. Бірақ, ақпанның 17-сінде салынған екпеден кейін төрт күн өткенде осындай дертке шалдыққан оның жағдайы әлі күнге түзелмегенін айтады оқушының үй-іші.

Дәрігерлер болса дертке шалдыққан балалардың аяғын баса алмай қалуын невроз белгісіне жатқызады.

– Ондайда адам аяқтарын қозғалта алмай қалады. Бірақ, бұған мидың қатысы жоқ. Астеникалық белгілер кез-келген адамда кездеседі: стресстен соң күшіміз болмай әлсіреп қаламыз, бас ауырып, айналады, аяқ-қолдар ұйиды. Бірақ, оның барлығы із-түссіз жазылып кетеді. Мұндай аурулармен жұмыс жүргізген өз тәжірибемізге сүйеніп айтып отырмыз, - дейді Жібек Жолдасова.

Ол ауруға шалдықты делінген 196 баланы төрт топқа бөліп, әрқайсысына дербес оңалту бағдарламасы жасалғанын айтады.

– Бірінші топта - 33, екіншісінде - 50, үшіншіде - 29 және төртінші топта 84 бала бар. Әр топтың емдеу тәжірибесі мен тәсілі де әртүрлі. Бұларды жүзеге асыру үшін жергілікті дәрігерлер мен невропатолог, психолог, психиатрларға арнайы семинар-кеңес берілді, - дейді психолог маман

Жаңаөзендегідей жаппай невроз бұрын-соңды кездеспегенін айтқан маман өзі диагноз қойған балаларды жергілікті жағдайда емдеп, оңалтуға болады деп сендіреді.

Психолог Жібек Жолдасова. Жаңаөзен. 30 наурыз 2015 жыл.

Психолог Жібек Жолдасова. Жаңаөзен. 30 наурыз 2015 жыл.

– Егер арнайы жасалған нұсқаулық толық сақталып, тағайындалған дәрілер уақытында беріліп отырса, балалардың бір-екі айда толық сауығып кететініне кепілдік бере аламыз, сауатты, кәсіби тұрғыдан жүргізілген жұмыстар сөзсіз өз нәтижесін береді. Ол үшін Жаңаөзеннің өз басында ресурстар, маман дәрігерлер жеткілікті, - дейді Жібек Жолдасова.

Маңғыстау облысында ақпанның 16-сы күні басталған қызылшаға қарсы екпе салу оны алған оқушылар денсаулығына жаппай шағым айтып, дәрігер көмегіне жүгінген соң ақпанның 19-ы күні тоқтатылған. Жергілікті билік дерегі бойынша, облыс орта мектептерінде 9-11 сыныптарында оқитын 14 мыңнан аса оқушыға екпе салынған. Қызылшаға қарсы екпе салу мамырдың 4-іне дейін тоқтатылған. Оған дейін вакцина сапасына жүргізілген сараптама қорытындысы шығуы тиіс.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG