Accessibility links

Сотталған жаңаөзендікке операция жасалды


Мақсат Досмағамбетов, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының ауруханасында жатыр. Алматы, 3 шілде 2014 жыл

Мақсат Досмағамбетов, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының ауруханасында жатыр. Алматы, 3 шілде 2014 жыл

Мақсат Досмағамбетов түрмеден Алматыдағы ауруханалардың біріне түсіп, оған операция жасалды. Қоғамдық белсенді қамаудағы жаңаөзендіктердің денсаулығы жайлы ақпарат алу қиын екенін айтады.

Мақсат Досмағамбетовке операция шілденің 2-і күні Алматыдағы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында жасалған. Азаттық тілшісі шілденің 3-і күні институт ауруханасына жеткенде Мақсат бес адамдық палатадағы төсекте беті таңулы күйі жатыр екен. Палатада оның көңілін сұрауға арнайы рұқсат алып кірген және бірнеше жақыны мен қолдаушысы отырды.

«ОПЕРАЦИЯ ЖАҚСЫ ӨТТІ»

Тілшінің халын сұрап, дертті болуының түрмедегі күтімге қатысы бар-жоғы туралы сауалына Мақсат: «Операция жақсы өтті, жараны алды. Көп сөйлесем шаршап қалам» деп қана жауап берді.

2011 жылы жергілікті мұнайшылардың ереуілін полиция күшпен таратқан қанды «Жаңаөзен оқиғасына» қатысты сотталғандардың құқығын қорғап жүрген белсенділердің бірі Ғалым Ағелеуов Азаттыққа Мақсат Досмағамбетовтің бет сүйегіне операция жасағанын айтты.

Ғалым Ағелеуов, қоғамдық белсенді.

Ғалым Ағелеуов, қоғамдық белсенді.

​«Мақсаттың бетіне операция жасады. Әлі 10 күн жатады. Бірақ нақты диагноз қойған жоқ. Бетіне жара шығып, сүйегіне өтіп кеткен. Сол жараны алып тастады. Жараның қайдан пайда болғанын алдағы уақытта дәрігерлер анықтайды» дейді ол.

Мақсат Досмағамбетовтың анасы Оңайгүл Досмағамбетова Азаттық тілшісіне ұлының операциядан кейінгі жағдайы жақсы екенін айтты.

«Ақтауда Мақсаттың бетіне жара шығып, операция жасату үшін Алматыға жіберді. Операция жасаған күні барып, ауруханада жүрдім. Қазір жағдайы жақсы. Дәрігерлер әлі емдейміз деп отыр» дейді Мақсаттың анасы.

Оңайгүл Досмағамбетова осыған дейінде Азаттыққа түрмедегі ұлы Мақсаттың «денсаулығы мәз емес» деп бірнеше рет хабарлаған еді.

Мақсат Досмағамбетовтің Алматыдағы емдеуші дәрігері Саттар Әділов Азаттық тілшісіне операцияның сәтті өткенін және науқастың бүгін оянғанын айтты.

«ДЕНСАУЛЫҚ ЖАЙЫ КӨП АЙТЫЛМАЙДЫ»

Қоғамдық белсенді Ғалым Ағелеуов «Жаңаөзен ісі» бойынша сотталғандардың денсаулығына қатысты ақпарат құпия ұсталатынына алаңдаулы.

«Жаңаөзен оқиғасынан кейін сотталғандардың түрмедегі денсаулығы жайлы көп айтылмайды. Түрме әкімшілігі «барлығының денсаулығы жақсы» деп айтады. Бірақ Мақсат Досмағамбетовтің дәл осындай қатты ауырғанын Алматыға келген кезде білдім. Роза Төлетаеваның («Жаңаөзен ісі» бойынша сотталғандардың бірі – ред.) денсаулығының нашарлағанын да біз туысқандарынан естідік. Қалған сотталғандардың денсаулығы жайлы нақты дерек білмейміз» дейді белсенді.

"Жаңаөзен ісі" бойынша қылмыстық жазаға тартылғандар сот залында. Ақтау, 4 маусым 2012 жыл

"Жаңаөзен ісі" бойынша қылмыстық жазаға тартылғандар сот залында. Ақтау, 4 маусым 2012 жыл

32 жастағы Мақсат Досмағамбетов – 2011 жылғы «Жаңаөзен оқиғасынан» соң жауапқа тартылған 37 адамның бірі, үш баланың әкесі. Ол 2012 жылы Ақтау сотының үкімімен «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырған» деген айыппен 6 жылға бас бостандығынан айырылған. Мақсат Досмағамбетов алдымен Оралдағы түрмеге қамалып, кейін Ақтаудағы қоныстандыру колониясына ауыстырылған. Ол - «Жаңаөзен ісі» бойынша ең қатаң жаза кесіліп, бүгінге дейін мерзімі қысқармай келген үш адамның бірі, 2017 жылы босап шығуы тиіс.

Мақсаттың інісі Қайрат Досмағамбетов «Жаңаөзен оқиғасы» кезінде оқ тиіп жараланып, мүгедек болып қалған. Анасы Оңайгүл Досмағамбетованың айтуынша, Қайратқа жыл сайын бірнеше рет күрделі операция жасау керек. Ол Мақсаттың емі аяқтала Ақтауға апарғасын, Қайратты Алматыға кезекті операцияға алып келетінін айтты.

Ағайынды Қайрат пен Мақсаттан бөлек Жаңаөзен оқиғасына қатысты сотталған Роза Төлетаева да денсаулығының нашарлағанына қатысты бірнеше рет шағымданған.

2011 жылғы желтоқсанның 16-сы күні Жаңаөзен қаласында қарулы полиция ереуілдеуші мұнайшыларға оқ атып, 16 адам өліп, жүзден астам адам жараланған еді. Осы оқиғаға байланысты 37 адам «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру», «ұрлау» және «тонау» баптары бойынша айыпталып, 2012 жылғы маусымда олардың 13-і 3-7 жыл аралығындағы түрлі түрме жазасына кесілген. Қалған 21 адам шартты жазаға кесіліп, үшеуі ақталған болатын. Сотталғандардың барлығы өздеріне тағылған айыптарды мойындамаған.

Түрме жазасына кесілген 13 адамның 8-і қазір бостандықта. «Жаңаөзен ісі» бойынша сотталғандардың бесеуі – әлі қамауда. Бұлар – Мақсат Досмағамбетов, Нарын Жарылғасынов, Қанат Жүсіпбаев, Роза Төлетаева мен Шабдал Өткелов.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG