Accessibility links

Жаңаөзен туралы жаңа деректі фильм көрсетілді


Ғалым Ағелеуов, азаматтық белсенді. Алматы, 18 желтоқсан 2013 жыл.

Ғалым Ағелеуов, азаматтық белсенді. Алматы, 18 желтоқсан 2013 жыл.

Бүгін Алматыда «Жаңаөзен күнделігі» атты деректі фильм көрсетілді. Премьераның соңы 2011 жылы Жаңаөзенде болған оқиғаның себеп-салдарын талқылауға ұласты.

Желтоқсанның 18-і күні Алматыдағы қазақстандық Халықаралық адам құқықтары бюросының кеңсесінде ұйымдастырылған «Жаңаөзен күнделігі» атты деректі фильмнің премьерасына он шақты адам ғана келді. Көрермендердің басым бөлігі Жаңаөзен оқиғасының басы-қасында жүрген құқыққорғаушылар мен азаматтық белсенділер болып шықты. Фильмнің көрсетілімі белгіленген уақыттан 40 минут кешігіп басталды. Ұйымдастырушылар қанша күткенімен көрермен саны көбеймеді.

«СҰХБАТТАН БАС ТАРТҚАНДАР КӨП БОЛДЫ»

40 минуттан сәл асатын «Жаңаөзен күнделігі» фильмінде 2011 жылғы мұнайшылар ереуілі мен ереуілшілердің соңғы екі жылда қандай ахуалды бастан кешкендері бейнеленген. Жеті айға созылған ереуілдің сипаты, оның ушығуы мен Жаңаөзен алаңында болған қақтығыс пен сот процестері түгел қамтылған. Фильм авторы – құқық қорғаушы, «Либерти» қоғамдық қорының жетекшісі Ғалым Ағелеуов. Ол – жаңаөзендік мұнайшылармен трагедияға дейін, қақтығыс кезінде және оқиғадан кейін де үзбей хабарласып келген аз ғана қазақстандық белсендінің бірі.
Фильмнің өзегі – Жаңаөзен оқиғасына тікелей және жанама түрде куә болғандардың туыстарының сұхбаттары.

- Фильмнің өзегі – Жаңаөзен оқиғасына тікелей және жанама түрде куә болғандардың туыстарының сұхбаттары. Сұхбатқа келіскендерден гөрі одан бас тартқандар көп болды. Бұл үшін оларды айыптаудың қажеті жоқ шығар, себебі Жаңаөзенде әлі үрей басым. Сол күні (16.12.2011 жыл – ред.) оққа ұшқандардың арасында ереуілшілер де, кездейсоқ алаңнан өтіп бара жатқан адамдар да болды. Жазықсыз айыпталып, сотталып кеткендер қаншама, - деді Ғалым Ағелеуов Азаттыққа.

Деректі фильмде сұхбат беруге келіскен мұнайшылар мен олардың жақындары қанды қырғынды, құқық қорғау органдарының қудалау мен жазалау әрекеттерін еске алады. Полицияның қолына түсіп тергелдік деп мәлімдеген фильм кейіпкерлері ұрып-соғу мен азаптау жайлы баяндайды. Фильм соңында автор, әрі жүргізуші Ғалым Ағелеуов жаңаөзендіктерден «Әділдік орнай ма?» деп сұрайды, барлығы бір ауыздан «жоқ, әділдікке сенбеймін» деп жауап береді.

«Жаңаөзен күнделігі» деректі фильмінің премьерасы:



«ҚАТЫГЕЗДІГІ ҚАЙРАН ҚАЛДЫРАДЫ»

Деректі фильмнің премьерасынын соң құқыққорғаушылар мен азаматтық белсенділер Жаңаөзен оқиғасына қатысты өз ойларын ортаға салып, пікір алмасты. Олардың кейбірі Жаңаөзен оқиғасы кезінде қаза тауып, жарақат алғандардың саны шынымен қанша екені әлі күнге дейін белгісіз деп ойлайды.

- Жаңаөзенде ресми дерек бойынша 16 адам қаза тауып, жүздеген адам жараланған. Алайда жаңаөзендіктер сотына қатысқан ресейлік «Новая газета» басылымының тілшісі Елена Костюченко қаза болғандардың саны 60-тан асатынын айтқан. Бұл мәліметті растауға әрине мүмкіндік жоқ. Дегенмен, «танысымның туысы немесе көршімнің жақыны өліпті» деген жаңаөзендіктердің әңгімесі бұл санды растай алады. Бұдан бөлек, оқ тисе де үйден шығудан қорқып, үйінде емделіп, мүгедек болғандар қаншама, - деді азаматтық белсенді Дмитрий Щелоков.
Ринат Кибраев - азаматтық белсенді. Алматы, 18 желтоқсан 2013 жыл.

Ринат Кибраев - азаматтық белсенді. Алматы, 18 желтоқсан 2013 жыл.


Құқыққорғаушы Роза Ақылбекова, өткен екі жыл ішінде жаңаөзендік балалардың зақымданған психологиясы туралы еш сөз болмағанына қынжылады.

- Соғыс пен атыс-шабыстың не екенін тек теледидардан көретін біз үшін Жаңаөзендегі оқиға – үлкен шок. Ал көз алдында оқ атылып, қанға толған алаңды көріп, жараланған туған-туыстарын көрген балалардың психикалық жағдайы қандай? Бұл туралы осы екі жылда ешкім ешнәрсе айтпады, - деді құқық қорғаушы.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде демонстранттарға оқ атылмағанын еске алған азаматтық белсенді Ринат Кибраев жаңаөзендіктердің ереуілін басу тәсіліне шошына қарайды.

- Мені қазақстандық құқық қорғау органдарының, полиция, прокурорлардың өз халқына деген қатыгездігі таңқалдырды. Мұны – ағайындылардың бір-бірін өлтіретін соғысы деуге де болады, - деді ол.

Құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуовтің «Жаңаөзен күнделігі» атты деректі фильмін әзірше тек YouTube әлеуметтік порталынан көруге болады.

2011 жылғы желтоқсанның 16-сында Жаңаөзенде мұнайшылар ереуілін полиция оқ ату арқылы күшпен таратып, 16 адам қаза тапқан еді. Жаңаөзен оқиғасы тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ірі трагедиялық оқиғалардың біріне айналды.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG