Accessibility links

«Бейнетаспаға түскен мұнайшыларды тергеп жатыр» дейді жаңаөзендіктер


Жаңаөзенде «16 желтоқсандағы оқиғаға қатысы бар» деген күдіктілерді әлі іздестіріп жатыр. Қамалған азаматтардың туған-туыстары олардың жағдайын біле алмай отырғандарын айтып шағымданады.


«Жаңаөзен қаласында жаппай тәртіпсіздікке қатысы бар» деген айыппен қамауға алынған адамдардың жақындары олармен кездесе алмай жүр.

«Мұнайшыларды үйлерінен ешбір арнайы шақыртусыз ұстап әкетіп, хабарсыз жауып жатыр» дейді тұрғындар.

«БІЗДІ КЕЗДЕСТІРМЕЙДІ»

Жаңаөзендегі мұнайшылардың отбасы қаладағы қазіргі жағдайды 1937 жылғы қуғын-сүргінмен салыстырады. Өздерінің артық сөз айтудан қорқатындарын жасырмайды.

32 жастағы Жарас Бесмағамбетовтің жақын туыстары оны 26 желтоқсанда үйден алып кеткеннен бері көре алмай отыр екен. Жарастың жұбайы да білетінін айтудан бас тартты.

- Расымен айтсақ, ата-енем уайымнан әзер отыр. Жарасты үйден келіп алып кетті. Келген полицейдің қолында қағазы да болған жоқ шақырту жөніндегі. Өзімен кездестірмейді. Жағдайын сұрасақ, «бәрі жақсы, кіргізе алмаймыз» дегенді айтады. Бұдан артық ештеме айта алмаймын, - деді ол.

Жарас Бесмағамбетовтың туыстары оның алдымен 72 сағатқа, кейін 2 айға қамалғанын ғана айтты.

- Бар айтатындары - «ол бейнетаспаға түсіп қалған», - дейді Жарастың жұбайы.

«ҚАМАУДАҒЫ МАҚСАТ ДОСМАҒАМБЕТОВТЫҢ ЖАҒДАЙЫ НАШАР»

Енді бір мұнайшы Мақсұт Досмағамбетов 20 желтоқсанда қамауға алынған екен. Оның аты-жөнін Жаңаөзенге барғанда полиция ғимаратының қабырғадағы тізімнен көргенбіз. Содан бері туыстары Мақсаттан хабар-ошар ала алмай отыр.

- Біздің естуімізше, алдымен желтоқсанның 19-ы күні Мақсат жоқта үйінің есігін бұзып ашып кірген құқық қорғау органы қызметкерлері оның кішкентай сәбилерін автоматпен қорқытып, жұбайын жауаптауға алып кеткен. Оны 5 сағат ұстаған соң жіберген. Ертесінде Мақсат не үшін өзін іздегенін білуге барғанда оны бірден қамауға алған, - деді аты-жөнін айтуды қаламаған жаңаөзендік тұрғындардың бірі.

Оның айтуынша, Мақсат Досмағамбетовтың денсаулығы нашар.

- Ауыр соққыдан Мақсаттың бөтегесі жыртылғаны туралы естиміз. Халін білуге барған туыстарын кіргізбей, дәрігерлік көмек беріп жатқандарын айтқан, - дейді ол.

30 жастағы Мақсат Досмағамбетовтың үш баласы бар. Үлкені әлі төртке толмаған, кенжесі - 9 айлық. Мақсатқа да, қамауға алынған басқа мұнайшылар тәрізді, қылмыстық кодекстің 241-бабы бойынша «жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан» деген айып тағылыпты. Ол да - жеті айдан бері еңбек жағдайын жақсартып, жалақысын өсіруді талап етіп алаңда отырған мұнайшылардың бірі.

- «Мақсат Досмағамбетов бейнетаспаға түсті» дегенді айтады. Түссе түскен болар, бірақ біз оның төбелесіп, қиратып жатқанын көргеніміз жоқ, - дейді оның әріптестері.

ЖЕРЛЕУГЕ РҰҚСАТ ЖОҚ

Азаттық тілшісіне хабарласқан жаңөзендіктердің енді бірі қаладағы билік ресми жария еткен 16 марқұмның бірен-саранын болмаса, қалғандарын салт-дәстүрге сай жерлеуге де рұқсат бермей отырғанын айтты.

- Жаңөзенде ежелгі қазақи салт жақсы сақталған. Мүрдені қаралы ағаш үй тігіп, бірнеше күн аңырап жоқтау айтып шығарып салады. Ол үйге бас сұғып, көңіл білдірмейтін адам болмайды. Қала болып жабылып шығарып салатын еді. Бұл жолы кім-кімді қалай, қайтіп жерлеп жатқандары білінбейді. Тігілген ағаш үйлер де жоқ, - деді ол.

Жаңаөзен тұрғындары айтқан мәліметтерге қатысты арнайы орындардан ақпарат алу ең қиын шаруаға айналды.

Азаттық тілшісі Жаңаөзендегі бүгінгі жағдай жайлы, «бейнетаспаға түскен адамдардың бәрі тергеліп жатыр» деген хабар туралы прокуратурадан да ешбір мәлімет біле алмады. Өйткені Жаңаөзен қалалық прокуратурасында қала прокуроры Марат Тойжан бастаған жиналыс екінші аптаға созылды – әлі бітер емес.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG