Accessibility links

Теңгедегі асқа полицияға шақырылғандар қатыса алмады


 Жаңаөзен оқиғасы құрбандарына берілген асқа келгендер зират басында құран бағыштап отыр. Теңге ауылы, Маңғыстау облысы. 14 желтоқсан 2013 жыл.

Жаңаөзен оқиғасы құрбандарына берілген асқа келгендер зират басында құран бағыштап отыр. Теңге ауылы, Маңғыстау облысы. 14 желтоқсан 2013 жыл.

Маңғыстаудағы Теңге ауылында Жаңаөзен құрбандарына ас беріліп, қатым түсірілді. Жаңаөзен полициясы ас қарсаңында кейбір адамдарды бірнеше сағат ұстағаны туралы ақпаратты жоққа шығарады.

14 желтоқсан күні Маңғыстау облысындағы Теңге әулие басында 2011 жылы желтоқсанда Жаңаөзен қаласында болған қанды оқиға құрбандарына ас беріліп, құран бағышталды.

ЖАН ЖАРАСЫ

Жаңаөзен қаласынан 12 шақырым жердегі Теңге ауылындағы асқа 2011 жылы желтоқсанда Жаңаөзенде құрбан болғандардың туған-туыстары, оқиғадан зардап шеккендер, «Өзенмұнайгаз» кәсіпорны жұмысшылары, Жаңаөзен қаласының әкімі Серікбай Тұрымов пен «Өзенмұнайгаз» кәсіпорнының бас директоры Мақсат Ибағаров, сонымен бірге осы шараға Ақтаудан, Алматыдан, Оралдан арнайы келген қоғам өкілдері қатысты.

Осыдан екі жыл бұрын Жаңаөзенде оққа ұшқан 16 жастағы Рахат Көшеровтың анасы Алтын Көшерова ас қазақ салтымен ұлына жоқтау айтты. Жалғыз ұлынан айрылған соң өзіне өмір сүрудің мәнісі қалмағанын айтып егілген ананың жыры асқа қатысқандардың көзіне жас алғызды. Денсаулығы дымкәс Алтын Көшерова жоқтау айтып отырып, талықсып кетті.

2011 жылғы 16 желтоқсанда Жаңаөзендегі оқиғада оқ тиіп жараланған Нұрлыбек Нұрғалиев. Жаңаөзен. 7 желтоқсан, 2013 жыл.

2011 жылғы 16 желтоқсанда Жаңаөзендегі оқиғада оқ тиіп жараланған Нұрлыбек Нұрғалиев. Жаңаөзен. 7 желтоқсан, 2013 жыл.

Теңгедегі асқа қатысушылардың арасында 2011 жылы 16 желтоқсанда Жаңаөзенде көкірегінен оқ тиіп жараланған Нұрлыбек Нұрғалиев болды.

– Оқиғаның екі жылдығында құрбандарға садақа (Маңғыстау аймағында асты осылай атайды – ред.) беру қалай болар екен деген дүдәмал ой болғаны рас, бірақ жұртшылық бірауыздан қолдады. Мұнайшылар да, кәсіпорыннан да, жекелеген азаматтар ұйымдастыруға атсалысты. Бұл – оқиға құрбандары халықтың есінде екенін білдірсе керек, - деді Нұрғалиев Азаттық тілшісіне.

Жаңаөзен оқиғасы кезінде ауыр жараланып мүгедек болып қалған Дүйсенбек Нұрымов та Теңгедегі асқа қатысты.

- Жаңаөзен оқиғасы тәнімді ғана емес, жанымды да мәңгі жаралап кетті, мен оны ешуақытта ұмытпаймын, - деді ол.

ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНДЕ ҰСТАУ

Теңгедегі асқа келгендердің кейбірі Азаттық тілшісіне кешеден бері Жаңаөзен полициясы бірнеше адамды шақырып, ішкі істер бөлімінен бірнеше сағат шығармай ұстағанын жеткізді. Өз аты-жөнін айтпауды өтінген тұрғындардың сөзінше, полиция бөлімінде отырғандардың арасында 2011 жылғы оқиға бойынша кейін тергеуде болған, сотталған кейбір адамдар да бар.

2011 жылы 16 желтоқсанда полиция осы алаңда тұрған халыққа оқ атқан еді. Жаңаөзен. 7 желтоқсан 2013 жыл.

2011 жылы 16 желтоқсанда полиция осы алаңда тұрған халыққа оқ атқан еді. Жаңаөзен. 7 желтоқсан 2013 жыл.

Азаттық тілшісі бұл жайтты Жаңаөзен полиция басшылығынан сұраған еді.

– Негізі заң бойынша біз үш сағаттан артық ешкімді ұстай алмаймыз. Шартты жазамен босатылғандар дейсіз бе? Олармен қылмыстық-атқару комитеті департаментінің адамдары айналысады, кейде профилактикалық мақсатпен адамдарды алып келіп, әңгімелер өткізіледі. Бірақ, ешкімді күні бойы ұстаған емеспіз, – деп жауап берді Жаңаөзен полициясының бастығы Ардақ Исмайылов.

Бірақ Азаттық тілшісі әңгімелескен Сисен Әспентаев сенбі күні полиция бөлімінде бірнеше сағат болып шыққанын, онда тағы бірнеше адам отырғаны туралы айтты.

– Полиция кеше, 13 желтоқсанда сағат түскі үштен кешкі сегізге дейін ұстады. Сосын бүгін тағы да 12-ге шақырып, міне, сағат үштен кеткенде ғана босатты, мен шыққанда онда тағы төрт адам қалған, - деді ол.

2011 жылғы желтоқсанның 16-сы күні Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында бірнеше айға созылған мұнайшылар ереуілі күшпен басылып, полицияның қолынан 16 адам қаза тапқан еді. Ертеңінде жаңаөзендіктерді қолдап осы облыстағы Шетпе стансасының тұрғындары темір жолды бөгемек болған. Шетпедегі толқу кезінде тағы бір адам оққа ұшқан.

2011 жылғы 16 желтоқсандағы Жаңаөзен оқиғасы туралы видео:


Жаңаөзендегі «ӨзенМұнайГаз» компаниясының жұмысшылары жалақыларын көбейтіп, әлеуметтік жеңілдіктер беруді талап етіп келген. «Жаңаөзен ісі» бойынша «өкілетін асыра пайдаланды» деген айыппен жергілікті абақты басшысы, бірнеше полицей, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары, Жаңаөзен қаласы әкімі, мұнай компаниясы менеджерлері және оппозиция өкілі де сотталды.

Жаңаөзен оқиғасына қатысты «айыпты» деп танылған мұнайшыларға 2012 жылғы маусымның 4-і күні үкім шықты. 37 мұнайшының үшеуі толық ақталып, бесеуі рақымшылыққа ілінді, 16 сотталушыға шартты жаза кесілсе, 13 адам түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Халықаралық және жергілікті адам құқықтарын қорғау ұйымдары Қазақстан үкіметін Жаңаөзен оқиғасына қатысты айыптап мәлімдеме жасады және тәуелсіз тексеру жасауға шақырды. Бірқатар құқық қорғаушылар мен адвокаттар осы оқиғаға қатысты тергеліп, қамалғандардың азапталғаны және ұрып-соғылғаны туралы шағым түсірген. Алайда Астана үкіметтік комиссияның жасаған қорытындысын ғана қабыл етіп, оқиғаның себеп-салдарын тәуелсіз тексеру туралы талап-тілектерді жауапсыз қалдырып келеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG