Accessibility links

Кабельдік TV операторлары Жаңаөзен туралы хабарға қатысы жоғын айтады


Теледидар көріп отырған тұрғын. Алматы, 12 қаңтар 2012 жыл.
Теледидар көріп отырған тұрғын. Алматы, 12 қаңтар 2012 жыл.

Ресейлік REN TV («Рен ТВ») телеарнасы дайындаған «Репортерские истории» бағдарламасының соңғы саны Жаңаөзендегі оқиғаға арналды. Алайда спутник арқылы тарайтын телеарнаның бұл репортажын қазақстандық кейбір тұрғындар көре алмады.


«Репортерские истории» хабары бағдарлама бойынша 2012 жылы қаңтардың 29-ы, жексенбі күні Астана уақытымен күндізгі сағат 4-те көрсетілуі тиіс еді. Бірақ ID TV қызметін тұтынатын көрермендер хабар көрсетілуі тиіс уақытта оның орнына көркем фильм қойылғанын айтады.

Бұл репортажды Азаттық радиосының тілшісі де (Digital TV телехабар тарату қызметінің абоненті) көре алмады.

«ЖОҒАЛҒАН» БАҒДАРЛАМА

Жексенбіден бері интернетте де осы мәселе талқыланып, түрлі пікірлер жазылып жатты. Азаттық радиосы сайтында оқырмандардың бірі:

– 29 қаңтар күні Москва уақытымен 14-00 де РЕН ТВ берген «Репортерские истории» деген бағдарламаны тауып осы жерден көруге мүмкіндік берсеңіздер екен. Біраз жерді шарлап таба алмай қойдым, барлық сайттарға тосқауыл қойып тастаған сияқты. Тауып жатсаңыздар, жария қылыңыздаршы. Рахмет! – деп жазады.

Ал қаңтардың 30-ы күні Facebook әлеуметтік желісінде осыған байланысты шағын сауалнама ұйымдастырылып, қолданушылар өз пікірлерін айтқан. Мысалы, Galim Akulbekov есімді азамат:

– Рен ТВ-ді ылғи шатастырады. Әр каналдар әрқалай таратады. Қазақтелекомның ID TV-і көрсетпей қойды. Тек заңнамаға сәйкес келмейтіні туралы жазба шығып тұрды, – деп жазды.

Ал Tim Bolat-uly есімді интернет қолданушы бұл хабарды «кабельдік «Алма ТВ» арқылы көргенін» жазды.

«ТҰРҒЫНДАРДАН ЕШҚАНДАЙ ШАҒЫМ ТҮСКЕН ЖОҚ»

Мәселенің мәнін білмек болып, әуелі ресейлік REN TV арнасына хабарластық. Олар «бағдарламаның уақытында шыққанын, қаңтардың 29-ы күні Қазақстан тұрғындарынан шағым түспегенін» айтты.

Ал ID TV құрылтайшысы – «Қазақтелеком» компаниясының қоғаммен байланыс жөніндегі бөлімнің жетекшісі Юля Исакова REN TV телеарнасының хабарына байланысты ақпаратты жоққа шығарды.

– Бұл – жалған ақпарат. REN TV арнасы ID TV-дің базалық пакетінде бар. Егер қандай да бір профилактикалық жағдайлар болып жатса, онда абоненттерге алдын-ала ескертіліп айтылады, – деді Юля Исакова.

Бұдан кейін Digital TV компаниясына хабарластық. Телефон арқылы абоненттердің сұрақтарына жауап беріп отырған қызметкер «тұрғындардан ешқандай шағым түспегенін, REN TV арнасының қалыпты бағытта таратылып жатқанын» айтты.

Операторлардың барлығы да өздері тарататын телеарналардың бағдарламаларына тосқауыл қойып, тоқтатуға құқықтары жоқ екенін, «мұндай жағдай оператор мен телеарна арасындағы келісім-шартта көрсетілмегенін» айтты.

REN TV телеарнасының Жаңаөзен туралы хабары

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG