Accessibility links

Жаңаөзенде жараланған жігіт аурухана кезіп жүр


Қайрат Досмағамбетов урологиялық емханада отыр. Алматы, 17 қазан 2013 жыл.

Қайрат Досмағамбетов урологиялық емханада отыр. Алматы, 17 қазан 2013 жыл.

2011 жылы 17 желтоқсанда Жаңаөзенде оқ тиген Қайрат Досмағамбетовтың жарақаты мен ауруханада жұқтырған дерттен емделгеніне екі жылдай болды.

Қайрат Алматыда тағы төрт операция жасатуы тиіс. Анасы екеуі «мемлекеттен енді қайыр жоқ» деп, халықтан көмек сұрамақ.

Жеті ай бойы ереуіл өткен Жаңаөзен қаласында ондаған-жүздеген шаңырақ 2011 жылы желтоқсанда - ресми мереке күні қасіретке тап болды. Билік сол жылдың көктемінен бастап ереуілге шыққан мұнайшылар шеруіне қарсы оқ атуға желтоқсанның 17-сі күні бұйрық берді. Ондаған адам оққа ұшып, полиция таяғының астында қалды. Полиция бөліміне апарылғандардың көбі кейін «азаптады, адамшылыққа жат қатыгездікке ұшырадық» деп шағымданды.

Сол күні Досмағамбетовтер отбасының екі бірдей азаматы бәлеге ұшырады. 28 жастағы Қайратқа оқ тиіп, аурухана жағалап жүргеніне екі жылдай болды. 31 жастағы ағасы Мақсат «жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырған» деген айыппен алты жылға сотталып кетті. Екеуінің анасы, 12 бала тәрбиелеген Оңайгүл Досмағамбетова қазір ауыр науқас баласы Қайратқа күтім жасап, оны емдету үшін қала-қаланы кезуге мәжбүр.

- 2011 жылы желтоқсанда қақтығыс болған күні ағамның үйіне бара жатқан жолда, Жаңаөзендегі алаңға таяу маңда жамбасыма оқ тиіп, есімді ауруханада бір-ақ жидым, - дейді Қайрат Досмағамбетов.

Ақтау қаласында 2012 жылдың қаңтарында - Жаңаөзен оқиғасынан кейін бір ай өткенде түсірілген видеожазба:

Қайрат өзі сияқты кездейсоқ жарақаттанған жаңаөзендіктермен бірге кейінірек мемлекеттен 500 мың теңге өтемақы алған. Бірақ бұл ақша алғашқы емделуге ғана жеткен. Анасының айтуынша, ұзақ емделіп, енді сауығып келе жатқан баласына Жаңаөзендегі ауруханада дұрыс укол салмай, инфекция жұқтырған.

Қазір олар медициналық квота алып Алматыға емделуге келіпті. Бірақ Алматыда "бұл квота арқылы Жаңаөзен ауруханасында ғана емделуге болады" деген. Енді Қайрат Досмағамбетов инфекцияның зардабынан емделу үшін Алматыдағы урологиялық клиниканың ақылы бөлімінде жатуға мәжбүр.

Алматы дәрігерлері Қайраттың инфекциясын емдеп жазғанымен, денсаулығына қатты зардап келгенін айтады. Анасының айтуынша, Қайрат тағы төрт операция жасатуы тиіс. Емделу үшін тағы 500 мың теңгедей ақша керек. Алматыда туыс-туғандары жоқ олар «мемлекеттен енді қайыр күтпейміз» деп, қарапайым адамдардан көмек сұрамақшы.

Қайрат Досмағамбетовтың анасы Оңайгүл Досмағамбетова. Алматы, 17 қазан 2013 жыл.

Қайрат Досмағамбетовтың анасы Оңайгүл Досмағамбетова. Алматы, 17 қазан 2013 жыл.

Азаттық тілшісінің «Түрмеде отырған ағаңыздың денсаулығы қалай?» деген сұрағына Қайрат «мүлде хабарымыз жоқ, онымен хабарластырмайды» деп жауап берді.

- Мақсаттың денсаулығы Жаңаөзен оқиғасына дейін де мәз емес еді. Қазір түрмеде не халде жатқанын да білмеймін. Әйелі мен үш баласы Жаңаөзенде тұрады, - дейді Қайрат Досмағамбетов.

Мақсат Досмағамбетовтің адвокаттары «тергеу кезінде азаптауға ұшырады» деп талап арыз бергенімен, сот бұл шағымды қанағаттандырмады. Жаңаөзен мұнайшыларының көп айға созылған ереуілінің Роза Төлетаева, Нарын Жарылғасынов, Таңатар Қалиев сияқты басқа белсенділерімен бірге Мақсат та «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға белсенді қатысқаны үшін» сотталды.

Ресми дерек бойынша, 2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні Жаңаөзен оқиғасы кезінде 16 адам қаза тауып, ондаған адам жараланған. Қақтығыс кезінде мұнайшылардың ереуілі мен орталық алаңда өткен соңғы жиынына мүлде қатысы жоқ жергілікті тұрғындар да оққа ұшты. Полицияның бес офицері шерушілерге заңсыз оқ атқаны үшін бес жылдан жеті жылға дейін сотталды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG