Accessibility links

Кісісі өлген қаралы үйлер


Жаңаөзен оқиғасы құрбандарына берілген асқа жиналған адамдар. Жаңаөзен, 9 желтоқсан 2012 жыл.

Жаңаөзен оқиғасы құрбандарына берілген асқа жиналған адамдар. Жаңаөзен, 9 желтоқсан 2012 жыл.

Жаңаөзен мен Шетпеде 2011 жылы 16-17 желтоқсанда болған оқиғаларда қаза тапқан марқұмдардың туыстары 2012 жылы желтоқсан айында қатым түсіріп, садақа берді. Олар шаңырақтарын шайқалтқан қайғыдан әлі арыла алмай отырғандарын айтады.

Былтыры мерт болған Аманбек Тұрғанбаевтың соңында қалған екі қыздың үлкені Нұржайнаның жасы қазір төртте, ал Мадина осы желтоқсанның 9-ы күні екіге толды. "Екеуі де әкелерін іздейді" дейді атасы Төрехан Тұрғанбаев.

– Аманбектің үйдегі суретін қарап айтып отырады. Әкелері көтеріп жүрген өзге балаларды көргенде «Папамыз қашан келеді, бізді қашан көтереді?» деп сұрайды. Не айтарымды білмей қаламын. Соның бәрі қатты батады бізге, – деді Төрехан Тұрғанбаев Азаттық тілшісіне.
2011 жылы желтоқсанда Жаңаөзен қаласында қаза болған Аманбек Тұрғанбаевтың әйелі Мәншүк және қызымен түскен суреті. Жеке мұрағаттағы фото.

2011 жылы желтоқсанда Жаңаөзен қаласында қаза болған Аманбек Тұрғанбаевтың әйелі Мәншүк және қызымен түскен суреті. Жеке мұрағаттағы фото.


Ол кісінің айтуынша, баласы Аманбек Тұрғанбаев Жаңаөзендегі ереуілге қатыспаған, жүргізуші болып жұмыс істеген.

Желтоқсанның 16-сы күні сағат 11.30 шамасында үйден шығып кеткен Аманбекті бір сағаттан соң үй-іші іздей бастаған, бірақ оның ұялы телефоны жауап бермеген. Бір уақытта телефон тұтқасын көтерген әйел адам «телефон иесін іздеп жүрсеңіз, тезірек ауруханаға келіңіз» деген.

– Әйелім екеуміз дереу жүгіріп жеттік. Үш қабатты аурухананың ішінде аяқ басатын жер жоқ, қызыл-жоса қан екен. Бірақ баламызды таба алмадық. Айнала толған ыңырсыған, жылаған адам, біреулері отыр, біреулері жатыр, кейбіреулері қимылсыз сұлық жатыр, өлі не тірі екені белгісіз. Зембіл жетіспейді екен, жаралыларды тасуға көмектесіп жатқанымда бағана бізбен сөйлескен әйел «балаңыз бұл жерден табылмаса, мәйітханадан қараңыздар» деді. Әйелім сыртта қалып, жүрегім аузыма тығылып мәйітханаға кірдім. Аманбек пен тағы бір жас жігіттің сүйегі сонда жатқанын көрдім. Оқ ұлымның тура екі көзінің ортасына тиіпті. Көзім қарауытып, ол жерден қалай шыққанымды біле алмай қалдым. Бұл түскі сағат бір жарым кезі болатын. Сөйтіп, айналасы екі сағаттың ішінде ұлымнан айырылып қалдым, – деп еске алды Төрехан Тұрғанбаев.
Жүрегім аузыма тығылып мәйітханаға кірдім. Аманбектің сүйегі сонда жатқанын көрдім. Оқ ұлымның тура екі көзінің ортасына тиіпті.

Ол Аманбек еңбек еткен кәсіпорын биыл келінін жұмысқа алғанын айтты.

Төрехан Тұрғанбаев баласының «қазасына кінәлілер анықталған жоқ» деп күйінеді.

– Атқан немесе аттырған адамдар табылған жоқ әлі, соған назалымын. Сол күні қарумен шыққан 97 полиция қызметкерінің тек бесеуін кінәлі етіп соттаған болды ғой. Сотқа бастан аяқ қатыстым, бірақ үкім көңілімізден шықпайтыны туралы мен де, сотқа қатысқан өзге адамдар да судья мен прокурорға айттық. Әлі де жоғары жаққа шағымданып жатырмыз, бірақ білмеймін, әділеттілік болмай тұр ғой, – дейді Төрехан Тұрғанбаев.

Былтыр желтоқсанның 16-сы күні Жаңаөзенде 27 жасында мерт болған Аманбек Тұрғанбаев - төрт баланың үлкені әрі жалғыз ұл болған.

«ҚАЙҒЫДАН АРЫЛҒАН ЖОҚПЫЗ»

Юсуповтар отбасының жалғыз баласы Радик былтыр желтоқсанның 16-сы күні, жасы 26-ға толуға бір ай қалғанда оқ тиіп қаза тапты. Марқұмның анасы Разияхан Юсупова ұлының қазасынан соң келіні немересі Әминаны алып, Дағыстандағы төркініне кетіп қалғанын айтады. Әкесі қаза болған кезде Әмина сегіз айлық екен.
2011 жылы желтоқсанда Жаңаөзенде қаза тапқан Радик Юсуповтың анасы Разияхан Юсупова. Маңғыстау облысы Теңге ауылы, 9 желтоқсан 2012 жыл.

2011 жылы желтоқсанда Жаңаөзенде қаза тапқан Радик Юсуповтың анасы Разияхан Юсупова. Маңғыстау облысы Теңге ауылы, 9 желтоқсан 2012 жыл.


– Ешқандай өзгеріс жоқ. Былтырғы 16 желтоқсан біздің шаңырақтан әлі кетпеген сияқты. Сол күнгі оқиға жалғыз баламнан ғана емес, келінім мен немеремнен де айырды мені, – дейді Разияхан.

Радиктің әкесі, Жаңаөзенде 1983 жылдан тұрып келе жатқан, мұнай саласында еңбек ететін Расул Юсупов былтыр Жаңаөзендегі мұнайшылар ереуіліне қатысқан екен. Сол кезде жұмыссыз қалған ол биыл қалада жаңадан ашылған мекемеге жұмысқа кіріпті. Жұбайы Разияхан бір кәсіпорында аспаз болып жұмыс істейді.

Ал мұнайшы мамандығы бойынша білім алған Радик бұрғышының көмекшісі болып жеті ай жұмыс істеп үлгерген екен. Оқиға болардан бір күн бұрын вахтадан келген Радик желтоқсанның 16-сы күні сағат түскі 12-ге таман шашын алғызып келуге үйден шыққан.

– Алаңда дүрбелең болып жатқаны туралы таныстарымыздан ести сала қол телефонына қоңырау шалдық. Балам келініме алаңда оқ атылып, у-шу болып жатқанын айтты. Кейін телефоны жауап бермеді. Жарты сағаттан соң алаңға қарай шықтым. Бірақ маңына да бару мүмкін емес екен, жолыққандар баламды ауруханадан, әйтпесе полициядан іздеуге кеңес берді. Бірақ сол күні кешке дейін жүріп ол мекемелерден Радикті таппадым. Тек ертеңінде кешке қайнағам баламның сүйегі мәйітханада жатқаны туралы хабар берді, – деді Разияхан Юсупова Азаттық тілшісіне.

Ата-анасының айтуынша, 25 жастағы Радик Юсуповтың ту сыртынан тиген оқ кеудесінен, жүрек тұсынан шыққан. Радиктің қанға боялған денесі Жаңаөзендегі алаң маңында жатқаны мына видеода бейнеленген.


Разияхан Юсупова «алаңда халыққа оқ атқандар жазаланған жоқ» деп санайды. Ол «түбінде әділет орнайды» деп күдер үзбей отырғанын айтты.

– Сотқа бастан аяқ қатыстым, бірақ бұл соттың шығарған шешімімен мүлде келіспеймін. Бесеуден басқа оқ атқандардың ешқайсысы жазасын алған жоқ. Ұлымызды кім атты, кімнің оғынан өлді – әлі күнге белгісіз. Он алты адамның өмірін қиғандар тиісті жазасын алады деп үміттенемін, – деді Разияхан Юсупова.

«НЕ ӨЛІ, НЕ ТІРІ ЕКЕНІ БЕЛГІСІЗ»

Былтыр желтоқсанда Жаңаөзенде қаза болғандардың туған-туыстары биыл осы айда марқұмдарға арнап құран оқытып, қатым түсірді. Ал Ұзақбаевтар отбасы молданың айтуымен садақа ғана таратты. Жаңаөзен тұрғыны Жалғасбай Ұзақбаевтың хабар-ошарсыз кеткеніне желтоқсанның 17-сі күні бір жыл болады. Әйелі Бибіажар Ұзақбаева «содан бері үй-ішіндегілер оны іздеп, ресми орындарға да, көріпкел-құмалақшыларға да талай барғанын, одан еш хабар жоқ екенін» айтты.
Жалғасбай Ұзақбаевты іздестірген хабарландыру. Жаңаөзен, 18 ақпан 2012 жыл.

Жалғасбай Ұзақбаевты іздестірген хабарландыру. Жаңаөзен, 18 ақпан 2012 жыл.


– Ресми іздеуге былтыр желтоқсанның 21-і күні, биыл мамыр айында тағы да бердім. «Әлі іздестіріп жатырмыз» дегеннен басқа ештеңе айтпайды. Екі-үш рет белгісіз адамдардың денесі табылғанын естіп барғанымызбен, олар басқа адамдар болып шықты, – деді Бибіажар Ұзақбаева.

Оның айтуынша, Жалғасбай Ұзақбаевты жоғалған күні кешке үйінен екі шақырым жердегі шағын дүкеннен темекі сатып алуға барғанын көргендер бар. Ал 2011 жылы желтоқсанның 21-і күні полиция мекемесінің алдында үш жігіт желтоқсанның 17-і күні полицияда қамауда болған кездерінде оған ұқсас адамды көргендерін айтқан.

– Олар қамаудан босап шығып, жеке куәліктерін алу үшін барып тұр екен. Өзім ала барған күйеуімнің суретін көрсеткенімде әлгі жігіттер суретке қатты ұқсайтын бір адам өздерімен бірге қамауда отырғанын айтты. «Бетін қан жауып кеткен. Үндемей төмен қарап отырды. ОМОН бәрімізді солай отырғызып қойды» деді әлгі жігіттер. Ал Жалғасбай темекі алуға шыққан күні сол дүкеннің маңында ОМОН жүргенін кейін көршілерім айтты. Мен арызымды тексеріп жатқан полицияға жаңағы жігіттерден анықтауды сұраған едім, бірақ енді сол жігіттер басқаша айтты деп отыр, – дейді Бибіажар Ұзақбаева.

Үш баланың әкесі, екі немересі бар, жасы елуден асқан Жалғасбай Ұзақбаевты әйелі «бөтен ісі, артық сөзі жоқ қарапайым шаруа адамы болатын, ереуілге қатыспаған, «Бұрғылау» мекемесінде жұмысшы болып істейтін» деп сипаттады. Отбасы төрт жыл бұрын қаладағы пәтерін сатып, Жаңаөзеннің шет жағынан жер үй салған екен.
Жоғалып кеткен Жалғасбай Ұзақбаевтың әйелі Бибіажар Ұзақбаева. Жаңаөзен, 18 ақпан 2012 жыл.

Жоғалып кеткен Жалғасбай Ұзақбаевтың әйелі Бибіажар Ұзақбаева. Жаңаөзен, 18 ақпан 2012 жыл.


– Жұмыстан соң үйдің шаруасын істеп, немерелерін ойнатып жүретін. Немерелердің үлкені - қыз, төртінші сыныпта оқиды, ал ұлдың жасы жетіде. Үйге адамдар келсе, «Атамды көрмедіңдер ме?» деп ылғи сұрайды. Енді үміт үзген жоқпыз, мүмкін табылып қалар, – дейді Бибіажар Ұзақбаева.

Оның айтуынша, Жалғасбай Ұзақбаев істеген кәсіпорын биыл оның ұлын жұмысқа алыпты. Оған дейін баласы жұмыссыз жүрген.

Азаттық радиосы Жаңаөзенде былтыр желтоқсанда болған оқиға салдарынан зардап шеккендер туралы нақтыланған ақпарат беруді сұрап, жергілікті полиция мекемелеріне ресми сауал жолдаған еді. Жаңаөзен қалалық полиция бөлімі Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментіне сілтеді, облыстық департамент екі аптада екі қайтара жолдаған сауалды жауапсыз қалдырды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG