Accessibility links

Жаңаөзен жұмысшылары талаптарын жартылай орындатты


«МұнайФилдСервис» компаниясы жұмысшылары жалақы көбейтуді талап етіп тұр. Жаңаөзен, 4 ақпан 2014 жыл.
«МұнайФилдСервис» компаниясы жұмысшылары жалақы көбейтуді талап етіп тұр. Жаңаөзен, 4 ақпан 2014 жыл.

Жаңаөзендегі «МұнайФилдСервис» компаниясы жұмысшылары жалақы көбейтуді талап етіп, ереуілге шығатындарын ескертті. Ескертуден соң компания басшысы орнынан кетіп, келіссөз басталды.

Ақпанның 4-і күні Жаңаөзендегі «МұнайФилдСервис» компаниясының 500-ге тарта жұмысшысы компания ауласына жиналып, басшылыққа жалақыны 50 пайызға көтеруді талап ететіндерін, талап орындалмаса ақпанның 10-ны күні ереуілге шығатындарын ескерткен еді.

Жұмысшылар бұдан өзге, жалақы есептеудегі 1,7 коэффициентінің қалай төленіп жатқанын түсіндіруді, жұмысшыларға медициналық-сауықтыру қызметтерін тиісті деңгейде ұйымдастыруды және компания басшысының орнынан кетуін де талап еткен. Осыдан соң жедел түрде құрамына компания мен Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі, Маңғыстау облыстық кәсіподақ комитеті өкілдері және 6 жұмысшы кірген бітімгерлік комиссиясы құрылды.

ЖАЛАҚЫ, КОЭФФИЦИЕНТ ЖӘНЕ ДЕНСАУЛЫҚ ДАУЫ

Ақпанның 4-і күні Жаңаөзенге, «МұнайФилдСервис» жұмысшыларының наразылық жиынына барған Азаттық тілшісіне бұрғышы көмекшісі Ербол Қалмұхамбетов:

- Табатын табысымыз (жалақыны айтады - ред.) - 100 мың теңге. Неге жеткізуге болады - несиеге ме, отбасын асырауға ма? - деді.

Компания кәсіподағының төрағасы Ахмет Сүйірханов жұмысшылар талабын оқып тұр. Жаңаөзен, 4 ақпан 2014 жыл.
Компания кәсіподағының төрағасы Ахмет Сүйірханов жұмысшылар талабын оқып тұр. Жаңаөзен, 4 ақпан 2014 жыл.
Ал «МұнайФилдСервис» компаниясы кәсіподағы төрағасы Ахмет Сүйірхановтың айтуынша, «төленуге тиісті 1,7 аймақтық коэффициент «жировкада» (Кім қандай себеппен қанша жалақы алатыны көрсетілетін құжатты айтады - ред.) бірде көрсетіледі, бірде мүлдем жоқ».

28 жастағы Темірхан Мәмбетовтың осы мекемеде бұрғышы көмекшісі болып еңбек еткеніне сегіз жыл болған. Ол осы уақыт ішінде бірде-бір рет емдеу-сауықтыру орталықтарына бармағанын, ондай әлеуметтік қолдаудың компанияда жоқ екенін айтып:

- Жұмысымыз өте ауыр. Жаздың ыстығы, қыстың аязы күні-түні даладамыз. Отбасылы болғаныма төрт жыл болса да балам жоқ. Дәрігер диагнозы - қатты суық өткен, - дейді.

Жұмысшылардың сөзінше, «Компания медициналық көмек көрсететін орталықпен келісім-шарт жасасқан. Бірақ ол бойынша бір жұмысшыға бес мың теңге бөлінеді. Бұл бір қаралғаннан аспайды». «МұнайФилдСервис» компаниясында 10 жыл еңбек еткен Төрехан Сувханов «мекеме табыссыз емес, бірақ санаторийде емдеу туралы өтінішімізді жылда шегеріп келеді» дейді.

- Мекеменің 1 миллиард 500 мың теңге қарызынан бір-екі айда құтылған соң, келісім-шартқа сауықтыру шараларын да қосамыз деген. Содан бері бір жарым жыл өтті, - дейді ол.

ЖҰМЫСШЫЛАРҒА ҚЫСЫМ БАР

Компания жұмысшылары Азаттық тілшісіне басшылық тарапынан репрессия бар екенін айтты. Компания ішінен тұрақты тәртіптік комиссияның құрылуы жұмысшылар наразылығын үдете түскен. Олар комиссияның қудалау құралына айналғанын айтады.

«МұнайФилдСервис» компаниясы жұмысшылары наразылық білдіріп тұр. Жаңаөзен, 4 ақпан 2014 жыл.
«МұнайФилдСервис» компаниясы жұмысшылары наразылық білдіріп тұр. Жаңаөзен, 4 ақпан 2014 жыл.
- Әр сейсенбі міндетті түрде екі-үш жұмысшыны комиссияға салады. Не разрядын төмендетеді, не жұмыстан қуады. Ауыз ашсақ, артымызға түсіп, қысым көрсетеді, - дейді аты-жөнін атамаған жұмысшы.

Жұмысшылар компания талаптарын орындамаса, ақпанның 10-ы күні ереуілге шығатындары туралы хатты Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа, еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеноваға, Қазақстан кәсіпкерлері ұлттық палатасы президиумы төрағасы Тимур Құлыбаевқа, Маңғыстаудағы құқық қорғау органдарына жолдаған.

КЕЛІССӨЗ «НӘТИЖЕСІ»

Жергілікті «Не хабар?!» газетінің мәліметіне қарағанда, ақпанның 7-сі күні бітімгерлік комиссиясының отырысы болған, комиссия шешімімен «МұнайФилдСервис» басшысы Ибрагим Жылқайдаров орнынан кеткен. Комиссия отырысынан шыққан жұмысшы Төрехан Сувханов Азаттық тілшісіне:

- Бір талап орындалып, компания басшысы орнынан кетті. Отырыста жалақыны 15 пайызға өсіруді ұсынды, келіспедік. Олар «компанияда жағдай жоқ» дегенді көлденең тартты. Біз жалақыны онда 20 пайыз өсіруді талап еттік. Нақты жауапты ақпанның 9-ы күні кешкі сағат 17-де айтатын болды, - деді Төрехан Сувханов.

Ал жалақыға қосылатын 1,7 коэффициенті туралы компания экономисі Гүлнәр Халелова «еңбек заңына сай 1,7 коэффициенті жалақының ішіне енгізілген» деп жауап берген.

БОСАҒАН БАСШЫНЫҢ УӘЖІ

«МұнайФилдСервистің» орнынан кеткен басшысы Ибрагим Жылқайдаров репрессия туралы шағымға қатысты Азаттық тілшісіне:

«МұнайФилдСервис» ЖШС бас директоры Ибрагим Жылқайдаров (оң жақта) пен Маңғыстау облыстың еңбек басқармасының бастығы Лекер Іңкәров (сол жақта) жұмысшылармен кездесіп тұр. Жаңаөзен, 4 ақпан 2014 жыл.
«МұнайФилдСервис» ЖШС бас директоры Ибрагим Жылқайдаров (оң жақта) пен Маңғыстау облыстың еңбек басқармасының бастығы Лекер Іңкәров (сол жақта) жұмысшылармен кездесіп тұр. Жаңаөзен, 4 ақпан 2014 жыл.
- Бұл компанияға мен келгеннен бастап ашықтық орын алды. Бір адамды жұмыстан шығармақ болғанда арашалап қалғаным да бар. Жігіттерге кәсіподақты тарқатып жіберсеңдер де болады, әділетсіздікке жол бермеймін дедім. Жұмысшылардың кетуімді талап ету себебі - мен оларға ыңғайсыз сауалдар қоямын. Бұл оларға ұнамайды. Ісімде объективтілік болу үшін тұрақты тәртіптік комиссия құрдым. Себебі жұмысшы жұмыс орнынан кетіп қалған жағдайлар болды, - деді.

Ақпаннның 7-сі күнгі комиссия отырысында жұмысшыларға Жаңаөзеннің іргесіндегі Кендірлі санаториіне 10 күнге жолдама берілетіні хабарланған. Ал бұған дейінгі бұл тараптағы жұмыстары туралы Ибрагим Жылқайдаров:

- Денсаулығы нашар жұмысшыларды жеңіл жұмыстарға ауыстырып отырдым. Одан өзге, мәселен, әлеуметтік көмектер бар. Бала туғанда 30 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), қаза болғанда да осы шамада, еңбек демалысына шыққанда 20 АЕК беріледі. Негізі бұл - банкрот болатын компания. Бірақ біз оны рентабельді қылуға тырысып жатырмыз. Қанағат керек жұмысшыларға, - деді.

«МұнайФилдСервис» жұмысшылары соңғы жылдары бірнеше мәрте наразылық акцияларын өткізді. Мұның алдындағы ереуілдер 2012 жылы шілде және қыркүйек айларында өткен. «МұнайФилдСервис» ұңғымаларды күрделі жөндеуден өткізу, мұнай өндірісін арттыру мақсатындағы гидравликалық жұмыстарды жүзеге асырады. 500-ге тарта жұмысшысы бар.
XS
SM
MD
LG