Accessibility links

Мұнай компаниясы топ-менеджерлерінің соты елеусіз өтті


«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» компаниясына қарасты «Өзенмұнайгаз» компаниясының өртенген ғимараты. Жаңаөзен, қаңтар, 2012 жыл.

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» компаниясына қарасты «Өзенмұнайгаз» компаниясының өртенген ғимараты. Жаңаөзен, қаңтар, 2012 жыл.

Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының соты 24 мамыр күні «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» және «Компания Мұнай Экология» компанияларының бұрынғы үш топ-менеджерін соттады. Бірақ бұл оқиға ақпарат құралдарына 26 мамырда ғана белгілі болды.

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» компаниясында қауіпсіздік техникасы, денсаулық және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі басқарушы директоры болған Серік Баймұханбетов «мемлекет қызметін атқаратын немесе соған теңестірілген тұлғаның өзіне сеніп тапсырылған ірі көлемдегі мүлікті иемденуі немесе жұмсап қоюы» деген бап бойынша айыпталған.

«ЖАЗА – ЖЕТІ-СЕГІЗ ЖЫЛҒА СОТТАУ»

Сот Серік Баймұханбетовты сегіз жылға соттап, дүние-мүлкін тәркілеуге үкім еткен.

«Компания Мұнай Экология» компаниясының бұрынғы бас директоры Думан Әріпбаев және осы компания топ-менеджерлерінің бірі Өнербек Алшымбаев та «басқаның өзіне сеніп тапсырылған ірі көлемдегі мүлкін иемденді немесе жұмсап қойды» деп айыпталған. Сот олардың әрқайсысын жеті жылға соттап, дүние-мүліктерін тәркілеуге бұйырды.

«Әлеуметтік араздық туғызды» деген айыппен Жаңаөзендегі уақытша қамау изоляторында (УҚИ) жатқан белсенді Айжангүл Әмірованың бауыры Қуаныш Әміровтің айтуынша, сотталған үш азамат бұған дейін сол изоляторда болған.

– Олардың сол жерде қамауда жатқанын, бірақ ешкіммен сөйлеспейтінін маған Айжангүл айтқан. Оларды УҚИ-ден шығарып, қарама-қарсы беттегі Жаңаөзен сотына алып бара жатқан кезде көргенмін. Сот ың-шыңсыз өтті, оған сотталушылардың туыстарынан басқа ешкім қатысқан жоқ. Ақпарат агенттіктерінің бұл сот жайлы сенбі, 26 мамырда ғана хабарлағаны содан шығар, – дейді Қуаныш Әміров.

«335 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ»

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» және «Компания Мұнай Экология» компанияларының кейбір қызметкерлері сотқа тартылғанын 2011 жылы 25 қаңтарда Жаңаөзен оқиғасы туралы мәлімдеме жасаған Қазақстанның бас прокуроры Асхат Дауылбаев айтқан еді.

Бас прокурор «жаппай тәртіпсіздіктерге ұласқан мұнайшылардың ұзақ ереуіліне және әлеуметтік шиеленістің үдеуіне жергілікті атқарушы органдар мен мұнай Жаңаөзен оқиғасы кезінде өртенген ғимарат. Жаңаөзен, 18 желтоқсан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Жаңаөзен оқиғасы кезінде өртенген ғимарат. Жаңаөзен, 18 желтоқсан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

кәсіпорындарының лауазымды тұлғаларының заңсыз әрекеттері ықпал еткенін» айтқан. «Олар қала тұрғындарының мүдделеріне қарамастан, бірнеше жылдар бойы жергілікті халық пен мұнай-газ саласындағы жұмысшыларды әлеуметтік-экономикалық қолдауға бөлінген қаражатты ұрлаған» дейді бас прокурор.

Асхат Дауылбаев үстерінен іс қозғалып, қылмыстық жауапкершілікке тартылған адамдардың қатарында «Қазмұнайгаз» барлау өндіру» акционерлік қоғамы мен «Компания Мұнай Экология» серіктестігінің басшылары, «335 миллион теңге ұрлаған» Мирошников пен Баймұханбетов бар екенін хабарлаған.

2011 жылы 16-17 желтоқсанда Жаңаөзен мен Шетпедегі болған оқиғадан, ресми есеп бойынша, 17 адам қайтыс болып, жүздеген адам жараланды.

Бұған дейін мұнайшылар бірнеше ай бойы ереуілдеп тұрған еді. Билік ереуілдің заңсыз екенін айтқан. Бірақ сол оқиғадан кейін Жаңаөзенге барған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзіне мұнайшылар жағдайы туралы толық ақпарат жетпегенін, іске мұнай компаниялары басшылары кінәлі екенін айтып, мұнай компанияларын бақылайтын «Самұрық-Қазына» ұлттық қорының төрағасы – өзінің күйеу баласы Тимур Құлыбаевты ол қызметтен алып тастаған.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG