Accessibility links

Жаңаөзенде ереуілге қатысқан тағы бір жұмысшы ауруханада қайтыс болып кетті


Ереуілге шыққан «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының жұмысшылары. Жаңаөзен, 10 наурыз 2010 жыл. Жеке мұрағаттағы сурет.

Ереуілге шыққан «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының жұмысшылары. Жаңаөзен, 10 наурыз 2010 жыл. Жеке мұрағаттағы сурет.

Жаңаөзен мұнайшыларының ереуілінде денсаулығы нашарлап, қалалық ауруханаға түскен Бұршақ Есетов сол күйі оңала алмаған. Дәрігерлер оның нақты диагнозы, өлімі төңірегінде ақпарат бермеді. Ереуіл тоқтардан бір күн бұрын Өтеміс Омаров о дүниелік болған-ды.


ДӘРІГЕР ӨЛІМ СЕБЕБІН АЙТПАЙДЫ

«Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы мұнайшыларының хабарлауынша Жаңаөзен қалалық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатқан ереуілге қатысушылардың бірі Бұршақ Есетов наурыздың 23 күні қайтыс болған.

Қалалық аурухананың жансақтау бөлімінің кезекші дәрігері Батырбек Сембаев марқұмның қандай жағдайда қайтыс болғаны туралы телефон арқылы ақпарат беруден бас тартты.

УОС-5 мекемесінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Максим Есенбаев марқұмның есін жимастан жансақтау бөлімінде асқынған асқазан жарасынан қан кетуі салдарынан көз жұмғанын айтады.
Ереуілшілер ес-түссіз құлап қалған Өтеміс Омаровқа көмек көрсетуде. Жаңаөзен, 18 наурыз 2010 жыл. Сүрет ақтаулық «Лада» газетінің www.lada.kz сайтынан алынды.


-Дәрігерлер асқазан жарасының ашылып кеткенін түсіндірді. Марқұмды жерлеу рәсімі ертең, наурыздың 25 күні өтеді. Оны жерлеуді мекеме жұмысшылары өз мойнына алып, туғандарына қолдау көрсетуде,-дейді Максим Есенбаев.

Сондай-ақ Максим Есенбаевтың айтуынша бұл өндіріс барысында болған қайғылы оқиғаға жатпайды. Оған Бұршақ Есетовтың бұрыннан келе жатқан денсаулығындағы кінәрат себеп болған.

Бұған дейін «Мұнай-газ өндіру басқармасы-3» мекемесінің операторы Естай Қарашаев та марқұмның ереуілдің үстінде наурыздың 16-сы күні отырған жерінде басы айналып құлап, дереу аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілгенін Азаттық радиосына хабарлаған еді.

Оның айтуынша марқұмның бұрыннан келе жатқан асқазан жарасы ұзақ уақытқа созылған психологиялық ахуалды көтере алмай асқынып кеткен.

-Автобекетке жиналған мұнайшылар 30 адамнан топ-топқа бөлініп, ауруханаға барып қан тапсырып, жәрдем беруге тырысқан еді. Алайда оның қаны теріс резусты сирек кездесетін 1-ші топ болғандықтан сәйкес қан тобының табылуы қиын болды ,-деп еске алады Естай Қарашаев.

ЕРЕУІЛ НӘТИЖЕСІН ЕКІ АДАМ КӨРЕ АЛМАЙ КЕТТІ

59 жасар Бұршақ Есетов - «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының бөлімшелерінің бірі УОС-5 мекемесінде моторист болып еңбек еткен. Ол наурыздың 4-інде басталып 19 -ына дейін созылған «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамының өндрістік филиалы «Өзенмұнайгаз» жұмысшыларының ереуіліне басынан бастап қатысқан еді.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін де Жаңаөзендегі мұнайшылар ереуілі үстінде тағы бір жұмысшы «Өзенмұнайэнерго» мекемесінің электригі Өтеміс Омаров қан қысымы көтеріліп, кенеттен жан тәсілім еткен болатын.
Ереуілге шыққан мұнайшыларды қолдауға жиналған пикетшілердің бір тобы Жаңаөзен қаласы, 15 наурыз 2010


Ал екі аптадан астам уақытқа созылған Жаңаөзендегі мұнайшылар ереуілі наурыздың 19-ында Маңғыстау облысы әкімі мен үкіметтік делегация өкілдері наразылық акциясына қатысушылармен кездесіп, олардың талаптарына мойынұсынғаннан кейін ғана тоқтаған-ды.

Комиссия жұмысынан кейін жұмысшылар Азаттық тілшісіне таңға дейін созылған осы комиссия барысында өздерінің әр талаптарын 1,5 сағат талқылауға салып, қанағаттанған жауап алғандарын хабарлаған.

Сонымен бірге наурыздың 10-ы күні Жаңаөзен қалалық соты «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы басшылығының шағымы бойынша, ереуілге шыққан жұмысшылардың наразылығын заңсыз деп тану туралы шешім шығарғанымен, мұнайшылар айтқандарынан қайтқан жоқ.
Жаңаөзендегі жұмысшылар ереуілін қолдаған қала халқы да бірнеше күн қатарынан пикет ұйымдастырған еді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG