Accessibility links

Жаңаөзен мұнайшылары айлыққа наразы болды


Қазақ газ өңдеу зауыты жұмысшысы Қожабай Өтетілеуов. Жаңаөзен, 12 қаңтар 2015 жыл.

Қазақ газ өңдеу зауыты жұмысшысы Қожабай Өтетілеуов. Жаңаөзен, 12 қаңтар 2015 жыл.

Жаңаөзен қаласындағы Қазақ газ өңдеу зауыты жұмысшылары еңбек жағдайы мен құқықтары қорғалмайтынын да айтып шағымданды. Зауыт басшылығы олардың сөзін теріске шығарады.

Қаңтардың 12-сі күні «ҚазМұнайГаз» барлау-өндіру акционерлік қоғамынан Жаңаөзендегі еншілес мекемесіне – Қазақ газ өңдеу зауытына арнайы комиссия келгені хабарланды. Комиссия шақыртуға зауыт жұмысшыларының «былтыр сәуірден бастап берілуі тиіс бірыңғай жалақы төлеу жүйесі де әлі енгізілмеді» деген наразылықтары себеп болған.

– Қазір үлкен жиналыс болып жатыр. Әр жұмысшыға жалақы мәселесі жеке түсіндірілетін болады, – деп хабарлады зауыт директоры Кәрім Нағманов Азаттық тілшісіне.

ЕҢБЕК ҚҰҚЫҒЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ШАҒЫМ

Қазақ газ өңдеу зауытының механигі Қожабай Өтетілеуовтің сөзінше, жалақыны жаңаша төлеу жүйесінің 2014 жылы сәуірден бастап енгізілгенін «ҚазМұнайГаз» бас директоры Абат Нұрсейітов мекеме газеті арқылы ресми түрде жария еткен.

– Тіпті осы мақсатта компанияның жалақы қорының 21 миллиард теңгеге ұлғайғаны туралы да айтты. Ал зауыт әкімшілігі бізге «жаңа жүйе 2017 жылдан бастап енеді деген еді, бірақ біз 2015 жылдың қаңтарынан енгізуге басшылықты көндіріп отырмыз» деп түсіндірді, – дейді Қожабай Өтетілеуов.

Жұмысшылардың айтуынша, «жалақының өсуі туралы ақпарат тарағалы жылға жуық уақыт өтсе де айлықта өзгеріс жоқ».​

Қазақ газ өңдеу зауытының жұмысшылары еңбек жағдайы жасалмағанын, құқықтары қорғалмайтынын айтып та наразы болды.

– Денсаулыққа байланысты тиесілі жолдама сұрасақ, кәсіподағымыздың төрағасы: «Денің сау болмаған кезде сұра» деп жауап қайтарады. «Біздің құқымыз емес пе» десек: «Қайдағы құқықты айтып отырсың» деп келеке етіп күледі, – деді жұмысшылардың бірі.

Қазақ газ өңдеу зауытының айлығын көбейтуді талап етіп, құқығымызды қорғаспады деп кәсіподақ ұйымының жұмысына наразы болған жұмысшыларының бірі – слесарь Эдмунд Бисенов.

Слесарь Эдмунд Бисенов. Жаңаөзен, 12 қаңтар 2015 жыл.

Слесарь Эдмунд Бисенов. Жаңаөзен, 12 қаңтар 2015 жыл.

– 2011 жылы Жаңаөзен оқиғасы басталғанда біз жұмысты тоқтатпадық. Себебі стратегиялық маңызды объектіде жұмыс істейтінімізді түсіндік. Осындай еңбек даулары кезінде біздің құқығымызды қолдайтын әділ, шынайы кәсіподағымыз да жоқ. Бізге жаны ашитын кәсіподақты өзіміз сайлап алғымыз келеді, – деді Эдмунд Бисенов Азаттық тілшісіне.

Зауыттағы еңбек жағдайы мен қауіпсіздігіне наразы жұмысшылар былтыр желтоқсанда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен «Нұр Отан» партиясының төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекке және бас прокуратураға хат жазғандарын, «әділетсіздіктер мен заңсыздықтарды тексеруді өтінгендерін» айтады.

– Дәл осындай арызды былтыр маусымда «ҚазМұнайГаз» бас директоры Абат Нұрсейітовке де жібергенбіз. Бірақ олар тиісті орындарға жіберіп, тексеру жүрді дегенімен ештемені ашпады, – дейді арызданушы жұмысшылардың бірі Қожабай Өтетілеуов.

«ТАЛАПТАРЫ МАҒАН БАЙЛАНЫСТЫ ЕМЕС»

Қазақ газ өңдеу зауытының директоры Кәрім Нағмановтың айтуынша,кәсіпорында бірыңғай еңбекақы төлеу жүйесін енгізудің өз реті бар

– Жаңа жалақы жүйесіне алдымен «Қазтрансойл», содан соң «Қазтрансгаз» енеді, енді біз кіреміз. Жалпы, жұмысшылар талабы маған байланысты емес, кәсіподаққа қатысты, – деді ол.

Ал зауыттың әлеуметтік департаменті бастығы әрі кәсіподақ ұйымының төрағасы Сартай Қаракүшіков жұмысшылардың «кәсіподақ құқығымызды қорғамайды» деген шағымын жоққа шығарды. Оның айтуынша, мекемедегі кәсіподақ ұйымы «жұмысшылар үшін барынша тырысып жұмыс істеп жатыр».

– Жолдама ала алмай жүргендер болса, келсін. Мен еш уақытта ешкімді жолдамасыз қалдырған жоқпын. Кәсіподақта 11 адамнан құрылған президиум бар, мәселе ортақ талқымен шешіледі, – дейді ол.

Қазақ газ өңдеу зауыты жұмысшылары. Жаңаөзен, 12 қаңтар 2015 жыл.

Қазақ газ өңдеу зауыты жұмысшылары. Жаңаөзен, 12 қаңтар 2015 жыл.

Азаттық тілшісі Қазақ газ өңдеу зауытындағы жұмысшылардың еңбек жағдайы мен қауіпсіздігіне қатысты талаптарын білмекке «ҚазМұнайГаз» барлау-өндіру компаниясына хабарласты. Компанияның баспасөз хатшысы Бағдәулет Төлегеновтің айтуынша, былтыр жаздажұмысшылардан ондай арыз келгені рас.

– Оған байланысты зауытқа тексеруге барған комиссия ешнәрсені нақтылаған жоқ. Ол туралы жұмысшыларға жауап берілген, – деді Бағдәулет Төлегенов.

Жаңөзендегі 1973 жылы іске қосылған Қазақ газ өңдеу зауытында 1200-ге жуық жұмысшы бар. Мекеме сайтындағы дерекке қарағанда, зауыт елдің біраз бөлігін сұйылтылған тұрмыстық газбен, құрғақ бензинмен, өңделген газбен қамтамасыз етеді.

Мұнай-газ саласындағы бірнеше кәсіпорыны, 120 мыңнан астам тұрғыны бар Жаңаөзен қаласында жалақыға байланысты даулардың ең ірісі 2011 жылы болған. Айлықты өсіруді талап еткен жұмысшылардың бірнеше айға созылған ереуілі 2011 жылы желтоқсанның 16-сында – Тәуелсіздік күні полиция қарусыз адамдарға оқ атып, ресми мәлімет бойынша 16 адам қаза тапқан кезде аяқталған. Кейін ол оқиғаға байланысты мұнайшылар мен саяси белсенділер, билік өкілдері мен полицейлер сотқа тартылған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG