Accessibility links

Маңғыстаудағы мұнайшылар ереуілінен репортаж


Мұнайшылар белсендісі Наталья Әжіғалиева. Жаңаөзен, 1 қыркүйек 2011 жыл.

Мұнайшылар белсендісі Наталья Әжіғалиева. Жаңаөзен, 1 қыркүйек 2011 жыл.

Жаңаөзен мен Ақтаудағы мұнайшылардың ереуілдеп жатқандарына төрт ай болды. Жұмыс берушілер ереуілшілер талабын орындаған жоқ. Еңбек дауы енді саяси сипат алып барады.


Жаңаөзенге сапарым Білім күні мерекесімен тұспа-тұс келді. Шоқ-шоқ гүл ұстаған оқушылар алғашқы қоңырауға асығып бара жатты. Ата-аналары жетектеген, бірінші сыныпқа баратын оқушылар ғана оларға қосыла алмай келеді.

«ӘЛІ ЖҮЗ КҮН ОТЫРА АЛАМЫЗ»

Күн өте ыстық еді. Термометр 40 градус ыстықты көрсетіп тұрды. Аптап желден бүкіл қала шаңға көміліп қалады. Жергілікті халық мұндай ауа-райына үйреніп алғандай, ыстықты мүлдем елемейтіндей көрінді.

Ақтау-Жаңаөзен бағытындағы маршруттық таксилер қала сыртында орналасқан автобекетке келіп, жолаушыларды түсірді. Жанымызға бірнеше ер адам жүгіріп келіп, орталыққа дейін 150 теңгеге жеткізіп тастайтындарын айтты. Көлікке отырып, такси жүргізушісіне «төрт айдан
«Өзенмұнайгаз» компаниясының ереуілші мұнайшылары. Жаңаөзен, 1 қыркүйек 2011 жыл.

бері мұнайшылар ереуілдеп жатқан қаланың орталық алаңына жеткізіңіз» дедім. Такси жүргізушісі менің кім екенімді сұрай бастады. Тілші екенімді білген соң ереуілдеп жатқан мұнайшылардың жағдайын уайымдайтын айта бастады.

– Мен адамдарға неге осылай етіп отырғанын түсінбеймін. Алаңда тәжірибелі мұнайшылар жүр. Олар өз құқықтарын талап етіп отыр. Ал оларды «жөнге салып» жатыр. Бір мұнайшыны өлтірді, тағы бір мұнайшының қызы қаланың сыртынан өлі күйі табылды. Меніңше, бұл өлімдердің бір-бірімен байланысы бар. Бұл жұмыскерлердің қарсылығына берілген жауап, – дейді Жаңаөзен қаласының тұрғыны.

Он бес минуттың ішінде мені алаңға жеткізіп салды. Бірінші қыркүйек күні мұнайшылардың ереуілдеп жатқандарына 96 күн толды. Алаңға келіп, диктофоным мен бейнекамерамды дайындайын деп орындыққа отырғанымда екі жас жігіт жаныма келіп, кім екенімді, қайдан келгенімді сұрай бастады. Түрлері суық екен, әрі маған сенімсіздікпен қарады. Қызметтік куәлігімді көрсеткен соң ғана жібіді.

– Бізге көп адамдарды барлауға әдейі жібереді. Сондықтан олардың бәрін мұқият тексереміз, – деді екеудің бірі.

Мұнайшылар мені кездестіргеннен кейін алаң ереуілшілердің толық бақылауында тұрғандай әсер етті. Бірнеше полиция қызметкерлері алыстан бақылап тұрды, жай киінген адамдар да жүрді. Бірақ олардың ешқайсысы алаңға жақындамады.

– Жүр, сені Наталья Әжіғалиевамен таныстырайын. Ол баспасөз өкілдерімен сөйлеседі, – деген мұнайшылардың бірі мені ағаштың
Ереуілші мұнайшылар. Жаңаөзен, 1 қыркүйек 2011 жыл.

көлеңкесіне қарай ертіп жүрді. Онда кілем төсеп алған мұнайшылар жатыр екен. Жалпы, шөлейт Жаңаөзенде ағаш аз. Орталық алаңнан он түп ағашты әрең табасыз. Бәрінің түбінде мұнайшылар отыр. Шақырайған күннен осылай қорғанады. Бірақ алаңның ортасында шақырайған күннің астында ондаған мұнайшы отыр. Олардан «не себепті көлеңкеге бармайсыздар?» деп сұрағанымда мұны ерегесіп істеп отырғандарын, себебі алаңның орталығы бос қалмау керектігін айтты.

– Бізге күннің ыстығы кедергі емес. Мұнай өнеркәсібінде біз бұдан да өткен аптапта жұмыс істегенбіз. Оған зиянды қалдықтарды қосыңыз. Сондықтан бұл – шыдауға болатын ыстық. Әлі жүз күн, одан да ұзақ отыра аламыз. Біз шегінбейміз, – дейді мұнайшы Қайыржан Шағырбаев.

«АҚШАМЫЗ ҚАЙДА КЕТІП ЖАТЫР?»

«Өзенмұнайгаз» кәсіпорнының жұмысшылары атынан шыққан тәуелсіз кәсіподақ жетекшісі Ақжанат Әминовті соттағаннан соң жетекшілік тізгінін Наталья Әжіғалиева қабылдап алыпты. Қажырлы, жұртқа сөзі өтетін Наталья Әжіғалиева мұнайшыларды рухтандырып, көптеген даулы шаруаларды шешкен екен. Оның ойынша, ұзаққа созылған ереуілдің шынайы себебі өзгеше.

– Біз, жұрт ойлағандай, жалақымыздың көтерілуін талап еткен жоқпыз, талап етпейміз де. Біз әділдікті талап етеміз. Себебі екі жарым жыл бойы бізді алдап келді. Үкіметтің «жоғарылаған коэффициенттерді бекіту туралы» қаулысы бар. Оған сәйкес мұнай-газ саласы жұмысшыларының жалақысы 1,8 коэффициенті бойынша есептелуі керек. Қаулы 2009 жылдың 1 қаңтарында күшіне енген. Бірақ компания ол коэффициент бойынша жалақымызды көтерген жоқ. Яғни біздің ақшамызды бір жаққа жіберіп жатыр. Себебі бұл миллиондаған қаржы. Бұған кім жауап береді? Неге ең соңында біз, қарапайым жұмысшылар кінәлі болып қаламыз? – дейді Наталья Әжіғалиева.

Мұнайшылар белсенділерінің сөздеріне қарағанда, олар жағдайларын мемлекет басшысына жеткізу үшін хат та жазған, бірақ ешкім оларға көмектесуге асықпаған. Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің әлеуметтік желілермен белсенді байланысы бар екенін ереуілшілер премьерге енді сол арқылы хабарласпақ болған. Болсын Жұмабекованың сөзіне қарағанда, ол Twitter желісінде Кәрім Мәсімовке хат жазған.

Мұнайшылар интернетті үйлерінде немесе ұялы телефон арқылы пайдаланады.

– Twitter желісін пайдалануды бізге оппозициялық партиялардың бірінен
Енді Мәсімовке Twitter-хат жазамыз. Бірақ әдеттегідей ешқандай жауап болмайды.

келген жігіттер үйретті. Олар Алматыдан келіп, бізге көп нәрсе үйретті. Енді Мәсімовке Twitter-хат жазамыз. Бірақ әдеттегідей ешқандай жауап болмайды. Себебі коэффициент туралы қаулыға қол қойған сол ғой, – дейді Болсын Жұмабекова.

Мұнайшылардың айтуынша, 40 градустық аптап ыстықта жүз күннен астам ереуілдеу, биліктің мүлдем немқұрайды қарауы жүйкелерін жұқартып барады. Әрбір болмашы нәрсе үлкен ұрыс тудырады. Кейде жұдырықтасып та қалады. «Бірақ ортақ қауіп алдында бірлігіміз шайқалмақ емес» деседі ереуілшілер.

КӨШЕРБАЕВПЕН КЕЗДЕСУ

1 қыркүйек күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Жаңаөзенге келді. Ол ереуілдеп жатқан мұнайшыларға емес, Жаңаөзенде мұнай өндірудің басталғанына 50 жыл толуына орай ұйымдастырылған салтанатқа
Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев мұнайшылармен сөйлесіп тұр. Жаңаөзен, 1 қыркүйек 2011 жыл.

қатысуға келді. Бірақ біраз ереуілшілер «Мұнайшы» мәдениет үйінің айналасына жиналып: «Көшербаев, алаңға кел! Көшербаев, халқыңды ойла!» деп айғайлап тұрып алды.

Полиция мәдениет үйінің ғимаратын қоршап алып, ереуілдеген мұнайшыларды өткізбеді. Кейбір белсенділік танытқан мұнайшыларды полиция ұстап алып, белгісіз жаққа қарай алып кетті. Жағдай осыдан кейін шиеленісе бастады. Осы сәттегі кез-келген арандатушылық қақтығысқа ұрындыруы мүмкін еді. Бір қарағанда күш тең емес, полиция ереуілшілерді тез-ақ қуып тарата алатын сияқты. Бірақ олардың көздерінен жалтақтық, үрей көрініп тұрды. Ішкі әскерлердің кейбір сарбаздары жан-жақтарына жалтақтап қарай берді. Сарбаздар көп қабатты тұрғын үйлердің көлеңкесіне жиналған жұртқа қарап тұр екен. Олар қойындарына бір нәрсе тығып тұрғандай көрінді.

Кейінірек бір жас мұнайшы ол адамдар Жаңаөзен қаласының тұрғындары екендігін айтты.

– Олар – біздің бауырларымыз, достарымыз, әріптестеріміз. Көпшілігі жұмыссыз. Олар әрқашан бізбен бірге, билік тарапынан қауіп туған кезде қашанда бізді қолдауға дайын. Алаңда мыңнан астам ереуілшілер бар. Бірақ олардың артында оң мыңдаған жаңаөзендіктер тұр, – дейді аты-жөнін айтқысы келмеген бір мұнайшы.

«Мұнайшы» мәдениет үйіндегі салтанат үш сағатқа созылды. Іс-шаралар аяқталған соң мұнайшылардың айғайын естіген Қырымбек Көшербаев олармен кездесуге барды.

Ереуілдеп жатқан мұнайшылар алдында сөйлеген Қырымбек Көшербаев жұмыстан босаған мұнайшыларға басқа компанияларға барып жұмысқа тұруды ұсынды. Әкім оларды «Өзенмұнайгаз» компаниясындағы бұрынғы жұмыс орындарына қайта орналастыруға қауқары жетпейтінін айтты.

Мұнайшылардың наразы шуы әкімнің айтқандарын естіртпеді. Сосын қолын бір сілтеген Қырымбек Көшербаев бұрылып кетіп қалды. Оның артынан: «Кет, мүлдем кет! Босат өз орныңды!» деп айқайлады
"Мұнайшы" мәдениет үйін қоршап тұрған полицейлер. Жаңаөзен, 1 қыркүйек 2011 жыл.

мұнайшылар. Қырымбек Көшербаев көлігіне мініп жатқан кезде топ ішінен бір егде әйел жүгіріп шығып, өзінің балаларын жұмысқа тұрғызуға көмек сұрай бастады. Көшербаев сол жерде оның мәселесін шешуді орынбасары Амангелді Айтқұловқа тапсырды.

Осы кезде ереуілдеп жатқан топтан бірнеше әйел шыға келіп:

– Әй, оңбаған, сен неге өзіңнің жеке шаруаңды шешіп жатсың? Бәріміздің ортақ проблемаларымыз бар. Бірақ бұл жерде бізде мақсат – ортақ. Кет бұл жерден, сатқын! – деп айқайлады.

Әлгі әйел үрейленіп, шегініп кетті. Осыдан соң алаңда жиын болды. Мұнайшылар бір-бірінен ішкі тәртіпті сақтауды қатаң талап ете бастады.

– Егер біреу-міреу өзінің жеке мәселесін шешкісі келсе, бірден кетсін бұл жерден, – деді топтан біреу айқайлап. Оны бәрі қолдап, ысқырып ала жөнелді.

– Жігіттер, Көшербаев бізге көмектеспейді. Бірақ мұнда соңына дейін отырамыз! – деді тағы біреу. Жиналғандар оны да қоштай жөнелді.

Ереуілшілердің белсендісі Қайыржан Шағырбаев ереуілшілердің арасында дау-жанжал болатынын, бірақ олардың тек ұсақ-түйек нәрсе ғана екенін айтты. Осы жиыннан кейін мен төрт ай бойы ашық аспан астындағы ереуіл мұнайшыларды тек физикалық тұрғыдан ғана қажытпаса, рухтарын мұқалта алмағанын байқадым.

Ереуілдеген мұнайшылар «билік 15 қыркүйекке дейін мәселемізді шешіп бермейтін болса, белсенді қимылға көшеміз» деседі.

– Әрқайсымыздың балаларымыз, әйелдеріміз, ата-аналарымыз және басқа да тілектестеріміз бар. Олар бізді кез-келген сәтте қолдауға дайын. Сондықтан билік пен жұмыс берушілер ойланулары керек, – дейді жас мұнайшы Сәкен Өскенов.

Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың мұнайшылармен кездескені:



ЕРЕУІЛ МҰНАЙШЫЛАР ОТБАСЫН ОЙРАНДАП ЖАТЫР

Ереуілге қатысушы Күнсұлу Отарбаева көптеген мұнайшылардың отбасыларында өздерінен басқа асыраушылары жоқ екенін айтады.

– Олардың балалары аш отыр. Кейбірінің әйелдері кетіп жатыр.
Ереуілге қатысушы Күнсұлу Отарбаева. Жаңаөзен, 1 қыркүйек 2011 жыл.

Жұмыстағы мәселе отбасына да әсер етіп отыр. Балалардың жүйкесі тозып кеткен. Бірақ мұнайшылар мақсаттары мен әділет үшін төзіп отыр, – дейді Күнсұлу Отарбаева.

Ереуілшілердің айтуларынша, балалары қаржының жоқтығынан мектепке бармаған. Жаңаөзенде «тоғыз жүзге жуық бала мектепке бармайды» деген әңгіме өріп жүр.

Қалалық білім басқармасы бұл сөзді жоқа шығарып, «балалардың барлығы мектепке барады» деді. Бөлім бастығы Ысқақ Құлытай оқушылардың мектепке келуінде ешқандай мәселе жоқтығын айтып сендірді. Ол, тіпті, өзімен бірге жүріп, қаладағы барлық 22 мектепті аралап көруге шақырды.

Президенттік «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы бастығының орынбасары Ғалым Байжанов басқа мәлімет айтады. Оның сөзіне қарағанда, 1 қыркүйектен бастап кемінде 46 оқушы мектепке бармайды екен.

– Бұл мәліметтерді маған қалалық білім басқармасы берді. Біз қазір осы балаларға жағдай жасау жағын қарастырып жатырмыз. Себебі оларда әлеуметтік мәселе бар, – деді Ғалым Байжанов.

«АУЛА СЫПЫРУШЫ ЕМЕС, МҰНАЙШЫМЫЗ»

Ғалым Байжанов ереуілдеп жатқан мұнайшыларға «Нұр Отанның» көмектесуге даяр екендігін, бірақ мұнайшылардың өздері ондай көмекті қабылдағысы келмейтінін айтты.

– Облысымызда мұнай-газ саласында 630-дан астам бос жұмыс орыны бар. Мысалы, жуықта ғана «Кезби» деп аталатын бұрғылау компаниясы бізге «250 бос жұмыс орны бар» деп ұсыныс жіберді. Бұл компания ереуілдеген мұнайшыларды жұмысқа алуға даяр, бірақ олардың өздері үзілді-кесілді бас тартып отыр. Өкінішке қарай, оларды «Өзенмұнайгаздағы» бұрынғы орындарына қайта орналастыра алмаймыз, – деді Ғалым Байжанов Азаттық радиосына берген сұхбатында.

Ереуілге қатысып жүрген мұнайшы Сапар Өскенов биліктің уәдесіне сенбейді. Ол әкім Қырымбек Көшербаевтан да, «Нұр Отаннан» да жұмыс сұрамағандарын айтты.

– Жұмыс сұраған жоқпыз. Бізге аула сыпырушы, вагон күзетшісі жұмысын ұсынады. Оның бізге қажеті қанша? Өзіміздің жұмысымыз бар, бізді жұмыстан заңсыз шығарды. Аула сыпырушы емеспіз, бұрғылаушы, мұнайшылармыз, – дейді Сапар Өскенов.

«НАТАЛЬЯ СОКОЛОВА КӨЗІМІЗДІ АШТЫ»

Ақтаудағы мұнайшылар 1 қыркүйекте «Қаражанбасмұнай» компаниясының кеңсесінде балаларымен бірге ереуіл өткізді. Ол жердегі ереуілшілер Жаңаөзендегіден әлдеқайда аз, шамамен 200-дей адам екен.
"Қаражанбасмұнай" компаниясы кеңсесі маңындағы ереуілші мұнайшылар. Ақтау, 3 қыркүйек 2011 жыл.

Жаңаөзендік мұнайшылардан ерекшелігі – күндіз ғана ереуілдейді.

Мұнайшылар қалалық білім басқармасындағылардың «балаларын мектепке жібермейтін мұнайшыларды ата-аналық құқынан айыру мақсатында сотқа береміз» деп қорқытқандарын айтты.

– Жұмысымызды, жалақымызды тартып алды. Енді балаларымызды тартып алғысы келеді. Бұл бассыздық қашан тоқтайды? – деді түңілген бір әйел.

«Қаражанбасмұнай» компаниясының жұмыстан шығарылған мұнайшылары да жаңаөзендік мұнайшыларының талабын қойып отыр. Олар талаптары орындалғанша ереуілдей беретіндіктерін айтады.

Ереуілшілер белсендісі Бақытжан Оразбеков «екі жыл бойы өздеріне тиесілі жалақыларын алдап алып қойған» компанияға наразы.

– Ақша компания жетекшісінің қалтасына түсіп кетті. Барлық жерде алдап-арбау бар. Қазір біздің орнымызға жаңа адамдарды қабылдап жатыр. Онда да пара алу арқылы. Әрбір орын шамамен екі мың доллар тұрады. Олардың қалай ақша жасайтынын өзіңіз ойлап көріңізші? – дейді Бақытжан Оразбеков.

Жұмыстан шығарылған мұнайшылардың басты талаптарының бірі – кәсіподақ жетекшісі Наталья Соколованы босату.

Ереуілшілердің айтуынша, Наталья Соколова «көздерін ашып, өздерінің заңды құқықтарын белсенді қорғауға шақырған».

– Наталья Соколова бізді жинап алды да, осы уақытқа дейін алданып келгенімізді, әділдікке жетуіміз керегін, тиісті ақшамызды қайтарып алуымыз қажет екенін айтты. Егер ол болмағанда, бізді ары қарай да алдай
«Қаражанбасмұнай» компаниясының көлік жүргізушісі Сағын Айтбаев. Ақтау, 3 қыркүйек 2011 жыл.

беретін еді, – дейді «Қаражанбасмұнай» компаниясында көлік жүргізуші болып істейтін 62 жастағы Сағын Айтбаев.

АСТАНАДАҒЫ «ҮЛКЕН АДАМДАР»

Маңғыстау облыстық әкімшілігіндегі бір шенеунік Азаттық радиосы тілшісімен болған жеке әңгімеде «ереуілдеген мұнайшылардың тасасында Астанадағы «үлкен адамдар» тұр» деген болжам айтты.

– Өзіңіз ойлап көріңізші, Наталья Соколова «Қаражанбасмұнайда» бұрыннан бері жұмыс істейді. Сонда ол мұнайшыларға арналған коэффициенттің өскенін білмеген бе? Ол кәсіподақтың заңгері болған, бұл жайында жетік білген. Бірақ осы уақытқа дейін үндемей келген. Сосын аяқ астынан мұнайшыларға бәрін айтып, ереуілге шығаруға бел байлайды. Бұл ереуілдер Астананың билік дәліздеріндегі топтардың қақтығысының нәтижесі екендігі айтпаса да белгілі. Соколованы пайдаланып, құрбан етті, – дейді аты-жөнін айтпауды өтінген шенеунік.

Ал «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Тимур Құлыбаев мұнайшыларды қайтадан жұмысқа алмайтындықтарын, себебі ереуілшілердің еңбек заңын бұзғандығын мәлімдеді. Құлыбаев «жұмыстан шығарылған мұнайшылар өздерін қарық қыламыз деп, еңбек заңнамасын бұздырған адамдарға барсын» деді.

«Өзенмұнайгаз» бен «Қаражанбасмұнай» – «Самұрық-Қазына» қорының құрылымына кіретін «Қазмұнайгаздың» еншілес компаниялары.

P.S. Мақала дайындалып жатқан кезде, 8 қыркүйекте Жаңаөзендегі ереуілші мұнайшылар белсендісі Наталья Әжіғалиеваның қамалғаны белгілі болды.

Наталья Әжіғалиеваның қамалғаны туралы хабарды тыңдаңыздар

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG