Accessibility links

Мұнайшылар ереуілі тұтас энергетикалық секторға әсер етті


Жаңаөзен қаласындағы әкімдік ғимараты жанындағы "Тәуелсіздік" алаңына жиналған мұнайшылар және олардың отбасылары. Жаңаөзен қаласы, 10 шілде 2011 жыл.
Жаңаөзен қаласындағы әкімдік ғимараты жанындағы "Тәуелсіздік" алаңына жиналған мұнайшылар және олардың отбасылары. Жаңаөзен қаласы, 10 шілде 2011 жыл.

«Батыс Қазақстанды дүбірлетіп жатқан мұнайшылар дауы елдің тұтас энергетикалық саласына көлеңке түсіріп тұр» деп жазады Орталық Азия бойынша тәуелсіз журналист Джоанна Лиллис қазанның 13-і Eurasianet.org электронды басылымында.


Соңғы болжамдарға қарағанда батыс Қазақстандағы ереуіл мұнай өндірісіне айтарлықтай зардабын тигізіп, Қазақстанның әлемдегі мұнай өндіруші 10 елдің қатарына қосылғысы келетін жоспарын күйрететін түрі бар. Лондон қор биржасына кірген «ҚазМұнайГаз» 2011 жылдың алдыңғы үш айында былтырғы жылдың осы кезімен салыстырғанда 7 процентке аз мұнай өндіргенін жариялады. Бүкіл жылға шаққанда компанияның биылғы мұнай өндіру көлемі 8.4 пайызға құлдырайтынын атап өтеді автор.

ҚҰЛЫБАЕВТЫҢ РЕАКЦИЯСЫ

«Мамыр айында жаппай толқуға түрткі болған - жұмысшылардың мардымсыз жалақысы» деп жазады мақала авторы. Көктемде көтерілген толқу жаздың ортасында мүлде шиленісіп кетті. Наразылық акциясына қатысқан екі мыңнан аса жұмысшыны «ҚазМұнайГаз» компаниясы еш қиналмастан жұмыстан шығарып жіберу арқылы күрделі проблеманы шұғыл шештік деп ойлаған.

Алайда толқу мұнымен басылған жоқ, керісінше мұндағы дау-жанжал батыс Қазақстанның мұнай өндірісіне кәдімгідей кедергі бола бастады.
Журналист «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басшысы Тимур Құлыбаевтың «бұл ырың-жырың толқулар» мемлекеттің қазынасын орасан зор шығынға ұшыратты деп санайтынын жазады. Автор қыркүйектің 29-ы Астанада өткен сарапшылар кеңесінде Құлыбаевтың бұл жанжал елдің абыройына нұқсан келтірді деп мәлімдегеніне назар аудартады. Шілде айында Астанының тойына шақырылған атақты рок жұлдызы Стингтің келмей қалғаны Құлыбаевтың шымбайына батса керек.

Сол жиында Құлыбаев ереуілшілерге сол маңнан соғылып жатқан темір жолға барып жұмыс жасау туралы ұсыныс айтты. Бірақ, бұл ұсынысты ешкім қабылдаған жоқ дейді автор. Жұмыссыз қалған және бір инженер Нұрлыбек Нұрғалиев шетелдік журналстерге «Бұл ұсыныстан үзілді-кесілді бас тартамыз, бізді бұрынғы жұмысқа қайтып алсын» деген.
Елдің экономикасына нұқсан келтіріп жатқан мұнайшылар ереуілін Ақорда сауатты жолмен реттеуге ниет танытып отырған жоқ дейді журналист.

«30 ЖЫЛДА САРҚЫЛАТЫН МҰНАЙ»

Осылайша «ҚазМұнайГаз» басшылары жұмысшылардың негізгі талабы болып отырған таза жалақы мәселесіне қатысты келісімге келмейді. Компания өкілі 2008 жылдан бері мұнайшылардың жалақысын бір емес, алты рет көтердік деп мәлімдеген. Бірақ, автор «ҚазМұнайГаздың» нақты жалақы туралы мәліметтеріне сену қиын деп ойлайды. Ресми мәлімет бойынша жұмысшылар ай сайын аса қатты қиналмай-ақ 1500-3000 доллар шамасында алып келген. «Өзенмұнайгаздан» шығып қалған мұнайшы Eurasianet.org журналисіне «Менің айлығым 1000 доллардан асқан емес» десе, кейбір Қазақстанның БАҚ-тары жер сипап қалған жұмысшылардың 630 доллар айлық алып келдік деген шағымдарын жариялаған. Шындығында батыс аймақтарда жалақы орташадан біраз жоғары, бірақ ол жақта өмір сүру қымбат, Маңғыстаудың табиғаты қатал, жұмыс жағдайы өте ауыр деп сипаттайды журналист.

Автордың жазуынша, соңғы 11 жылда мұнай өндірісіне ағылған жұмысшылардың себебінен Жаңаөзеннің халқы екі есеге күрт өсіп, 125 мыңға бір-ақ жеткен. Мұншама көп халыққа жұмыс жетіспейді. Ал халық болса жыл санап өсіп барады, ал мұнай қоры болса керісінше сарқылып жатыр. Жаңаөзен қаласының әкімі Орақ Сарыбөпеевтің айтуынша, жер астында ары кетсе 30 жылға жететін 150 миллион тонна шикі мұнай қалды. Ендігі стратегия қаланың экономикасын әр түрлі салаға негіздеу керек. Бірақ мұнай-газ саласына әбден үйреніп алған жергілікті халық болашақтарын тек қуат өндірісінде ғана елестете алады.

Жаңаөзендегі проблема шиленіскен үстіне шиленісіп барады. Атвордың ойынша, оның басты себебі - қуылған жұмысшылар әлі күнге дейін өздерін мұнай компаниясының заңды жұмысшыларымыз деп санайды. Ал «Қазмұнайгаздың» басшылары болса, оларды жұмыстан шығарылғандарға жатқызады.
XS
SM
MD
LG