Accessibility links

Тұрмысы ауыр ереуілші «құл болып жүре беруге болмайтынын» айтады


Мырзабай Ілесов. Жаңаөзен, 1 қыркүйек 2011 жыл.
Мырзабай Ілесов. Жаңаөзен, 1 қыркүйек 2011 жыл.

Жаңаөзендегі өзге ереуілші мұнайшылармен бірге жұмыстан шығып қалған Мырзабай Ілесовтің бала-шағасы үш айдан бері қара нан, қара суға қарап отыр.


58 жастағы Мырзабай Ілесов отыз жылдан бері «Өзенмұнайгаз» компаниясында КамАЗ көлігінің жүргізушісі болып жұмыс істеді. 1981 жылы мұнай компаниясында жұмыс істеуге жолдама алған Мырзабай әйелімен бірге Шетпе кентінен Жаңаөзенге көшіп келген екен.

– Алдымен пәтерден пәтерге көшіп жүрдік. Балаларымыз дүниеге келгеннен кейін бізге екі бөлмелі пәтер берді, – дейді Мырзабай Ілесов.

ӨЗІ ДЕ, ҮШ БАЛАСЫ ДА ЖҰМЫССЫЗ

Мырзабай Ілесовтің әйелі осыдан бір жыл бұрын қайтыс болған. Өзінің айтуынша, әйелі гипертониямен ауырған екен.

– Қан қысымы өте жоғары болатын. Бірақ денсаулығына қарамай жұмыс істей берді. Біздің жақта тамыз бен қыркүйек айларында күн өте ыстық болады. Әйелім өткен жылы қыркүйектің 26-сы күні жұмыстан келе
Мырзабай Ілесов тұратын үйдің кіреберісі. Жаңаөзен, 1 қыркүйек 2011 жыл.

жатқанда қан қысымы күрт көтеріліп кеткен. Ақырында миына қан құйылып, қайтыс болды, – дейді Мырзабай Ілесов.

Мырзабай Ілесовтың ержеткен үш баласы, кәмелетке толмаған екі немересі бар. Қыздары Ақтоты мен Құралай да, 21 жастағы ұлы Шора да жұмыссыз отыр.

– Ақтоты қызын жалғыз өзі тәрбиелеп отыр. Немерем сегіз жаста, екінші сыныпта оқиды. Биыл оны мектепке дайындаудың өзі оңай болған жоқ. Киім-кешегі мен тамағына мемлекет көмектесті. Мұнайшылардың көпшілігі балаларын мектепке жіберген жоқ. Бірақ біз «қызымыз сабағынан қалмасын» дедік. Екінші қызым Құралай жақында ғана босанды. Әлі ауруханада жатыр, жақында шығып қалар. Ал ұлым еш жерде оқыған жоқ, жұмыс та істемейді, – дейді Мырзабай Ілесов.

ҚАУСАҒАН ҮЙ, БОС ТОҢАЗЫТҚЫШ

Мырзабай 1966 жылы салынған екі қабатты үйде тұрады. Ескі үйдің іргетасы опырылып тұр. Кіре берістегі есік те, терезе де жоқ. Қабырғалардың сылағы түсіп, ол жерден қолқа қабар жағымсыз иіс шығады екен.

Мырзабай Ілесовтың айтуынша, мұндай үйлерде негізінен мұнайшы жұмысшылардың отбасылары тұрады.

– Үйіміз қирап тұр, бірақ кіре беріске жөндеу жүргізуге шамамыз жоқ. Пәтерімізді де жөндей алмай отырмыз. Мысалы, менің жалақым 77 мың
Мырзабай Ілесов босап қалған тоңазытқышын көрсетіп тұр. Жаңаөзен, 1 қыркүйек 2011 жыл.

теңге (шамамен 500 АҚШ доллары) шамасында. Азық-түлік өте қымбат. Онсыз да қалт-құлт етіп әзер күн көріп жатыр едік, енді ішерге асымыз қалмады, – дейді Мырзабай Ілесов.

Шынымен де Мырзабайдың үйінде азық-түлік болған жоқ. Ас үйдегі шкаф пен тоңазытқыштың сөрелері қаңырап бос тұр. Бөлмелердің астаң-кестеңі шығып жатыр. «Пәтеріміз тар болғандықтан заттарымызды қоятын жеріміз жоқ» деп түсіндіреді Мырзабай.

– Алтаумыз осы екі бөлмеге тығылып отырмыз. Жиған-терген біраз дүниеміз бар, оны қайда қоярымызды білмейміз. Сондықтан осылайша үйіп қоямыз, – дейді Мырзабай Ілесов.

«АЛАҢДА ҚАЛҒАНЫМА ӨКІНБЕЙМІН»

Көптеген ереуілшілер жұмыс орындарына қайтып барып жатқан кезде өзінің де біраз екіұдай ойда болғанын айтады Мырзабай. Не алаңдағы жолдастарының қасында қалуы керек, не жұмыс берушілердің шарттарына көніп, жұмысқа қайта шығуы керек.

Мырзабайдың айтуынша, бұрынғы жұмысына қайта шыққан жұмысшыларды қосымша келісімдерге қол қоюға мәжбүрлеген. Олар «енді ереуілдерге қатыспаймыз, жалақының көтерілуін талап етпейміз, жұмыс берушінің айтқанының барлығын бұлжытпай орындаймыз» деп қол қойып берген дейді Мырзабай.

Ол ереуілдің жеңіспен аяқталатынына сенеді.

– Мен ұзақ ойландым, көп толқыдым. Жұмысшылар қайтадан жұмысқа шығып жатқан кезде бұлары сатқындық сияқты болып көрінді. Бірақ, екінші жағынан, балаларымның, немерелерімнің жайын ойладым. Олар ішер асқа, киер киімге жарымай үйде отыр ғой. Балаларым жұмысқа шыққанымды қалады. Бірақ мен алаңдағы жолдастарымды тастап кете алмадым. Бұдан соң олардың беттеріне қалай қараймын? Жағдайым өте ауыр, бірақ мәселенің бәрі көп ұзамай шешілер, өз жұмысымызға қайтып оралармыз деп үміт етемін, – дейді Мырзабай Ілесов.

«БҰЛ СЫНАҚТАН ӨТУІМІЗ КЕРЕК»

Жақында қазақстандық бірқатар үкіметтік емес ұйымдар ереуілші мұнайшылардың отбасыларына көмек көрсету қорын құрды. 400 мың теңге мөлшеріндегі алғашқы қаржы ақшаға аса зәру мұнайшылардың
«Өзенмұнайгаз» компаниясының ереуілші мұнайшылары. Жаңаөзен, 1 қыркүйек 2011 жыл.

отбасыларына таратылып берді. 40 отбасы 10 мың теңгеден алды. Бұлардың ішінде Мырзабайдың отбасы да бар.

Осындай қиын кезде материалдық және моральдық көмек көрсеткен адамдарға Мырзабайдың айтар алғысы шексіз.

– Бізге көмектесіп жатқандардың барлығына рахмет. Мен жолдастарымның қасында алаңда қалғаныма өкінбеймін, өйткені біз әділетке ұмтылып жатырмыз. Мүмкін, біздің бұл әрекетіміз құқықтары аяққа тапталып жатқан өзге адамдарға үлгі болар. Қазір – ХХІ ғасыр: біреуге құл болып жүре беруге болмайды, өз құқығың үшін күресуің керек. Қанша ауыр болса да, бұл сынақтан өтуіміз керек, – дейді Мырзабай Ілесов.

Естеріңізге сала кетсек, Маңғыстау облысындағы мұнайшылардың ереуілдегеніне төрт айдың жүзі болды. Олар Қазақстан үкіметінің 2008 жылы 3 қарашадағы қаулысымен бекітілген аймақтық коэффициенттер негізінде тиесілі жалақы мөлшерін көтеруді талап етіп жатыр.

Ал мұнай компаниясының басшылары «мұнайшылардың жасаған есебі дұрыс емес, олар өздеріне тиесілі жалақыны толығымен алып жатыр» деп есептейді.
XS
SM
MD
LG