Accessibility links

Демалыс күндері ұсталғандар әкімшілік жауапқа тартылады


Полиция қызметкері Жаңаөзен тұрғынын тексеріп тұр. Жаңаөзен, 19 желтоқсан 2011 жыл

Полиция қызметкері Жаңаөзен тұрғынын тексеріп тұр. Жаңаөзен, 19 желтоқсан 2011 жыл

Жаңа жыл күндері Жаңаөзенде ұсталған азаматтардың ісі қалалық сотқа жөнелтілді. Кейбір тұрғындар жаңа жылды атап өтуге шамасы да, құлқы да болмағанын айтады.


Маңғыстау облыстық ішкі істер басқармасының баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлзада Төлеуғалиеваның айтуынша, қаңтардың 1-і мен 2-сі ұсталған 32 азамат қазіргі кезде Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасында қамауда отыр.

ІС СОТТА ҚАРАЛАДЫ

- Материалдар Жаңаөзен қалалық сотына жіберілді. Онда оларды әкімшілік жазаға тарту туралы шешімдер қабылданады, - деді Гүлзада Төлеуғалиева қаңтардың 3-і күні Азаттық тілшісіне.

Баспасөз хатшысы ұсталған азаматтарға байланысты басқа ақпарат беруден бас тартты.

Желтоқсанның 31-інен 1-ші қаңтарға қараған түні Жаңаөзен қаласында жарияланған «комменданттық тәртіпті бұзған» 25 адам ұсталып, 2 қаңтарға қараған түнде 8 адам қамалды.

Баспасөз қызметі жетекшісінің айтуынша, қалада төтенше жағдайдың ұзартылу-ұзартылмауы тек қаңтардың 5-інен кейін белгілі болады.

- Төтенше жағдай жариялау жөнінде президент жарлығының қаңтардың 5-іне дейін күші бар. Әлі 5-і болған жоқ. Оның ұзартылу-ұзартылмауы қаңтардың 5-інен кейін белгілі болады, - дейді Гүлзада Төлеуғалиева.

Өткен аптада болған үкімет отырысында Жаңаөзен оқиғасына байланысты құрылған үкіметтік комиссияның жетекшісі Өмірзақ Шүкеев қалада төтенше жағдай мерзімінің ұзартылуы мүмкін екендігін айтқан еді.

«50 МЫҢ ТЕҢГЕДЕН ТАРАТЫП ЖАТЫР»

Жаңаөзен қаласының тұрғыны, жеті баланың әкесі Бақтыбай Жылқыбаевтың айтуынша, жаңа жыл күндері қалада тыныш болған. Ал адамдардың ұсталуы жаңаөзендіктер үшін жаңалық емес. Қалада коменданттық тәртіп жарияланғандықтан жұрт аяғы ерте басылады.

- 5-ке дейін жүруге болады. 5-тен кейін қысуды бастайды. Сен көшеде құжатпен жүрсің бе, жүрген жоқсың ба - бәрібір. Коменданттық сағат болса, бітті, ұстап алып кетеді. Сосын ана жерде жақсылап тұрып мәмпәсиін жеп шығасың. Егер шықсаң. Шықпасаң жатасың, - дейді Бақтыбай Жылқыбаев.

Ол өзі танитын адамдардың барлығы жаңа жылды қарсы алмағанын айтады.

- Жеке өз басым отбасыммен жаңа жылды қарсы алған жоқпын. Малымды сойып, әкеткендерге Құран оқытып, жаңа жылым сол болды. Қалған адамдарды айта алмаймын. Көргенім жоқ. Бірақ мен танитын жерлердің көбісі солай болды. Қарсы алмаған, - дейді Бақтыбай Жылқыбаев.

Жаңаөзендік «Жөндеу» компаниясы жұмысшыларының тәуелсіз кәсіподағының жетекшісі Дәулет Қосановтың айтуынша, жаңа жыл алдында жаңадан ашылып жатқан жұмыс орнына жазылған жұмыссыз мұнайшылар мемлекеттен 50 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық алған. Ол мұны сондағы тұрғындардан естігенін айтады.

- Мыңдай адам жұмыстан шығып қалды ғой. Жаңадан ашылған жұмыс орнына кім жазылады, соларға бірден береді. «Обходной» береді де, 50 мың теңгесін беріп жатыр, - дейді Дәулет Қосанов.

Ал Ақтау тұрғыны Өскенбай Кезбаев тұрғындардың Жаңаөзенге баруға қорқып отырғанын айтады.

- Енді коменданттық тәртіп деп қорқып отырмыз, ұстап алып кетеді деп. Ол жақта қазір байланыс та нашар. Байланыс кейде болады, кейде болмайды. «Актив» ұстамағаннан кейін көбісі «Билайн» алып кеткен, дейді Өскенбай Кезбаев.

16-17 желтоқсанда Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласы мен Шетпе станциясында болған толқу кезінде ресми дерек бойынша 16 адам қаза тауып, 100 шақты кісі жарақат алды. Жаңаөзенде қаңтардың 5-іне дейін комменданттық тәртіп жарияланған.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG