Accessibility links

Полицейлер сотында Saule540 видеосының кейіпкері де сұралды


Полицейлер соты басталды
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:35 0:00

Жаңаөзен оқиғасы бойынша полиция қызметкерлерінің сот отырысы. Ақтау, 27 сәуір 2012 жыл.

27 сәуір күні Ақтау қаласындағы Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында «Жаңаөзен оқиғасында қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды» деп айыпталған полицейлер соты басталды. Сотта әуелі жәбірленушілер сұралды.


Сотқа Ақтау қалалық сотының судьясы Гүлмаржан Әділсұлтани төрағалық етті.

Сот басталар алдында сотталушы полицейлердің адвокаттарының бірі орнынан тұрып, залда отырған қазалы адамдарға көңіл айтып, «адвокаттардың жұмысына түсіністікпен қарауды» өтінді.

Бұл іс бойынша айыпталушы бес полицей бар. Олар - Маңғыстау облысының ішкі істер департаменті (ІІД) бастығының орынбасары Қабдығали Өтеғалиев, ІІД-нің экстремизмге қарсы күрес бөлімінің бастығы Бекжан Бағдабаев, ІІД-нің оперативтік қызметкері Ринат Жолдыбаев, Жаңаөзен қаласы ішкі істер басқармасының аға анықтаушысы Нұрлан Есберген, Жаңаөзен қаласы ішкі істер басқармасы бастығының бірінші орынбасары Ерлан Бақытқалиұлы.

Айыпталушылардың төртеуі үйқамақта отырса, біреуі «қаладан кетпейтіні жөнінде» қолхат беріп, еркіндікте жүрген екен.

Үйқамақта отырған Ерлан Бақытқалиұлы кеше, яғни 26 сәуірде Жаңаөзен абақтысының бастығы Жеңісбек Теміровтің сотына куәгер ретінде қатысқан еді. Ол «желтоқсанның 16-сы күні Астанадан келетіндерді әуежайдан күтіп алумен ғана шұғылданғанын» айтқан.

«SAULE 540»-ТЫҢ КЕЙІПКЕРІ»

Сот шешімі бойынша әуелі жәбірленушілер тыңдалатын болды.

Сот алдына қос балдақпен жеткен Жанболат Жаманқараев қақтығыс кезінде қалай жарақат алғанын баяндап берді.

- Үйден шықсам, үйдің артында айғай-шу болып жатыр. Түк түсінбей қалдым. Жұрт абыр-сабыр, сасқалақтап қашып жүр. Оқ атылып жатыр. Сөйткенімше жанымдағы адам құлады. Ізінше оң аяғыма арт жағымнан оқ тиіп, жілігімді шашып жіберді. Аяғымды басқанда күтірлеп сынғанын көрдім, - деді ол.

Жанболат Жаманқараев «еңбектеп қашқанын, артынан қуып жеткен полиция қызметкерлері дубинкамен төпелеп, тепкілегенін» айтты.

- «Ағалар, қойыңдаршы» деп жалынғанымды тыңдаған ешкім болмады. Сөйтіп мені добивать етті ғой. Есім кіресілі-шығасылы. Не үшін ұрып жатқанын да білмеймін.
Жаңаөзен оқиғасы кезінде Saule540 түсірген видеодан көрініс.
Жаңаөзен оқиғасы кезінде Saule540 түсірген видеодан көрініс.
Онымен қоймай: «Ей, үніңді шығарма, атып тастаймын, өлтіріп тастаймын» деп маңдайыма тапаншасын тақады біреуі. Үстімнен аттап өтіп, көзімнен теуіп кетті. Ауруханаға келгенде шешем танымай абдырап тұрып қалды. Полиция халыққа оқ атады деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген еді, - деді Жанболат Жаманқараев.

Осы әңгімесінен кейін отырғандардың бірі «Сәуле деген әйелдің видеожазбасына түсіп қалған сен екенсің ғой» дегенде Жанболат Жаманқараев «иә» деп жауап берді.

- Мемлекет 500 мың теңге берді, оған мына денсаулығымды қалай түземекпін, - деген Жанболат Жаманқараев сөзін: - Егер сотталушылардың айыбы дәлелденсе, ең қатаң жазаға тартылуын талап етемін, - деп аяқтады.

Бірақ ол залда отырған бес күдіктіні танымайтынын айтты. Денсаулығына байланысты әрі қарай отыра алмаған Жанболат Жаманқараев сот залынан шығып кетті.

Жанболат Жаманқараевтан кейін жауап берген жәбірленушілер де өздерін дәл кімнің атқанын білмейтінін, бірақ оқ тиіп ауруханада жатып шыққандарын айтты.

Қақтығыс кезінде күйеуі қаза болып, бес баласымен жесір қалған Бақытгүл Намазова әлі талап-арыз да бермеген екен.

Тағы бір жәбірленуші Тұрсынбай Есетов «полиция қызметкерлерінің адамдарды атып жатқанын» өз көзімен көргенін баяндап берді.

«АЯҒЫМ АРТҚА АЙНАЛЫП КЕТІПТІ»

Сот алдында балдақпен жеткен жәбірленуші өзін Дүйсенбек Нұров деп таныстырды.

- Жығылып жатқан адамға көмектескелі жатқанымда оқ тиді. Мені сүйрелеп әкетіп бара жатқандарға: «Жігіттер, аяғымды түзеп қойыңдаршы» дедім. Өйткені аяғым артқа қарай айналып кетіпті. Жаңаөзеннің, одан соң Ақтаудың ауруханасына әкетті.
Жәбірленуші Дүйсенбек Нұров. Ақтау, 27 сәуір 2012 жыл.
Жәбірленуші Дүйсенбек Нұров. Ақтау, 27 сәуір 2012 жыл.
Үш күннен кейін есімді бір-ақ жинадым. «Аяғыңды кесеміз» деді. Ақыры шегелеп берді. Бәрібір жеті сантиметр қысқарып қалды, - дейді Дүйсенбек Нұров.

Дүйсенбек Нұров оқ атылып жатқан жерде «әйел, бала-шағаның толып жүргенін» айтады.

Прокурор «Сіз жарақаттанып құлағанда полиция қызметкерлері жәрдем көрсетті ме?» деген сауалды Дүйсенбек Нұровқа да қойып еді, жәбірленуші «Өзі атқан полиция өзі көмектесуші ме еді?» деп, прокурорға қарсы сұрақ қойды.

Жауап алу кезінде «Полиция халыққа қарсы атты ма, әлде аспанға атты ма?» деген сұрақ та қойылды.

- Полиция халыққа қарата атпаса, халықты аспаннан біреу түсіп атып кетпеген шығар. Сендер де қызық сұрақ қоясыңдар, - деді Дүйсенбек Нұров.

Бұл жәбірленуші де «сотталушыларды көрмегенін» айтты, бірақ олардың айыбы дәлелденсе - ең ауыр жазаға кесуді сұрады.

Айта кетерлік жайт - осы сот барысында сот төрағасы жәбірленушілерден «Қандай жаза сұрайсыз?» деп сұрап отырды.

«ҰЛЫМНЫҢ МАҢДАЙЫНАН СИПАП ҚАЛАЙЫН ДЕП ЕДІМ...»

Тағы бір жәбірленуші, лицейдегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінінің мұғалімі Күләш Маханова желтоқсанның 16-сы күні өз оқушыларын алаңға апарып, шеруге шығып қайтқанын айтты. Оның сөзіне қарағанда «бұл шеру бұрынғыдай салтанатты түрде өткізілмеген, балаларды тезірек алып кетуге бұйрық берілмеген».

- Бірақ ол кезде әлі қақтығыс болған жоқ еді. Оқушыларымды таратып, өзім де қайттым. Ойымызда ештеңе бола қойған жоқ, - дейді ол.

Күләш Маханова «алаңда қырғын болып жатқанын» үйіне келген соң естиді. Содан
Жәбірленуші Күләш Маханова. Ақтау, 27 сәуір 2012 жыл.
Жәбірленуші Күләш Маханова. Ақтау, 27 сәуір 2012 жыл.
кейін баласын іздеп шығып, таба алмай қайтқан екен.

- Бірнеше әйел жылап-сықтап, «полиция адамдарды малша қырып тастады» деп жатыр. Үйге кешке жеткенімде көршілерім баламның оққа ұшқанын естіртті. Үйленгеніне 1 жыл 7 ай болған еді. 10 айлық баласымен келін қалды. Өзім Ыбырай Алтынсарин медалінің иегерімін. Полиция осылай оқ атқаннан кейін енді қалай мұғалім боламын, білмеймін, - деді Күләш Маханова.

Ол үлкен баласының «сіз көрмей-ақ қойыңыз» дегеніне қарамай, «ең болмаса маңдайынан сипап қалайын» деп, мерт болған ұлының сүйегін көргенін айтты.

- Оққа ұшқан ұлымның не маңдайы, не тұмсығы жоқ екен ғой. Желкеден тиген оқ қопарып кетіпті, - деді Күләш Маханова сот алдында жылап тұрып.

«ҚОЛЫМ ТЕРІСІНЕ ІЛІНІП ҚАЛДЫ»

Сотта жәбірленуші ретіне сұралған Ертай Сатыбалдиев те «ОМОН-дарға кездейсоқ тап болғанын» айтады. Ақтауда жұмыс істейтін ол желтоқсанның 16-сы күні Жаңаөзендегі үйіне қайтыпты.

- Таксиден түсіп, «Барыс» дүкеніне қарай өтіп бара жатқанымда алдымнан саппен келе жатқа ОМОН-дар көрінді. Ол жерде мұнайшылар жоқ - бала-шағалар болды. Сөйткенше болған жоқ, саптың алдыңғы жағындағылар тұра қалып ата бастады.
Жәбірленуші Естай Сатыбалдиев. Ақтау, 27 сәуір 2012 жыл.
Жәбірленуші Естай Сатыбалдиев. Ақтау, 27 сәуір 2012 жыл.
Оларды боевой оқпен атып жатыр деп ойламадым. Адамдар құлап жатқанын көріп енді қаша бастағанымда қолым жансызданып қалды. Құлап бара жатқанымда алдымда екі-үш адамның құлап жатқанын көрдім, - деді ол.

Ертай Сатыбалдиев ОМОН-дардың алдындағы адамдарда қару болмағанынан айтады.

- Екінші топтағы мүгедек болып қалдым. Оқ тигенде қолым терісіне ғана ілініп қалды. Мына темірмен жалғап берді, қазір қолым дұрыс істемейді, - деді ол.

Сотта сөйлеген жәбірленушілердің көпшілігі сотталушы полиция қызметкерлерінің абақтыға қамалмай, тек үйқамақта ғана отырғанына наразылық білдіріп жатты.

Ал сот басталар алдында, яғни таңертең сағат 10-ға дейін Азаттық тілшісі сөйлескен сотталушы полицейлердің бірінің әкесі «баласының тек бұйрықты ғана орындағанын, сол бұйрықты берген адамды соттау қажет екенін» айтқан еді.
XS
SM
MD
LG