Accessibility links

Полицейлер Жаңаөзен оқиғасында өздерін басқарған адамның атын атады


Полицейлер соты өтіп жатқан ғимарат маңында жүрген сарбаздар. Ақтау, 3 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Полицейлер соты өтіп жатқан ғимарат маңында жүрген сарбаздар. Ақтау, 3 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Куәгер полицейлердің бірі «Алаңда әйелдер мен бала-шағалар бұзақылардан қашып келе жатқанын» баяндады. Енді бір полицей 16 желтоқсандағы оқиға кезінде басшыларының «тек аспанға атуға ғана бұйрық бергенін» айтты.

Бүгін түске дейін Ақтаудағы «Полицейлер сотында» әуелі жәбірленушілер, содан соң куәгерлер полицейлер сот алдында жауап берді.

Бастапқыда 2011 жылы 16 желтоқсанда оқ тиген, әлі кәмелетке толмаған екі жасөспірім туыстарының қатысуымен сұралды. Оның біріне Saule540 түсірген видеодағы атыс кезінде оқ тиген.

Жәбірленушілердің арасында ұлы Парахат Дүйсенбаев «Жаңаөзен соты» бойынша қамауда жатқан, қызы Айжан Дүйсенбаева16 желтоқсанда аяғына оқ тиіп, балдаққа сүйеніп қалған, күйеуі сол кезде оқтан көз жұмған Нұрсәуле Дүйсенбаева да болды.

Жасөспірімдердің аналары «сотталушылардың қылмысы дәлелденсе, қолмен жасағанын мойындарымен көтерсін» деді. Ал Нұрсәуле Дүйсенбаева «айыптыларды түгел таппай тынышталмаймын» деп мәлімдеп, сот залынан шығып кетті.

«АСПАНҒА АТТЫҚ»

16 желтоқсандағы Жаңаөзен оқиғасы бойынша өткен сот процесінде аты-жөні жиі аталған адам, Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасы бастығының бұрынғы орынбасары Әбдірасул Өтешев бүгінгі сотқа куәгер ретінде келді. «Қазіргі уақытта Жаңаөзен оқиғасы кезіндегі полицейлер. 16 желтоқсан 2011 жыл.

Жаңаөзен оқиғасы кезіндегі полицейлер. 16 желтоқсан 2011 жыл.

Мұнайлы ауданы ішкі істер бөлімі бастығының орынбасарымын» деген ол 16 желтоқсанда «өзі көрген жайттарды» баяндап берді.

Әбдірасул Өтешевтің сөзіне қарағанда, «полиция отряды Тәуелсіздік алаңы жағына, перзентхана жанына келгенде ғимараттарды өртеп жүрген бұзақылар жағармайы бар шөлмектер мен тас лақтырған – полицейлердің кейбіреулерінің қалқанына бытыра да тиген».

Өтешевтің айтуынша, «бұзақылар онымен де қоймай «бұл - жай оқ, қаруларын тартып алып, өздерін өлтірейік» деп айқайлаған. Тіпті ішінде біреуі «міне көрдіңдер ме, маған ештеңе де болмайды» деп ортаға шығып билеген. Сол кезде ғана полиция жасағы аспанға оқ атқан».

- Біз көргенде алаңда әйелдер мен бала-шағалар бұзақылардан қашып келе жатты, - дейді Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасы бастығының бұрынғы орынбасары Әбдірасул Өтешев.

«БҰЙРЫҚ БЕРГЕН - ӨТЕҒАЛИЕВ, БІРАҚ...»

Әбдірасул Өтешев «2011 жылы 16 желтоқсан күні Жаңаөзен қаласындағы полиция қызметкерлерінің жеке құрамына кім басшылық етті?» деген сауалға сот залында қамауда отырған полицей Қабдығали Өтеғалиевті көрсетті.

- Бірақ ол «адам өміріне қауіп төнген кезде ғана атыңдар» деп бұйырды. Менде Жаңаөзенде жүрген полицейлер. 17 желтоқсан 2011 жыл.

Жаңаөзенде жүрген полицейлер. 17 желтоқсан 2011 жыл.

тапанша мен автомат болды, тапаншадан 5 рет аспанға аттым, - дейді Әбдірасул Өтешев.

Өтешевтің сөзіне қарағанда, 2011 жылы 14 желтоқсанда Жаңаөзенге келген Маңғыстау облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Қабдығали Өтеғалиев оқиға болған кезде жоғары лауазымды қызметкер әрі куратор ретінде Жаңаөзендегі ішкі істер бөлімінің барлық жасағына басшылық еткен.

Бұл сөзді кейіннен сот алдында жауап берген куәгерлер - Маңғыстау облыстық ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары Ержан Сәденов те, Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасының сол кездегі орынбасары Мұхтар Қожаев та растады.

Алаңға жасақты бастап барғандардың бірі Мұхтар Қожаев та Қабдығали Өтеғалиевтің бұйрығы бойынша әрекет еткенін, бірақ оның «тек аспанға атуға ғана бұйрық бергенін» бөле-жара айтты.

ТІРКЕЛМЕГЕН СЕГІЗ АВТОМАТ

Кешегі сот отырысында куәлардың бірі Жаңаөзен қалалық ішкі істер бөліміне тиесілі сейфте 221 тапанша және 29 автомат бар екенін, 17 желтоқсанда соның тең жартысы қайтпай қалғанын айтқан. Бірақ ол қарудың бәрі полицейлерге берілген-берілмегені түсініксіз болып қалған еді.

Бүгін Маңғыстау облыстық ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары Ержан Сәденов «автоматтардың полиция қызметкерлеріне берілгенін, алайда соның ішінде сегіз автоматтың арнайы журналға тіркелмегенін, бірақ оны алғандардың анықталғанын» айтты.

Кешеден бері қаруды алу мен тапсыру тәртібіне байланысты сауалдар қойып отырған адвокаттардың бірі тергеу кезінде бір автоматты кімнің ұстағаны анықталмай қалғанын айтып, «Ол осы сегіз автоматтың ішіне кіре ме, жоқ па?» деген сұрақ қойды. Өйткені қамауда отырған сотталушылардың біріне «осы автоматтан оқ атты» деген де айып тағылған екен.

Ержан Сәденов бұл сұраққа анық жауап бермей, «тергеудің шынында да үстірт жүргізілгенін, дәлелдеменің болжамға негізделгенін» айтты.

«ОППОЗИЦИОНЕРЛЕР КЕЛЕДІ ДЕ ҚОЗДЫРЫП ЖІБЕРЕДІ»

Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасы бастығының бұрынғы орынбасары, қазір ішкі істер министрлігіне қызмет ауыстырған Мұхтар Қожаевтың да жауабы ұзаққа созылды. Ол ереуілшілермен өздерінің көптен бері сөйлесіп келе жатқандарын, олардың кейде «ереуілді доғармақшы болғанын» да есіне алды.

- Ереуілшілер тарқағалы тұрғанда Алматыдан оппозиционерлер келеді де қайтадан қоздырып жібереді, - дейді Мұхтар Қожаев.

Ол 2011 жылы желтоқсанның 15-і күні Жаңаөзен алаңына киіз үй тігерде ереуілшілердің «бұл жерге киіз тікпейміз, бұл күн - қаралы күн» деп қарсылық көрсетіп, үй тігушілерді қарғағанын» айтты.
Қарап тұрған, жазығы жоқ адамға оқ атқан ешкімді көрген жоқпын. Егер біз онда бармасақ, адам шығыны мұнан да көп болар еді.

- Қызметкерлер өз өмірлеріне қауіп төнген жағдайда қару қолданды деп санаймын. Қарап тұрған, жазығы жоқ адамға оқ атқан ешкімді көрген жоқпын. Егер біз онда бармасақ, адам шығыны мұнан да көп болар еді, - дейді Мұхтар Қожаев.

Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасы бастығының бұрынғы орынбасарының айтуынша, «атыс қаруын қолданбауға мүмкіншілік болған жоқ - арнайы құралдар жеткілікті болса ондай мүмкіндік болатын еді».

Мұхтар Қожаев табельді қарудың, яғни тапаншаның не себепті Жаңаөзен оқиғасынан 10-15 күн бұрын беріле бастағанын да айтты. Оның сөзіне қарағанда, «Ақтөбе мен Атырау және басқа жерлердегі жағдайларға байланысты кезекші нарядты қаруландыру туралы жоғарыдан нұсқау берілген».

Мұқтар Қожаев «алаңда оқ тиіп құлап жатқан бір-екі адам ғана көргенін» айтып:

- Бірақ жарақат алғандарға көмек көрсетуге мүмкіндік болған жоқ. Біз түгілі дәрігерлердің өзін де жақындатпай қойды, - деді.
  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG