Accessibility links

Жаңаөзенде ұялы телефондарды тексеру басталды


Жаңаөзенге кіре-берістегі тексеру пунктінде полиция адамдардың құжаттарын қарап тұр. Жаңаөзен, 26 желтоқсан 2011 жыл

Жаңаөзенге кіре-берістегі тексеру пунктінде полиция адамдардың құжаттарын қарап тұр. Жаңаөзен, 26 желтоқсан 2011 жыл

Жаңаөзен полициясы ереуілшілерге оқ атылған сәтті бейнелейтін әйгілі видеоның қай пәтерден түсірілгенін анықтағанын мәлімдеді. Қақтығыс туралы басқа да видеоның бар-жоғын тексеру үшін жұрттың қалта телефондары жаппай тексеріле бастаған. Кейбір журналистер прокуратураға шақырылды.


Желтоқсанның 26-сы Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Аманжол Қабылов үкіметтің баспасөз қызметі ұйымдастырған блог-тур кезінде журналистерге Жаңаөзендегі полицияның ереуілшілерге оқ жаудырғанын пәтер терезесінен видеоға түсірген адамды іздеп жатқанын айтты. «Мекен-жайын таптық. Бірақ, тұрғындары табылған жоқ» деді Қабылов.

Аманжол Қабыловтың сөзін Азаттық радиосының аты-жөнін атамауды өтінген оқырманы да растады. Оқырман: «Полиция үй-үйді кезіп, ішінде түсірген видеосы бар ма екен деп ұялы телефондарды тексеріп жүргені туралы естідім» деді.

Оқырман бір жолдасында Жаңаөзендегі көп қабатты үйдің терезесінен түсірілген, одан да сорақы әрекеттер жазылған тағы бір видео бар екенін хабарлады. Оның айтуынша, әлгі жолдасы бұл бейнематериалды жариялауға жүрексініп отыр.

«ҚАРАПАЙЫМ ЖҰРТТЫҢ АЙТАТЫНЫ - ӨТІРІК»

Желтоқсанның 26-сы «Стан-ТВ» интернет-порталының тілшісі Жұлдыз Төлеуованы әуелі Маңғыстау облыстық, сосын Жаңаөзен қалалық прокуратурасы шақырып алды деп хабарлайды Азаттықтың тілшісі.

Ақтауда Жұмабек Қадырұлы есімді арнайы прокурор журналистке Жаңаөзендегі бас прокуратураның арнайы прокурорлар департаментінің директоры Серік Қарамановқа жолығуды міндеттейтін шақырту жазып берген.

«Стан-ТВ» журналисімен бірге Азаттық радиосының тілшісі Қазис Тоғызбаев та Жаңаөзенге барды. Сапары заңды болуы үшін Азаттық тілшісіне Ақтаудағы арнайы прокурордан өзіне де шақырту жаздырып алуға тура келді.

Жаңаөзен қаласындағы бас прокуратураның өкілі Серік Қарамановпен кездескен соң Азаттық радиосына сұқбат берген Жұлдыз Төлеуова әңгіменің екі сағатқа созылғанын айтты. Оның сөзі бойынша, Серік Қараманов әуелі журналистің туған жері мен шыққан тегін тәптіштеп сұраған.

Сосын «К-плюс» телеарнасын қосып, телеарнаның күні-түні бақыланатынын ескерткен. Телеарнаны Маңғыстау облысында болып жатқан оқиғаларды бұрмалап көрсетеді деп айыптаған.

Жұлдыз Төлеуованың «К-плюс» телеарнасы тек жергілікті тұрғындар мен қарапайым азаматтардың, Жаңаөзендегі оқиға куәгерлерінің пікірін көрсетеді деген уәжіне прокурор Қараманов қарсы пікір айтқан. Журналистің айтуынша, прокурор: «Қарапайым адамдар көп ештеңе білмейді, айтатындары - өтірік, сондықтан жалған мәлімет береді. Ал осы бұрмаланған ақпаратты таратушы журналистер жауапқа тартылады» деген.

ПРОКУРАТУРАНЫҢ ОЙЫНДАҒЫ «ҮШІНШІ КҮШ»

Жұлдыз Төлеуованың айтуынша, Серік Қараманов Жаңаөзендегі толқуды «ұйымдастырушылар» «К-плюс» телеарнасының эфирін теріс мақсатта пайдаланған деп санайды. Жергілікті прокурор «Стан-ТВ» интернет-порталын кім және қайтіп қаржыландырады деген сияқты сауалдар қойған.

Серік Қараманов «Стан-ТВ» журналистері неге дәл желтоқсанның 16-сы Жаңаөзенде жүрді, демек алдын-ала мұндай оқиға боларын білген ғой деген тұрғыда әңгіме өрбіткен. Жұлдыз Төлеуованың «Стан-ТВ» журналистері Жаңаөзен мұнайшылар жапппай ереуілге шыққан мамырдың 26-сынан бері сонда жүргенін айтқан уәжін прокурор қабыл етпеген.

Әуелі Жұлдыз Төлеуованы тергеуге жіберем деп мәлімдеген прокурор, әңгіменің соңына қарай «бірінші жол кешіретінін» айтып, босатқан. Серік Қараманов журналист арқылы «Стан-ТВ» басшылығына желтоқсанның 16-сы жаңаөзенде болған оқиғаларды түсірген бейнематериалдардың түпнұсқасын прокуратураға тапсыруды талап ететінін хабарлаған. Егер телеарна басшылығы талабына құлақ аспаса, екі-үш күн ішінде прокуратураның бұл материалдарды күшпен алуға және басқа да шара қолдануға хақы бар екенін ескерткен.

Бұдан бөлек Жаңаөзендегі прокурор кеңсесінен шыға бергенде Азаттық тілшісі Қазис Тоғызбаевты үш полицей тоқтатып, «заңсыз түрде фотоға түсіргені үшін» комендантқа алып бармақ болған. Тек прокурор Серік Қарманов араласқасын Азаттық тілшісін босатқан. Бірақ, прокурор да қандай да бір бейне, я фото кадр түсіру үшін коменданттың рұқсаты керектігін ескерткен.

Бұған дейін болған Жаңаөзендегі қанды оқиғаның ертеңінде, желтоқсанның 17-сі күні Астанада өткен Қауіпсіздік кеңесінде президент Нұрсұлтан Назарбаев бас прокуратура мен басқа да құқық қорғау органдарына тергеу-тексеру ісінің мейілінше ашық өтуін, нәтижесінің уақтылы хабарланып отыруын және қажет болып жатса, сырттан сарапшылар шақыру керектігін тапсырған болатын.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG