Accessibility links

Азаттық тілшісін Жаңаөзенге барарда екі рет бөгеді


Азаттық тілшісі мінген көлікті тоқтатқан полицей қызметкері көлік жүргізушісімен сөйлесіп тұр. Жаңаөзен. Маңғыстау облысы. 29 сәуір, 2016 жыл.

Азаттық тілшісі мінген көлікті тоқтатқан полицей қызметкері көлік жүргізушісімен сөйлесіп тұр. Жаңаөзен. Маңғыстау облысы. 29 сәуір, 2016 жыл.

Ақтаудан Жаңаөзенге таксимен бармақ болған Азаттық тілшісі Сәния Тойкенді бір тәуліктің ішінде полиция қызметкерлері екі рет ұстады. Журналист Жаңаөзенге 1-мамыр күні болуы мүмкін қоғамдық шаралар туралы хабар дайындау үшін бармақ болған.

29 сәуір күні кешке өзі тұратын Ақтаудан 150 шақырым жердегі Жаңаөзен қаласына жолға шыққан Сәния Тойкенді Жаңаөзенге кіре бергенде тоқтатқан полиция журналист мінген көлікті «жолаушысымен бірге қалаға қайтару» туралы бұйрық барын хабарлаған.

Азаттық тілшісіне өзін Нұрәділ Дәулетов деп таныстырған полиция капитаны такси көлігінің Ақтау қаласында «жаяу адамды қағып кетті» деген күдікке ілінгенін, өзіне көлікті «жолаушыларымен бірге алып келу тапсырылғанын» айтқан.

Бұдан соң төрт бірдей полиция көлігі бірге ілесіп, журналист мінген таксиді Ақтауға жеткізген. Көлікте Азаттық тілшісінен басқа жолаушы болмаған.

Ақтауға келген соң тілші қалалық ішкі істер департаменті іздестіру бөлімінің бастығы подполковник Саят Досаевтың кабинетіне жеткізілген. Сәния Тойкеннің айтуынша, оған "адам қаққан күдікті көлік ішіндегі жолаушы ретінде" сауалдар қойылған. Тілші адвокатсыз қандай да бір сауалға жауап бере алмайтынын айтқан. Түн ортасы ауа бірнеше сағатқа созылған түсініктеме сұрау амалынан соң Азаттық тілшісін босатқан.

Сәния Тойкен сәуірде Атырау және Ақтау қаласында болған жер мәселесіне қатысты наразылық акциялары туралы репортаж жасаған. Сәуірдің 24-інен бастап Атырау, Ақтөбе, Семей және Ақтау қалаларында жер дауына қатысты билік рұқсат бермеген жиындар және Астана, Алматы қалаларында бір адамдық наразылық акциялары өткен. Ал сәуірдің 29-ында Астана мен Алматыда жер дауына қатысты баспасөз мәслихатын өткізіп, мәлімдеме жариялаймыз деген қоғам белсенділері ұсталған.

Қазақстанда Жер кодексіндегі өзгерістерге сай биыл шілденің 1-інен бастап 1 млн. 700 мың гектар жер аукцион арқылы сатылымға шығарылатыны хабарланған. Жер 10 жылға бөлiп төлеу арқылы сатылады. Наразылыққа шыққан адамдар жерді жалға беруге де, сатуға да қарсы, әсіресе ауылшаруашылық жерлерінің шетелдіктерге берілуіне тыйым салуды талап етеді.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «жер туралы наразылықтардың» артында «арандатушылар» бар деп мәлімдеген. Қазақстан бас прокуратурасы жерге қатысты «жалған ақпарат таратқаны» үшін жауапкершілік жүктелетіні туралы ескерткен.

ЕКІНШІ МӘРТЕ ҰСТАУ

30 сәуір күні түстен кейін Ақтаудан Жаңаөзенге таксимен бармақ болған Азаттық тілшісі Сәния Тойкенді полиция қызметкерлері екінші рет ұстады. Журналист Жаңаөзен қаласына 1-мамыр күні болуы мүмкін қоғамдық шаралар туралы хабар дайындау үшін бармақ болған. Бұған дейін белсенділер тобы Жаңаөзенде үкіметтің «жер сату» жоспарына қарсылық акциясы өтуі ықтимал деп хабарлаған еді.

Сәния Тойкен мінген көлікті Ақтаудан 40 шақырымдай жерде Қарақия кенті тұсында тоқтатқан полиция өкілдері бүгін таңертең «тергеушінің шақыртуына келмеген» журналисті Ақтау қаласына полиция мекемесіне алып баруға пәрмен берілгенін айтқан.

Азаттық тілшісі Сәния Тойкен отырған көлікті Ақтау-Қарақия жолында тоқтатқан полиция қызметкерлері. 30 сәуір 2016 жыл.

Азаттық тілшісі Сәния Тойкен отырған көлікті Ақтау-Қарақия жолында тоқтатқан полиция қызметкерлері. 30 сәуір 2016 жыл.

30 сәуірде таңғы сағат беске дейін полицияда болып, түсіндірме жазып берген Сәния Тойкен сенбі күні түстен кейін тағы да Жаңаөзенге жолға шыққан еді. Бірақ кәсіби міндетін атқаруға бара жатқан журналисті полиция тағы тоқтатқан.

Азаттыққа бұл оқиғаға байланысты Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінен де, ішкі істер министрлігінен де комментарий алу мүмкін болмады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG