Accessibility links

Адвокаты түрмедегі Роза Төлетаеваға жолықты


"Өзенмұнайгаз" компаниясының бұрынғы мұнайшысы, қоғамдық белсенді Роза Төлетаева ереуілде отыр. Жаңаөзен, маусым 2011 жыл. (Фото "Голос республики" газетінен алынды).
"Өзенмұнайгаз" компаниясының бұрынғы мұнайшысы, қоғамдық белсенді Роза Төлетаева ереуілде отыр. Жаңаөзен, маусым 2011 жыл. (Фото "Голос республики" газетінен алынды).
Жаңаөзен оқиғасына қатысты сотталған Роза Төлетаева өзінің жазықсыз екенін тағы дәлелдеп көрмек. Бірақ адвокат тұтқынмен әзер жолыққанын хабарлады.

Сәрсенбі, қыркүйектің 19-ы күні Азаттық тілшісімен сұхбаттасқан адвокат Гүлнар Жуаспаева қорғауындағы Роза Төлетаевамен кездескенін айтты.

– Роза жатқан Атыраудағы УГ 157/11 әйелдер түрмесіне қыркүйектің 10-ы күні барып, өтініш бергенмін. Сол күні жауап беруі тиіс колония басшылығын «басшылық» шақыртып, кетіп қалды. Сол күні де, ертеңінде де басшылықты таба алмадым, телефоны өшіп тұрды. Тек үшінші күні ғана қайта барып, рұқсат алып, кездесе алдым, – деді адвокат.

Атыраудағы әйелдер түрмесінің бастығы Нұрзада Сағынғалиева «адвокат Жуаспаев мен сотталушы Төлетаеваның кездесуіне ешбір бөгет болмағанын, өзінің ол кезде ауырып жатқанын, жұмысқа келе сала кездесуге рұқсат бергенін» Азаттық тілшісіне айтты.

Роза Төлетаева 2012 жылдың 6 қаңтарында қамауға алынған соң Ақтау қаласының түрмесінде отырған, кейін сот шешімі заңды күшіне енгенде (14 тамызда) Атыраудағы УГ 157/11 абақтысына ауыстырылған.

ОБЛЫСТЫҚ СОТ – КАССАЦИЯЛЫҚ АЛҚА – ЖОҒАРҒЫ СОТ

Адвокат Гүлнар Жуаспаеваның сөзінше, Роза Төлетаева өзінің жазықсыз екенін айтып, сот шешімін қайта қарауды талап етпек.

– Ол (Роза Төлетаева) Маңғыстау облыстық сотында аппеляциялық инстанцияны өтті. Енді Маңғыстау облыстық сотының кассациялық алқасына шағым түсірмек.
Адвокат Гүлнар Жуаспаева. Ақтау, 18 сәуір 2012 жыл. (Суретті блогер Андрей Цуканов берген).
Адвокат Гүлнар Жуаспаева. Ақтау, 18 сәуір 2012 жыл. (Суретті блогер Андрей Цуканов берген).
Егер онда да шағымын қанағаттандырмаса, жоғарғы сотқа арыз жазбақ, – деді адвокат Гүлнар Жуаспаева.

Адвокат Гүлнар Жуаспаеваның сөзіне қарағанда, оны Роза Төлетаевамен кездесуге ертіп келген офицер әйел бөлмеде отырған. Алайда адвокат Жуаспаева «қорғауындағы азаматпен куәгерсіз кездесуге хақы бар екенін» ескерткеннен кейін сыртқа шыққан, бірақ есікті жаппаған.

– Роза қара киім киіп келді, басындағы орамалдан ағарған шашы көрініп тұрды. Менің сұрағыма шашын өсіріп жатқанын, кейін колонияға қарасты колледждегі мастерге қидыратынын айтты. Стилистің оқуын оқымақшы. Кітап оқып жатыр екен. Өзінің айтуынша, [түрмеге] әлі үйрене алмай жүр, жүрегі, бауыры мен асқазаны ара-тұра ауырады, – деді адвокат Гүлнар Жуаспаева.

Адвокат Роза Төлетаеватың балаларын уайымдап, олармен кездесуді күтіп жүргенін айтты.

– Қоштасарда Роза Төлетаева «мені білетіндердің барлығына сәлем айт» деді, – дейді Гүлнар Жуаспаева.

Ақтау қалалық соты 2012 жылы маусымның 4-і күні Жаңаөзен оқиғасына байланысты айыпталған 37 адамның 13-іне үш пен жеті жыл аралығында жаза кесті, өзгелерін шартты жазамен соттады, кейбірін амнистияға іліктірді, үш азаматты ақтады. Ең ауыр жаза (7 жыл) «2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні Жаңаөзен қаласында болған жаппай тәртіпсіздіктердің ұйымдастырушысы» деп айыпталған Роза Төлетаеваға берілді.

Тамыздың 6-сы күні сотталған 15 адамның апеляциялық шағымын қараған Маңғыстау облыстық соты тек Роза Төлетаеваға кесілген үкімді ғана өзгертіп, оның жазасын 7 жылдан 5 жылға дейін азайтқан еді.
XS
SM
MD
LG