Accessibility links

Роза Төлетаева қоныстандыру колониясына ауысады


"Өзенмұнайгаз" компаниясының бұрынғы жұмысшысы Роза Төлетаева. Жаңаөзен, маусым, 2011 жыл

"Өзенмұнайгаз" компаниясының бұрынғы жұмысшысы Роза Төлетаева. Жаңаөзен, маусым, 2011 жыл

Роза Төлетаеваның қоныстандыру колониясына ауыстыру туралы бірнеше ай бойы қаралған өтінішін қаңтардың 9-ы күні Атырау соты қанағаттандырды.

Атырау облыстық сотының баспасөз хатшысы Боранбай Ғалиевтің айтуынша, Роза Төлетаеваның өтінішін қаңтардың 9-ы күні Атыраудағы №2 қалалық соты қараған. Судья Зәуре Қазақбай өтінішті қанағаттандырыпты.

"Сотталған Роза Айтбайқызы Төлетаева Маңғыстау облысы Ақтау қалалық сотының 4 маусым 2012 жылғы үкімімен тағайындалған жазаның өтелмеген мерзімі – 02 (екі) жыл 11 (он бір) ай 23 (жиырма үш) күнді одан әрі өтеу үшін колония-қонысқа ауыстырылсын" делінген Азаттыққа жіберілген сот қаулысының көшірмесінде.

"ТӘРБИЕЛІК СҰХБАТТАРҒА ОҢ КӨЗҚАРАС ТАНЫТАДЫ"

Құжатта бұған қоса Төлетаеваны қоныстандыру колониясына ауыстыру үшін барлық шарттары сәйкес келетіні жазылған.

Қаулыда: "Сотталған Р.Төлетаева жаза өтеп жатқан УГ-157/11 мекемесінің жасақ бастығының берген мінездемесінен, жасақта ұйымдастырылатын барлық шаруашылық жұмыстарға белсене араласатыны, еңбекке бастамашылық танытатыны, жасаған қылмысын мойындап, шынайы өкінетіні, ақысыз жұмыстарға қатысатыны, өзімен жүргізілетін тәрбиелік сұхбаттар мен ескертулерге оң көзқарас танытып, жақсы нәтиже шығара білетіні, жанұялы, балалары бар екені расталады" деген жолдар бар.

Боранбай Ғалиевтің айтуынша, Төлетаеваны Атырау қаласындағы қоныстандыру колониясына ауыстырады.

Қазір Роза Төлетаева отырған Атырау облысындағы УГ-157/11 жалпы режимдегі колония басшылығы Азаттық тілшісіне шешімнің 15 күннің ішінде күшіне енетінін айтты.

"Шешім заңды күшіне енгенше Роза Төлетаева бізде болады. Шешім келгеннен кейін 24 қаңтарда қоныстандыру колониясына ауыстырамыз" деді колония бастығының міндетін атқарушы Қуаныш Жантілеков Азаттық тілшісіне.

ДЕНСАУЛЫҚҚА ҚАТЫСТЫ ШАҒЫМДАР

Бұған дейін өтініш иесінің денсаулығына қатысты бір-біріне кереғар ақпарат тараған болатын. Қуаныш Жантілековтың айтуынша, Төлетаеваның денсаулығы жақсы.

"Әйтпесе (денсаулығы нашар болса - ред.) қоныстандыру колониясына ауыстырмайтын еді ғой" дейді ол.

Бірақ бұл жаңалықтан әзірге Төлетаеваның адвокаты Төлеген Берліқожанов та, қызы Әлия да хабарсыз болып шықты.

"Мен әлі естіген жоқпын. Өзім қазір алыста жұмыстамын. Күзде колонияға барған кезде мамамның денсаулығы шүкір, кішкене жақсы болатын" деді Әлия Төлетаева.

"Жаңаөзен ісі" бойынша ең ұзақ түрме жазасына кесілген Роза Төлетаеваның қоныстандыру колониясына өтініш бергені былтырғы қазан айында белгілі болған. Оның өтініші сотта бірнеше ай қаралды.

2011 жылы Қазақстанның батыс өңірінде ереуілге шыққан мұнайшылардың құқықтарын қорғаған Роза Төлетаева 2012 жылы маусымда 7 жылға сотталған еді. Сот барысында оның тергеу амалдары кезінде азапталғаны туралы шағым айтылған. Ал 2013 жылдың тамыз айында апелляциялық сот оның жазасын екі жылға қысқартқан. Ол бұған дейін жазасын Атыраудағы Ук 157/11 әйелдер колониясында өтеп келді. Оның жазасын өтеу мерзімі 2017 жылғы қаңтардың 2-күні аяқталады.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG