Accessibility links

Жаңаөзен жайлы жырлар жазыла бастады


16 желтоқсандағы оқиғада зардап шеккен жас жігіт. Жаңаөзен қаласы, Маңғыстау облысы. Ютуб сайтындағы видеодан алынған скриншот.

16 желтоқсандағы оқиғада зардап шеккен жас жігіт. Жаңаөзен қаласы, Маңғыстау облысы. Ютуб сайтындағы видеодан алынған скриншот.

2011 жылы желтоқсанның 16-сы болған Жаңаөзен оқиғасы қазақ әдебиетінде жаңа өлеңдер шоғырының пайда болуына әсер етті. Жаңаөзен тақырыбына алдымен қалам тербегендердің бірен-сараны ғана болмаса, көпшілігінің аты-жөні бұған дейін көпшілікке таныс емес. Айтыс ақындары бұл тақырыпты әзірге қозғамауды жөн көрді.


ЖАҢА ЖЫРҒА АРҚАУ БОЛҒАН ЖАҢАӨЗЕН

Жаңаөзен тақырыбына жыр арнаған алғашқылардың бірі - қызылордалық Лена Әбдіхалықова. Қазақтың жырсүйер қауымына әу баста айтыспен танылған ақынның жаңа өлеңі Азаттық сайтында «Еркін сөз» айдарымен жарияланды.

– Бұзақы да емес ел,
Масыққан да жоқ олар!
Төрін түлкі жайласа,
Төмендейді Обал, Ар! – деп келетін өлеңін аутор желтоқсанның 17-сі күні жазыпты.

Азаттық радиосы сайтының «Еркін сөз» айдарымен жарық көрген тағы бір туынды – ақтаулық ақын әрі журналист Рахат Қосбармақовтың «Мұнар күн» деп аталатын толғау-өлеңі.

– Қандастарыма қарата
Атылған арсыз оқ көрдім.
Айдаһар сынды араны
Аузынан шашқан шоқ көрдім.
Жер бауырлатқан жұртымды
Жендетті иттен жек көрдім.
Қанішерлердің ісіне
Қарайып қаным, кектендім.
Талайды бастан өткердім,
Талайға жақтас боп келдім.
«Өз халқына өкімет
Оқ атпайды» деп келдім, – деп жырлайды Рахат Қосбармақов.

Жаңаөзенге арнап дастан жазып жатқанын баспасөз мәслихатында жария еткен жазушы, ақын Софы Сматаев тың шығармасының алғашқы шумағын оқып берген болатын.



ЖЕЛТОҚСАН МЕН ЖАҢАӨЗЕН

Ақтөбелік ақын қыз Индира Керееваның:

– Жазылатын санамда бекемді
Ой көп...
Басым сынып барады...
Шекем "Гөйлеп"...
...Айтарымды айттым ал!
Қудалаңдар,
«Индира уахабис екен ғой» деп..., – дейтұғын «Жаңаөзен, Желтоқсан» деп аталатын өлең жолдарын интернеттен оқығандар оны Қайрат Рысқұлбековтың 1986 жылғы желтоқсан көтерілісіне қатысқан төртеу (солдан оңға): Ертай Көпесбаев, Түгелбай Тәшенов, Қайрат Рысқұлбеков, Қайыргелді Күзембаев сотта тұр. Алматы, 16 маусым 1987 жыл. (Юрий Беккер түсірген сурет)

1986 жылғы желтоқсан көтерілісіне қатысқан төртеу (солдан оңға): Ертай Көпесбаев, Түгелбай Тәшенов, Қайрат Рысқұлбеков, Қайыргелді Күзембаев сотта тұр. Алматы, 16 маусым 1987 жыл. (Юрий Беккер түсірген сурет)

атынан жазылған «Ерке тоқты құрбандық, атам десең атыңдар!» деп келетін әйгілі арзу өлеңмен салыстырады.

– Жаңаөзен – Жүректегі жара іріңді,
Қанмен жазып бердіңдер нала, мұңды.
Бұдан кейін «Сайлауда жеңемін» деп,
«Нұр Отан», шайқамашы шалабыңды! – деп бастаған Индира Кереева 1986 жылғы желтоқсан мен 2011 жылғы желтоқсан оқиғаларынан ұқсастық іздейді:

– Ел емес ем онсыз да азабы кем,
Халық қана «лас»...
Билік «таза» кілең...
...«Желтоқсан»мен Жаңаөзен қатты ұқсайды,
Қойша құны қалмаған Қазағымен!

Ал ақтаулық Бектұр есімді азамат Жаңаөзен тақырыбын:

– Он алтыншы желтоқсан,
Алқымдаған не ажал?
Он алтыға толмаған,
Жасқа тиген, кім – тажал?

Бауырдан қан сорғалап,
Әже тұр ғой қорғалап,
Кеудесіне оқ тиген,
Ағам жерде домалап.
Он алтының бәрін де
Қазақты алды сор қамап, – деп жырға қосады.

Жаңаөзен оқиғасы жайлы жазылған жырлар қатарында Ресейде тұратын Жарқын Өтешова есімді ақын қыз бен саясаткер Әміржан Қосановтың өлеңдері де бар.

«Өзеңім» деген өлеңінде саясаткер Әміржан Қосанов:

– Өзенім менің, Өзенім,
Өрелі өлкем, өз елім.
Өлгенін көріп өреннің
Өртенді өксік өзегім!

Қымтанып күтем қысты алда,
Жылытар мені Өлең-дүр.
Бәйкүнә оққа ұшқанда
Күнәһар болып, мен өлдім! – деп күйзеледі.

Мәскеу қаласында тұратын Жарқын Өтешова желтоқсанның 19-ы күні жазған «Жаңаөзендік бауырларыма» деп аталатын өлеңінде:

– Төрiң қайда, есiгiң, қайда жұртым?
Бұйырмай тұр, өзiңе байлық-құтың.
Майыңды iшiп, тебедi өзегiне,
Қаптап кеткен, қыл-қыбыр, ұры-құртың!

Қайнап қаным, өршидi намыс-арым!
Өзегiмді өртейдi, от пен жалын!
Өз елiнде жарымай жарлы болдың,
Неткен қымбат, мұнайың Маңғыстауым! – деп төгіледі.

АЙТЫСКЕРЛЕР ЖАҢАӨЗЕН ТАҚЫРЫБЫН АЙНАЛЫП ӨТТІ

Жаңаөзенде көп адамның қазасына ұласқан оқиғалар болғаннан соң үш күн өткенде, яғни желтоқсанның 19-ы күні, Астанада қалалық әкімдіктің ұйымдастыруымен «Жастық жалынымыз саған – тәуелсіз Қазақстан» атты тақырыппен жасы отызға толмаған ақындардың арасында айтыс өтті.
«Жастық жалынымыз саған – тәуелсіз Қазақстан» атты айтыстың марапаттау рәсімі. Астана, 19 желтоксан 2011 ж.

«Жастық жалынымыз саған – тәуелсіз Қазақстан» атты айтыстың марапаттау рәсімі. Астана, 19 желтоксан 2011 ж.

​Оған қатысқан ақындар бұл жолы Жаңаөзен тақырыбын қозғамады.

Айтыс басталар сәтте жүргізуші Жүрсін Ерман:

– Тәуелсіздіктің әдемі суретін сала отырып, жиырма жылдағы еліміздің бастан кешіріп отырған экономикалық болсын, әлеуметтік болсын, шаруашылықта болсын - аяққа кісен болып жатқан кемшіліктерді ақындар тілі жеткенше айтады, – деген еді.

Жыр додасына түскен жиырма ақынның арасынан бас жүлде алып, бір миллион теңгені иемденгегн қызылордалық Мұхтар Ниязов қана алғашқы айналым аяқталар тұста тәуелсіздік мерекесін ел болып тойлап жатқанын жырлай келе:

–...Асабаға бағынбай Ақтау ғана,
Төбелес қып жатқан тойдың соңын, – деп түйіндепті.

Кімнің сөзін сөйлейміз. Қазақтың мүддесі, ұлттың мүддесі деген тұрғыдан келсек ақындар қосылып кетер еді. Не болғанын білмеген соң «соған назар аудармай-ақ қойыңдар» деп өтініш жасадық.

Айтыскер Мұхтар Ниязов ақындардың Жаңаөзен тақырыбынан айналып кетуін Азаттық тілшісіне былай деп түсіндірді:

– Жаңаөзен оқиғасы аяқ астынан болды. Ол неден басталды, кім ұйымдастырды – туралы толық мағлұмат білмейміз де. Ал бірдеңе айту үшін оның мән-мағынасын ашып алуымыз керек. Айтыс басталатын күні естідік.

Жаңаөзенде жеті ай бойы - ала жаздай наразылық білдіріп алаңда тұрған мұнайшылар жайлы ақпараттан хабарсыз екендігін уәж ретінде көлденең тартқан айтыскер: «Біз айтысқа алдын ала дайындаламыз. Ал дайындық барысында Жаңаөзен мәселесі жоқ болды», – деді.

Астана қаласының әкімішілігі ұйымдастырған, бір күнге созылған осы айтыстың аяқталған соң оны жүргізген Жүрсін Ерман:

– Таңертең ақындарға өтініш жасадық. Жаңаөзенде, Шетпеде болып жатқан оқиға - мемлекеттің трагедиясы. Бірақ анық-қанығын біліп жатқан жоқпыз. Кімнің сөзін сөйлейміз. Қазақтың мүддесі, ұлттың мүддесі деген тұрғыдан келсек ақындар қосылып кетер еді. Не болғанын білмеген соң «соған назар аудармай-ақ қойыңдар» деп өтініш жасадық, – деп жұртты құлағдар етті.



ПІКІР АЛАҢЫНДАҒЫ ЖЫРЛАР

Жаңаөзен туралы өлеңдердің бір шоғыры - Азаттық радиосының сайтында осы тақырыпта жариялаған мақалаларға қатысты оқырмандар жазып қалдырған пікірлерімен бірге тіркеліпті.

Ақтаулық Болат Жетекбай есімді оқырман:

– Мен не дейін? Ел қырылған күн еді.
...Содан кейін шаңды боран үдеді.
Солып қалмай соға берді әйтеуір
Соры қалың қазағымның жүрегі.

Арқа сүйер Отанына сеңгірдей
Сенген күйі інім өлді өндірдей.
Гүл-өмірін жұлып кетті жалғыз оқ,
Ақ боранда адасқан жоқ жол білмей, – деп азалы сәтті суреттейді. Сонымен бірге ол тағы бір өлеңінде:

– Астана, алыс-жақын аймақтарым,
Алдында төрелердің маймақтадың!
Радио, теледидар, мұқым газет
Құптады жағымпазды сайратқанын.

Басқарған кімдер бізді? ...Бағамдадық.
Сөзінен түйір дәнек таба алмадық.
Қосылып «өңкей қиқым» билеріме
Бүлікші, бұзақыны жамандадық, – дейді.

Қазақты
Қазақ атып – ажал өпті!
«Атыңдар!» – деп,
Ырсиып бұйрық берген –
Айтыңдаршы,
Биліктің несі кетті?!

Оқырман пікірлеріне келіп түскен жырлардың негізі - биліктің Жаңаөзен оқиғасына байланысты іс-әрекеттерін сынайды. Сондай жырлардың бірі - Азаттық сайтының шетелдегі тұрақты оқырмандарының бірі - Қажы Мұқамбет Қаракедей есімді азаматтың өлеңінде көрініс тапқан.

– Жаңа кезең басталды,
Жаңаөзенің қозғалды.
Мұнай құсап ел қанын,
Ішкен билік қорғанды.

Малы керек жан үшін
Жаны керек ар үшін.
Тапталғанда ары ердің,
Салмайды ма бар күшін?

Жетті міне, көзі Адай,
НӘН-ге керек тек мұнай.
Енді көрді бек бекер,
Албастыны деу құдай, – деп суреттейді.

Сондай-ақ интернетте Жаңаөзенді жырға қосқан ақын Қуаныш Мұқтайдың өлеңдері де жарияланды.

– Не боп кетті дүние,
Не боп кетті?!
Қазақты
Қазақ атып – ажал өпті!
«Атыңдар!» – деп,
Ырсиып бұйрық берген –
Айтыңдаршы,
Биліктің несі кетті?!

Жаңаөзен!
Сонша ауыр күнәң бар ма?
Басқаға кең дүние саған тарда...
Арылар күні бар ма тұл қазақтың,
Емі жоқ, кіл есалаң сұрақтардан?! – деп толғайды ақын.

Осы іспеттес жырлар маңғыстаулық Жакен есімді азаматтың және аты-жөні белгісіз өзге де ауторлардың атынан тіркелген өлеңдерде кездеседі.
  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG